+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Дс - Жм: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Желілік басылым айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады

ШҚО ақпараттық-педагогикалық газеті
Бүгін: Бейсенбi, 29 қазан 2026 жылы
Осы нөмірден оқыңыз: № 10 - 2026

2000 жылдың қыркүйегінен бастап шығарылады. Куәлік №16323-СИ

Отбасы тәрбиесі имандылықтан басталады

А. Ахметова, Қ.Нұрғалиев атындағы №43 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі, Өскемен қаласы

     Имандылық – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Халқымыз ерте кезден-ақ бойында осындай қасиеті бар жанды ерекше сыйлап, өзгелерге үлгі тұтқан. Жастардың үлкендерге құрмет көрсетуі, кішілерге ізеттілік танытуы қоғамда ешқашан назардан тыс қалған емес.
     Ешкімді алдамау, адал болу, ата-ананың, ұстаздың айтқан ақылын тыңдау, тура жолдан таймау, мәдениетті болу, ар-намысты жоғары қою, әр іске қанағат қылу, тойымсыздықтан аулақ болу, өз ұлтының әдет-ғұрпын сақтау, ана тілдің қадірін білуді жас жеткіншектердің бойына ертерек қалыптастыруда ұстаздан бұрын отбасы жауапты. Кез келген жанұяны шағын мемлекет десек, баланың тұлғалық қасиетінің жақсы, жаман болып қалыптасуына әсер ететін орта – отбасы. Адам бойындағы жаман қылықтар жұқпалы дерт секілді ұрпақтан-ұрпаққа «жұғып» отырады. Отбасындағы басты тұлға - ата-ана.

 

      Әр отбасында өсіп жатқан баланың болашағының жарқын болуына отбасының барлық мүшелері жауапты. Олардың әрқайсысының өзіндік орны бар. Әжесі мен атасының әдемі ертегілерін, әңгімелерін, жыр-шумақтарын естіп, көкейіне құйып өскен баладан ертеңгі күні жақсы азамат шығатыны сөзсіз. Бұл-ықылым заманнан келе жатқан дәстүр. Әже тәрбиесін көрген ұлы Шоқан мен Абай да ел сыйлаған абзал азаматтар болған десек, осындай тәлім алған ұлылардың өмірі ұрпағымызға үлгі-өнеге.

   Отбасы мүшелері адамның дене мүшелері сияқты. Айталық, көз жақсылықты көрмей, тек жамандық атаулыны ғана көрсе, ал құлақ былапыт сөздерді ғана естіп, аяқ бастың дұрыс ойлаған жағына бармай, кері тартыншақтап тұрса, қол жақсылық жасамай, ұрлық жасаса, ауыз тіл мен жаққа сүйеніп, бос сөзге әуес болса, онда не болмақ? Әрине, онда мүшелердің арасында татулық болмас еді. Татулықты былай қойып, ұрсыс-керіс жиі болар еді. Отбасы мүшелері де сол сияқты.Олардың арасында үнемі кикілжің, өкпе-наз, бір-бірімен келіспеушілік орын алса, бала әкенің, келін ата, әжесінің сөзін керек қылмаса, мұндай отбасы күйрейді. Ал бірлігі мен ынтымағы жарасқан отбасының бақытты болатыны анық. Ата-ананың жарастығы-бақыт ағашы, бала-оның піскен жемісі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», – дейді қазақ халқы, балаға бүгінгі дұрыс берілген тәрбие- ертеңгі күннің жемісі.Біз ұстаз болғандықтан бала тәрбиесіне ерекше қараймыз. Отбасы, мектеп, сынып жетекші бірлесе жұмыс жасағанда ғана үлкен нәтижеге қол жеткізуге болады.Осындай ойларды жүзеге асыру мақсатында сынып жетекші ретінде бірнеше тәрбие сағаттарын өткіздім. Нақты айтсам, «Мен және менің отбасым», «Жақсының жақсылығын айт», «Халқын сүйген салтын сүйер», «Имандылық әліппесі», «Замандас келбеті» т.б. тағылымды тәрбие сағаттары арқылы оқушылардың танымдылығын, рухани дүниесін арттырып, болашаққа деген көзқарасын қалыптастыруға болады. Ұлы Абайдың «Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: Ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан» деген сөзін еске салсақ, бала үйде ата-анадан тәлім алады, мектепте ұстазын үлгі тұтады және оның айналасындағы достары қандай болса, ол да сондай болуға тырысады. Әр адам баласының бойына құлшынысқа толы ыстық қайрат, әр нәрсені әрдайым ойланып істейтіндей нұрлы ақылы мен айналадағы жандарға шуағын шашып, жүрегінің жылылығын, мейірімділігін сездіре білетіндей үш қасиетті ұялата білген кез келген ұстаз өзін бақытты сезінуге толық негіз бар. Бұл жетістікке жеткізген тәрбиеші де, ата-ана да еңбегінің жемісін жеп, бала бойына имандылықтың нұрын септім, дұрыс жол таңдап бердім немесе баланы үлкен өмір жолына дайындап шығардым дегенге сенімді түрде жауап бере алады. «Өзіңді сынатқың келсе, досыңды алып кел» демекші, достығы жарасқан құрбылар бір-бірін үлгі тұтады, достықтың қадірін біледі. Заман қалай өзгерсе де, достықтың қадірі жайлы ереже өзгерген емес.

Уақыт деген көзді ашып-жұмғанша емес пе? Кеше ғана тәй-тәй басқан жас мемлекетіміз бүгін алпауыт мемлекеттер танитындай жағдайға жетті,өзгелермен тереземіз тең болды. Кеше ғана Сарыарқаның төрінде өткен, қазақ елі асыға күткен «ЕХРО -2017» көрмесі талайлардың таңдайын қақтырды. Біздің білім ордасынан да бірнеше оқушы көрмеге қатысып, өз көздерімен көріп қайтты. Көркімен көз тартқан жас Астананың осындай дәрежеге жетуіне Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қосқан үлесі зор. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауындағы «Мәңгілік ел» патриоттық идеясы жайлы: «Мәңгілік ел-ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман-әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын,әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді. Ендігі ұрпақ-мәңгілік қазақтың перзенті» деген болатын. Ортақ үйіміз Қазақстанның гүлденуіне кез келген адам өз үлесін қосуы тиіс. Мәңгілік ел-ата-бабамыздың ғасырлар бойғы арманы. Арман шындыққа айналып, ел іргесі қаланды. Мәңгілік елдің жеті қағидасын жас ұрпаққа түсіндіріп, бойына сіңіру-әр ұстаздың міндеті. Ұлтын сүйген, халқын сүйген жастарды тәрбиелеу арқылы біз қазақ елін әлі де көркейте түсеріміз хақ. Үлкен жауапкершілік жүктеліп отырған мұғалімдерге жаңашылдықпен жұмыс жасауға тура келеді. Мемлекетіміз жастардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына, болашаққа қажет мамандықты игеруіне және мақсаттарына жетуге барлық мүмкіндіктерді жасап келеді.

Ал жаһандану заманында батыстың тәрбиесіне еліктеп кетпей, жүрегінде иманы бар, өзгелерге қамқор болып, салт-дәстүрді дәріптей білетін отбасының көп болуына аса көңіл бөлгеніміз дұрыс.Ұлтымыздың абыройы әрқашан жоғары болсын, өзге мемлекеттер мойындаған керегесі кең, босағасы берік, ұрпағымыз  иманды мемлекет болсын десек тәрбие беру ісінде мықты болғанымыз абзал. Жастарды иманды етіп тәрбиелеп отырған қазыналы қарттарымыз неғұрлым көп болса, жеңісіміз де соғұрлым мол болмақ. Ендеше, бір-бірімізден жылы сөзімізді аямайық, қайырымды істер көп жасайық.

                Пайдаланған әдебиеттер:

1.Н.Ә.Назарбаев :«Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы

2 Қ.Өмірәлиев «Абай афоризмі». – Алматы: «Қазақстан» баспасы, 1993ж.

Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype