Қазіргі кезде мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамытуда мнемотехниканы қолдану өзекті мәселенің бірі болып тұр.
Мнемотехника — оңай жолдан қиынына қарай құрылады. Жұмысты ең оңай мнемоквадраттан бастап, жай ғана мнеможолдарға өтіп, сосын мнемокестеге өту қажет. Мнемокестенің мазмұны — ол графикалық немесе жартылай графикалық ертегі кейіпкерінің бейнесінің, табиғат құбылысының кейбір іс-әрекетінің, басты мазмұнды әнгіменің сюжеті. Ең бастысы – көрнекілік, тірек-сызба, бейнелеген суретіміз балаға түсінікті болуы тиіс.
Схема – мнемокесте балалардың тілін дамытудағы дидактикалық құрал болып табылады. Схема балаларға өз бетінше заттың ерекшеліктерін байқауға, олардың айтылу кезегін белгілеуге көмектеседі. Балалардың сөздік қорын байытады.
Кіші және орта топ жасындағы балаларға түрлі-түсті мнемокесте беру керек, себебі балалардың есінде тек бөлшек бейнелер ғана қалады: қар-ақ, шырша-жасыл. Ары қарай суреттерді кішкене қиындатып немесе басқа суретпен ауыстырылады. Ересектер топ балаларына схеманы бір түсті етіп жасаған дұрыс, өйткені зейінің символикалық бейненің түсіне бөлмеу үшін.
Дайын модельдік схемалар барлық кезде мазмұнына сай болмайды, сондықтан оны балалармен толтырып отырамыз.
Модель жасау тәсілін қолдану – есте сақтау процессін және мазмұнын ұғынуға көмектеседі. Бұл салада көру, есту анализаторлары жұмыс істейді. Балалар суретті тез еске түсіріп, сонынан сөздерін еске түсіреді. Мнемокесте қолданылған дамыту сабақтардың нәтижесінде, балалар шағын мәтін, ертегі, өлең-тақпақтарды оңай құрастырып, жаттап алады.
Осылай әрбір жаңа тақырып бойынша сызбалар қолдануға болады. Мұғалім немесе тәрбиеші өз балаларының қабылдау қабілетін, жас шамасын ескере отырып, сызбаны өзі жасауына да болады.
Мнемотехникалық әдіс – өлеңдерді, алгоритмикалық жаттығуларды жаттаудың, әңгімелерді сипаттаудың әдістемесі.
Мнемотехника технологиясын тиімді қолдану білім сапасын көтереді. Менің басты мақсатым: мнемотехника технологиясын қолдана отырып, балалардың ойлау дағдылары мен есте сақтау қабілеттерін жетілдіру, тілін дамыту, сөздік қорларын дамыту, байланыстыра сөйлеуге үйрету.
Балалардың тілін дамытуда келесі кедергілердің бары ешкімге де құпия емес:
— сөздік қорының кемдігі;
— сөйлемдегі сөз тіркестерін дұрыс таба алмауы;
— дыбыстау кемшілігі;
— берілген тақырыпқа сюжеттік немесе сипаттау әңгіме құра алмауы;
— өз ойын дұрыс жеткізе алмауы.
Мнемотехника — балалардың қоршаған орта, табиғат туралы білімін кеңейтуге, әнгіменің барысын тиімді есте сақтауға, әнгімені айтып беруге және тіл дамытудағы іс- әрекеттерінің жүйесі.
Балалардың тілін дамыту үшін сабаққа тиімді етіп тірек суреттер мен лексикалық тақырыпқа және жыл мезгілдеріне арналған мнеможолдар мен мнемокестелер әзірлеу қажет. Балаларға түрлі суреттер мен заттарды, ойыншықтарды көрсету арқылы сипаттама беріп сөздерді үйреттім. Мысалы: мнемошаршыдағы алманың суретіне сипаттама беру. Алма – қызыл, дәмді, домалақ, үлкен т.б.
Мнемокестелерді балалар өз беттерімен жұмыс жасау үшін көзге тартымды, яғни эстетикалық жағынан жақсы етіп жасаған дұрыс. Балалармен жұмыс кезінде мнемокестелерді баланың деңгейіне қарай беріледі. Мнемокесте арқылы балалар өлең жаттауға үйренеді. Мысалы: тірек суреттерін іріктеп, содан соң әр суретті сызба түрінде бейнелеу. Содан кейін бала сызба түріндегі бейнені қолдана отырып өлеңді дыбыстап айтады. Мысалы: «Жаз», «Көктем», «Күз белгілері» т.б.
Әрбір сабақтағы топтық, жұптық, ұжымдық оқытуларда мнемокестелерді тақырыпқа сай дайындап қолдану қажет. Жұптық оқытуда балаларға жеке символдармен бейнеленген кестелерді беріп, балалар сол кестені пайдалана отырып диалог түрінде сөйлеседі. Мысалы:
— Мынау не?
— Ол мысық.
— Мысық қандай?
— Мысық сүйкімді, кішкентай.
Балалардың ойын дамытуда тағы бір әдістің түрі – үстел үстіндегі мнемокестені ұйымдастыру.
Үстел үсті мнемокесте басқа кестелерден ерекшелігі бала бұл кестені қолмен ұстап, көзбен көреді, жан – жақты таниды. Бала кесте бойынша сөзді тіркестіріп, сөйлемді құрастыра алады. Мысалы: «Жануарлар» тақырыбын өткенде қоян, түлкі сөздеріне басқа сөзді тіркестіріп, «қу түлкі», «қорқақ қоян» деген сөз тіркесін құрайды. Тағамды алсақ, «тәтті нан, дәмді нан» сияқты сөз тіркестерін құрай алады. Осы әдістерді балаларға ойын түрінде жеткізу қажет. Өйткені ойын – ең басты элемент болып саналады. Әсіресе дидактикалық ойындар баланың ынтасын сабаққа аударуға, көңіл қоюға, қабылдауына, білімді толық игеруіне көмектеседі.
Сондықтан да сабақта дидактикалық ойынның түрлерін ұйымдастырылады.
Мысалы: «Сөз ойла»
Ойынның шарты: балалар текшедегі суреттер арқылы сөз тіркестерін құрайды. Балалар сөздерді қайталап, есте сақтайды.
Д/ о: «Ойнайық та ойлайық, ойлайық та сөйлейік».
Ойынның шарты: балалар мнемошаршыдағы суреттерді қолдана отырып, байланыстырып сөйлеуге үйренді.
Д/о: «Жыл мезгілдері»
Ойынның шарты: балалар мнемошаршы немесе мнемокестедегі суреттер бойынша табиғат құбылыстары жайлы әңгіме құрайды. Балалардың ойлау, есте сақтау қабілеттері дамиды, сөздік қорлары молаяды.
Д/о: «Әңгіме құрайық»
Ойынның шарты: балалар тірек сызбалар арқылы сабақтағы тақырыпқа сай байланыстырып сөйлемдер құрайды.
Сабақта балалар өз деңгейлеріне қарай сызба – схемаларды қолданып, әңгіме құрастыруды тез үйренді.
Балалардың білімдегі нәтижесіне қарап, тілінің кемістігі бар балаларға әрбір сабақ сайын тақырыпқа сай түрлі кестелер, суреттер, сызба – схемалар, көрнекіліктер қолданылса, баланың тіл байлығы дамып, дұрыс сөйлеу қабілеті артады деп ойлаймын.
Осыдан мынандай нәтиже шығаруға болады:
— әр бала өздігінен жұмыс істеуге дағдыланады;
— баланың жеке қабілеті артады;
— бір-бірінен қалмауға тырысады;
— баланың өз білім деңгейі бағаланады.
Өз жұмысымда мнемокестені 3 кезеңнен тұратындай етіп қолдандым:
— кестені қарап, онда не бейнеленгенін бақылау;
— мәліметтерді кодтандыру, белгі/символды/бір бейнемен сәйкестендіру;
— қолдандырылғаннан кейін әңгіме немесе ертегіні әңгімелеуге көшеді.
Мнемотехниканың әдістерін сабақта, сабақтан тыс уақытта, күн тәртібі кезеңдерінде қолдана отырып, алдағы уақытта балалардың дұрыс сөйлеуін, байланыстырып сөйлеу дағдыларын дамытып, тіл байлығын молайтуына бір кісідей еңбектенуді жоспарлаймын.
Балалардың әр затты өз атымен атап, айналадағы дүниені, табиғатты бақылап, сөздік қорын толықтырып, сөйлеу қабілетін тереңдету балабақша қабырғасынан басталады.
Мектеп жасына дейінгі балалар жаңа құбылысты танып, олардың сырын білуге тырысады. Олардың алдында біршама сұрақтар туындайды. Бұндай сұрақтардың жауабын ересек адамдар, әсіресе педагог – мамандар мнемотехника әдісін қолдану арқылы балаларға түсінікті етіп жеткізеді. Мнемотехника арқылы сөйлеу тілін, өз ойын ашық жеткізуге, әңгімелеуді грамматикалық құрылымда дұрыс меңгертіп, ойын тапсырмалар арқылы жаттықтырып отыру керек.
Сабақ барысын қызықты етіп, балаларды бірдей қатыстырып, материалды көрнекі етіп қызығушылығын арттырса, есте сақтау, ойлау қабілеттері қалыптасады.