Егер жұмысының нәтижесін көріп,қолынан келіп тұрса барлық бала сурет салғанды жақсы көрер еді, бірақ қарындаш қылқалам яғни бейнелеудің құралдарын қолдану техникасын жетік білгенді талап етеді. Бірақ барлық бала жетік білмегендіктен кей бір балаларда сурет салуға яғни бейнелеу өнеріне деген ынта ниеті, қызығушылықтары жоғалып, қанша еңбектеніп бар күшін салып тырысып баққанымен қалаған ойындағы қиялын көре алмаған балада қорқыныш, сенімсіздік тудырады.
Мектеп жасына дейінгі балалармен бейнелеудің дәстүрден тыс техникасын қолдану бала бойындағы осы сенімсіздік, шыдамсыздық, қорқыныш сезімдерін сейілтіп батылдық өз еңбегі нәтижесінен ләззат ала білуге тәрбиелеуде бірден бір таптырмас құралы болып табылады.
Дұрыс техникалық дағды бала бойында сабақ сайын дамып, қалыптасып отырады. Балалар сурет салу тәсілдерін құрғақ түсіндіргеннен емес, өздері тәжірибе жасаудан үйренеді. Балалар бақшасында сурет салу үшін көптеген құралдар беруге болады: түрлі-түсті және қара қарындаштар, акварель және гуашь бояулар, балауыз борлар, фломастерлер, акварель борлар, пастель, көмір, сангина, тушь, пластилин т.б. Балаларды үйрету барысында оларға ұсынылған түрлі заттар қызығушылықты арттырады. Олар тіпті, қара қарындаштың өзін заттың мазмұнын беру үшін әртүрлі басу арқылы ғажап суреттер сала алады. Балалар сурет салу құралдарын игергеннен кейін, оларды саналы түрде материал таңдауға әкелеміз. Бұл жердегі маңыздысы баланың өзіне қажет құралды дербес таңдап алу қабілеті. Сабақ соңында бала өз еңбегін көргенде бейнені шешудің алуан тәсілдерін көреді. Сонда ғана оның келесі жолы бояу таңдауда шешімі өзгеруі мүмкін. Бұл оның шығармашылығының дамуына мүмкіндік береді. Техникалық дағды мен тәсілдерді меңгеруі дүниені өз сұлулығымен бейнелеуге әсерін тигізсе, ең маңыздысы сол.
Қазіргі таңда балалар бақшасындағы балаларды көркем өнерге баулуда дәстүрден тыс тәдіс-тәсілдермен бірге бейнелеу құралдарының да көптеген түрлері пайдаланылады. Солардың біразына тоқтала кетейік:
«Палитра — саусақтар» саусақпен сурет салу.
Қол астында қылқалам жоқ па? Ештеңе етпейді. Бір саусағымызды көк бояуға батырамыз, келесісін сары бояуға, үшіншісін қызыл бояуға маламыз. Палитрадан несі кем!… Бұл барлық жастағы балаларға ұнайтын қарапайым да оңай әдіс. Олар үлкен ынтамен салады. Саусақпен сурет салу бірнеше кезеңнен тұрады. Балалар әуелі бір саусақпен, сосын бірнеше саусақпен сурет салып үйренеді. Біз көбелектерді, балықтарды, көгалды нүктелер, ирек сызықтармен безендіріп үйренеміз. Келесі кезеңде балалар бояуларды араластыруды үйренеді. Әр саусағын әртүрлі бояуға батырып бір түстің үстіне келесі түсті жағады. Түстерді араластыру нәтижесінде балалар өздеріне қажет түсті табады. Естиярлар тобында қарапайым бейнелерді бояудан бастап, мектепке дайындық тобында «саусақпен бояу» техникасын жете меңгерген балалар сурет тақырыбын өздері таңдап, оны нұқу, жағу, бояуларды араластыру әдістерімен ұтымды безендіре алады. Ертегілерге салынған сюжеттерді де балалар өте сәтті бояды.
Келесі техника — «Алақанмен» сурет салу. Бұл әдіс кішкентайлар тобындағы балаларға өте ұнайды. Себебі балалар бояуды көріп қана қоймайды, оны сезінеді.
Балалармен жұмыс жүргізуде пайдаланылатын келесі әдіс – Сызықтармен (штрихтармен) сурет салу. Сызықтардың көмегімен заттың сапасы, оның қасиеті, туралы біліп, суреттегі бейнені, оның қоршаған ортаға қатысын ашуға болады. Сонымен бірге сызықтармен сурет салу, саусақтардың бұлшық еттерін дамытып, қолды жазуға жаттықтырады. Ересектер топтарындағы балалар «балапан», «кірпі»тақырыптарына сурет сала алады. Бұл суреттер қарапайым да мәнерлі, бейненің ерекшелігін әртүрлі сызықтар және сызықтарды әртүрлі қалыпта жүргізу арқылы беріледі. Сызықпен сурет салу үшін балаа\лар бос уақыттарында көп жаттығулары керек. Бейненің мазмұнын ашу сызықты пайдалана білуді қажет етеді.
Сонымен бірге- Дымқыл қағазға сурет салу әдісі де өте қызық. Бұл әдіс ересектер тобындағы балалармен жұмыс жүргізуде пайдаланылады. Гуашьпен бояғаннан гөрі акварельмен бояу күрделірек, бірақ қызық. Акварельмен тек ақ параққа сурет салуға болады. Бояуға су көбірек араластырылса бояу түсі тұнықтана түседі. Әсіресе балаларға тымық және желді күнгі теңізді салу өте ұнайды.
Балауыз бор, май шам және акварельмен сурет салу халық шеберлерінің пайдалануымен ертеден келе жатқан әдіс. Балаларға жаңа талпыныс әкелетіні, олардың қызығушылықтарынан белгілі.
Жаңа техника Граттажды пайдаланып балалар «Қысқы орман», «Түнгі ертегілер», «Саябаққа серуен» тақырыптарына суреттер салды.
Майлау арқылы бояу балаларға өте ұнайды. Балалардың жағу әдісін игеруі әртүрлі болғандықтан бұл әдіс те бос уақытта көп жаттығуды, әр баламен жеке жұмыс жүргізуді қажет етеді. Себебі балаға жағу мен нұқуды айыра білудің өзі күрделі.
Қазіргі таңда сәнге айналған Монотипия және Диотипия (баспа техникасы) әдістері де өте қызықты. Бұл әдіс қиялды, елестетуді, түс пен пішінді сезінуді жетілдіруге көмектеседі. «Су жағасындағы талдарды» салуда жарты суреттен тұтас суреттің жасалуы балаларға өте ұнады. Сол сияқты балаларға дәстүрден тыс әдістің бірі шашыраты арқылы сурет салу да үйретілді. Бұл күрделі техника, бірақ нәтижесінде еңбектің ақталғанын көрудің өзі бала үшін бір ғанибет.
Пластилинмен сурет салу баладан төзімділікті, бастаған істі аяғына дейін жеткізу үшін табандылықты талап етеді. Бұл әдісті біз мектепалды тобында пайдаландық.
Сол сияқты балаларды бейнелеу өнеріне баулуда біз бейнелеу өнерінің дәстүрден тыс әдістері көптеп пайдаланамыз. Мысалы:
- Бормен сурет салу,
- Көмір және сангинамен сурет салу,
- Табиғи заттарды пайдаланып сурет салу,
- Жіптің көмегімен сурет салу,
- Манка жармасын пайдалану арқылы сурет салу,
- Құммен сурет салу т.б.
Алуан түрлі әдістердің балалардың жұмыстарының мазмұнын ашуға өз септігін тигізетінін атап айтпай болмайды. Олардың орындалу барысының өзі балаларға үлкен қанағаттанғандық әкеледі. Әр қимыл сәтті шыққан сайын бала өз жеңісінің жемісін өзгелерге көрсету үшін оны сан рет қайталап көрсетуден жалықпайды.
Осы аталған дәстүрден тыс техникалар, әдіс тәсілдерді қолдануда жүйелілік және баланың жас ерекшелігін ескере отырып қолдану арқылы мынадай нәтижелерге жетуге болады:
— Баланың қорқынышын жоюға көмектеседі;
— Өз күшіне сеніп, дербес жұмыс жасай білуі артады;
— Баланың зейіні қалыптасады және ойлау,есте сақтау және танымдық қабілеті дамиды;
— Бала өз қиялын еркін бейнелеуді үйренеді, шығармашылық қабілеті дамиды;
— Бала түрлі материалдармен жұмыс жасауды үйренеді;
— Баланың түсті, пішінді,көлемді, кеңістікті ажырата білу,композицияны
тақырыпқа сай құрастыра білу сезімі дамиды;
— Баланың тілі дамиды;
— Ұсақ қол моторикасы жаттығады;
— Балада шығармашылық іздену және нәтижеге жету әрекеті қалыптасады;
— Баланың жағымды көңіл-күйі артады;
— Жұмыс кезінде балада эстетикалық қанағаттану сезімі қалыптасып, бейнелеу өнеріне қызығушылығы артады.
«Баланың икемділігі мен дарынының қайнар көзі-оның саусағының
ұшында» деп В.А.Сухомлинский айтқандай, баяндамамды қорытындылай
келе, алға қойған мақсатым мынадай :
Мектеп жасына дейінгі оқыту үрдісінде бейнелеу өнері жұмыстарында
жаңа технологияларды тиімді қолданып,балалардың шығармашылық
қабілетін одан әрі жетілдіру.