Кезінде, ежелгі грек ойшылдары: «Өзіңді-өзің таны, сонда бүкіл әлемді танисың!», – деп тегін айтпаған.
Біз бүгінгі таңда осы өзекті мәселені қолға алу үшін ҚР-ның бірінші ханымы Сара Алпысқызының бастауымен жарық көрініп, елімізде және алыс, жақын шетелдерде оң бағасын алған «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік бағдарламасының маңызы зор. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – жас ұрпаққа жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде рухани-адамгершілік білім беру. Бағдарлама Шәкәрім, Абай сияқты бабаларымыздың ілімдерінен бастау алып, жас ұрпақтың өмірін және іс-әрекеттерін ар, иман, адамгершілік заңдары негізіне сүйене отырып, ақ пен қараның, жақсы мен жаманның, ізгілік пен зұлымдықтың ара-жігін ажырата білуге үйретеді. Яғни, бұл бағдарламадан С.Алпысқызының басты мұраты мен ниеті кешегі бабаларымыздың ой-арманымен астасып жатқанын аңғарамыз.
Мәселен, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында (27.01.2012 ж.) былай делінген: «…Оқыту үдерісінің тәрбиелік құрамдасын күшейту қажет. Олар – патриотизм, мораль мен парасаттылық нормалары, ұлтаралық келісім мен толеранттылық, тәннің де, жанның да дамуы, заңға мойынұсынушылық. Бұл құндылықтар, меншіктің қандай түріне жататынына қарамастан, барлық оқу орындарында да сіңірілуі тиіс. Біздің жастарымыз үшін бұл өмірлік қажеттілік».
«Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік бағдарламасында «Президент тарапынан қойылған міндеттерді шешу көп ғасырлық халық педагогикасына және балаларды жалпыадамзаттық құндылықтарға оқытудың әлемдік тәжірибесіне негізделген, ҚР білім беру жүйесінде лайықты орын алған Сара Алпысқызының рухани-адамгершілік білім беру жобасымен үндеседі. Әлемдік білім кеңістігінде «Өзін-өзі тану» білім бағдарламасының баламасы жоқ. Ол балалар мен жастарға рухани-адамгершілік білім берудің барлық деңгейлерінде үздіксіздік пен сабақтастықты қамтамасыз етеді», — делінген.
Данышпан Омар Һаямның:
Жүректің түріп құлағын,
Ойланып тағы қарашы.
Кімсің сен, қайда тұрағың,
Енді қайда барасың? – деген өлең шумақтары қазіргі таңда да өзекті.
Өйткені, «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік бағдарламасында бұл мәселе – өскелең ұрпағымыздың өзінің өмірлік позициясын ұстануына, кез-келген мәселені адамгершілік тұрғысынан шешуіне, барлық тіршілік иелеріне қамқорлық көзқарас қалыптастыруға; ойын, сөзін, іс-әрекетін таза ұстауын көксейтіндігінде деп ойлаймыз.
Бізге «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасында тұтас тәрбие мен білім беру үдерісінің рухани негізін қалпына келтіру мәселесі жүргізілу тапсырылған. Сондықтан, қазіргі қоғамда адамзаттың дамуы үшін «руханилық» ұғымына материалық шынайылылықтан маңызы кем түспейтін оъективтік шынайылылық мәртебесін қайтарудың қажеттігі пісіп жетіліп отыр. Қазақстандықтардың рухани-адамгершілік дамуын өзектендіру мәселесі Елбасының бірнеше бағдарламалық баяндамаларының күн тәртібіне де қойылған болатын.
Яғни, біз бүгінгі балалардың уақыт өте келе еліміздің және жаңа заман тағдырының жасампаздары болатынын естен шығармауымыз керек. Ол үшін, алдымен мектеп ұжымы руханилыққа бет бұрып, әрқашан біртұтас қызмет көрсетуі қажет деп ойлаймыз.
Ұрпақ тәрбиесі мәңгілік рухани-адамгершілік құндылықтармен ұштасып, оларды білім мазмұнына интеграциялауда тұлға дамуы, қоғам қажеттілігіне сай азаматтық ұстаным қалыптасары сөзсіз. Сондықтан да руханияттың кәусар бастауына апаратын жолды іздеуде білім беру үдерісіне жалпыадамзаттық құндылықтар енгізу арқылы жүзеге асыра аламыз…