+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Дс - Жм: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Желілік басылым айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады

ШҚО ақпараттық-педагогикалық газеті
Бүгін: Жексенбi, 25 қазан 2026 жылы
Осы нөмірден оқыңыз: № 10 - 2026

2000 жылдың қыркүйегінен бастап шығарылады. Куәлік №16323-СИ

Тәрбиеші болу — бақыт

 Мусина Жұлдызай  Бакытжановна,  «№36 орта мектебі» КММ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы,  Өскемен  қаласы

       Тәрбиеші жайлы сөз қозғамас бұрын ұстаз мамандығына тоқталып өткенімді дұрыс санадым, себебі өз мамандығым – ұстаз. «Ұстаз – жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек».

 

       Міне, осы жоғарыда айтылған қасиеттерді бойыма сіңіре отырып, ұстаз мамандығын таңдаған едім. Ұстаз – зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі іспетті. Жақсы ұстаз – мектебінің жүрегі. «Жол таңдауда жалтақтауға болмайды» дегендей, ұлтымыздың, тәуелсіз еліміздің ертеңі боларлық  жасөспірімдерге білім, тәрбие беріп жүргенімді мақтан тұтамын. «Кәсібің — нәсібің» дейді қазақ даналығы. Өз еңбегіңе жан-тәнімен берілген жан ғана өмірдің мән-мағынасын, қоғамдық ортадағы жауапкершілікті, тұтастай ұлттың ертеңіне қоса алар өзіндік үлесін тереңнен салмақтай алады. Өзіңнің сүйген кәсібің арқылы өмірлік несібеңді, абырой-беделіңді, қоғам алдындағы құрметіңді еселей аласың. Өзім мектепке дейінгі шағын-орталықта балаларға мемлекеттік тілді үйретемін. Осы мекемеде ұстаздық етумен қатар, бала тәрбиесіне өз үлестерін аянбай қосып жатқан тәрбиешілердің өтініштері бойынша қол ұшымды беруден аянып қалмаймын. Кез-келген тұлғаның көкейін тескен сауалдары болады. Сол сияқты менің де өзіме қояр сауалым: мұғалім – тәрбиеші деген кім? Осы бір сұрақтың жауабын тағы бір айқындап бағайын.
       Кез-келген ұлттың болашағы – ұрпақтың тәрбиесімен ұштасып жатыр. Сондықтан да, мемлекет бұл мәселеге мейлінше мән бермейінше, келешегінің кемел болатынына кепілдік те жасай алмайтыны ақиқат. Ал жас өскелеңді тәрбиелеудегі бірден бір орта – білім беру мекемесі. Соның ішінде мектепке дейінгі тәрбие – салиқалы адамның қалыптасуындағы басты баспалдақ. Өйткені, балабақша бала тәрбиесінің,бала мінезінің қалыптасуына, мүмкіндігінің ашылуына үлкен әсер ететін орта. Мектепке дейінгі тәрбиені, мектепалды білім беру мекемелерінде аянбай еңбек ететін тәрбиешілер – жоғары білімді, білікті, өз кәсібінің мамандары бере алады. Баланың ой-өрісін дамытуға, олардың қиялына қанат бітіріп, тіл байлықтарының молаюына балабақша тәрбиешілерінің сіңірер еңбегі орасан зор.
       Кеше ғана аяғын аттап басқан жас сәбидің алғашқы рет қоғаммен араласуы балабақшадан басталады емес пе?! Тәрбиеші – балаға жан-жақты тәлім-тәрбие беруші, баланың бойында білімнің әр саласын дамытатын ғалым, бала бағбаны. Бала тәрбиесі ең алдымен, аға ұрпақтың жас жеткіншекке деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығынан, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан адамгершілік ізгі қасиеттердің жиынтығынан туындайды. Атадан балаға ұласатын ұлттық құндылықтар үлкендердің әңгімесінен, іс-қимылынан танылып, сезім арқылы жүректен жүрекке беріліп отырған.
       Сондықтан егеменді ел жастарының санасына осы ұлттық ұлағатты қасиеттерді сіңіре білудің мәні зор. Адамның адам болып қалыптасуына ата аналармен қатар, тәрбиеші мен ұстаздардың рөлі зор. Яғни, мұғалім және тәрбиеші мамандығының иелеріне болашақ ұрпақты тәрбиелеуде үлкен жауапкершілік жүктелген. Балалармен жұмыс жасау, ыстық ықыластарын, үмітке толы көздерін, тәтті қылықтарын, сәбилік таза жүректерімен айтқан сөздерін есту – мен үшін үлкен баға жетпес бақыт. Тәрбиешінің жұмысы күрделі де қызықты. Таңертең жұмысқа келіп, осы бір «Балалар әлемінің теңізіне» бір бойласам, тап-таза мөлдір бұлақтан нәр алғандай болып, жұмысқа деген құлшынысым арта түседі. Балалар тобын тәрбиеші мектепке шығарып салғанға дейін жетелейді.
      Тәрбиеші жас ұрпақтың бойына тәрбиенің алғашқы негіздерін қалыптастыра алатын, адамгершілігі жоғары, мәдениетті, ғылым жетістіктерін дұрыс бағалай алатын, әдебиет пен өнердің, техниканың даму жайын жақсы білетін, оның түсіндіре  алатын адам болуы керек. Тәрбиешінің мәдениеттілігінің көрсеткіші- әдептілігі, қоғамдық орындарда өзін сыпайы, еркін ортаға лайықты ұстай білуі, өнегелі тәртіпті, сүйкімділігі, адамдармен өзара сыйластыққа, адалдыққа негізделген қарым-қатынасы. Ондай тәрбиешіні балалар жақсы көреді, сыйлайды, құрметтейді, оған жақын жүргісі келеді, оның балалар арасында беделі зор болады.
      Тәрбиешілерге жоғарыда атап өткендей талаптар мен міндеттер қойылады. Міндеттер мен талаптарды орындау кез-келген адамның қолынан келе бермейді деп айта аламын. Бүгінгі жас өркеннің ертеңгі әлеуметтік – саяси қоғам мүшесі ретінде қалыптасуына тәлім-тәрбиенің маңызы зор екендігі белгілі. Бұл тәлім-тәрбие бастауының көзін тәрбиешілер ашады дегім келеді.
   Қорыта келгенде айтарым, қазіргі заман тәрбиешісі – заман талабына сай, жан-жақты, білім мен тәрбиені ұштастыра білген, жаңа технологиялармен қаруланған бала жанының бағбаны болуы тиіс.

Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype