Алдымен, не себепті «Үш анықты» философияның этикалық категориясына жататын еңбек деген пікірді қолдайтындығымызды түсіндіріп кетейік. Этика дегеніміз зерттеу нысаны мораль, адамның мінез-құлқы болып табылатын ежелгі теориялық пәндердің бірі [1]. Кез келген халық өзінің ұлтына тән рухани азықты, жағымды-мінез-құлықты жастарының бойына сіңіріп, ғасырлардан-ғасырға сабақтастыруды басты мұрат тұтуы үлкендер үшін – парыз, ал жастар үшін ұлттық мұраны жаңғырту, жалғастыру – міндет екендігі айтпаса да түсінікті. Шаһкәрімнің бұл еңбегінің басты өзегі – «ұждан ұғымы» болуы, ол ынсап, әділет, мейірімділік сынды әлеуметтік-этикалық ұғымдарды түйістіріп тұруы оны философияның этикалық категориясына жататын еңбек санатында қарастыруымызға бірінші себеп. Екіншіден, Нұрбол Нұрмаханұлының төмендегі пікірін негізге алып отырмыз. «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі», «Мұсылмандық шарты», «Үш анық» аталатын еңбектерін, поэзиясын гуманистік және адамгершілік мұраттарды, демократиялық ағартушылық идеяларды уағыздаған мұра деп бағалау керек. Шәкәрімнің философиялық ойларында өзі өмір сүрген дәуірдің қоғамдық көріністері, ақыл-ой ізденістері, талғамды тұжырымдары із қалдырды. Ол қазақ қоғамының рухани өсуіне көмектесуді, жастарды ғылым – білім, өнерге баулуды мұрат тұтты [2].
Шаһкәрім Құдайбердіұлы «Үш анық» флософиялық трактатында өз ойын «Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді… Өлімнен соң бір түрлі тіршілік бар. Екі өмірге де керекті іс – ұждан. Ұждан дегеніміз, ынсап, әділет, мейірім» [3] деп негізгі оймен ашады. Бұдан әрі сонау Пифогор, Эпикур және Демокриттердің «тіршілікті ешкім жаратпаған, барлығы атомдардан, одан қалды электрондардан тұрады» деген тұжырымдамаларынан бастап ХХ ғасырға дейінгі ғалымдардың осы мәселе төңірегіндегі талас-тартыстарын баян етеді. Сараптай келе, ешбір нәрсе өздігінен жаратылмағанын, оны жаратушы ие бар екендігін дәлелдейтін аргументтер ұсынады. Мәселен, «Әлде түп жаратушы туралы біреу былай да айтар: түпкі жаратушы сіз айтқан себепсіз, бар себеп-ақ болсын, бірақ соның бар қылған атом сияқты негізден шығып жатқан сансыз нәрселердің бәрінде сол түп жаратушы жатыр ма дер? Бұған жауабым мынау: мәселен, мен асқан білімді, өнерлі болып, керек нәрсенің бәрін жасап шығаратын зор машина жасасам, сонын істеп шығарған нәрселерін мен жасады дейсіз бе, машина жасады дейсіз бе? Бер жағынан қарағанда, дәл сол кезде жасап шығарған машина ғой. Ал, ол машинаға соншадық қуат, шеберлік берген мен ғой. Маған сондайлық білім, шеберлік һәм машинаға керекті нәрселерді шығарып тұрған Жаратылыстың негізгі табиғаты ғой. Ол негізге соншалық қасиетті берген ең түпкі жаратушы ғой. Енді бәрінің түп иесі кім болады? Әрине, басқы жаратушы» [3].
Тіпті, жер бетіндегі барлық денелер атом, электрон, нұрлардан өздігінен құралған деген пікірдің өзіне «…Сол себепсіз бар болу себеп – жаратушы болады. Егер сол себепсіз бар болған атом, нұр сияқтылар делінсе, олар себепсіз бар болған нәрсе емес, дәлелім – оларда қозғалыс бар, қозғалуда, жүрісінің өлшеуі бар. Өлшеулі нәрсе өзі бар болған емес. Егер қозғалыс притяжение, отрицание – өзіне тарту әрі итеру заңымен делінсе, ол қозғалысқа да себеп керек. Ол заңды салушы керек. Және атом сияқты түп негізде ерлі-қатындылық сипат бар. Мәселен, сила вещества (қуатты дене), ол екеуі бір-біріне мұқтаж, олай болған соң ондай нәрсе өздігінен бар болды деуге қисынбайды. Сондықтан олардың түп себебі – себепсіз бар себеп, түп Жаратушы. Ол түп себептің білім, құдірет шеберлігінде өлшеу жоқтығы мынадан анықталады. Барлықтың не нәрсесіне қарасаңыз да мақсұтсыз, керексіз жаралған емес. Бәрін айтпай-ақ, өз көзіңізді ойлаңыз: құлақ, мұрын, ауыз сияқты мүшеңіз мақсұтпен жаралғанын көресіз» [3] деп тойтарыс береді.
Бұның барлығы автордың негізгі ойға көшу үшін жасалған кіріспесі еді. Себебі Шаһкәрім Құдайбердіұлы ұждан адам баласы үшін осы өмірде де, келесі мәңгілік өмірде де керек нәрсе екендігін, жанның екі өмірдегі де азығы екендігін ұғындыруға тырысады. «Таза дене, таза, толық мінез ой істерін керек қылады. Соның қатты бір керегі совесть – ұждан. Оны осы өмір үшін де керек қылады, соңғы өмір үшін де керек қылады. Себебі егер бұл өмір үшін ғана керек болса, ол не пайда, не мақтан үшін болады. Мәселен, атым қалсын, пәленше сондай кісі деп халық мені жақсы көрсін деген болады. Онан басқа жоруы жоқ. Себебі ол совестің иесі жан жоқ, артқы өмір жоқ деп отырса, соқыр табиғаттыц жансыз жаратқан бір машинасы совесімен іс қылды не, қылмады не?» [3]. Келесі өмір үшін деп ұжданымен әрекет еткені – шынайы әрі берік болмақ. «Ұждан — совесть жанның тілегі екеніне нанған кісі қиянат қылғанына қатты кейіп, жақсылық қылғанына жете қуанса керек. Олай нана алмай, яғни ұждан – совесть құр ғана көрініс үшін адамдыққа лайык деген кісіге жақсылық пен қиянаттың көп айырмасы жоқ болса керек» [3]. ІХ ғасырдан бері бір Жаратушының бар екендігіне ғана сеніп келген қазақ халқы үшін ХІХ ғасырдың аяғында алғашқы қазақ газеттерінің шығып, батыстық ойлардың кеңінен таралуы, отаршыл мемлекеттің атеистік ұстанған саясаты кей адамдардың көңілдеріне күдік желін еспей қойғаны ақиқат нәрсе. Шаһкәрім Құдайбердіұлының кітабында бұны жинақтай келе, таныс қылыуы әрі әр пікірге қарсы уәждер келтіре алуы халық үшін керек-ақ болды. Бұл еңбегінен, әуелі, Аллаға деген сыйластықтың, әдептліктің үлгісін көреміз. Белді ойшыл, алдымен, Алла алдындағы әдепке сөзбен шақырмаса да өз үлгісін көрсету арқылы шақырды, бір ғана Жаратушының бар екендігіне күдіктену арқылы әдепсіздік танытпауға шақырды. Қасиетті Құран кітабындағы аяттардың мән-мағынасы Шаһкәрім өмір сүрген кезеңнен кейін ғылыми тұрғыда ашыла бастағандықтан, ғылыми дәлелдер ХХ ғасырдан бастап келтіріле бастағандықтан мұсылмандық философия өкілінің бұл еңбектегі тұжырымдары өз дәуірі үшін үлкен жетістік болды.
Екіншіден, бұл күдік қазақ халқының әдеп жүйесіне кірген барша ұлттық заңдылықтарымызды бұзып, халық үшін мораль, адамгершілік нормасынан аттау жеңілдей түсетін еді. Себебі қазақ халқының әдеп жүйесі мұсылмандық шартына негізделген болатын (Ол турасында келесі мақаламызда баян етеміз).
Үшіншіден, жақсы мінез-құлық жиынтығын – этика немесе әдеп деп қарастырсақ, адамның адамдық қасиетінің бірі – ұждан болып табылады. Және де ол адам бойындағы бір ғана қасиет емес, Шаһкәрімше, ұжданның өзі әділет, мейірім, нысап сынды үш бірдей маңызды адами қасиеттерді бойына жинап тұрған метаұғым. Адамзаттың асыл қасиеттері тізбегіндегі осы бір үш ұғымға тоқталмай кетсек ағаттық болар.
Алдымен, әділет дегеніміз не екеіндігін ашып көрсетейік. Әділет – шыншылық ұғымымен астасып келетін, басты өлшемі – адам болып табылатын әлеуметтік-этикалық категория санатындағы ұғым деп анықтама берсек, жанылыспаспыз. Қазақта «Әділет – ізгіліктің ірге тасы» деп мақалдап, Абай Құнанбайұлының «Кімде-кімнің әділдігі жоқ болса, оның ұяты да жоқ» нақылын кеңінен қолданып жатады.
Мейірімділік дегеніміз «адамның өзге біреуге жылылығын, ізгі ниеті мен лебізін білдіру көрінісі. Мейірімділік адамдар арасындағы сыйластық, кең пейілділік, жанашырлық, ізгі ниет секілді қасиеттерге негізделеді. Мейірімділік адамның жоғары адамгершілік белгісі ретінде оның бүкіл тыныс-тіршілігін, жан дүниесін жадырататын, шат-шадыман тіршілігі үшін қажетті аса маңызды қасиеттің бірі болып саналады. Қазақтың дәстүрлі әдеп жүйесінде мейірімділік адамдар арасындағы адамгершілік, ізгілік пен ізеттілік, имандылық пен инабаттылық секілді асыл қасиеттермен үндестік тапқан» [4]. Шаһкәрім Құдайбердіұлы мейірімділікті ұждан метаұғымының тірек ұғымдарының бірі ретінде қолданумен қатар, «Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек. Бұл төртеуін кім қылса, шын адам сол» [3] деп те әдемі насихаттайды «Бәйшешек бақшасы» философиялық лирикасында. Сондай-ақ, ол шығармаларында «мейірімділікті мұсылманның басты қасиеті» [3] деп те атап көрсетеді.
Ынсап дегеніміз – ұжданның тірек ұғымдарының бірі болып табылатын этика-философиялық ұғым. Шаһкәрім философиялық лирикасында көп қолданылған. «Мұсылмандық шарты» еңбегінің «Адам жақсы мінезді болмақ» тарауында берген мына бір анықтамасы осы ұғымның мәнін кеңнен ашық тұрғандай-ақ. «Ей, достар, адам жақсы мінезді болуға тырысу керек. Әуелі ынсапты болу керек. Ынсап деген әр іске аспай кем қалмай орташа болмақ» [3]. Арман Әлменбеттің «Абай ақпарат» порталында жарық көрген «Ынсап» мақаласында ынсап сөзінің мағынасын ұждан мен қанағат арасындағы көпір деп түсіндіреді. «Адамға арам мен адалдың арасында таңдау жасайтын сәт келгенде ұжданы белгі береді. Арыңды былғап, ақиқаттан аттама дейді. Сонда байқасаңыз, ұждан деген – адамның Құдайдан ұялуы, яки қорқуы. Егер адам ұжданын тыңдаса, қанағат етеді. Сол екі ортада ынсап жатыр. Жүректегі ұждан мен амалдан көрінетін қанағатты байланыстырып тұрған көпір – сол ынсап. Ынсап тек материалдық құндылықтарға ғана қатысты керек қазына емес. Алла-Тағаланың кез келген берген нығметіне шүкіршілік ету үшін қажет» [5]. Осы үшеуі – қазақ философиясындағы үш әлеуметтік-этикалық ұғым, ұжданды құраушы үш нұрлы қасиет.
Қортындылай келе айтарымыз, адам бойындағы адамгершілік қасиеттердің қайнарларының бірі – ұжданмен өмір сүру болып табылады. Ал шынайы ұжданмен, берік ұжданмен өмір сүру үшін бір Жаратушыға және келесі бақи өмірге сену керек деген ойшыл тұжырымына қосыламыз. Себебі, біздіңше, ұждан ұғымы Шаһкәрім Құдайбердіұлы ашқан жаңалық та емес, ол қазақ әдеп жүйесінде бар түсінікті қайта көтеруші. Ш. Құдайбердіұлы ұждан терминің мағынасын жүйелеп, оны қағаз бетіне түсіріп, келер ұрпақ үшін анықтап жеткізіп берді.
Ұждан ұғымын терең зерттеп, түсініу, жаңғырту керектігі ойшылдың өмір тәжірибесінен алынған еді. Себебі, бұл шығарманы жазуға 28 жыл ғұмырын арнаған-ды. Әр адам өз өмір жолында өтетін белестерді өкінбей өту үшін, жағдаяттарда мәселелерді адами тұрғыда ойлап, дұрыс шешім қабылдау үшін көзі көргендердің еңбегіне сүйену керектігі айтпаса да белгілі. Берік ұжданмен өмір сүрудің ережесі – Шаһкәрімнің және оған дейінгілердің тәжірибесінен қалған өнеге.
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
- Гусейнов А.А., Апресян Р.Г. Этика // А.А. Гусейнов., Р.Г. Апресян – Москва: Мысль, 2010 – 368 стр.
- Нұрмаханұлы Н. Шәкәрімнің философиялық көзқарасы мен нақыл сөздері туралы: [Электронды ресурс] // www.massaget.kz www.massaget.kz
- Құдайбердіұлы Ш. Шығармаларының үш томдық жиынтығы // К.Серікбаева. – Алматы: Халықаралық Абай клубы, 2008 – 664 б.
- «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, II том
- Әлменбет А. Ынсап: [Электронды ресурс] // www.abai.kz