Біздің өміріміздің кез келген саласындағы сапалы өзгерістер, әсіресе білім беру саласындағы өзгерістер мұғалімнің оқыту үрдісіндегі алатын орны мен рөліне жаңаша көзқарасын қалыптастырусыз жүзеге асуы мүмкін емес. Дана халқымыз «Ой өзгермей, адам өзгермейді» дегендей, орта білім беру мазмұнын жаңарту бағытында енгізіліп отырған жаңа мақсаттар мен міндеттерді, жаңа технологияларды, құзыреттілікке бағытталған бағалаудың жаңа формаларын алдымен мұғалімнің өзі жан-жақты игермейінше, сапалы білімге қол жеткізе алмаймыз. Сондықтан кез-келген педагог оқыту үрдісін бағдарламалық және әдістемелік қамтамасыз етудегі өзгерістерді, педагогикалық қызметтің мақсаттары мен әдіс-тәсілдері бағытындағы тың өзгерістерді қабылдауға, игеруге, ізденуге дайын болуы қажет.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс, ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс», — деп білім беру жүйесіне жаңа міндеттер қойған болатын.
Осыған орай Қазақстан Республикасында орта білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде білім беру үдерісінің құрылымы мен мазмұнына елеулі өзгерістер енгізілуіне байланысты «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы ШҚО бойынша ПҚ БАИ ұйымдастыруымен 2017 жылдың 29 мамыры мен 16 маусымы аралығында қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курсы өткізілді.
Курста дәріс берген тренеріміз Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Сапарғалиева Анар Сергазиновнадан алғаш келген күннен бастап, көкейімізде жүрген көптеген сауалдарға жауап алдық, жалпы білім беру мазмұнының өзгешелігімен таныстық. Оқу барысында қазақ тілі мен қазақ әдебиетін жаңа мазмұнда оқыту бойынша дәріс-тренингтер тыңдап, жаңартылған білім беру бағдарламасының құрылымын, мақсат-міндеттерін түсіндік. Осыған сәйкес педагогикалық әдіс-тәсілдерді, білім беру бағдарламасындағы оқу мақсаттарына жетуде критериалды бағалау жүйесін қолдануды үйрендік. Сабақ беру үрдісінде негізге алынатын 3 құжатпен – оқу бағдарламасы, оқу жоспары және қалыптастырушы бағалауға арналған тапсырмалар жинағымен таныстық. Жаңа оқу бағдарламасының ерекшелігі: – оның ХХІ ғасыр дағдыларын дамытуға бағытталғандығында, яғни ақпаратты іздеу, талдау және интерпретациялау дағдыларын дамыту;
— адам, табиғат және қоғам туралы олардың бастапқы білім қорларын қалыптастыру;
— рухани-адамгершілік құндылықтарын дамыту.
Жаңартылған бағдарламаның қолданыстағы бағдарламадан ерекшеленетін тұстары бар. Мәселен, қазақ тілін функционалдық-коммуникативтік тұрғыдан оқытуға назар аударылып, төрт дағдыға негізделген. Бұл жерде сөз болып отырған төрт дағды – тыңдалым, айтылым, жазылым, оқылым.
Тыңдалым арқылы мәтіннің жалпы, детальді мазмұнын түсінеді, негізгі және қосымша ақпаратты, мәтіннің астарлы ойын анықтайды, жинақталған ақпаратты жобалайды, жүйелейді.
Айтылым арқылы оқушы өз ойын еркін жеткізеді, көзқарасын дәлелдейді, пікірталасқа, дебатқа қатысады.
Жазылым арқылы эссе, шығармашылық хат жазып үйренеді, ақпаратты графика, кесте, сызба түрінде ұсынуға бейімделеді. Оқылым арқылы көркем шығармадан бастап жарнама мәтіндеріне дейін түрлі мәтіндерді түсінеді. Мәтінді талдайды, мәтіннің мақсаты мен көзделген аудиториясын анықтайды. Оқылым стратегияларын меңгереді. Аталған төрт дағды оқушыны жан-жақты дамытуға, өз ойын еркін және толық жеткізе білуге, өзіндік көзқарасын қалыптастыруға септігін тигізеді. Жаңа бағдарламаны меңгеру барысында ерекше есте қалған мына әдіс-тәсілдер сабақтың тиімді өтуіне, оқушы бойында қажетті 4 дағдыны (тыңдалым, айтылым, жазылым, оқылым) қалыптастыруға ықпал ететіні сөзсіз: «Фишбоум», «Блум таксономиясы», «Шығыс базары», «Білім қабырғасы», «Ыстық орындық», «Пікірлер сызығы», «Сана саяжолы», «9 ромб», «5 қадам», «Драма әдісі», «Әдебиеттік үйірме», графикалық органайзерлер – «Дара диаграмма», «Қос диаграмма», «Оқиға тауы», «Хикая картасы», «Эмоция кестесі» т.б.
Бағдарлама «спиральді оқыту» тәсіліне негізделе құрылған. Яғни, сынып жоғарылаған сайын оқу мақсаттары қарапайымнан күрделіге қарай өсіп, тереңдеп отырады. Бағдарлама мазмұны әдебиет, тарих, биология, география, физика сияқты өзге пәндермен тығыз байланысты. Лексикалық тақырыптарды меңгерту осы пәндермен тығыз байланыста жүргізіледі. Бағдарлама оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға, сыни тұрғыдан ойлау дағдысын дамытуға ықпал етеді. Оқу бағдарламасында оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай оларға қызықты болатын өмірмен байланысты лексикалық тақырыптар ұсынылған. Лексикалық тақырыптар оқушының белсенді сөздік қорын байытуға, алған білімін күнделікті өмірде қолдана алуға, өз ойын ашық, еркін жеткізе білуге мүмкіндік береді.
Сөзімді қорытындылай келе, Шоқан Уәлихановтың «Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет» деген сөздерін есімізден шығармайық демекпін. ХХІ ғасыр – ғылым мен инновация ғасыры. Мақсатты білім беру – жеке тұлғаның дамуын жүзеге асыратын мәселе. Ал осы жалпыеуропалық стандартқа сай жаңа білім беру – жеке тұлғаның жан-жақты дамуына, өзіндік «менінің» қалыптасуына әкелетін сара жол.