Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін ел ішінде алауыздық болмау керек. Әсіресе, біздің көпұлтты мемлекетіміздің іргесі мықты, халқы ауызбірлікті болу үшін халыққа біртұтас идея, алға жұмылдыратын бағыт, мақсат – мұрат керек. Ұлттық идея дегеніміз не?
Ұлттық идея – халық мұраты. Бұл бiр көптен көтерiлiп жүрген тақырып. Идея – грек сөзi, образ, ұғым, түсiнiк мағыналарында қолданылады. Атқаратын мiндетiне қарай идея алуан-алуан қырымен көзге түседi. Мәселен, бiрде ол сырт дүниенi бейнелейтiн қоғамдық сананың пiшiнi болса, ендi бiрде адамның басты сенiмi орнына жүредi. Әрбір тарихи даму кезеңінде өзіндік идеясы болмайтын ұлт жоқ және де кең ауқымды адамдар тобының санасы мен жүрегін жаулап алуда ешбір идея тиімділігі жағынан ұлттық идеямен теңдесе алмайтыны анық. Ұлттық идея – ұлттың сол тарихи кезеңде өзін-өзі тануынан көрініс табатын ұлттық санада басымдыққа ие көзқарастар. Зерттеушілер бұл үғымның екі қырына баса маңыз береді. Бір жағынан, қауымдастықтың өзін-өзі ұлт деп танып, түйсінуі, екінші жағынан оның ерекше тарихи адамдар қауымдастығы ретіндегі өз көзқарастары, ұстанымдары, құндылықтары жайлы жалпақ әлемге жар салуы. [3]
Ұлттық идея туралы аздаған мәліметтерге тоқталсақ, тарихта мемлекет пен қоғам көшбасшылары халықтың интеллектуалдық күш-қуаты мен ұлттық ресурсын біріктіріп, ортақ мақсатқа бастайтын жалпыұлттық идея тауып отырған. Қиын-қыстау кезеңнен ұлтты алға сүйреп шығаратын ұлттық идеялар мен ұлттық бірегейліктердің әлемдік тәжірибесін көптеп кездестіруге болады. Ұлы депрессия жылдары АҚШ-ты шыңыраудан алып шыққан Рузвельттің «Жаңа курсы», одан кейін Дж. Кеннедидің «Жаңа қоғамы» түптеп келгенде «америкалық арманның» құрамдас бөлігін құрады. Қазіргі кезде америкалықтар өздерін әлемдік көшбасшы, бір полюстік әлемнің орталығы ретінде сезінеді, рухтанады. Екінші дүниежүзілік соғыста күйрей жеңілген Жапонияның қарыштап дамуына күшті идеологиялық тұғырнама себеп болды. Жапония соғыста тас-талқан болып жеңіліске ұшырағаннан кейін «Біз соғыста жеңілсек те, бейбіт өмірде жеңіске жетуіміз керек. Қан майданда жеңілдік, бірақ экономикада жеңу қажет» деген ұлттық идея алға шықты. Кінәсін мойындау идеясы және оны жалпыеуропалық құндылықтарға қосу соғыстан кейінгі Германияға өзінің ұлтшылдық болмысын жеңіп шығуға жағдай туғызғаны анық. Өмірінің 27 жылын түрмеде өткізген Нельсон Мандела Оңтүстік Африка Республикасында ақ не қара нәсілге бөлмейтін, яғни апартеидсіз ел саясаты ОАР-дың ұлттық идеясына айналды. Бұл ұлттық идея жүректерге жол тауып, әлемнің қолдауына қол жеткізіп, ОАР-дың өрлеуіне мүмкіндік берді.
Хронологиялық тұрғыдан келер болсақ, қазақстандағы ұлттық идеяның жасы – қазақ этносымен түйдей құрдас. Ол қазақтармен бiрге дүниеге келдi әрi тарих сахнасына да қазақтармен қол ұстаса көтерiлдi. Мұратсыз ел ұлт болып қалыптасуы да, сақталып қалуы да мүмкiн емес. Қазақ хандығы тұсында ұлттық идеяның өзегiн мемлекеттiктi нығайту, этникалық территорияны қалыптастыру болса, одан кейінгі кезеңде Ресей, Қытай, Жоңғар, Орта Азиялық мемлекеттермен оңтайлы қарым-қатынас орнатып, елдігімізді сақтап қалу болды. Елбасының Жолдауда айтқан «Мәңгілік Ел» идеясы да осыдан туындаған деп ойлаймын.
«Мәңгілік Ел» сөзі біздің тамыры тереңде жатқан түп тарихымыздан алынды. Оны дәлелдеп жатудың да қажеті жоқ. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру әлдеқайда қиын. Бұл – әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама? Бір кездерде дүркіретіп билік құрған Көктүріктер империясы ту еткен, Тоныкөк негізін қалаған «Мәңгі ел» құндылығы бүгін, міне, осылайша Қазақстан мемлекетінің түп қазығы – ұлттық идеясына айналды [2].
«Мәңгілік ел – ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы екенін барлығымыз білеміз. Ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз бұл армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік елдің іргесін қаладық. Мен қоғамда «қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек» деген сауалдың жиі талқыға түсіп жүргенін естіп жүрмін, біліп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар етіп ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – мәңгілік ел идеясы. Тәуелсіздігімізбен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі мәңгілік елордамызды тұрғыздық. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, қазақ елінің ұлттық идеясы — Мәңгілік ел», — деді Президент.[5]
Қазіргі уақытта Мәңгілік Ел болу үшін азаматтарымыз (әсіресе жастар) білім, ғылыммен мықты қаруланған болуы қажет. Себебі, кез келген мемлекеттің басты байлығы ол халқы, адам капиталы. Сондықтан Мәңгілік Ел болу үшін әр азаматымыз осы бағытта жұмыс жасауы керек. Бұл әрине оңай шаруа емес.
«Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын өмірде іске асырудың іргетасы мектепте қалануы тиіс. Өйткені қазақты «Мәңгілік Ел» қылатын біздің өскелең ұрпағымыз, жастарымыз. Жас ұрпақты тәрбиелеп, бойында отансүйгіштік сезімін ояту ең алдымен отбасы мен ұстаздар қолында. Ол үшін білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысы мақсатты түрде жүргізілуі тиіс, оқытудың тәрбиелік құрамдасын күшейту қажет. «МӘҢГІЛІК ЕЛ» жалпыұлттық идеясы бойынша ЖОО-да оқулықтар, хрестоматиялар әзірленуде. Мектептерде т.б. білім беру ұйымдарында «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыру жалғасын табуда. Жасөспірімдерге патриоттық тәрбие беруде басты үлесті педагог-практиктер, яғни мектеп мұғалімдері қосатынын айтып кетуге болады. Оны іске асыру тек мектептен ғана емес, балабақшадан, отбасынан да басталуы шарт.«Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын оқу және пән бойынша сыныптан тыс іс-әрекеттің өзектілігін арттыру жолға қойылды. Елбасының тапсырмасымен «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі әзірленді. Бұл құжаттың мемлекеттік маңыздылығы Қазақстан білім ұйымдарының басшыларын, мұғалім-практиктерді патриоттық тәрбиенің жеті қағидаты формасындағы «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын түсіндіру жұмыстарын жүргізуге белсенді кірісуге міндеттейді [6].
ҚР БжҒМ Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясын ұсынған 2016-2017 оқу жылына ҚР жалпы орта білім беретін ұйымдарында оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы әдістемелік нұсқау хатта «Мәңгілік Ел» патриоттық актісісін жүзеге асыру үшін бірқатар іс-шараларды өткізуді ұсынды:
— педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру жөніндегі барлық курстардың оқу жоспарларына «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі міндетті дәрісін енгізу;
— «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі бойынша тақырыптардың тізбесін анықтау;
— қазақ тілі және әдебиет, орыс тілі және әдебиет сабақтарына арналған шығармалар мен эсселер;
— қазақ тілі және орыс тілі сабақтарына арналған диктанттар; сабақтарда пайдалану;
— әлеуметтік сұрақ жүргізу жастар патриоттық деңгейінде «Мәңгілік ел» патриоттық идеясын іске асыру аясында 2000 жасөспірімдер мен жастарды қамту;
— «Мәңгілік ел» патриоттық актісі және жалпыұлттық патриоттық идеяны түсіндіруді ұйымдастыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін қоғамдық пікір, жастар ортасында танымал блогерлер мен көшбасшыларды тарту, (АПТ құру);
— «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын меңгеру және түсіндіру бойынша әдістемелік материалдарды әзірлеу;
— Қазақстанды мекендейтін басқа этностар мен қазақ халқының салт-дәстүрін және мәдени құндылықтарын түсіндіру бойынша өлкетану және туристік экспедициялар ұйымдастыру;
— «Мәңгілік ел» патриоттық актісі білім беру ұйымдарында ақпараттық стендтер, бұрыштар, кітап көрмелерін дайындау;
— республикалық қашықтық конкурстары: шығаршылық (эссе, өлеңдер, зерттеу жобалары, туған өлке туралы бейнефильмдер, суреттер) «Ұлы Дала Елі» педагогтер арасында, колледж және мектеп білім алушылары арасында; колледж және мектеп білім алушылары арасында – «Отанға жиырма бес игі іс!»; колледж және мектеп білім алушылары арасында «Көк байрағым» мемлекеттік рәміздер және геральдикалар тарихынан білімдері.
«Мәңгілік ел» патриоттық актісі білім беру ұйымдарында ата-аналарға арналған қоғамдық тыңдау өткізу. Соған байланысты «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін жүзеге асырудың мынадай формалары ұсынылады: экскурсия, саяхат, тақырыптық кештер, брейн-рингтер, дөңгелек үстел, қызықты, іскерлік, рөлдік ойындар, қабырға газеті, конференциялар, олимпиадалар, кездесулер, фестивальдер, викториналар, тренингтер, КТК, көрмелер, конкурстар.
Білім беру ұйымдарында, әсіресе жоғары сыныптарда оқушылар әртүрлі іс-шаралар мен қоғамдық-саяси, көркем, еңбек, спорттық, еріктілік, туристік, экологиялық және т.б. түрлі қызмет түрлеріне өздері ұйымдастырушылар болады. Әрбір қызмет түрінің өз мақсаты, міндеті, мазмұны болады. Оларды процесте іске асырушылар осы қызмет түріне қатысушылар болып табылады. Тәрбие жұмысын ұйымдастырушылар іс-шараның негізгі мақсатын ұсыну қажет. Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ұсынған «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін түсіндіру бойынша әдістемелік құралда сынып сағаттарын өткізудің бірнеше түрлерін ұсынған [6, 24 б.].
Рөлдік ойындардың мынадай тақырыптары ұсынылады:
1. Мен Қазақстанның азаматы және патриотымын.
2. Азаматтық және патриотизм.
3. Мәңгілік Ел – бұл Тәуелсіздік және Астана.
4. Мәңгілік Ел – бұл Тарих, Мәдениет пен Тіл бірлігі.
5. Қазақстанның мәңгілік жері – Ұлы Дала Елі!
6. Мәңгілік Ел – бұл тіл мен мәдениет, тарихтағы ортақтық.
7. Біз — Үлкен Ел — Үлкен Отбасымыз.
8. Оқушының құқықтары мен міндеттері.
9. Қазақстан Республикасы азаматтарының әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен міндеттері.
10. Отан неден басталады?
11. Қазақстан Республикасы азаматтарының саяси құқықтары.
12. Зияткерлік меншік және оны қорғау.
Іскерлік ойындарға арналған үлгілік тақырыптар:
1.ХХІ ғасырдың көшбасшылары.
2. Еуразияшылдық және Қазақстан идеясы.
3. Мәңгілік Ел – бұл инновация негізінде тұрақты экономикалық өсім.
4.Мен Қазақстандықпын.
5.Отанымыздың белгілі ұлдары.
6. Менің ата тегімнің тарихы.
7. Қазақстанның Елтаңбасы, Туы, Әнұраны.
8. Менің көшемнің тарихы және т.б [5, 25 б.].
Сабақтың формалары.
Сабақ аясында мына жұмыс түрлерін өткізу ұсынылады:
1. 1-4 — сыныптарда – саяхат-сабақ, викторина-сабақ, жарыс-сабақ, ойын-сабақ, әңгіме, көрме, сурет конкурсы, фотоколлаж, қолдан жасалған бұйымдар, музыкалық іс-шаралар, фестиваль, ұжымдық шығармашылық жұмыс, бейнетурлар (фильмдер, слайдтар, композициялар көру);
2. 5-9 — сыныптарда – сынып сағаты, әдеби-поэтикалық шығарма, пресс-конференция, іскерлік ойын, викторина, конкурс, жарыс, диспут, презентация оқушы жобасы, эссе, фотокөрме, экскурсия, түрлі ұлттардың белгілі адамдарымен кездесу және т.б.;
3. 9-11- сыныптарда – сынып сағаты, рольдік ойындар, оқушылардың жобаларын қорғау, ми шабуылы, пікірталас, дебаттар, саяси сабақ, тренингтер, газет шығару, ауызша журнал, этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен, құқық қорғау органдарының, саясаттанушы-ғалымдармен, заңгерлермен, тарихшылармен кездесу және т.б.
Сонымен қатар:
− сабақты заманауи интерактивтік оқыту формаларын қолданып өткізу;
− психолологиялық-жас ерекшелігін, жекебас ерекшелігін, білім алушылардың дайындық деңгейін ескеру;
− ән тыңдауды, патриоттық тақырыптағы бейнефильмдерді көруді, кітаптар оқуды ұйымдастыру;
− Қазақстан тарихының, қазақ әдебиетінің материалдарын, кинематография, публицистиканың, веб-сайт strategy2050.kz, «Қазақстан 2050» терминологиялық анықтамалық материалдарын пайдалану және т.б.;
− білім беру ұйымдарында қоғамдағы этникааралық және конфессияаралық келісім мәселелері бойынша мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, басқару органдары өкілдерінің, ҚР Парламент және маслихат депутаттарының, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қазақстан халқы мектеп Ассамблеясының, соғыс және тыл ардагерлерінің, патриоттар форумының қатысушыларының, «Жас Отан» жастар қанаты және т.б. кездесу ұйымдастыру, «дөңгелек үстел», конференциялар, интернет-форумдар ұйымдастыру;
− этномәдени бірлестіктерге, мұражайларға, мемориалдарға және т.б. қатысу ұсынылады.
Тәуелсіздік – қасиетті сөз, қастерлі де киелі ұғым. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, жықпай ұстау, біздің қолымызда. Тәуелсіздігіміздің қадіріне жетіп, оның көзіміздің қарашығындай қорғау, баршамыздың борышымыз. Ұлттық санамыз саяси өрісіміз сілкініс жасап, өрлеу жолына түскенде біздің кім екенімізді, ата-бабамыздың қандай болғандығын, ұлан-байтақ өлкені қалай қорғағанын, бостандықты қалай аңсап, қалай қастерлегенін, кешегі тектілердің ұрпағы екендігімізді ұғынып, келешекке жеткізу парызымыз.[4]
ХХІ ғасыр басындағы жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанды ертеңгі нұрлы болашаққа, кемел келешекке апаратын – жастар. Ендеше қияметтің қыл көпірінен сүрінбей өткен, тәуелсіз Қазақстанымыздың табанының тұғырдан таймауын тілеп, асыл мұраты алға жетелесін.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. – Алматы: Атамұра, 1999. -296 б.
2. Монтескье Шарль Луи. Избранные произведения. – М.: Госполитиздат, 2. 1955.
3. Аманжолов А. Түркі филологиясы және жазу тарихы. Алматы,1996.
4. Ақынжанов М. Қазақтың тегі туралы. — А. 1957.
5. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы. — Астана, 2012 ж. 14 желтоқсан.
6. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауы. — Астана, 2014 ж. 17 қаңтар.
7. Ұлт жоспары«100 нақты қадам». — Астана, 2015 ж. 20 мамыр.