Ағартушы-педагог ғалым Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген. Алаш қайраткерлері де латын әліпбиін жазу-сызуда қолданды. Бұл бізге таңсық дүние емес. Латын әліпбиі әлемде кеңінен қолданылады. Еліміздің латын әліпбиіне көшу ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі деп ойлаймын. Біздің қазіргі кирилл әліпбиіндегі қазақ тіліміз — Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі, сонымен қатар Ресей, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия жəне т.б елдерде тұратын қазақтардың ана тілі. Қазақ тілі түркі тілдерінің қыпшақ тобына, соның ішінде қарақалпақ, ноғай, қарашай тілдерімен бірге қыпшақ-ноғай тармағына жатады. Сонымен қатар қырғыз, татар, башқұрт, қарашай-балқар, қырым, құмық, татар тілдеріне жақын. Қазақ жазуы бірнеше рет өзгеріске ұшырады. Жазу тарихында қазақ тілінің әліпби жүйесі бірнеше тарихи кезеңдерді басынан өткізіп, ұлттық әліпби деңгейіне жеткен. 1929 жылға дейін Қазақстанда араб жазуы пайдаланылды. ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы ұсынысымен қазақ фонетикасының ерекшеліктері ескеріліп жасалған, араб графикасына негізделген «төте жазу» пайдаланылған. 1929-40 жылдар аралығында латын графикасына негізделген әліпбиді жазу жүйесіне енгізіп, 1940 жылдан бері қарай кирилл графикасы әліпбиін қолданып келген. Қазақ тілі үшін әр кезеңдерде және әр аймақтарда келесі жүйелер Қазақстан Республикасында — кирилл жазуы негізінде, ресми түрде Қазақстанның бүкіл жерінде және Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында пайдаланылған. Тағы да көршілес Қырғызстан, Ресей, Түрікменстан және Өзбекстан елдерін бірыңғай мекендеген қазақ жұрты пайдаланады, сонымен бірге басқа ыдыраған КСРО республикаларында да пайдаланылады. Сол сияқты Түркия, Германия, АҚШ т.б. батыс елдерінде қазақ диаспорасы әр түрлі қалыпты емес латын жазуын пайдаланады.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің кестесін жасап, алдағы екі жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуі керектігін қадап айтты. Ақпарат деректеріне сүйенсек, бүгінде әлемнің 70% елдері латын жазуы арқылы білімді игеріп, ғылыми зерттеулермен танысуда. Түркі тілдес елдер аудармашысыз-ақ сөйлесе кетеді, ал ойларымызды қағаз бетіне түсірсек, кімнің не жазғанын оқи алмаймыз. Түркілерге ортақ әліпбиінің жоқтығы туысқан халықтардың интеграциялануына кедергі ХХІ ғасырдағы Қазақстан үшін сыртқы әлеммен байланысқа шығуға латын әліпбиі тиімді. Алдағы негізгі мақсат – мұның қаншалықты маңызды екендігін халыққа ұғынықты тілмен түсіндіру.
Жаңа бастаманы жатсынудың қажеті жоқ, себебі 1940 жылдарға дейін Қазақстанда латын әліпбиі қолданыста болды. Біздің аталарымыз бен апаларымыз сол уақытта латын тілінде жаза алды. Сондықтан мұны қайта оралу үрдісі деуге болады. Қазір ғылым мен білімнің бәрі ағылшын тілінде. Ақпараттық технологиялар да сол тілде. Бізге тек аударма арқылы ғана жетеді. Сондықтан ғылым мен білімге жол саламыз десек, латын әліпбиіне көшуіміз керек. Ал жастарға, балаларға латынға өту тіпті оңай болмақ, себебі олар қазірдің өзінде ағылшын тілін жақсы меңгерген. Күнделікті өмірде, оқу барысында қолданып та жүр. Реформа үштілділікпен де тығыз байланысты. Сондықтан да міндет алдымен үштілділік, содан соң латынға ауысу. Мұның бәрі бір күнде бола салатын дүние емес. Қазақстан 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен толық көшіп біту жоспарлануда. Әрине, әлеуметтік желіде қарама қарсы пікірлер туындауда. Сол үшін тіл мамандары дұрыс пікірлер айтып, ұсыныстар беріп, бүгінгідей жиын, конференциялар, тілдік орталықтарда өз ойларын нақты жеткізулері қажет. Осындай талқылаулар өткізу арқылы жыл соңына дейін бірыңғай стандартты бекітіп алу қажеттігі туындайды. Латын әліпбиіне көшу мәселесі өткен ғасырдың 90-жылдары көтерілді де тез басылып қалды. Тілші ғалымдар латын әліпбиіне көшудің тиімді жақтарын жан – жақты дәлелдеп берген болатын. Солардың бастылары:
- Шет елдердегі қазақтармен мәдени, рухани байланысты нығайту үшін қажет;
- Қазақ тілінің төл дыбыстарын таңбалауда ұтымды мүмкіндіктер туады, ол өз кезегінде тіл үйренушілерге жеңілдіктер береді.
- Қазақ тілінің әуезділігі, орфографиялық , заңдылығы қалпына келеді
- Түркі тілдес мемлекеттердің интеграциялану үрдісіне оң ықпал етеді
- Ағылшын тілін меңгеру оңайлана түседі
- Қажетті рухани жәдігерлерді елеп-екшеп алуға мүмкіндік туады .
- Латын графикасына көшкенде жаһандану процесіне және озат технологияға сәйкес біздің қоғамымызға әлемдік ақпараттық кеңістікке кіруге мүмкіндік ашылар еді.
Бүгінгі таңда ұялы телефондарда жарнамалар, хабарламалар латын әліпбиімен жазылуда. Сонымен қатар, интернет желісінде де латын әліпбиіне аударатын транскрипция орнатылған, бірақ орыс графикасында ғана жасалған, болашақта қазақ графикасында жасалады деген ойдамын. Латын әліпбиіне көшуде осындай бастапқы жұмыстар атқарылып отыр.
Қазіргі жастар ақ парақ секілді жаңалықты тез қабылдайтынын ескеріп, олардың санасына тек толыққанды жетілдірілген нұсқаны ғана сіңіру керек. Жаңа бастаманы біздің қоғам әлі жете түсінген жоқ. Сол себепті ертеңнен бастап жазу, сызу, іс қағаздары, сөйлеу бәрі латынша өзгереді деген жақсақ пікір қалыптасқан. Сондықтан түсіндіру жұмыстарын, латынның маңызын, пайдасын әлеуметтік желілер арқылы қоғам өкілдері көптеп насихаттау қажеттігі туады.
«Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманға технологиялық ортаның коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру үрдісінің ерекшеліктеріне байланысты», — деп Елбасы айтқандай латын әліпбиіне көшу – заман талабы,ал ғалымдарымыз осы қаріпті қолдану арқылы әлемдегі ең дамыған өркениетті елдермен тереземізді теңестіре аламыз деген пікір айтып, оның тиімді тұстарын дәлелдеуде.. Қорыта келгенде, латын әліпбиіне көшу — ұлтымыздың санасын бұғаудан босатады, түркі және жаһандық әлемімен ықпалдасуға, қазақ халқы ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады демекпін. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», — деп дана халқымыз айтқандай, нақты нық қадаммен алға басайық демекпін!
Пайдаланған әдебиеттер:
- Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі,
- Аханов К.Тіл білімінің негіздері. – Алматы: Санат, 2003.
- «Дидар» газеті, «Егемен Қазақстан» газеті