+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Дс - Жм: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Желілік басылым айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады

ШҚО ақпараттық-педагогикалық газеті
Бүгін: Сейсенбi, 27 қазан 2026 жылы
Осы нөмірден оқыңыз: № 10 - 2026

2000 жылдың қыркүйегінен бастап шығарылады. Куәлік №16323-СИ

Біліктілікті арттыру курстарында ойлау әрекетін дамытудағы диалогтік оқытудың рөлі  

Курманова Жупар Сакановна, «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы ШҚО бойынша ПҚ БАИ, кафедра меңгерушісі, ф.ғ.к.

 Андрагогика ғылымында курстық дайындықтар кезінде көп қолданылатын тәсілдердің бірі – диалогтік оқыту. Ол әсіресе қазіргі қашықтан оқыту жағдайында  маңызды бола түсті.

Мұғалімдерді қарқынды өзгеріп жатқан өмір жағдайында үздіксіз кәсіби дамуға дайындау, сол арқылы оқушылардың бойында қазіргі заманда белсенді және табысты өмір сүруге дайын болу қасиетін қалыптастыруға көмектесетін тәжірибені дамыту үшін мұғалімдерді қажетті біліммен қамтамасыз ету, мұғалімдердің ақпараттық технологиялар саласында құзырлы, белсенді азаматты, болашақ маманды тәрбиелеуге дайын болуына ықпал ету жолдарын анықтау және жетілдіру басты назарда болуы тиіс.

Диалог – бұл курстық дайындықтар кезінде жұппен немесе топ адамның арасындағы әңгіме, пікірлесу, топ алдына қойылған мәселелерді талқылау. Диалогтік тәсілді оқытуда қолдану түріндегі сөйлесудің өзіне тән ерекшеліктерінің бірі – оның жағдаятқа негізделуі, көңіл-күйге байланыстылығы [1,24]. Коммуникативтік қызметі бойынша диалогте төмендегідей әрекеттер жүзеге асыруға көп септігін тигізеді:

  • мәлімет алу және оны жинақтау; 
  • тапсырмаға өзінің көзқарасын білдіру;
  • бір нәрсе жайлы мағлұмат беру және жаңа қосымша мағлұмат алу.

Білімді жинақтайтын, бекітетін диалогтік оқыту тыңдаушылардың теориялық білімдерін өздерінің педагогтік қызметтеріндегі тәжірибелерімен ұштастыру, оны қолдану тәсілдерін жүйелеуге бағытталады. Тыңдаушы өз білімін жаңа оқу және тақырыпты меңгеру мәселелерін шешуге қолданады.

1998 жылы өткен Әлемдік философия конгресінде «Диалог – тұлғаның адамгершілік қасиеттерді иемденуінің ең басты тәсілі» деп аталғандығы тегін емес. Сонымен, білімнің басты мақсатын «үйрету» деп жұпыны таяз түсінбей, «Адами қасиеттерді басқа адамды түсіну арқылы бойға сіңіру үшін қажетті жағдайлар жасау» немесе  басқаша айтқанда,  диалог – оқу/оқыту процесінің басты құралы деп қабылдау қажет [2,42].

Сондықтан әрбір сабақты диалогтік тәсілге құралған қарым-қатынас әрекеті, қатысушылардың бірін-бірі сыйлау тұрғысындағы қоян-қолтық араласуы деп түсінген орынды. Сол себептен де қарым-қатынаста сөйлесу, әңгіме мен диалог мәдениетті түрде, барлық этикалық нормалар сақтала отырып жүзеге асуы қажет.

Оқытудың қандай жолы қолданылса да, қарастырылатын екі көзқарас бар. Біріншіден, білім алушының жеке тұлға және әлеуметтік нысан ретіндегі келешегі, екіншіден, оқытудың білім алушы мен педагог арасындағы қарым-қатынас нәтижесі ретінде қалыптастырылуы.

Нәтижелі оқытуға негізделген сабақтар тыңдаушыларға өз білімдері мен ұстанымдары жайында ойланып, сұрақтар қойып, білімдерін толықтырып, белгілі бір тақырыпты оқып-білу кезеңінде өз түсінігін өзгертуге мүмкіндік береді.  

Оқыту әдістері жаңадан жаңаны тудыратынын кезінде Жүсіпбек Аймауытов айтқан. Әріге ой жүгіртсек, «Алдымен ақыл-ойды дамыту керек» деген пікірді К.Д.Ушинский, Пестолоци ұсынса, неміс педагогі Дистервег ақыл-ойды дамыту әрекеттерін ұйымдастыруда қолдаған. Ақыл-ойдың дамуы ең бірінші тіл арқылы жүзеге асатыны да дәлелденген тұжырым[3,14].  Жеке тұлғаны өзгермелі өмірге дайындау негізі осы қағидаларға сүйене жүргізіліп келеді десек қателеспейміз.

Диалогтік оқыту арқылы зерттеу, іздендіру бағыты басшылыққа алынады. Жоба, модель, сценарий, сахналау, презентация жасау, т.б шығармашылық жұмыстарға негізделген мұғалімдер іс-әрекеті ұйымдастырылады. Мұғалімдерді ізденіске жетелеу нәтижесінде оқушылардың білімін шығармашылық деңгейге жеткізу жүзеге асырылады, олардың өз дербес іс-әрекеттері арқылы бір өнімге қол жеткізуі көзделеді. Оларды жан-жақты дамытуға, тұлға қалыптастыруға түрткі жасау бұл оқытуға негізделген сабақтың басты мақсаты болады.  Соңғы нәтижеге негізделген сабақ жоспарында әсіресе жұмысты жоспарлау мен ұйымдастыру және оны басқару кезеңдеріне ерекше көңіл бөлініп, ол нақтылығымен, қонымдылығымен сараланады. Жұмыс кезеңдерінің негізгі бөлімдері:

 — дайындықтан,

 — жоспарлаудан,

 — зерттеу, ізденістен,

 — жұмысты аяқтап,  есеп беруден,

 — жинақтау мен талдаудан,

 — бағалау мен рефлексиядан  тұрады. Әсіресе, осы кезеңдердегі тренер іс-әрекеті мен мұғалім іс-әрекеті әр кезеңге негізделіп, нақты айқындалуы керек. Жаңаша оқытуда міндетті түрде қорытынды нәтижеге ерекше көңіл бөлінеді. Нәтиже модель, есеп, таныстырылым,  ой толғау, т.б. сияқты мұғалімдер жасап шығарған немесе қол жеткізген өнімдермен қорытындыланады, бағаланады.

Көрнекті педагог А.С.Выготский баланы дамыту әрекеттері оқыту барысында іске асатынын дәлелдей келіп, бала дамуының екі түрлі ортасы болатыны жайында теория ұсынды. Бірінші ортасы – айналасындағы үлкендердің әсері, қабілетімен еркін атқара алатын іс-әрекеті. Екінші ортасы –  сабақ үстіндегі әрекет[4,31].

Осы факторлар сабақ барысында үнемі жүзеге асқан сайын, тыңдаушы өзін оқуға жауапты сезіне бастайды, сабаққа деген қызығушылығы артады.  Сонымен қатар, оқуға қатысты белгіленген ойлану мен даму туралы зерттеулердегі өз интеллектісі мен жеке қасиеттерін икемді, көнгіш деп есептейтін тыңдаушылар үшін бұл жағдайда оқыту оңтайлы қарым-қатынасқа қол жеткізетіні анықталды.

Жұмыс барысында  байқалғанындай, жекелеген  тыңдаушылардың оқуға ынтасының жоқтығы  оның психологиялық ерекшелігі мен топтағы орнына да байланыстылығынан  көрінді.   

 Осыған дейін тәжірибемізде орын алған білім мазмұнын мұғалімнің дайын күйінде ұсынуы оқушының өзіндік ізденісіне мүмкіндікті шектесе, жаңартылған білім мазмұны курстарында қолданған түрлендірілген әдіс-тәсілдер  мұғалімдердің тиімді қолдануы а нәтижесінде оқушылардың өз бетінше ізденіп, білім мазмұнын меңгеруіне жол ашатындығына курстың тәжірибелік кезеңінде қол жеткіздім. Ол тыңдаушылармен жұмыс барысында да жүзеге асып отырды.

Біздің әрекетіміз – диалогтік әдіс арқылы баланың сабақ үстіндегі әрекетін ұйымдастыру, әрекет нәтижесін байқау, қабілетімен еркін атқара алатын ісі, соның нәтижесіндегі тұжырымына көз жеткізу үшін, өзгермелі өмірде мектепте пайдалана алуы үшін оны дайындайтын бәсекеге қабілетті мұғалім дайындау.

Қорыта айтқанда, диалогтік әдісті қолданғанда оқушылар келесідей білім, білік, дағды, құзырлық, машықтарға үйренеді: терең ойлануға; ақпаратты өздігімен түсініп, оны таразылап, екшеп, оның ішінен керектісін таңдап алуға; ақпаратты жан-жақты талдауға; өздігімен жаңа түсінік пен білім құрастыруға; пікірталастарға қатысып, өз ойымен пікірін дәлелдеуге; шешім қабылдауға және қиын мәселелері шешуге; басқалармен тиімді қарым – қатынас құрауға үйренеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Мұғалімге арналған нұсқаулық.- Астана: «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ, 2012.-306б.
  2. Асқарова Ж.Мұғалімнің кәсіби іскерлік қабілеттері// Қазақстан мектебі.-2005.-№7.-13-15бб.
  3. Абдрахманова А. Оқытудағы өзгерістер мен оларды басқару есебі// Деңгейлік бағдарламалар курсы, Өскемен — ШҚО БАИ.- 2013,5б.
  4. Бітібаева Қ.О. Қазақ әдебиетін тереңдетіп оқытудың инновациялық әдістемесі мен технологиясы. 5-11- сынып мұғалімдеріне арналған әдістемелік құрал. Екінші кітап./Алматы.: «Дәуір -Кітап» баспасы, 2012.-312б.     
Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype