Құрманова Жұпар Сақановна
«Өрлеу»БАҰО» АҚ филиалы ШҚО бойынша
ПҚ БАИ кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к.
Ұстаздық — ұлт болашағын қалыптастыратын, қоғамның рухани және зияткерлік дамуына негіз болатын қасиетті қызмет. Ұстаздың еңбегі шәкірт тәрбиелеумен ғана шектелмей, елдің ертеңін тәрбиелеумен өлшенеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шын мәнінде, ұстаздық – жай мамандық емес, бұл – ұлы миссия» деп атап көрсеткендей, педагогтің қоғамдағы орны ерекше әрі жауапкершілігі зор. Осындай биік миссияны абыроймен атқарып, кәсіби шеберлігі мен ғылыми-әдістемелік ізденісі арқылы әріптестеріне үлгі болып жүрген ұстаздардың бірі – Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының Глубокое ауданы бойынша білім бөлімінің «Опытное поле жалпы білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші, филология магистрі, Қанипа Омарғалиқызының шәкірті Абежанова Бигуль Маташовна.

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ «Шығыс Қазақстан облысы бойынша Кәсіби даму институты» филиалының қызметі педагогтердің кәсіби дамуын қолдауға, үздік тәжірибені насихаттауға және білім беру инновацияларын ілгерілетуге бағытталған. Осы бағытта ШҚО ББ Глубокое ауданы бойынша білім бөлімінің «Опытное поле орта мектебі» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші, филология магистрі Абежанова Бигуль Маташовна белсенді ұстаз ретінде бірлесіп ынтымақтастықта жұмыс жасайды.
Бигуль Маташовна республикалық сараптама орталығында бекітілген «Қ.Бітібаеваның эвристикалық жобалау әдістемесі негізінде қазақ әдебиетін тереңдетіп оқыту» білім бағдарламасы мен оқу-әдістемелік кешен авторларының бірі. Республикалық «Teacher´s talk» жобасының қатысушысы. Ұстаздың «Қазақ тілі пәнін оқытуда оқушылардың жазылым дағдысын дамыту» тақырыбындағы авторлық бағдарламасы білім беру мазмұнын жаңғырту және функционалдық сауаттылықты арттыру мақсатында әзірленген ғылыми-әдістемелік еңбек болып табылады. Бағдарлама оқушылардың жазылым әрекетін жүйелі дамытуға, мәтін құрастыру дағдыларын жетілдіруге және тілдік нормаларды саналы түрде қолдануға бағытталған инновациялық әдістемелік жүйені қамтиды. Аталған авторлық бағдарлама Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының сараптама орталығында ғылыми-әдістемелік сараптамадан өтіп, ресми түрде бекітілген. Сонымен қатар, бұл еңбек «Үздік авторлық бағдарлама» республикалық конкурсында жоғары бағаланып, жүлделі орынға ие болды. Бұл нәтиже автордың кәсіби шеберлігін, педагогикалық ізденісін және білім беру үдерісін жетілдіруге қосқан үлесін айқын көрсетеді. Бағдарлама қазіргі заманғы білім беру талаптарына сәйкес оқушылардың коммуникативтік құзыреттілігін дамытуға бағытталған тиімді әдістемелік құрал ретінде тәжірибеде кеңінен қолданылуда.
Орта білім беру ұйымдарының педагогтеріне «Жас педаогтердің кәсіби дамуындағы тәлімгерлік», ал әдістемелік орталықтардың әдіскерлері мен орта білім беру ұйымдары басшыларының ғылыми-әдістемелік, тәрбие жұмысы мен бейіндік оқыту жөніндегі орынбасарларына «Әдістемелік қызметті трансформациялау» тақырыптарында қысқа мерзімді курс жүргізді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған біліктілікті арттыру курстарында курс тыңдаушыларына «Академиялық сауаттылық», «Заманауи мұғалім: үйрену, даму, шабыттану», «Көркем мәтінді талдау жолдары» тақырыптарында тәжірибесімен бөлісіп келеді.

Сонымен қатар, институт тарапынан ұйымдастырылатын «Педагогикалық идеялар панорамасы» конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпазы, Қ.Бітібаева мерейтойына орай өткізілген халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның модераторы ретінде педагогикалық тәжірибені насихаттауға, кәсіби қауымдастықтың дамуына және білім беру саласындағы инновациялық идеялардың таралуына елеулі үлес қосып келеді.
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Абайтану» ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Картаева Айжан Маратбековнаның жетекшілігімен Абай мұрасын білім беру үдерісіне тиімді кіріктіру және оқушылардың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру бағытында жүйелі ғылыми-әдістемелік қызмет атқарып келеді. Осы орайда, ШҚО жалпы білім беретін мектептердің 5-8 сыныптарына арналған «Абайтану» курсы бағдарламасы мен «Мұғалім кітабының» авторларының бірі ретінде педагог ұлттық құндылықтарды дәріптеуде. Сонымен қатар ол «Абайтану» пәнін мектепте оқыту мәселелеріне арналған аймақтық ғылыми-практикалық семинарға қатысып, Қ.Бітібаева әдістемесі негізінде Абай шығармашылығын оқыту тәжірибесін ұсынып, өз іс-тәжірибесімен бөлісіп келеді. «Абай ілімі жас ғалымдар көзімен» атты ғылыми-танымдық іс-шара аясында ол студенттерге дәріс оқып, Абай мұрасын зерттеудің өзекті бағыттары мен әдіснамалық негіздеріне тоқталды. Аталған дәрістер болашақ мамандардың ғылыми танымын кеңейтуге және абайтану саласындағы зерттеушілік қызығушылығын қалыптастыруға бағытталды. Бұдан бөлек, «Абайтану» ғылыми-зерттеу институтында педагогикалық колледж студенттеріне арналған шеберлік сыныптарын ұйымдастырып, болашақ педагогтердің кәсіби-әдістемелік даярлығын жетілдіруге, абайтану ғылымының теориялық және практикалық аспектілерін меңгертуге бағытталған тиімді оқу-әдістемелік жұмыстар жүргізді. Жалпы алғанда, оның ғылыми-әдістемелік қызметі Абай мұрасын білім беру жүйесіне кешенді түрде енгізуге, ұлттық құндылықтарды насихаттауға және жас ұрпақтың рухани-мәдени дүниетанымын қалыптастыруға бағытталған мазмұнды әрі нәтижелі еңбегімен ерекшеленеді.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі жанынан оқу пәндері бойынша үлгілік оқу бағдарламаларын жетілдіру жұмыстарына қатысып, «Келешек» мектептерінің қазақ әдебиеті пәні бойынша тоқсандық жиынтық бағалау тапсырмаларын әзірлеуде, сонымен қатар Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы» ШЖҚ РМК оқу басылымдарына сараптама жүргізу жұмыстарын жауапкершілікпен, жоғары кәсіби біліктілікпен орындады.
Бигуль Маташовна мен «Өрлеу» институты арасындағы әріптестік педагогтердің кәсіби құзыреттіліктерін жетілдіруге, озық педагогикалық тәжірибелерді трансляциялауға, білім беру үдерісіне инновациялық технологиялар мен тиімді әдістемелік шешімдерді енгізуге бағытталған стратегиялық ынтымақтастықтың нәтижелі үлгісі болып табылады. Аталған серіктестік өңірлік білім беру жүйесінің сапасын арттыруға, педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуын қамтамасыз етуге және білім беру кеңістігінде тәжірибе алмасу мәдениетін нығайтуға ықпал етеді.
Абежанова Бигуль Маташовнаның кәсіби біліктілігі, ғылыми-әдістемелік ізденісі және білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі әріптестері арасында жоғары бағаланады. Оның педагогикалық қызметі жас мамандарға үлгі болып, өңір педагогтерінің кәсіби қауымдастығын дамытуға оң әсерін тигізіп келеді. Осындай жаңашыл ұстаздардың тәжірибесін тарату – сапалы білім берудің және кәсіби дамудың маңызды тетігі болып қала бермек.