Алдымен модель, модельдеу ұғымдарын қарастырып өтейік.
Модель дегеніміз — нақты объектіні, процессті немесе құбылысты ықшам әрі шағын түрде бейнелеп көрсету.
Модельдеу – объектілерді, процесстерді немесе құбылыстарды зерттеу мақсатында олардың моделін (макетін) құру. Модельдеу арқылы күрделіні қарапайымға, көрінбейтінді және түйсінілмейтінді көрінетінге, түйсінілетінге, белгісізді белгіліге келтіріп оқу, яғни, кез келген күрделі объектіні мұқият және жан-жақты оқып білу мүмкіндігі туады. Модельдеу оқушының меңгеруі қажет мазмұн, оқу әрекеті, құралы сияқты, мұнсыз толық мәнді оқу мен оқыту мүмкін емес.
Барлық модельдерді оқу, ақпараттық, тәжірибелік, ойын, имитациялық тәрізді топтарға жіктеуге болады. Енді осы модельдерді биология және жаратылыстану сабақтарында қалай қолдануға болатындығына қысқаша тоқталайын.
Оқу мен оқыту моделі – көрнекі оқу құралдары, әр түрлі машықтандырушы, үйретуші программалар түрінде болуы мүмкін. Мысалы, биология сабақтарында суретте көрсетілген көрнекі оқу құралдары оқу мен оқытуда қолданылатын модельдерге жақсы мысал бола алады.
Сондай-ақ жаратылыстану пәні сабақтарында оқу моделін мынадай тапсырмалар арқылы да қолдануға болады. Мысалы, Төрт жеткіншек күн тұтылуы кезде аспанды зерттейді. Біреуі ғаламшар Жер мен күннің арасында тұрады деп ойлайды. Екіншісі күн Жер мен айдың арасында тұрады деп ойлайды. Үшінші бала Жердің көлеңкесі күнге түседі деп ойлайды. Соңғы бала ай көлеңкесі Жерге түседі деп ойлайды. Кім дұрыс ойлады? Неліктен? Жаратылыстану пәнінен алған біліміңе сүйене отырып күннің, айдың, Жердің орналасуын моделдеңіздер.
Екінші мысал ретінде мына тапсырманы қарастырып көрейік, «Үш адамға үлкен мұз блогі берілген. Олар мұз блогінің еріп кетуіне жол бермеудің қолайлы әдістерін төмендегідей ұсынған. Біреуі мұзды блокқа жамылғыш жабуды ұсынған, басқасы мұз блогына жамылғыш жабу оның еріп кетуіне септігін тигізеді деп ойлайды. Үшіншісі мұзды блогтың жылдам еріп кетуіне жамылғы жабу еш септігін тигізбейді деп ойлайды.
Қай адамның жауабы дұрыс? Неліктен? Ғылыми тұрғыдан қалай түсіндіруге болады?»
Осындай тапсырмаларды орындауда оқушылар оқу мәтінін талдайды, пәндік білімді қарапайым зерттеулер арқылы терең меңгереді, тұжырым және кері тұжырым айту қабілеті қалыптасады, рефлексия жасауға дағдыланады және оның негізінде жаңа білім алады.
Оқу мен оқыту модельдері — материалдық пішіндегі объектілердің геометриялық, физикалық және басқа пішінін береді (анатомиялық муляждар, кристалл торлардың модельдері т.б). Биология және жаратылыстану сабақтарында модельдеуді осылай әсерлі түрде қолдануға мүмкіндік мол.
Ақпараттық модельдер — объектілер мен үдерістерді бейнелі немесе таңбалы түрде ұсынады. Бейнелі модель – ойдағы немесе ауызша нысандағы модель. Таңбалы модель – бұл формалды тіл құралдарымен (графиктер, кестелер, мәтіндер және т.б.) ұсынылған модель.
Мысалы, асқорыту жүйесі тақырыбында мүшелердің ағзада орналасуын, астың қорытылуын (Сызба 1,2) оқушы түсіну үшін мәтінмен, суретпен жұмыс жасай отырып сызбаны құрастырып, байланысын сызықшалармен қосу арқылы тақырыптың мазмұнын терең түсінуге мүмкіндік алады.
Сызба 1. Сызба 2.
«Мәтінді және суретті қолдана отырып астыңғы және үстіңгі жақтарда тістердің орналасуына назар аударыңыз.. Күрек, ит және азу тістердің құрылысы мен атқаратын қызметінде қандай байланыс бар екенін анықтаңыз. Астыңғы және үстіңгі жақтарда тістердің орналасуын түрлі түсті қарындашпен схема түрінде көрсетіңіз.
Астыңғы және үстіңгі жақта күрек тістерден бастап тұрақты тістердің орналасуын формуламен жазып көрсетіңіз. Бөлшектің алымына үстіңгі жақтың жартысында, бөліміне астыңғы жақтың жартысында орналасқан тістерді жазыңыз», деп берілген тапсырманы оқушы орындауда ақпараттық модельдің таңбалық түрін қолданады, яғни түрлі-түсті қарындаштармен астыңғы және үстіңгі жақтардағы тістердің орналасуын көрсетіп, формуласын жазу арқылы білімін толықтырады.
«Адам қанының құрамы» тақырыбында оқушы мәтінмен жұмыс жасай отырып кестені толтырып тақырыпты жүйелі меңгеруге мүмкіндік алады.
Адам қаны құрамындағы жасушалар
|
Қан жасушалары |
Эритроциттер |
Лейкоциттер |
Тромбоциттер |
|
Негізгі қызметтері |
Оттегін және көмірқышқыл газын тасымалдау |
Қорғаныш, Фагоциттік. Иммундық |
Қанның ұюы Қан тамырларының әсері |
|
Пішіні |
Екі жағы қысыңқы тегершік |
Дөңгелек |
Дөңгелек |
|
Құрылысы |
Ядросыз, гемоглобин (Нв) бар |
Ядросы бар, цитоплазмасы түйіршікті, түйіршіксіз |
Ядросыз |
|
1мм3 қан көлеміндегі саны |
4,5-5 млн Нв = 10-13г(%) |
4-8 мың |
200-300 мың |
|
Қанның құрамында тіршілік ету уақыты |
3-4 ай |
1 тәуліктен ондаған жылдар бойы |
5-8 тәулік |
|
Түзіліп шығатын жері |
Жілік майы |
Жілік майы, көкбауыр, лимфа түйіндері, тимус |
Жілік майы |
|
Қосымша қасиеттері |
Су-тұз алмасуға қатысы |
Гуморальдық реакцияларға қатысы |
Ұйыған қанның сығылуына әсері |
|
Қан ұю жүйесінің белсенділігін реттеу |
Компенсаторлық |
Қан тамырларының ширақтылығына әсері |
|
|
Қанның иондық тепе-теңдігін реттеу |
Қабынуға қарсы ферменттік қызмет |
Тромбопластин құрауға қатысы |
|
|
Қан плазмасының липидтермен алмасуы |
Энергиялық, ферменттік құбылысқа қатысы |
Тромбин пайда болуына қатысы |
|
|
Аминқышқылдары және биологиялық белсенді заттарды сіңіріп алу таратуы |
Қанның ұюына қатысы
|
Агрегация, агглютинация тасымалдауға қатысы |
|
|
|
Белоктар түзілуіне қатысы |
Тыныс алуға қатысы |
|
|
Антиденелерді түзүі |
Сонымен, осындай тапсырмаларды орындауда оқушы ойында туған бейнені таңбалы пішінге айналдыра алады. Бейнелі және таңбалы модельдер әдетте өзара байланысты. Пәннің мазмұның түсіну үшін тапсырманы орындауда, білім мен біліктерін бекіту кезеңінде, үй жұмысы немесе шығармашылық тапсырма ретінде, пәнді оқуға уәжін арттыру құралы ретінде сабақтың әртүрлі кезеңдерінде модельдерді қолдануға болады.
Тәжірибелік модель – жобалау объектісінің кішірейтілген немесе өте майда объектілер үшін олардың үлкейтілген көшірмесі болып табылады.
«Темекінің адам өкпесіне зияны» тақырыбына қолданылатын модельдеу оқушыларға темекінің адам ағзасына келтіретін зиянын нақты көруге мүмкіндік береді.
Қысқаша тәжірибе барысына тоқталып кетейін.
Қажетті құралдар: бос пластмасса бөтелке, 1 тал мақта,1 дана темекі,1 түтікше, су.
Жұмыс барысы:
- Бос бөтелкенің төменгі жағын тесіп, түтікшені қоямыз.
- Бөтелкенің қақпағын темекі орналасындай етіп тесеміз
- Бос бөтелкенің төменгі жағындағы түтікшені тығынмен жауып, бөтелкеге су құямыз
- Бір тал мақтаны «адамның өкпесі» деп алып, қақпақтың астына орналастырамыз
- Бөтелкенің қақпағына бір тал темекіні орналастырып бөтелкені жабамыз.
- Темекіні тұтатып, бөтелкенің төменгі жағындағы тығынды ашамыз
- Егер бөтелкедегі су бітіп қалса, онда бөтелкені қысып, темекінің толық жануын қадағалаймыз.
- Темекі толық жанып болғаннан кейін, қақпақ астындағы «адамның өкпесін» (мақтаны)қараймыз.
- Нәтижесінде «адам өкпесі» деп алған мақтамыз сарғыш тартады.
- Жұмысты қорытындылайды.
Ойын модельдеріне — әскери, экономикалық, спорттық ойындар жатады. Бұл модельдер әр түрлі жағдайда объектіні бақылауға жаттықтырады. Ойын модельдері адамдарға әр түрлі жағдайда психологиялық көмек көрсетеді. Жаратылыстану пәндері бойынша ұйымдастырылатын апталықта «Эстафета», «Ең, ең …», «Не?, Қайда?, Қашан?» т.б. ойындарды ұйымдастыруға болады.
Сонымен, биология мен жаратылыстану сабақтарында модельдеу әдісі арқылы оқу мен оқытудың бірқатар өзіндік артықшылықтары да бар. Олар:
— модельдеу әдісінің көмегімен бір деректер топтамасынан әртүрлі үлгілерді жасауға болады, сондай-ақ зерттелетін құбылысты әртүрлі түсіндіруге және теориялық түсініктеме беру үшін олардың ішінен анағұрлым өнімдісін таңдауға болады;
— модельді құру барысында зерттелетін болжамды түрлі деректермен толықтырып, оны жеңілдетуге болады;
— күрделі математикалық модельдермен жұмыс істегенде компьютерді қолдануға болады;
— модельдік эксперимент жүргізуге мүмкіндік туады.
Ойымды қорытындылай келе айтайын дегенім, биология және жаратылыстану сабақтарында модельдеу әдісін қолдану мыналарды дамытуға мүмкіндік береді:
— мұғаліммен және сыныптастарымен ынтымақтастық орнатып, бірлескен жұмысты ұйымдастыра білу;
— жеке және топта жұмыс істеу, ортақ шешім табу, түрлі көзқарастарды үйлестіре және мүдделерді есепке ала отырып, келіспеушіліктерді (қақтығыстарды) шешу;
— өз пікірін тұжырымдау, дәлелдеу және қорғау;
— өзінің сезімдерін, ойлары мен қажеттіліктерін білдіру үшін қарым-қатынас мақсатына сәйкес сөйлеу құралдарын саналы пайдалана білу;
— өзінің қызметін жоспарлау және реттеу;
— ауызша және жазбаша сөйлей білу;
— ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану саласында құзыреттілікті қалыптастыру және дамыту;
— экологиялық дүниетанымын қалыптастыру және дамыту, оны танымдық, коммуникациялық, әлеуметтік тәжірибеде және кәсіби мақсатта пайдалана білу.
Пайдаланылған әдебиет
- Әбиев Ж. Ә., Бабаев С. Б., Құдиярова А. М. Педагогика: Оқу құралы. Жалпы редакциясын басқарған Құдиярова А. М. – Алматы: Дарын,-2004.
- Әлімов А.Қ. Интербелсенді оқыту әдістемесін мектепте қолдану. Оқу құралы /«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2014. – 188бет.
- Бартенева Т.П, Ремонтова А.П. Использование информационных компьютерных технологий на уроках биологии [Биология сабақтарында ақпараттық коммуникациялық технологияларды пайдалану]. ИТО-2003.
- Биология. Орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында негізгі орта білім беру деңгейінің 10-11 сыныптарына арналған оқу бағдарламасы. – Астана, 2016. – 38 б.
- Ғылыми жаратылыстану циклы пәндері бойынша жобалық тапсырмалар. – Астана: Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА, 2015. – 80 б.