«Мен дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының тәрбиешісімін»
Спортта дарынды балаларға арналған ШҚО резервінің мамандырылған мектеп-интернат-колледжі тәрбиешісі Ақтасов Жанарбек Амангелдіұлы
«Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. …бала тар ойлы ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі, бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мылқау жанды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы».
М. Жұмабаев
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Табысқа жетудің ең басты кілті – еңбек. Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз. Табанды еңбек еліміздің бәсекеге қабілетін арттыратын, басты формуланың бірі, тіпті бірегейі деуге болады» — деген болатын.
Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелер міндет ауыр. Расында да, бұл жауапкершілікті өз деңгейінде атқару заман талабына сай білім беруде жаңалыққа жаны құмар, шығармашылықпен жұмыс жасап, оқытудың жаңа технологиясын шебер меңгерген ұстаз үлесінде болуы болашақ тұлғасының кемел болашағына жол ашады.
Қазақ халқы қай уақытта болмасын, ұрпақ тәрбиесін ұлттың тағдыры, ұлттың болашағы деп білген. «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған.
Ахмет Байтұрсынов айтқандай: «Бала тәрбиесін, оқытуын жақсы білейін деген адам әуелі балаларға үйрететін нәрселерді өзі жақсы білуі керек, екінші баланың табиғатын біліп, көңіл-сарайын танитын адам болуы керек. Оны білуге баланы туғаннан бастап өсіп жеткенше тәнімен қатар ақылы қалай кіретін жолын іздеуі керек, баланың ісіне, түсіне қарап ішкі халінен хабар аларлық болуы керек».
Тәрбие, тәлім-тәрбие – жеке тұлғаның адамдық бейнесін, ұнамды мінез-құлқын қалыптастырып, өмірге бейімдеу мақсатында жүргізілетін жүйелі процесс. Бесік тәрбиесі, балдырған тәрбиесі, өрен тәрбиесі, жасөспірім тәрбиесі, жастар тәрбиесі бір-бірімен жалғасып, өз ерекшеліктерімен жүзеге асырылады. Тәрбиенің мақсаты адам бойында ізгілік, инабаттылық қасиеттерін және тіршілікке қажетті дағдылар қалыптастыру болып табылады. Сондықтан мұғалімнің, тәрбиешінің аса маңызды міндеттерінің бірі – әр оқушының бойындағы қабілетті, икемділікті көре білу болып табылады. Кейбір оқушылардың қабілеті ерте ашылған гүл сияқты жұрттың бәрін, таңдандырып жарқырап көрінеді, ал екіншілерінің мінез-құлқына, темпераментке байланысты көзге көп түсе бермейді. Ал ұстаздың міндеті оқушылардың көзге түсе бермейтін қабілетін көре білу және оны дамытуды жүзеге асыру. Бұл бағыттағы жұмысты ұйымдастырудың ең басты да негізгі формасы сабақ болып табылады.
Салауатты өмір салтымен бала тәрбиесінде дене шынықтыру пәні де үлкен рөл атқарады. Менің тәрбиелунішелірімнің ішінен он бала «Алтай» футбол командасының мүшелері. Балалардың футболға деген қызығушылықтары күннен күнге артып келеді. Тәрбиеленушілерім Қазақстан чемпионатында жас өспірімдер арасында жоғары сатыдан көрінді. Оқушыларымыздың барлығы үздік орындарға күресіп, тер төгіп жұмыс жасауда және балалардың сабаққа деген ынталары, қызығушылықтары өте жоғары деңгейде дамыған деп айта аламын.
Біздің интернат мекемеміз – жас ұрпақты тәрбиелеудің қайнар көзі, болашақта шығармашыл, сауатты, еліне адал азаматтар болатынына сенім артамын. Яғни біз осындай тұлғаларды өмірге бейімдеп, жан- жақты дамыта даярлау үшін бұл қасиетті әдетке адам, топ, ұжым, болып қатысып, өз қызметімізді атқарудамыз. Сапалы білім бар жерде, өнегелі тәрбиенің сырт қалуы мүмкін емес. Ендеше мектеп ұстаздарынан алған сапалы білім мен өнегелі тәрбиені бойына бірге сіңірген балаларымыз да аз емес.
Бүгінгі білім мен білік бәсекелес заманда ұландарымыздың биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы, жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткіземіз. ХХІ ғасыр — білімділер ғасыры. Сондықтан тәжірибесі мол өз ісіне тиянақты қарайтын әріптестерімізден қалыспай, жаңашылдыққа бірге самғайық.
Ұстаз жолы қиынырақ басқадан,
сырлары көп сыртқа әлі шықпаған.
Шаршаса да осы жолдың бойында,
қандай рақат, шын бақытын тапса адам.