Өмірін -мектеп, жүрегін -сабақ, тынысын-тәрбие деп қарайтын ұстаздар да бар арамызда. Соның бірі менің әріптесім Бақытгүл Мұратбекқызы Көшерова деп айтар едім.
Өйткені, Бақытгүл Мұратбекқызы өзінің өмірін ұстаздық жолына арнаған нағыз өз ісінің шебері, майталман маманы. Ол өзінің ана тілін сүю арқылы, осы мамандықты қалады. Сол таңдаған мамандығының бүгінде қызығы мен шыжығының ортасында.
Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады» — дейді. Сол ұлы мұғалімнің бірі менің әріптесім екеніне ешкімнің дауы болмас. Ол өзі шабыттану арқылы оқушыларды шабыттандырады.
Біріншіден, — үлкен жүрек иесі. Олай дейтініміз, Бақытгүл әріптесім әрқашанда өз оқушыларын туған балаларындай жақсы көреді, әрқайсысының жүрек түбіне үңіліп, жанына тартады. Қуанған баламен қуанып, ренжіген баламен қоса мұңаяды. Жұдырықтай жүрегіне мектептегі әр оқушының сезімін сыйдыра білген оны оқушылар өте жақсы көреді. Сондықтан болар мектеп оқушылары Бақытгүл Мұратбекқызының сабағын асыға күтіп, қуана қарсы алады.
Екіншіден, ол — әдіскер, іскер ұстаз. Олай дейтінім: Бақытгүл Мұратбекқызы өзінің сабағын түрлендіріп, құбылтып өткізеді. Түрлі курстардан алған білімін, әріптестерінен алған тәжірибесін сабағында қолданады. Оның сабақтары қалалық мұражайда, кітапханада да өтеді. Оқушылардың пәнге деген қызығушылығын ертегі кейіпкерлерімен, түрлі кино үзінділерін көрсетіп, тәрбиелік мәні бар қысқа бейнефильмдер көрсету арқылы арттырады.
Балаларға еркіндік беру арқылы тіл үйретудің түрлі жолдарын қарастырады. Тоқсанына бір рет дөңгелек үстел басында өткізілетін шай дастарханы үстіндегі сабағы да оқушыларға тек қана қазақтың дастархан басындағы әдебін ғана көрсетіп қоймай, ұлттық тағамдардың қасиетін сезіну, салт- дәстүрді ұстану, қыз бала бойындағы әдептілік қасиеттерді көрсете отырып, оқушыларды тәрбиелеуге жетелейді. Ол үйрете отырып, оқытып, оқыта отырып, тәрбиелейді. Түрлі әдіс-тәсілдерді орынды қолдану арқылы сабағына шырай кіргізіп, тіл үйретуде толағай табыстарға жетіп жүр. Бақытгүл Мұратбекқызының оқушылары Әлімжан Айжан, Ибрагимова Сабина республикалық, облыстық шығармалар сайысының бас жүлдесін, 1, 3 орындарды иеленді. Сабина облыстық «Жарқын болашақ» олимпиадасының 1 орын иегері, Алматы қаласында өткен республикалық кезеңде өзінің бағын сынады. Бақытгүл әріптесім оқушыларды тек қана сайыстарға дайындап қана қоймай, нәтижелі, жүлделі орындардан көрінуге ат салысады. Оның оқушылары қала, облыс, республика көлеміндегі пәндік олимпиадалар, түрлі зияткерлік шаралар, ғылыми жобалардың жеңімпаздары.
Үшіншіден, ол- ізденімпаз мұғалім. Үнемі жаңалық жаршысы болып жүреді. Оның дәлелі Бақытгүл Мұратбекқызы өзінің кәсіби шеберлігін үнемі шыңдап отырады. Оның алдына қойған мақсаты: шығармашылық шеберліктің шыңына жету. Сол жолда аянбай тер төгуде. Алғаш рет осыдан бес жыл бұрын мұғалімдердің біліктілігін көтеру бойынша алғашқы деңгейлік курстар ашылған кезде қаламызда бірінші болып, Алматы қаласына барып, екінші деңгей бойынша курстан өтіп келді. Өзінің мамандығына қатысты көптеген тілдік курстардан өтті. «Мектеп тренері» курсын аяқтап, мектеп мұғалімдеріне өзінің іс- тәжірибесінен дәріс беріп, оқытты. Көптілділік бойынша курстан да сәтті өтті.
Төртіншіден: Бақытгүл Мұратбекқызы шығармашыл ұстаз. Ол- өз пәнін өте сүйеді. Оны сүйіп қана қоймай, туған тілінің мәртебесін көтеру мақсатында жұмыс істейді. Поэзияны жаны сүйеді. Қолы бос уақытында өлең жазумен айналысады. Ол өлеңдерін оқушылар үлкен сүйіспеншілікпен жаттап, мектепішілік, қалалық шараларда оқиды. Оның өлеңдері қалалық әдеби бірлестіктің «Риддерская радуга» журналында басылып, шығып отырады. Ол мемлекеттік тілде шығатын «Жерұйық» газетінде, республикалық «Қазақстан Патриоты» журналында редакторлық, тілшілік жұмыстарды да қоса атқарады. Мұның бәрі Бақытгүл Мұратбекқызының еңбекқорлығының арқасы деуге болады.
Бесіншіден: Ол- еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, құзыретті ұстаздардың бірі. Олай дейтініміз: ол өзінің ұстаздық 13 жыл тәжірибесі аясында жоғарғы санатқа ие болды. АКТ-ні толық меңгерген, шығармашыл, ізденімпаз, кәсібилігі жоғары, білімді, өз пәнінің ғана емес, барлық саланы қамтыған ұстаз. Өзінің кәсіби құзыреттілігін бірнеше мәрте қала, облыс көлемінде дәлелдеп те үлгерді. Қала, облыс көлемінде шеберлік сыныптар көрсетіп, іс-тәжірибесін таратты. Халықаралық –ғылыми жобаларға қатысып, республикалық «Тәлімгер», «Педгогика жаршысы» басылымдарында өз тәжірибесімен бөлісті. Тек оқушылары ғана емес, ол өзі пән ұстазы ретінде де түрлі сайыстарға қатысып, үнемі жүлделі орындарды ғана иемденіп келеді.
Оның дәлелі: қалалық «Үздік педагог-2016» байқауының 1 орын иегері, облыстық кезеңінің -3 орын, республикалық кезеңінің қатысушысы. Қалалық «Қазақ тілі үздік үйірме жетекшісі» сайысының –бас жүлдегері. Облыстық «Үздік сынып сағаты» сайысының – бас жүлдегері. Түрлі деңгейдегі сайыстардың жеңімпазы. Оның ерен еңбегі ескеріліп, қалалық білім беру бөлімі, облыстық білім басқармасының , қала әкімінің алғыс хаттарымен бірнеше мәрте марапатталған. Ол -қалалық қазақ тілі мұғалімдерінің ассоцациясының төрайымы. Қала мектептерінің ұстаздары, жас мамандар Бақытгүл Мұратбекқызына үнемі хабарласып, әдістемелік көмек алып отырады. Ол өз білгенін басқаларға үйретуден еш жалыққан емес. Оның өз тәжірибесінен жинаған тест жинақтары, әдістемелік құралдары қала мұғалімдеріне кеңінен таныс.
Қорыта айтқанда Бақытгүл Мұратбекқызы нағыз өз ісінің маманы. Заман ағымына ілесе білген, осындай әріптесімнің барын мақтан тұтамын. Ұстаздықтың ұранын алып жүрген Бақытгүл Мұратбекқызына кез- келген ата- ана баласын сеніп тапсыра алады. Өйткені, ол бәскеге қабілетті, еңбек нарығындағы сұранысқа ие ұрпақ тәрбиелеудегі басты тұлға- ұстаздықтың үлгі бола алар жасампаз, жаңашыл ұстаздардың бірі де бірегейі. Осындай ұстазбен әріптес болу мен үшін үлкен бақыт.Менің әріптесім- 21 ғасырдың құзырлы педагогының айқын үлгісі деп еш күмәнсыз айта аламын.