Меніңше, ол — алдымен мектепте көрініс табу керек-ақ. Ал, мектептегі балалар өмірінде ұстаздар мен ата-ананың рөлі ерекше екені бәрімізге де мәлім. Осы орайда, оқырман қауымға «Абай атындағы орта» мектебінде өткізген «Жалпыадамзаттық құндылықтар – жанұялық тәрбиенің негізгі тірегі» атты ата-аналар оқуын ұсынып отырмын.
Жиналыстың мақсаты: Ата-аналарға «Өзін-өзі тану» сабағындағы жалпы-адамзаттық құндылықтар бағдарламасының рухани-адамгершілік құндылықтарды дамытудағы маңыздылығы мен қажеттілігі туралы түсініктерін қалыптастыру.
Міндеттері:
I.Білімділік:«Өзін-өзі тану» оқытудың аксиологиялық аспектілері: «Ақиқат», «Сүйіспеншілік», «Дұрыс әрекет», «Ішкі тыныштық», «Қиянат жасамау» құндылықтары негізінде түсініктерін кеңейту.
II.Дамытушылық : Баламен қарым-қатынас кезінде өзін-өзі дұрыс ұстауға, тіл табыса білуге, әр сөзіне мұқият болуға ой салу.
III.Тәрбиелік: Ата-аналардың бойына жанұядағы жарасымды ынтымақтастық, сүйіспеншілік, ізгілік, мейрімділік, имандылық сияқты рухани-адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға бағыт-бағдар беру. Семинар барысында ата-аналардың қолына түрлі-түсті геометриялық фигуралар беру арқылы құндылықтармен бес топқа бөлдім. Алдын-ала ата-аналарға сауалнама таратылды.
Әдіс-тәсілдері: топтастыру, сұрақ — жауап, ойын элементтері, баяндау әдісі.
Көрнекілік: интерактивті тақта, компьютер, слайд, кеспе қағаздар, смайлик т.б.
Жайлы әуен арқылы «Нұрға бөлену» тыныштық сәті өткізілді. Ата-аналар жиналысының дәйексөзі ретінде В.А.Сухомлинскийдің «Егер балаға қуаныш пен бақыт бере білсек, ол бала солай болады»,- дегені сөзін интерактивті тақтада слайдтан көрсеттім. Осы дәйексөзге ата-аналар өз ойларын кеңінен білдірді. Мысалы, Жанат апайдың жауабы: «Расында да, балаларымыз – біздің бақытымыз ғой. Түсіне білсек, солар үшін өмір сүреміз. Қай ата-ана болмасын баласының дұрыс азамат болып, бақытты болғанын қалайды ғой. Бірақ, соған іс қыла алмай жатамыз кейде. Баланы бастан, — деген сөз де дұрыс айтылған. Оларға әрқашан түсіне қарап, мейірімді болсақ, сонда баламыз да жақсы болады»,- деп өз ойын білдірді.
Мамай : «Бәрі өзімізден бастау алатыны рас. Ұл бала мен қыз бала тәрбисі де оңай емес. Мына заманда тәрбие берудің өзі қиын болып кетті ғой. Кейде солардың білгенін біз білмейміз. Сондықтан, ұстаздар жағына өз басым рахмет айтамын»,- деп ойын ортаға салды. Ал, Мәрия апаның ойы: Рас, анаға қарап қыз, әкеге еріп ұл бала тәрбие алады. Жанұяда өзіміздің іс-әрекетіміз дұрыс болу керек. Біздің кезімізде талмай еңбек ете жүріп, көп баланы да тәрбиелеп өсірдік. Солар жаман болмады. Қазір ер азаматтар балаға көп көңіл бөлмейді. Менің айтқым келгені жанұяда тәрбиені екеулеп отырып дұрыс тәрбие беру керек, деп санаймын дейді. Бүгінгі айтылып жатқанның бәрі бейнематериалда да көрсетілді ғой. Думан ағай: «Жаңағы айтылған 5 ереже және 5 құндылықтарды мұғалім қандай түсінікті, жақсы айтып берді.
Бәрі орынды. Ата-ана бала тәрбиесіне ерекше мән беріп отыруы керек», — деген тоқтамға келдім дейді.
Ата-аналарға ақпарат беру арқылы теориялық бөлімінде мына тақырыптар туралы айттым:
1.«Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағ-дарламасының педагогикалық-психологиялық негізін басшылыққа ала отырып, рухани-адамгершілік білім туралы айтқан ұлы классиктердің ойларына, Сократ ілімі жайлы мысал келтіріп, қазіргі өзін-өзі тану пәнін оқытуға тоқталып өттім.
2.«Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының аксиологиялық негізі туралы айтып, аксиология, жалпыадамзаттық құндылықтар туралы ақпараттарға түсінік бере кеттім.
3. Бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі туралы тоқталып, бала тәрбиесіндегі ананың, әкенің рөліне және жанұядағы қарым-қатынас типтеріне баса назар аудару керектігі жайлы айттым. Сөзімді дәлелдей түсу үшін бейнежазбаны көмекке алдым. «Әке мен бала», — атты бұл түсірілім ата-аналарға үлкен ой салды. Ата-аналарға оқушылардың мектептегі өмірлерінен мысалдар да келтіре кеттім. Мысалға, кейбір сабағы нашар оқитын оқушылардың қолынан көп іс келетінін, адамгершіліктерінің жоғары және қамқорлық жасауға келгенде дайын тұратындықтарын айттым. Өйткені, нашар оқитын оқушылардың ата-аналары мектепке балаларының білімі нашар болған соң келгілері келмейтіні анық. Бұл жолы да менің сөзіме елең еткен сондай ата-аналарды байқадым.
Мәселен, Сара Алпысқызының «Рухани кәусәр бұлаққа барар жолды іздеу — әр адамның міндеттерінің міндеті. Өмірге бала әкелген соң бақытты қылу үшін ата-анасы дұрыс әрекет ету керек», — деген сөзін келтірдім.
Одан әрі ата-аналармен топтық жұмыс жүргіздім.Өздеріне бөлінген құндылықтарға байланысты тақырыпты ашып, постер арқылы қорғады.
Ақиқат тобы: « Жанұядағы ана рөлі» тақырыбына жақсы ойларын айтты.
Бала тәрбиесінде ана рөлі ерекшеліктеріне тоқталды. Топ мүшелері ананың бойындағы жақсы қасиеттерді атады. Оның жан дүниесінің сұлулығы ең алдымен балаға ақ сүтпен тарайтынын, бәрі әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталатынын айтты. Бала бойына ең жақсы қасиеттерде ең алдымен анадан тарайды. Мейірімді ана баласының қандай қателігі болса да кешіре алатындығы айтылды.
Сүйіспеншілік тобы: «Жанұядағы әке рөлі» тақырыбында өз ойларын жеткізді. Бұл топ әкенің жанұядағы рөлі жоғары болуы керек дейді. Әке шаңырақтың бар ауыртпалығын төзіммен көтеріп, жанұяны асырап бағу және балаларының тәрбиесін бір сәт естен шығармайтын отағасы деген пікірлерін білдірді. Яғни, әке – асқар таудай биік, баласы үшін тәрбиенің дұрыс болуына күш салатын, төзімді жан болуы керек деп түйіндеді.
Дұрыс әрекет тобы: «Жанұядағы қыз тәрбиесі» тақырыбын топ мүшелері жақсы ашты. Қыз баланы қазақ халқы әлпештеп өсірген. «Қызға қырық үйден тыю» дегендей, қыз баланың тәрбиесіне аса көңіл бөлгені туралы өз пікірлерін айтты.
Ішкі тыныштық тобы: «Жанұядағы ұл тәрбиесі» туралы пікірлерін жақсы өрбітті.Ежелден халқымыз ұл бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Ұл бала тәрбиесінде әкенің атқарар ісі зор. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп тегін айтылмағаны бәрімізге мәлім. Қазақ ұлын еңбекпен нан таба білуге, шыдамдылыққа, қайсарлыққа тәрбиелеуде жан салмаған. Қазір сол ұл тәрбиесін осы қалыпта қолда ұстаған жөн. Бірақ, кейде тәрбиеміз ақсап жатқаны да рас. Сондықтан, мектеппен бірлесе іс қылған дұрыс дегенді айтты.
Қиянат жасамау тобы: «Жанұя тәрбиесінің қоғамдағы орны» тақырыпта өз ойларын ортаға жақсы салды. Қоғам үшін әрбір жанұя маңызды. Балаға қоғамда әсер етуші жағдайлар көп-ақ. Соның дұрыс-бұрысын ата-ана ажыратып алуда көмекке келе білуі керек дейді.
Жиналысқа қатысқан мектеп әкімшілігі де жалпы топтық жұмыстарға ризашылығын білдірді. Бала тәрбиесіндегі ата-ана рөлі өте зор екенін, қазіргі балаларға ерекше көңіл бөліну керектігін, мектептен тыс уақытта да тәрбиенің осал күйге түспеуін өз ойымен бөлісті. Тіпті, бос уақытын пайдасыз істерге жұмсамау үшін еңбекке баулуды көздеңіз делінді. Мен жалпыадамзаттық құндылықтар туралы ата-аналар өздері істерімен дәлелдеп бергенін байқадым. Өйткені, 5 ереже және құндылықтар ағашы ата-аналарға көп ой салды деп ойлаймын. Менің түйгенім ата-ана мен мектеп арасында мықты байланыс болса тәрбие дұрыс жолда болары сөзсіз.
Жиналыс басында берілген сауалнаманы қайта таратып, толықтырулар жасалынды. Сауалнама «өзін-өзі тану» құндылықтарын жүзеге асыру мақсатында болған еді. Көпшілік ата-аналар құндылықтардың пайдасы туралы өз ойларын жақсы жеткізе білді. Ата-аналар пікірлері тыңдалды.
Гүлжанат апай: «Бүгіннен алған әсерім өте көп және жақсы, ата-аналар жиналысында көп нәрсе біліп қаламыз, бұрында ақиқат деген сөзді естіп жүрсем де, сізден ұққаным басқаша әсер етті маған, сізге көп рахмет, тыныштық сәті, шығармашылық жұмыс маған ерекше әсер етті».
Анар: «Бұл пәнге деген көзқарасым жақсы, өйткені балалар осы пән арқылы рухани жағынан байыды деп санаймын».
Жеңісбек: «Бүгінгі жиналыстан түйгенім, үйдегі ата-анасының жасаған ісі балаға әсер етеді, жанұяда өрескел қылықтарымызды балаға көрсетпеу керекпіз».
Алғабек : «Қазіргі кезде бала тәрбиесіне көңіл бөлуіміз керек. Әкеге қарап ұл өсері, ал шешеге қарап қыз өсері біріне мәлім. Қорыта айтқанда біз ата-аналар үйде балаға дұрыс тәрбие беріп, адамгершілікке тәрбиелесек, бала шындықпен дұрыс әрекет жасап, ешкімге қиянат жасамай өседі. Айналасына сүйіспеншілік-пен қарап, ішкі әлеміне тыныштық орнатар еді. Адам өзіне де өзгелерге де сүйіспеншілікпен қарауы керек. Бүгінгі жиналыс қандай тамаша өтті. Алғысымды білдіремін» десе, ата-ана Ләйлә өз ойын: «Өзін-өзі тану» пәні өзіме де ұнайды. Балам осы сабақта алған әсерлерін қуана айтып келеді. Берері мол, өмір құндылықтарын жүзеге асыратын бірден-бір пән. Меніңше, қазіргі бала тәрбиесінде рөлі зор деп білемін. Әсем: «Мұндай пән жүргелі балам ашылды, еңбекке қызығушылығы артқандай көрінеді. Ұстаз болып , ата-ана болып бүгінгі айтылып жатқан жалпыадамзаттық құндылықтарды бала бойына дарыту біздің міндетіміз», — деп өз ойын білдірді.
Ата-аналар көрген «Әке мен бала» туралы бейне көрініске де жарыса ой қозғап кетті. Жиналыстың соңында музыкаға қосылып айтқан «Перзент парызы» әні топпен өте көңілді шырқалып, бір серпіліп қалды.
«Әр бала белгілі бір борышпен өмірге келеді. Әрбір сәбидің тек өзіне тиесілі жаны – ішкі дүниесінің сәулесі бар. Ата-ана мен педагогтың міндеті сол сәуленің жоғалып кетуіне жол бермей, балаға өз өмір жолына бағыт көрсету».