Курста «Өрлеу» БАҰО» АқФ ШҚО ПҚ БАИ тренері Құсайын Динара Бурабайқызы дәріс берді. Тренер дәріс барысында жаңа форматтағы идеялар мен ой бөлісу, пікір алысу, тәжірибе алмасу арқылы тәрбие бағыттарын түрлі жан-жақты әдіс-тәсілдерін қолданудың жаңа әдістерін көрсетті. Жаңа технологияларды қолдану арқылы кіріктіре оқытудың тиімді жақтары қарастырылды. Тренер Құсайын Динара Бурабайқызы өте білімді, өз ісінің шебері, өте еңбекқор, сонымен қатар талапшыл ұстаз маман екендігін көрсете білді. Теорияны практикамен ұштастыруда ауыл ішінде орналасқан «Айгөлек» жеке меншік балабақшасы және КМҚК «Балауса-Балғын» ясли-бақшасында тәжірибелік жұмыстар ұйымдастырылды.
«Айгөлек» жекеменшік балабақшасының тәрбиешісі Елғазина Жұлдыз вариативтік бөлік бойынша «Коммуникация» білім беру саласы «Ертегілер елінде» тақырыбында «Шалқан» ертегісін тәрбиеленушілерімен заманауи бағытта кейіпкерлесе, «Бейнелеу өнері» білім беру саласы бойынша тәрбиеші Тлебалдина Мархаба «Көгершін» тақырыбында кіріктірілген оқу қызметін көрсетті. Оқу қызметінде инновациялық технология элементтері тиімді қолданылды. Тәжірибелік жұмысты балабақшаның меңгерушісі Рақымбаева Алмагүл Мырзақметқызы курс тыңдармандарымен «Қазіргі заман тәрбиешісі қандай болу керек?» атты іскерлік ойынын ұйымдастырумен қортындылады.
КМҚК «Балауса-Балғын» ясли-бақшасында ұйымдастырылған тәжірибелік жұмыста ясли-бақша басшысы Құсайнова Алмагүл Шүренқызы жаңартылған білім беру мазмұны бойынша «ҚР Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты» (ҚР-ң 13.05.2016 жылғы №292) және «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік бағдарламасына» (12.08. 2016 жылғы №499) сәйкес тәрбие жұмысының, ұйымдастырылған оқу қызметінің жоспарлануы және балабақшада болуға тиіс нормативтік құжаттарға тоқталып өтті. Тәжірибелік жұмыстың екінші бөлімінде балабақша әдіскері Камелова Алмира Сейтбекқызы «Балалар өмірін ұйымдастыру және тәрбиелеуді жоспарлау» бойынша балабақшада қалыптасқан өзіндік дәстүрі бар жұмыс түрлеріне кеңірек тоқталып, курс тыңдармандарымен «Баланың балабақшадағы бір күні» атты іскерлік ойынын ұйымдастырды. Іс-шара барысында тәрбиешілер топпен жұмыс істей отырып өздерінің педагогтық шеберліктерін көрсетті, үйренері көп болды. Тәжірибе алмасу – шеберлікті шыңдайды. Курсқа қатысушылар осы екі балабақшамен әріптестік қарым-қатынас орната отырып тәжірибе алмасуда әдістемелік көмек алды. Бұл курстан педагогтар өздеріне қажетті мол рухани байлық ала алды, теория түрінде де, тәжірибе түрінде де өздеріне қажетті мол қор жинады. Курсты ұйымдастырған «Өрлеу» біліктілікті арттыру институтына курс тыңдаушыларының атынан үлкен алғысымызды білдіреміз. Мұндай біліктілікті арттыру курстары келешекте де жергілікті жерде жиі өткізіліп тұрса нұр үстіне нұр болар еді.