
Шакенова Медина Еренгаиповна,
бастауыш сынып мұғалімі, педагогика ғылымдарының магістірі, педагог-зерттеуші, Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы Өскемен қаласы бойынша білім бөлімінің «№47 жалпы білім беретін мектеп» КММ
Қазіргі білім беру жүйесінде оқушылардың тек теориялық білімін арттыру ғана емес, сонымен қатар олардың шығармашылық, зерттеушілік және практикалық дағдыларын дамыту маңызды болып отыр. Осы тұрғыда STEAM (Science, Technology, Engineering, Art, Mathematics) тәсілі ерекше мәнге ие. Бұл тәсіл ғылым, технология, инженерия, өнер және математиканы кіріктіре отырып, оқушылардың жан-жақты дамуына ықпал етеді. Соның ішінде қолөнер жұмыстары арқылы ұсақ қол моторикасын дамыту – бастауыш және даярлық үшін аса маңызды бағыттардың бірі.
Бұрын балалар балшықпен ойнады, қағаз қиды, жапсырды, түйме қадады, жіп өткізді. Қазір бұл әрекеттер: балабақшада да, үйде де жеткіліксіз орындалады.Ата-аналардың уақыт тапшылығыбаламен бірге қолөнер жасауға уақыт бөлмейді тез, таза, оңай жолды таңдап, гаджетті береді. Сол сияқты баланың өз бетінше әрекет етуіне мүмкіндік бермеу:киіндіру, түйме салу, бау байлау. Мұның бәрін ересектер жасап береді, ал бала жаттықпайды.Ұсақ моторика мен сөйлеу дамуының байланысын елемейді, көп жағдайда: ата-аналар ұсақ моториканың сөйлеу, ойлау, жазуға дайындықпен тікелей байланысты екенін білмейді. Қозғалыс белсенділігінің төмендігі: аулада ойнау азайды, құммен, табиғи материалмен жұмыс жоқ. Бұл тек ірі моторикаға емес, ұсақ моторикаға да әсер етеді.
STEAM тәсілі аясында ұйымдастырылған қолөнер жұмыстары оқушылардың моторикалық дағдыларын табиғи әрі қызықты түрде дамытуға мүмкіндік береді. Мысалы, қағаздан модельдер құрастыру (инженерия элементі), түрлі материалдардан бұйым жасау (өнер және технология), өлшемдермен жұмыс істеу (математика) барысында оқушылар тек өнім жасап қана қоймай, өз қолдарының дәлдігін, икемділігін арттырады. Көркем еңбек сабағында барлық жұмыс жүйелі әрі ғылыми негізде ұйымдастырылады. Мәселен, бисермен жұмыс басталмас бұрын оның сызбасы алдын ала әзірленіп, жан-жақты зерттеу жүргізіледі. Оқушылар қандай түстер қажет екенін анықтап, олардың санын есептейді, сонымен қатар қолданылатын материалдар мен құралдарды саралайды. Осыдан кейін ғана практикалық жұмыс кезеңіне көшеді.



Әрбір сабақ зерттеу жұмыстарынан және бұйымның жасалу жолдарын танып-білуден бастау алады. Оқушылар идеяны талдап, жоспар құрып, оны кезең-кезеңімен жүзеге асырады. Мұндай тәсіл олардың шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, логикалық ойлау, есептеу және талдау дағдыларын қалыптастырады.Аталған үдерістердің барлығы STEAM тәсілдері негізінде жүзеге асырылып, білім алушылардың теория мен тәжірибені ұштастыра отырып, жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.Нәтижесінде олардың қол координациясы жақсарып, жазу дағдылары да біртіндеп қалыптасады. STEAM тәсілінің тағы бір артықшылығы – оқушылардың зерттеушілік қабілетін дамытуы. Мысалы, белгілі бір қолөнер бұйымын жасау алдында оқушылар материалдардың қасиеттерін зерттейді, қандай құрал тиімді екенін анықтайды, өз жобасын жоспарлайды. Бұл процесте олар тек моторикасын дамытып қоймай, сыни ойлау, мәселе шешу дағдыларын да қалыптастырады.Сабақ барысында мұғалім оқушыларға дайын үлгіні ғана ұсынбай, олардың өз идеяларын жүзеге асыруына мүмкіндік беруі қажет. Еркін шығармашылық орта баланың қызығушылығын арттырып, жұмысқа деген ынтасын күшейтеді. Сонымен қатар топтық жұмыстар ұйымдастыру арқылы оқушылар бір-бірімен тәжірибе алмасып, коммуникативтік дағдыларын дамытады.


Қорытындылай келе, STEAM тәсілдері негізінде ұйымдастырылған қолөнер жұмыстары оқушылардың ұсақ қол моторикасын дамытуда тиімді құрал болып табылады. Сондықтан білім беру процесінде қолөнерді STEAM бағытында жүйелі түрде қолдану – заманауи педагогиканың маңызды міндеттерінің бірі болып табылады.
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1.«Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы» (бұдан әрі- МЖМБС) (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы №348 бұйрығы).
2.«Қазақстан Республикасында бастауыш, негізгі, орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларын бекіту» (ҚР МП 2012 жылғы 8 қарашадағы № 500 бұйрығы)
3. Жусупкалиева Г., Қуанбаева Б., Рахметов М.
The effectiveness of STEAM technologies on improving the professional competence of students // Frontiers in Education, 2025.
4. Жантасова Д., Черчилль Д., Ахметова Д.
Capacity Building for Engineering Training and Technology via STEAM Education // Education Sciences, 2022