Бала алғашқы тәрбие негізін отбасында алады. Отбасы — ұлттық тәрбие негізін себуші субстанция. Баланың дамуы өзі өмір сүрген аймағының, қоршаған орта идеясының бағыт-бағдары мен деректеріне байланысты өрістейді.
Ұжым тәрбиешілері мен отбасылар арасында хабар алмасу – ең маңызды міндеттерінің бірі болып саналады. Ондай қарым-қатынастың сан алуан түрі бар, олар: жазбалар, күнделіктер, пікір алмасу дәптері, ата-аналар үшін семинарлар, әңгімелесу, ата-аналарға арналған бұрыш.
Сондықтан, ата-аналарға арналаған бұрыш бойынша ата-аналар берілген білімді үйде бекітіп, толықтыруға көмектеседі. Яғни отбасында бұл жұмыс кез-келген іс-әрекетте жүзеге асады. Сол өткен тақырып төңірегінде баланың есіне түсіруге жағдай жасайды. Мұнда ата-аналардың қатысы қандай түрде болмасын қолдау табады, кез-келген іс-әрекетке араласа алады.
Жалпы адамзаттық құндылықтарды өскелең ұрпақтың ақыл парасатына азық ете білу үшін әрбір тәрбиеші халық педагогикасын, сан ғасырларда қалыптасқан салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды жан-жақты терең біліп, ата-аналарды да сол біліммен сусындатып отыруға тиіс. Сондықтан ұлттық салт-дәстүрмен таныстыру және бала дамуына қажетті мәселелер бойынша балабақшада ата-аналар жиналыстары өткізіліп отырады. Осыған дейін ата-аналармен қарым-қатынасты нығайтуда өз іс- тәжірибемізде тек дәстүрлі іс-әрекет түрлерін қолданып келген едік. Яғни ата-аналармен жиналыс барысында олармен тек ағымдағы жоспарға сай мәселелерді талқылап қана қоятын едік. Ал қазіргі таңда бұл қатынасты нығайтудың мүмкіндіктерін дәстүрден тыс іс-әрекет түрлерімен кеңейттік.
Осы бағытта сіздерге ата-аналармен қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған дәстүрден тыс іс-әрекет түрлерін қолданудың мүмкіндіктерін ашу үшін өз іс-тәжірибемен жүргізілген ата-аналармен жұмыс түрінен үлгі көрсетсем.
Өздеріңіз білетіндей, біз өзіміздің жұмыс жасап отырған «Мен – жеке тұлға» бағдарламасымен жұмыс істесек те, қай бағдарламаның болмасын негізінде қолайлы жағдай туғызу жатады. Егерде алдымыздағы балаға жақсы орта қалыптастыра білсек, ол баланың қабілеті де, мүмкіндігі де, ой-қиялы да жақсы дамитыны да баршамызға белгілі. Демек, балаларға жағымды көңіл-күй туғызу үшін ашық алаң ұйымдастырылады. Сондықтан да ата-аналармен қатынасты нығайту үшін ең алдымен жағымды көңіл- күй ортасын туғызу мақсатында ашық алаңда ойын элементі ойналады.
Қолайлы жағдайымызды тудырған соң дәстүрден тыс іс-әрекетті жүзеге асыру үшін, ары қарай жұмысымызды жалғастырамыз. Мысалы, «Бала тұлғасы оның қызығушылығы, дамуы, тұлғалық әлеуетінің ашылуы педагог арасындағы қатынас стратегиясының орталығы» тақырыбында кезекті жоспарға сәйкес ата-аналар жиналысы өтті. Ең алдымен « Менің балам қандай?» тренингі ұйымдастырылады.
Мақсаты: әр ата-ана өзінің баласын жеке тұлға ретінде қабылдау және баласының қай деңгейде екенін анықтау.
Ата-аналар 3 топқа бөлінді. Ол үшін көк, жасыл, қызыл түсті үйлер таратылады. Сол суретке отбасы мүшелерін және өзіңіздің балаңыздың атын жазыңыз деген нұсқау беріледі. Осы тренинг арқылы ата- аналарды топтарға жайғастырдық және де осы тренинг нәтижесі арқылы қорытынды жасадық:
— егер балаңыздың есімін үйдің жоғарғы жағына жазсаңыз, онда сіз өзіңіздің балаңызды басқа балалардан жоғары санайсыз;
— егер сіз ортасына жазсаңыз, онда сіз өзіңіздің балаңызды салыстырмалы бағалайсыз;
— егер фундаментіне, төменге жазсаңыз, балаңыздың жан-жақты дамуына ықпал етесіз.
Тренинг соңында ата-аналар өз жұмыстары бойынша ой қорытты. Яғни анықталған деңгейлері бойынша өз жұмысының нәтижесінен ой түйді. Әркім өзінің баламен жұмыс барысында ой қорыта келе, алдағы уақытта қай бағытта жұмыс жасау керек екендігін байқады.
Ата-аналарды білім беру қатынасына қатысушы ретінде алғанда білім берудің мәні бірлесіп жасалған. Мақсат пен міндеттерді жүзеге асыруға жай ғана іс-әрекет емес, бала мен ересек адамның бірлескен іс әрекетінің маңызды екендігінде. Ал әрекетті оқытудың тәрбиелік мәні: іс-әрекет барысында басқалармен санасу, бірлесіп әрекет ету, ақылдасу. Осы бағытта осы жиналысымыздың тақырыбына сәйкес ата-аналарға белгілі тақырып ұсынылды.
Мысалы:
1-топ: баланың қызығушылығының одан әрі қандай жағдай жасайсыздар?
2-топ: адамгершіл болып қалыптасуына қандай жағдайлар жасайсыздар?
3-топ: ерекше қабілетін ашу үшін қандай жағдай жасайсыздар?
Осы аталған іс-әрекет түрлері арқылы отбасында баланы осы жастан бастап кез-келген ортаға бейімдеуге қандай жағдай жасау қажет?
Осы бағыт бойынша әр топ топтаса, бірлесе отырып, ақылдасып әрекет етеді.
Бала қоршаған ортаға еркін бейімделіп, тұлғалық әлеуетінің ашылуы үшін педагог пен отбасы арасында үнемі байланыс болу керек. Яғни кез-келген ортада өзін-өзі тұлға ретінде көрсете алуы. Ойын еркін жеткізіп, дәлелдеп, ой қорытынды жасай білулері, бірін-бірі тыңдап, бір шешімге келе білулері. Өздерініз білетіндей, балабақшада балалар жан-жақты тәрбиені жүйелі түрде алып жатыр. Біз өз тарапымыздан балаға жан-жақты тәрбие негізін беріп жатырмыз. Оны күнделікті өткізетін ұйымдастырылған іс-әрекет барысынан, серуеннен, ертеңгіліктерден, сайыстардан, ойындардан көріп жүрсіздер деп өз тарапымыздан қорытынды жасадық.
Ендеше, әр топқа тақырыптарына сәйкес ата-аналардың жауаптарына назар аударып, қорытынды жасадық.
Қорыта келе айтарым, мұндай ата-анамен әрекетті түрде бірлесе жасалған жұмыстардан кейін оларды түрлі іс-шараларға, оқыту үдерісіне қатыстырудың мүмкіндіктері нақты, әрі нәтижелі талқыланады. Сонымен қатар, отбасы мен балабақша арасындағы ынтымақтастық педагогикасы орнайды және әрекетті түрде бірлескен іс-әрекет нәтижесінде ата-ананың өз баласының тәрбиесіне деген педагогикалық ұстанымы қалыптасары сөзсіз.