Абай атамыз айтушы еді: — «Ежелде жұрт қой сияқты болды, қалай айдасаң, солай жүретін, келе жұрт түйе сияқты болды, тас лақтырсаң бұрылып қарайтын-ды, қазіргі жұрт жылқы сияқты, оны мұз жастанып, қар жамылған адам ғана баға алады»…. Елу жылда ел жаңа деген. Абай заманынан бері қаншама заман озды. Қазіргі заман сандық технология мен толассыз ақпарат ағынының заманы. Осынау 21 ғасырдың мылтықсыз парасат майданына біліммен қаруланған жан-жақты дамыған, құзыретті ұрпақ қана түсе алады.
Мұндай ұрпақты тәрбиелеу – 21 ғасыр ұстазының еншісінде. Қазір Қазақстандағы білім беру ісі реформаланып, үздіксіз жетілдірілу, кемелдендірілу үстінде. Саналы да сапалы білім беру – уақыт сұранысы. Толассыз ақпарат ағыны мен күнделікті өзгеріп жатқан өзгеріс-жаңалықтарға бейімделе жұмыс жасап, уақыт сұранысын қанағаттандырып жүрген қатарымыздағы ұстаздар аз емес. Сондай ұстаздардың бірі – әріптесім, бастауыш сынып мұғалімі Бақабаева Құндыз Қабидоллановна жайлы ой толғағым келіп тұр. Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан. Оқыту, тәрбиелеу, үйрету – ұстаздың жақсы үлгісімен ғана жүзеге аспақ. Жоғары оқу орнын үздік бітіріп, 2010 жылы біздің мектебімізден еңбек жолын бастаған жас маманға әріптестері үлкен үміт артқан. Жас келсе іске деген. Құндыз Қабидоллановна үкілеген үміттің үдесінен шыға білді.
Ол аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейлердегі ҒПК, дөңгелек үстелдер, шеберлік-сыныптар, шығармашылық және кәсіби байқауларға қатысып, жүлдері орындардан көрініп жүрді. Мәселен, АББ «Ең үздік баяндама» мақтау қағазы, жас мамандардың педагогикалық идеялары қатысуы үшін, аймақтық фестиваль-байқауына қатысқаны үшін сертификаты, «Аймақтың өзекті мәселелері» атты респубикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысқаны үшін сертификаты, «Таланттар жәрмеңкесі» атты халықаралық қашықтық байқауға қатысқан оқушылардың үздік дайындығы үшін сертификаты т.б. жеткен жетістіктер тізімі жоғарыда айтылған ойдың айғағы болып табылады. Дегенмен, ұстаз еңбегі оқушының шыққан биігімен өлшенеді.
Адам күші жетпеген жалғыз құдірет бар, ол – уақыт. Уақыт бір орнында тұрмақ емес. Уақыт жылжыған сайын адам да өнбек, өзгермек. Бұрынғы білім жүйесі уақыт сұранысын қанағаттандыруға толыққанды қауқары жете бермейді. Соңғы жылдары Қазақстанның білім жүйесінде үлкен-үлкен соны өзгерістер болып жатыр. Жасыратыны жоқ, мектепті «Алтын белгі» тағынып бітірген оқушыларымыз, кейіннен өмірден өз орнын таба алмай жатады. Бұл, әрине, оқушының ересек қоғам өміріне дайын еместігінен. Сондықтан, оқушының фунционалдық сауаттылығын арттыру мәселесі – мұғалім алдындағы үлкен міндет. Осы міндетті жүзеге асыруда Құндыз Қабидоллановна көңіл көншітерліктей көп жұмыстар жүргізді. Ол бірер жыл бойында «Оқытудың интербелсенді әдістерін қолдану арқылы, оқушылардың фунционалды сауаттылығын арттыру» атты ізденіс тақырыбы аясында жұмыс жүргізіп келеді. Ол өзінің әдістемелік тәжірибесінде белсенді оқу әдісімен Бағдарламаның 7 модулін кіріктіруді тамаша үйлестіре білді.
Аталған тақырып аясында, әріптесім, 1-4 сынып оқушыларына арналған «Математика және логика. Танымдық қабілеттерін дамыту» атты жаңартылған бағдарлама курсын жасап шығарды және аталмыш бағдарлама сынақтан ойдағыдай өтуде. Әрине, әр еңбектің өнбегі бар. Кез келген жұмыс нәтижесімен бағаланады. Ұстаз нәтижесі – оқушының жетістігі. Құндыз Қабидоллановнаның тәрбиеленушілері арасында аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық зияткерлік және шығармашылық байқауларының жеңімпаздары бар. Атап айтып тізер болсақ, аудандық «Зерде» ғылыми жобалар сайысында 5 сынып оқушысы Кеңесжан Мерлат ІІІ орын, облыстық интелектуалдық «Асыл тас», «Айналайын» байқауларында Жәнібеков Нұрдәулет 3 орын, Мажитова Дамира 3 орындар иеленді.
Сонымен қатар Мажитова Дамира қазақ тілі пәні бойынша пәндік олимпиаданың аудандық кезеңінде 1-орын, облыстық кезеңінде 2-орынды иеленді. Аталмыш пәндік олимпиададан қазақ тілі мен әдебиет пәні бойынша Дарханқызы Арна аудандық кезеңнен 2 орын, облыстық кезеңнен 1 дәрежелі дипломмен, сондай-ақ халықаралық «Таланттар жәрмеңкесі» атты шығармашылық байқауда Бурашева К 2-орынды иеленді. Құндыз Қабидоллановнаның тәрбиеленушілерінің жеткен жетістіктерін жекелеп тізе берсек әңгімеміз ұзын-сонар ұзаққа кететін сынды. Әрине, бұл — жылдар бойы жан аямай еткен еңбек пен төккен тердің жемісті көрінісі. Мұғалімнің жұмысы баламен ғана шектелмейді, оқушылардың ата-аналарымен де тіл табыса білу – мәселенің маңызды түйткілдерінің бірі. Ата-анамен мен мұғалім өзара тығыз байланысы оқушы оқушының тұлға болып қалыптасуының маңызды факторы екені даусыз. Бұл ретте Құндыз Қабидоллановна өз тәжірибесінен «Мектеп пен отбасының өзара байланысы – баланың тұлғалық қасиеттерін тәрбиелеудің негізі» атты көмекші құрал дайындады.
ХХІ ғасырдың мұғалімі қандай болмақ керек? Меніңше, 21 ғасырдың мұғалімі функционалды сауаты жоғары, көшбасшы бола алатын, жылы жүректі жан болу керек. Оқушылары анасындай жақсы көретін, ата-аналар арасында абыройлы, әріптестерінің арасында беделді әріптесім – Құндыз Қабидоллановна 21 ғасыр педагогының жарқын үлгісі деп кеудемді кере мақтанышпен айта аламын. Адамнан асқан қазына жоқ. Қажыр-қайратымен, ақыл-парасатымен, жылы жүрегімен айналасындағыларға күш-жігер беріп жүрген әріптесім бейнебір таусымас қазынадай. Мұндай жандар қандай дәрежеге көтерсең де лайықты жандар…