«Позитив толқынында» деп басталған тренинг қатысушылардың бір-бірімен және семинарды жүргізуші кітапханашылармен, яғни бізбен жақын етене танысуына зор ықпал етті. «Балабақшадағы ән-күй сабағы арқылы балалардың қабілетін арттыру» тақырыбын қозғаған аңдатпада қатысушылар бүлдіршіндерге музыкалық тәрбие берудің жолдарымен танысты.
Балаларға тәрбие беру жолында ойынның маңызы зор екендігі белгілі. «Ұлттық өнер — құндылық көзі» деп аталған музыкалық-дидактикалық ойын бүлдіршіндерге қазақтың ұлттық аспаптары жайлы толық ақпарат беретін мағлұматтарға толы болды. Баланың қабылдау, тыңдау, есту қабілеттерін дамыта отырып, берілген ақпаратты бекіту үшін ұсынылған «Аспапты тап», «Әуенді тап» музыкалық-дидактикалық ойындарында қатысушылар белсенділік танытты.
Ал «Әсемдік әлемінде» атты кіріктірілген сабағы мен «Асқақты елім-айбыным» атты шеберлік сыныбы бойынша ұсынылған сабақтар барысында музыкамен қатар, бейнелеу, технология, би үйрету пәндерінің сабақтастығы көрсетілді. Мұнда балалардың көркем әдебиет, музыка, бейнелеу, кескіндеу туындыларымен танысуына, әсемдік әлеміне саяхат жасауына, содан рахаттануына, түсіну, көру, сезіну талғамдарының қалыптасуына жол ашылады. Демек, баланың болашақтағы рухани дүниесінің баюына негіз болады. Балабақшадағы музыка жетекшілері эстетикалық тәрбиені кітап оқу, ән тыңдау, бейнелеу өнері мен театр, кино т.б. өнер түрлері арқылы көркем өнерге тарту, тағы басқа да жолдармен жүргізуге болатынын біліп қана қоймай, оны қалай жүзеге асыру тәсілдерін жан-жақты меңгеріп, жетілдіре түсті.
Бүгінгі таңда балаларға арналған әндер қандай? Осы сұраққа жауапты қатысушылар «Әннің ғажайып әлемі» атты әуезді алаңқайдан тапты. Олардың өздері де бір сәт балалық шаққа саяхат жасап, балалар әндерін бірге шырқады.
Семинар-практикумның нәтижелі өткендігін қатысушылардың «Қуаныш жапырақшаларына» кітапхананың ұлттық әдебиет және өлкетану орталығының қызметкерлеріне арнап жазған ізгі тілектерінен аңғардық.
Баланың эстетикалық мәдениеті және белсенділігі тұтас педагогикалық процесте дамиды. Осы үрдіске кітапхана тарапынан біз де өз үлесімізді қосуға әрдайым әзірміз.