Кумарова Назым Советхановна қазақ тілі оқытушысы, Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы Глубокое ауданы бойынша білім бөлімінің «Пчёлка» бөбекжайы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны
Білімді, көшбасшы жастар қоғамның қозғаушы күші, егемен еліміздің ертеңі. Еңбек сүйгіш жастардың рухы Жаңа Қазақстанның тірегі десем артық айтқандық емес. Абайдың өзі де халықтың болашағы жастардың қолында деп білді. Сондықтан, біздей жастардың рухы биік, санасы сергек болуы тиіс. Ойымды мемлекет басшысының «Көзі ашық, көкірегі ояу, еңбектене білетін азаматтар елді алға бастайды» деген сөздерімен жеткізгім келеді. Мен де сол жастардың қатарында, өмірлік жолымды ұстаздықпен байланыстырдым. Оның ішінде тәрбие жүйесінде, үлкен өмірге бастау алатын мектепке дейінгі балалармен жұмыс жасап, еңбек етіп келемін. Мектепке дейінгі балалық – адами тұлғаны қалыптастырудың бастапқы кезеңі. Бұл кезеңде жеке мәдениет негіздері бой түзейді, сондай—ақ дүниетанымы қалыптасады. Кішкентай бала әлемді таниды. Осы кезеңде барынша ұлттық тәрбиені сіңіріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеймін. Себебі, мен заманауи ойлайтын, заманға сай әдістерді қолданып, қызықты да танымды тәрбие беретін ұстазбын. Мен тәрбие беретін балалар жан-жақты сана-сезімі дамыған, психологиялық, құқықтық мәдениеті қалыптасқан, рухани-адамгершілік, дені-сау, патриоттық сана сезімі жоғары, әлеуметтік белсенді жеке тұлға болып шығуына, заманауи ұтсаз болуға бар үлесімді қосып келемін. Осындай Жаңа Қазақстанның жастары жаңа көзқарас, ерекше серпін, тың өзгерістер әкеледі деп ойлаймын.
Тәрбиеленушілерімнің бойына қазақ тілін, тарихын сіңіріп, сауатты ұрпақ өсірудегі жоғары білімді маман екенімді мақтанышпен айта аламын. Жүрек батылдығы ұстаздық мамандықты таңдау болса, еңбек жолымда ерекше білімді қажет ететін балалармен жұмыс методикасын да меңгеріп, ерттеп келемін. Бұл менің жалындаған жастығым үшін өте үлкен тәжірибе. Ерекше балалармен жұмыс жасау мені шыңдайды, төзімділікке,қырағылыққа үйрете түседі. Шынайы мейрімділігімді төгіп, аса жауапкершілікті сезіндім.
«Инклюзивті білім беру — бұл барлық балалар, олардың физикалық, психикалық, интеллектуалдық және басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, жалпы білім беру жүйесіне қосылатын оқыту»деген жалпы қабылданған түсінік. Әлемде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар өте көп, дәрігерлер қойған диагнозға сәйкес, олардың бір бөлігі барлық балалармен тең дәрежеде оқытылуы мүмкін, бір бөлігі жеке үйде оқытуды қажет етеді, белгілі бір санаттар үшін мамандандырылған мектеп-интернаттар жұмыс істейді. Біздің республикамызда инклюзивті білімге жеткілікті көңіл бөлінеді, ол: «білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен, «мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзету арқылы қолдау туралы» Қазақстан Республикасының заңымен басқа құжаттармен реттеледі. Инклюзивті білім беру барлық балалармен тең дәрежеде білім алуға және баланың әлеуметтенуін дамытуға мүмкіндік береді. Әр бала өзінің дамуында әр түрлі, инклюзивті білім беру процесінде мұғалімдер де үлкен рөл атқарады. Менің ойымша, қазіргі мұғалім тек оқыту әдістемесін ғана емес, сонымен бірге балаларды жақсы көруі керек, балалардың бір-біріне деген сыйластық сезімін оята алуы керек. Бұл жағдайда жалпы білім беретін мектептерде ерекше қажеттіліктері бар балалардың бейімделуі мамандандырылған мекемелерге қарағанда жақсы нәтиже береді, өйткені балалар сол ортада әлеуметтік тәжірибе алады, ерекше қажеттіліктері бар балалар өз бетінше әрекет етуге, жауапкершілікті алуға үйренеді.
Жаһандық ғаламданудың кеңеюі, ақпараттық технологиялардың өріс алуы, білім беру нәтижесіне халықаралық талаптардың күшеюіне байланысты «Ұлтымыздың әлеуетін оятуға және оны жүзеге асыруға жағдай жасайтын интеллектуалды төңкеріс қажет»-, деген жолдау барлығымызға аян. Сондықтан да, заманауи ұстаз ретінде рухани дамуды арттыру мақсатында басты міндеттердің бірі болып тұлғаны ұлттық құндылықтар арқылы тәрбиелеу, әлеуметтік жауапкершілікті, отансүйгіштік сезімді, жоғары адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру жаңашылдықтың ең әуелгі бастамасы деп санаймын. Қазіргі бүлдіршіндер өз тілін жетік білетін, интеллектуалды, жан-жақты, өзінің салт – дәстүрін, Отанын сүйетін патриот болып тәрбиеленуі тиіс. Сол жолда аянбай еңбек етіп келемін.
Әр бала жеке тұлға, олардың әрқайсысымен санасып, қалаған заттар арқылы танымын арттырамын. Сөзімнің дәлелі ретінде бірнеше ойындарды мысалға келтіргім келеді. Бір бала асық атып, логикалық,шапшаңдық қасиеттерін дамытса, кейбіреулері жапсырма ойынын жақсы көреді. Бұнда бұрынғыдай бір орныңда қадалып отырып, барлығы бірдей тапсырманы орындамайды. Топ-топқа бөлінген парталарда әркім ұнаған ісімен айналысады. Бір бала кітап оқиды, бір бала сурет салады. Бірақ балалар бір-біріне кедергі жасап, шуламайды. Мысалы, дене мүшелерін атап, адам бейнесіне бір-бірден жапсырады. Себебі, назарлары өзінің бастапқа ойлаған мақсатында. Бүгінгі таңда Адаптивті дене жаттығулары (АФК) өте қарқынды дамып келеді. Бала денесін сезу арқылы ой өрісіде, сөйлеу қабілеті де артады. Конус таяқшаларының астынан еңбектеу, секіру, домалақпен алдына алып секіру бұлшық еттің жүйке жүйесімен, зат алмасумен және ішкі ағзалардың жұмыс жасауымен тығыз байланысқа негізделген.
Ойын – бала әрекетінің негізгі түрі. Ойын баланың тілінің дамуына ықпалын тигізіп, таным белсенділігінің дамуына жол ашады. Баланың білуге деген құштарлығы, сөйлеуі ойын үстінде қалыптасады.
Біз еліміздің болашақ жастарын тәрбиелеп жатырмыз. Бүгін оларға берілген сабақ өмірде де өз орнын табады. Жаһандану заманында бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім, тәрбие деңгейімен өлшенеді. Сондықтан, әлемдік білім кеңістігіне ұлттық білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Ал бұл мәселені шешудің кілті — ұстаздардың қолында. Тәрбиеші-ұстаздың жұмысы күрделі де, жауапты. Бала – пәк, бала – тап-таза. Балаларды ана тілінде әдемі сөйлету, олардың ой-сезімдерін анық, еркін, көркем жеткізе алуға баулу, танымдық қабілеттерін дамыту – тәрбиеші ретіндегі мақсаттарымның бірі. «Балаға мінез уш алуан адамнан жұғады, біріншісі ата-анасынан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбыларынан» — деп ұлы Абай айтқан. Ең бастысы – адамгершілік, инабаттылық тәрбие – тәрбиенің бастамасы екендігін ұмытпағанымыз дұрыс. Балаға деген мейірімділік, қамқорлық және жанашырлық, шыдамдылық, шынайы болғанда ғана тәрбие беріледі және әрдайым шығармашылық ізденісте боламын.
Сондықтан да, Отан тағдырына,өз тағдырымызға,еліміздің бүгіні мен келешегіне жауапты біз-заманауи жастар, ұстаздар қауымы.