Гульмира Кабдоновна екеуміздің жұмысымыз сыйласымдылыққа құрылған. Әрқашан бір –бірімізді түсінеміз. Гульмира Кабдоновнамен жұмыс істеген уақытта көп нәрсе үйрендім. Әрқашан өз ісіне тиянақты, білікті, білімді басшы. Ешқашан басшы ретінде ешкімге жоғарыдан қараған емес. Үнемі көмекке келуге дайын тұратын ақ көңіл, адал жан. Кейде ата –ана ретінде ұсыныстарымызды, көңіліміздегі мәселелерді айтсақ, оған да мән беріп жауабын тауып көмекке келеді. Мектебіміз Гульмира Кабдоновна келгеннен бастап жаңа тыныс алғандай.
Өзінің еңбекқорлығының, ізденімпаздығының арқасында мектебіміздің акті залын, оқу кабинеттерін, аспаздық кабинетті толығымен жабдықтады. Мерекелер, салтанатты жиындар өтетін акті залын қайта жасап безендіруде өзі ат салысып, қадағалап отыруы бұл кісінің әр іске жауапкершілікпен қарайтындығының бір дәлелі. Бұл кісінің бастамасымен мектебіміз жылда «Гүлденген аула», «Қысқы қалашық» атты қалалық сайыстардан жүлделі орындарға ие болады. Мұғалімдердің жаппай қалалық ғылыми жобаларға қатысып, оқушылары және өздері жүлделі орындарды иеленуі – ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары екенін көрсетеді. Мектепте қалалық семинарлар өте жоғары деңгейде өтіп, мектеп ұстаздары өздерінің кәсіби біліктілігімен танымал. Гульмира Кабдоновна өзіне де өзгеге де сын көзбен қарайтын өте талапшыл жан.
Басшы дұрыс бағыт-бағдар бергенде ғана жұмыс алға басады деп ойлаймын. Биылғы жазда істелген «Мәңгілік ел» кабинетінің ерекше жабдықталуы, басшымыздың ерекше талғамын көрсетеді. Осындай білікті маманмен жұмыс істеу де бір ғанибет. Гульмира Кабдоновна тек қана білікті басшы, ұстаз ғана емес, екі бала тәрбиелеп отырған аяулы ана, сүйікті жар. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, Ұстаздар мерекесі қарсаңында ұжым атынан шығармашылық табыс, үлкен ұжымды басқарудағы еңбегіне қажымас қайрат тілеймін.
