Функционалдық сауаттылықты дамытудың жалпы бағдары Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында анықталған, басты мақсаттардың бірі – жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене бітімі және рухани дамыған азаматын қалыптастыру, тез өзгеретін әлемде оның табысты болуын қамтамасыз ететін білім алудағы қажеттілігін қанағаттандыру болып табылады.
Функционалдық сауаттылық оқушылардың сыртқы ортамен қарым-қатынас жасау қабілеті, оқушылардың өзгермелі өмірге бейімделуінің шарты, оқушылардың жеке бас қабілеттерін дамытудың тетігі, оқушылардың әлеуметтік дағдыларын дамытудың негізі, әлеуметтік-мәдени дамуының өлшемі, білім, білік, дағдыларының құзыреттілікке ұласу жолы. Ол оқушылардың қатысымдық, ақпараттық, проблемалардың шешімін табу құзыреттіліктерінің бірлігінен құралады.
Елбасы Н.Назарбаев 2017 жылғы 31 қаңтардағы Жолдауында: «Төртінші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту. Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет», — деген. Сонымен бірге, IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керек. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту қажет, сонымен қатар білім беру ұйымдары жастарға жалаң білім беріп қана қоймай, алған білімдерін өмірдің түрлі жағдайларында пайдалана алуды үйретуі керек екендігін баса айтып, үкіметке оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытудың бес жылға арналған Ұлттық шаралар жоспарын дайындау жөнінде нақты тапсырма берген болатын.
Функционалдық сауаттылықа түсінік бере кететін болсақ, ресми дерек бойынша, мектеп жасындағы балалардың 40 пайызы әдеби мәтінді түсінуге қиналатындығы дәлелденген. Бұлар мектептен білім алса да, қызмет жасауға келгенде қарапайым жазу үлгісін білмейтіндігін көрсеткен. Тіпті олар әр түрлі жағдайда кездескен құжаттарды толтыра алмай, ондағы ақпараттың мәнісін түсіне алмапты. Бір қызығы, олар теледидарда не айтылып жатқанын, жалпы айтқанда, күнделікті өмірдің есебін білмейтін болып шыққан. Соның салдарынан жұмыссыздық, өндірістегі апат, жазатайым оқиғалар, жарақат алулар көбейіп кеткен.
С.Раевтың айтуынша, сауатсыздық дерті адамға кішкентай кезінен бастап жұғады екен. Әсіресе, бүлдіршінді жазу мен оқуға баули бастаған 1-ден 3-сыныпқа дейінгі аралықта пайда болады. Яғни, 3-сынып оқушысы ешқашан кітапханаға бармаса, оқулықтан басқа ешқандай кітап оқымаса, тағы бір ертеңгі сауатсыздың дүниеге келгені. Ғалымдардың айтуынша, 8-сыныптан бастап оқушылардың 60 пайызының өз бетімен жазып-оқуға деген ынтасы жоғалады екен. Тіпті түлектердің үштен бірінің оқуға мүлдем құлқы болмайтын көрінеді. Білім беру тек қана оқытумен ғана шектелмей, оны керiсiнше, әлеуметтiк адаптация процесіне бейiмдеу қажет.
Жалпы білім беретін орта мектептің бастауыш сатысында оқушының білімді күтілетін нәтижеге қарай сапалы меңгеруі, білім берудің әлеуметтік мәнін ұғыну арқылы кіріктіру мәселесі әлемдік білім кеңістігіне толығымен кірігу білім беру жүйесін халықаралық деңгейде көтеруді талап ететіні сөзсіз.
Бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылықтарын қалыптастыруда бастауыш сынып оқушыларының психологиялық ерекшеліктері ескерілуі керек. Оқу, жазу сауаттылықтарын қалыптастыруда, ең алдымен, кіші мектеп жасындағы балалардың ойлау мен сөйлеуі маңызды орын алады. Бұл орайда Ж.Аймауытов, Б.В.Беляев, Е.И.Пассов, Н.И.Жинкиндердің ойлау мен сөйлеу секілді күрделі психикалық құбылыстар туралы ой-пікірлері талданады. Оқыту үдерісінде пәндік білім, білік, дағдыларды, яғни құзыреттіліктерді меңгертуде балалардың жас кезеңдеріне сәйкес пайда болатын жетекші әрекеттерге назар аударылады. Бастауыш сыныптан мектептің орта сатысына өту кезеңінде балалардың өзін қоршаған адамдармен қарым-қатынасы жаңа арнаға түседі: даралық сезімдері бас көтеріп, өзін-өзі тани бастайды. Білім беруде бұл мәселелер ескеріліп отыруы тиіс. Бастауыш мектеп кезеңі оқушылардың оқу, қарым-қатынас, еңбек секілді жетекші әрекеттер негізінде жалпы және ерекше қабілеттерінің дамуымен сипатталады. Оқу әрекетінде олардың жалпы интеллектуалдық қабілеттері қалыптаса бастайды.
Бүгінгі күн талабына сай жан-жақты дамыған, белсенді, өмірге талпынысы, қызығушылығы бар адамды мектеп табалдырығынан дайындап шығарудың ең бір тиімді тәсілі ол – оқытудағы математикалық сауаттылық. Математикалық сауаттылық проблемалары осы күнге деиін аз айтылып жүрген жоқ. Егер әр бір мұғалім әр сабақта математикалық сауаттылықты қалыптастырып,үнемі көңіл бөліп отырса, білім сапасы әлдеқайда жақсарар еді. Бастауыш сыныптарда 0, 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9 және «+», «-», «*», «/» секілді таңбалармен қатар І, V, X, M, L, C тәріздес Рим цифрларын білумен шектелеміз. Ал енді алгебрада латын, грек әріптерін үйренуге тура келеді. Міне, осы әріптерді дұрыс жаза және оқи білу математикалық сауаттылық білдіреді. Оқушылар геометрия ұғымдарымен бірінші сыныптан таныс болады, кейін жаңа жазулар мен сызулар кездесуі мүмкін және оқытуда арнайы заңдылықтар сақтау қажет. Мұғалім оқушыны математика пәнінің қыр сырына үйрету үшін оған математикалық сауаттылықты сақтау жөнінде күнделікті қатаң талаптар қойып, орындалуына мұқият зер салуы керек.
«Қазақ тілі» пәні пәнінде сөйлеу қызметінің барлық түрлерін меңгерген сауатты жазу және оқу дағдылары жетілген, шығармашылық қабілеттері мен тілдесімдік дағдылары дамыған, алған тілдік білімдерін ауызша және жазбаша сөйлеу әрекеттерінде қолдана білетін жеке тұлға қалыптасып, дамуына ықпал етеді. Оқушылардың өз ана тілі – қазақ тіліне деген қызығушылығын ояту арқылы тілдің құдіретін, эстетикалық құндылығын сезіндіру арқылы қазақтың ұлттық мәдениетімен туралы білім алады. Тілдік ұғымдар арқылы оқушыларды өзін тілді иеленуші тілдік тұлға ретінде қалыптасады. Ауызекі және жазба тілде қарым-қатынас жасау дағдылары қалыптасады. Жаратылыстанулық бiлiм, білік, дағды қалыптастыру бастауыш мектепте «Дүниетану» пәні арқылы жүзеге асырылады. «Дүниетану» пәнінде кiрiктiру ұстанымы «адам – табиғат – қоғам» ретiнде ғана емес, «адам – заттар», «адам – қоғам», «адам – табиғат әлемі», «адам – адамдар», «адам – отбасы», «адам – оның шығармашылық әрекеттерi», «адам – туған елінің тарихы», арқылы да жүзеге асады. «Дүниетану» пәнін оқыту үдерісі кiрiктiру ұстанымына негізделсе, бастауыш сынып оқушысы «адам – табиғат – қоғам» жүйесіндегі өзара байланысты ұғынады, экологиялық мәдениеттің қарапайым білік, дағдыларын игереді, өзінің табиғаттағы әлеуметтік өмірдегі, қоғамдық ортадағы орнын түсініп, жеке тұлға ретінде өзін-өзі, өзінің мүмкіндіктері мен қабілеттерін сезінетін болады.
Осы орайда ұлы ұстаз Абайдың: «Адам ата-анадан туғанда есті болып тумайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады» деген дана сөздерінен адам табиғатының, болмысы мен танымының қалыптасуының өзі осы ізбен жүретінін байқауға болады. Егер оқу үдерісі, балаларға білім, білік, дағдыларды игерту осы ұстанымға негізделсе, нәтижелі болатыны анық.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлтық іс-қимыл жоспары (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 25 маусымдағы № 832 Қаулысы).
2. ҚР білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. — Астана, 2010.
3. «Мұғалімге арналған нұсқаулық». – Астана 2012 жыл.
4. Әлімов А. Интербелсенді әдістерді жоғарғы оқу орындарында қолдану. – Алматы: 2009. — 60 б.