Модельдеу (моделирование) – нысандарды олардың модельдері арқылы зерттеу, шынайы заттар мен құбылыстардың модельдерін құру. Кез-келген құбылыстардың, үдерістің немесе нысанның қасиеттері мен сипаттамаларын зерттеу үшін олардың үлгісін құру (жасау) және талдау; бар немесе жаңадан құрастырылған нысанның сипатын анықтау немесе айқындау үшін олардың аналогтарында (моделінде) объектілердің әр түрлі табиғатын зерттеу әдісі.
Аталған тәсілдің көмегімен күрделіні қарапайымға, көрінбейтінді және түйсінілмейтінді көрінетінге, түйсінілетінге, белгісізді белгіліге келтіріп оқу, яғни, кез келген күрделі объектіні мұқият және жан-жақты оқып білу мүмкіндігі туады.
Үлгі ретінде таңдалынған объектілердің мәні жоқ. Ең қажеттісі олардың көмегімен оқылатын құбылыстармен олардың үдерістердің қажетті белгілерін анықтайды.
Ешқандай модель құбылысты өзгерте алмайтыны шындық. Модель кейде пайдалы, ал кей кезде зерттеудің жалғыз құралы болып табылады.
Модельдеудің маңыздылығы қандай?
Объект немесе үрдісті басқаруды үйрену және берілген мақсатта және критерийлерды ең жақсы басқару әдісі бойынша анықтауға болады.
Берілген әдістерде және объектіге әсер ететін формада тура және ауыспалы салдарын болжауға мүмкіндік береді.
География пәні бойынша уақыт өте келе нақты нысандарды жасанды сызбалардың, суреттердің, карталардың модельдік ерекшеліктері арқылы сипаттауға көмектеседі.
Нақты қызметтердегі объект модельдері төмендегі жағдайларға пайдаланылады:
— материалдық заттарды бейнелеу кезінде;
— белгілі фактілерді түсіндіру керек болған жағдайда;
— болжамдар құруға;
— зерттелінетін нысан туралы жаңа білімдер алу уақытында;
— жорамал жасау барысында;
— басқару кезінде т.с.с.
Модельдеу — тақырыпты талдаудың жемісі. Өйткені, оқушы модельдеу арқылы тақырыпты жүйелеп реттейді, күрделі жазылған мәтінді немесе нысанды кесте түрінде, постер арқылы қарапайым етеді.
Бұл тәсілді оқушылар жекелей және топпен орындай алады. Модельдеудің немесе үлгілеудің сапалық орындалуы оқушының креативтілігіне, ойының ұшқырлығыны, визуалдық есте сақтау ерекшелігіне, аталған объектіні елестетуіне, ойлау жылдамдығына байланысты.

Модельдеуге оқушылар флипчарттарды, ватмандарды, фломастерлерді, түрлі-түсті қағаздар, желім, стикерлерді, қолда бар материалдардан жасалған макеттерді, фотосуреттерді пайдалана алады.
География сабағы болғандықтан белгілі бір нысанның түпнұсқасын жасау арқылы оқушы алыстағы нысанды жақындата алады. Нысанның басты ерекшеліктерін айқындай алады. Оқушы сабақтан түсінгенін қағазға кесте түрінде немесе графиктер арқылы түсіреді, талдайды, дәлелдейді. Яғни модельдеу тәсілі оқушының шығармашылығын, ой-өрісін, сөз саптауын дамытатын ең ұтымды тәсіл деп танылды.
Модельдеу әдісі:
1.Сыни тұрғыдан ойлау модулінде. Мысалы: «Ассоциациялық карта», «Инсерт», «Джигсо-1», «Джигсо-2», «Синквейн» , «Фишбоун», «Кроссенс», «Фрайер» стратегияларында модельдеусіз сабақты жүргізу мүмкін емес.
2.Ақпараттық коммуникациялық технологияларды пайдалануда, Мысалы: географиядағы табиғи өзгерістер, тұжырымдаманы көрсететін бейнелерді беру (эмоцияны, сезімді модельдеу үшін дыбыс пен бейнені пайдалану).
3. Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдерде.
4. Талантты және дарынды балаларды оқытуда, Мысалы: География сабағындағы тақырыптық зерттеу жұмыстарындағы макеттер.
5.Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалаудағы стикерлер осының барлығында модельдеу қолданылатын ең тиімді тәсілдердің бірі деп санаймын.
Мұғалімдер модельдеу тәсілі арқылы сабақ өткізсе, оқушылардың алған ақпаратты сақтауының орташа пайызының артатыны анықталған. «Оқу пирамидасының» Көрсетілім-30%, талқылау-50%, тәжірибе жасау- 75%, өзгелерді оқыту- 90% аспектілерін толық қамтитыны анықталған.
Модельдеу тәсілінің құрамдас бөліктері
Сыни тұрғыдан ойлау әдіс-тәсілдеріне кеңірек тоқталатын болсақ:
Ол – әлемнің түпкір-түпкірінен жиылған білім берушілердің бірлескен еңбегі саналады. Жобаның негізі Ж.Пиаже, Л.С.Выготский теорияларының негізінде жасалған. Мақсаты: Барлық жастағы оқушыларға кез-келген мазмұнға сыни тұрғыдан қарап, екі ұйғарым бір пікірдің біреуін таңдауға, саналы шешім қабылдауға үйрету.
Бұл әдіс-тәсілдер жаңа буын оқулықтарының талаптарын жүзеге асыруда, оқушылардың білім деңгейін көтеруде, балаларды шығармашылыққа баулуға, ойларын еркін айтуға, тез арада дұрыс шешім қабылдауға көмектесетін бірден-бір тиімді әдіс сыни ойлауға үйрету болып отыр. Сыни тұрғыдан ойлауға бағытталған әдіс-тәсілдерді пайдаланатын әр ұстаз өз педагогикалық қызметінде, оқушы мен мұғалім арасындағы қарым- қатынасқа дегенде көзқарасының мүлдем өзгергенін байқайды. Бұл бағдарлама басқа әдістерден өзінің құрылымы мен ерекшеленеді.
Сол стратегияларды тиімді пайдалану арқылы сабақтың барлық кезеңдерінде модельдеуді пайдалануға болады. Сабақтың мазмұнына сай алынған стратегиялар арқылы оқушылардың ойы шыңдалып, ашылады. Оқушылардың сабаққа белсенділігі, ынта-жігері, пәнге деген қызығушылығы артады. Сыни ойлап үйренген бала кез келген үдерісті саралап, салмақтап ой елегінен өткізеді, алған білімін модельдеу арқылы бекітеді. Оқушылар осы кезеңде өз шығармашылықтарын көрсете алады. Тек шығармашыл оқушы өзіне және сыныптастарына сыни көзбен қарайды, өзін бағалайды, оқып-білгендерін таразылайды. Яғни, модельдеу – оқушылардың шығармашылық пен ғылыми зерттеу жұмысына толықтай негіз болғаны.
Біз, ұстаздар қауымы, ұлтымыз бойындағы тек жақсы қасиеттерді дамытсақ, озық білім мен үздік жаңалықтарды дарытсақ, шығармашылдығымызды шыңдап, ғылымға бетбұрыс алғанда ғана еліміз рухани жаңарады.