Баланы өздігінен өмір сүруге мүлде қабілетсіз нәресте кезінен бастап, бақытты балалық шақ, жеке шаңырақ көтергенге дейінгі жастық жолдары, өтетін отбасын бақытты жағалауын бетке алып, өмір-айдынында жүзіп бара жатқан қайыққа теңесек, оның қос ескегі-әке мен ана дер едік. Әке мен ана баланың алғашқы ұстазы. Адамзат баласы ананың мейірлі мейіріміне қанып, әке өсиеттерін тыңдап өссе ғана тәрбиелі отбасынан шыққанын көпке танытады. Ана бала тәрбиесіндегі ерекше тұлға.Тәрбиелі анадан-тәрбиелі бала өсіп шығады.
Қазақстан Республикасының Ата Заңында «Балаларына қорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың табиғи құқығы, әрі парызы», делінсе, «Қазақстан-2030» Бағдарламасында: «Әкелер мен аналарды, аталар мен әжелердің өз балалары мен немерелеріне болашақта, олар біздің жасымызға жеткен кезде қандай күйде көргіміз келеді…» – делініп, ұрпақ тағдыры айтылады. Бала ата-анасының игі істерін жалғастырушысы, болашағы. Бала тәрбиесі ата-ана үшін күрделі де, жауапты міндет. Жас шыбық иілгіш болса, жас адамда сондай жақсыға да, жаманға да бірдей бейім болатыны баршамызға мәлім. Ата-ананың үйіндегі әрекеті балаларының көз алдында өтеді, жақсы, жаман әдетімізді бала тәрбиесіне ықпалы зор. Әрбір ата-ана өзінің баласын Отанға пайдалы, өзіне мейірімді, еңбекқор, адамгершілігі мол адам етіп тәрбиелеуге халық алдында да, мемлекет алдында да жауапты. Бірде бір ата-ананың бала тәрбиесіне немқұрайлы қарауға еркі жоқ.
Егерде ата-ана бала өсіруде қате жіберсе, осалдық байқатса, қартайғанда опық жейтіні, өкінішке ұрынатынын ешбір дәлелдеп жатуды қажет етпейтіні ақиқат. Бала тәрбиесі туралы сөз болғанда: «Баланы жастан» деген халық даналығын ұмытуға ешкімнің хақысы жоқ. Қай елде, қай кезде болмасын, бала тәрбиесін ерекше дамытушы да, ілгері апарушы да балалар, яғни бүгінгі ұрпақ- ертеңгі елдің болашағы. Баланы өмірге бейімдеуге мектеп, ұстаз және ата- ананың орны бөлек. Бала өмірінің басты бөлігі отбасында өтеді. Отбасы адамзат бесігін тербеткен ұя болса, баланың бас ұстазы ата-анасы делінген. Отбасындағы тәрбие әрбір мүшенің өзін-өзі сақтау, ұрпақты жалғастыру, өзін-өзі сыйлау қажеттігінен туындайды.
Отбасында адамның жеке басының қасиеті қалыптасады. Баланы дұрыс тәрбиелеу отбасында, алдымен, жанұя жағдайы, онда қалыптасқан оң моральдық, психологиялық ахуал, татулық пен өзара түсіністік, сүйіспеншілік пен сыйластық, ауыз біршілік, отбасы мүшелерінің бір-біріне деген құрмет сезімдері, яғни отбасындағы кіршіксіз таза, мөлдір көңіл күйі тікелей ықпал етеді.