+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Дс - Жм: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Желілік басылым айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады

ШҚО ақпараттық-педагогикалық газеті
Бүгін: Бейсенбi, 29 қазан 2026 жылы
Осы нөмірден оқыңыз: № 10 - 2026

2000 жылдың қыркүйегінен бастап шығарылады. Куәлік №16323-СИ

Оқыту үрдісіндегі жаңа инновациялық технологияларды география сабағында қолдану тиімділігі

 Жаксылыкова Г.И., «Өрлеу» БАҰО АҚ  ШҚО бойынша ПҚ БАИ-дың Деңгейлік бағдарламалар орталығының тренері
Мергазина А.Е., «С. Ластаев  атындағы орта мектебі» КММ  Катонқарағай ауылы, Катонқарағай ауданы

     Қазақстан Республикасының 2015-жылға дейінгі Білім беруді дамыту тұжырымдамасында: «Орта білім берудің мақсаты – терең білім, кәсіби дағдылар негізінде еркін бағдарлай білуге, өзін-өзі іске асыруға, өзін-өзі дамыту және өз бетінше дұрыс адамгершілік тұрғысынан шешім қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру» деп көрсетілген [1,4б].
     Осыған байланысты білім беру сапасы бойынша басты назар адамның алған білімін қолдануына қажетті және үздіксіз оқуға мүмкіндік беретін біліктер мен дағдыларды қамтитын сапалы білім беру жүйесін құруға бағытталуы қажет. Оқу үрдісін сапалы, әрі тиімді өткізудің басты алғы шарттарының бірі - әртүрлі инновациялық  технологияларды ұтымды пайдаланып сабақ беру болып табылады. Қазіргі заманда әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет. Жас ұрпаққа білім беру жолында жаңа технология түрлерін оқу үрдісінде оңтайландыру мен тиімділігін арттырудың  маңызы зор.

      География пәнін оқушыларға оқытып үйретуде мұғалім үнемі өзінің ой-өрісін кеңейтуге, біліміне білім қосуға тиіс және оқытудың жаңа технологияларын меңгеруі қажет.

      Түсіндірме сөздікте: «Технология – бұл қандай да болсын істегі, шеберліктегі, өнердегі амалдардың жиынтығы» делінген [2, 3б].
    Б.Лихачев: «Педагогикалық технология оқу үрдісінде белгілі бір мақсат көздейтін педагогикалық ықпал» десе, В.И.Беспалько: «Оқу үрдісін жүзеге асырудың мазмұндық техникасы» деген анықтама береді [3,74б].
   М.Кларин: «Педагогикалық технология – белгілі мақсатқа қол жеткізу жолында қолданылатын барлық қисынды ілім, амалдар мен әдіснамалық құралдардың жүйелі жиынтығы» деп жазады [4,180б].
     Бүгінгі білім беру кеңістігіндегі ауадай қажет жаңару оқытушының қажымас ізденімпаздығы мен шығармашылық жемісімен келмек. Сондықтан да әрбір оқушының қабілетіне қарай білім беруді, оны дербестікке, ізденімпаздыққа, шығармашылыққа тәрбиелеуді жүзеге асыратын жаңартылған педагогикалық технологияны меңгеруге үлкен бетбұрыс жасалуы қажет. Өйткені мемлекеттік білім стандарты деңгейінде оқу үрдісін ұйымдастыру жаңа педагогикалық технологияны ендіруді міндеттейді. Осыған орай мен өз сабақтарымда төмендегідей технологияларды қолданамын. Дамыта оқыту, модульдік оқыту, ойындық, проблемалық, оқу материалдарының сызбалық және белгілік үлгілерінің негізінде жеделдетіп оқыту, жекелеп, сынып ішінде саралап, ақпараттық оқыту технологиясы т.б. Атап айтсам, «Сыни тұрғыдан ойлау» технологиясының стратегияларын пайдаланудың өз сабақтарымда тиімділігі сол, оқушылар бұдан өздерін бақылап, талдау жасап үйренеді. Білімді өз еңбектері арқылы ой елегінен өткізе отырып алады.
     Оқушының дербес ойлауын дамыту үшін география сабағында пікір алмасуды кең қолданамын. Пікір алмасуға қойылатын алғашқы талап – сабаққа қатысатын оқушылар екі топқа бөлінеді. Әр топ өз пікірін ортаға салып, дәлелдейді. Мұндағы мақсат — оқу үрдісін тиімді  ұйымдастыру, аз уақыт жұмсап, нақты жағдайлар мен әдіс-тәсілдерді дұрыс таңдай білу негізінде жоғары нәтижеге жету.
   География сабағында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, электронды оқулықтарды, интернет желісін пайдалану оқушының білім беру үрдісінде шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндік береді. Әрбір ұстаз сабақты қызықты, тиімді, әрі жаңалығы мол етіп өткізгісі келеді. Сондықтан, ол көп ізденіс жасап, оқыту мен оқуда жаңа әдістерді сабаққа енгізеді. Сабақтың барлық құрылымы бір-бірімен тығыз ұштасуы шарт. Мұнда мұғалім оқушылармен ынтымақтастықта карта бойынша географиялық координаталарды, географиялық орынды, биіктік пен тереңдік қашықтықтарын, температура қозғалысын, өзен торларының конфигурациясын, атмосфералық қысым мен уақыт белдеулерінің айырмашылықтарын, елдер мен олардың астаналарын анықтау туралы сұрақтар мен тапсырмалардың айқын болуына, өз бетінше орындайтын жұмысына, ұжымдық қарым-қатынасына, жеке оқушылардың психологиялық ерекшеліктері мен қасиеттерін есепке алып, біліктілік пен дағдыны қалыптастыруға және уақытты тиімді пайдалануға айрықша мән беру керек [5,3б].
     Сабақ барысында баспасөз беттеріндегі ақпарат құралдарын, интернет желісін үнемі пайдалану–оқушының пәнге қызығушылығын арттырудың  бірден-бір көзі.
     «Әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет» деп, Елбасы атап көрсеткендей жас ұрпаққа  білім беру жолында интерактивті технологияны оқу үрдісінде пайдаланудың маңызы зор. [6,3б].
     Тиімділігі:
     —   қажетті ақпаратты жедел түрде алу мүмкіндігі;
     —   табиғаттың таңғажайып процестерін   көру,  сезіну;
     —     қашықтықтан  білім алып, уақытты тиімді пайдалану;
     —     оқушының танымдық қызығушылығын арттыру;
     —    оқушының ой-өрісін, дүниетанымын кеңейту;
     —    дербес қабілеттерін дамыту мүмкіндігіне қол жеткізеді.
     Оқушылар мектеп қабырғасында жүріп-ақ әлемдік құрылым қалыптасуының негізгі ғылыми ұстанымдарын, ойлаудың әдіс-тәсілдерін меңгереді. Өз бетімен жұмыс істеп, білімін толықтыра отырып, әрбір оқушының белсенділігі артады.
     Мұғалімге  жаңа материалды  өте қызықты, әрі түсінікті етіп  түсіндіру үшін  қажетті құрал — интерактивті тақта. Ол арқылы сабақ барысында қосымша қызықты материалдарды пайдалануға, салыстырмалы кестелер арқылы түсіндіруге, сабақты тартымды, әсерлі етіп көрсетуге болады. Интерактивті тақта арқылы мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас белсенді болады. Жекелей, жұппен топпен, жұмыс жасауда зор ықпалын тигізеді.
     География пәнін  оқытуда жаңа ақпараттық  технологияларды, инновациялық әдіс-тәсілдерді  пайдалану — білім сапасын арттырудың бірден-бір жолы деп түсінеміз. Нәтижесінде оқушыларды шығармашылыққа, өз бетімен жұмыс істеуге, өз пікірін айта алатын, оны дәлелдей білетін, өмірге деген өзіндік көзқарасы қалыптасқан, үнемі ізденіс үстінде болатын, қоғам дамуына үлес қоса алатын, жан-жақты жетілген жас ұрпақ өкілдерін дайындай аламыз.

 Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. «Білім беру мекемелері қызметкерлерін ақпараттық – коммуникацикалық технология саласы бойынша біліктілігін көтерудің ғылыми — әдістемелік негіздері»  Алматы, 2006.
2. ҚР 2015  жылға дейінгі  білім беруді дамыту тұжырымдамасы. Егеменді Қазақстан, 28 желтоқсан, 2003.
3. В.П.Беспалько. Слагаемые педагогические технологии. М .1989.
4. М.В.Кларин. Технология обучения; идеал и реальность .Рига эксперимент, 1999.
5. Р.Әбішева. «География және табиғат» журнал , Алматы, 2012,№2.
6. С.Ш.Молдабекова. «Білім кілті» журналы , 2013, №11(65)
7. Г.Ә.Кудасова. «Оқыту-тәрбиелеу технологиясы» журнал,2012, №2. 

Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype