Ұстаз өзінің алдындағы шәкірттерінің жүректеріне жол таба білу және олардың өз пәніне қызығушылығын арттыру үшін әрқашанда ізденісте болуы керек. Қазіргі талаптың басты мақсаты — педагог мамандардың кәсіби құзырлылығын қалыптастыру мен біліктілігін үнемі арттыруды, ғылыми-әдістемелік қызметтің жаңашылдығын, түрлері мен әдістерін іздестіруді қамтамасыз ету, оны үйлестіре оқыта білу болып отыр.
Бүгінде қазақстандық білім беру жүйесіне енгізілген Кембридждік және жаңартылған білім беру бағдарламасының негізгі идеясы – оқушылар өздерінің қалай оқуы керектігіне назар аудара отырып, олардың өз ойлары мен дәлелдемелерін нақты жеткізе алатын, яғни ойға жүйрік, тілге шешен, әрі жазбаша түрде еркін, көркем бейнелеп жазуға төселген, бірнеше тілді қатар меңгерген бәсекеге қабілетті жан-жақты жетілген тұлға қалыптастыру болып табылады.
Сондықтан да жаңаша сапалы білім беруге ұмтылған мұғалім өз оқушыларын сыни тұрғыдан ойлай білуге үйретуі керек.
«Сыни тұрғыдан ойлау – бақылаудың, тәжірибенің, ойлау мен талқылаудың нәтижесінде алынған ақпаратты ойлауға, талқылауға және синтездеуге бағытталған әрекет жасауға негіз бола алады… Сыни тұрғыдан ойлау Александердің (2004) Диалогтік оқытуына сәйкес сыныптағы қарым-қатынасты зерттеу белгілі бір әрекеттер үлгілері, ол оқушылардың жоғары деңгейдегі ойлауы мен зияткерлік дамуына ықпалын тигізетінін көрсетті»,- деген тұжырымы да соны дәлелдейді.
Осынау бағыт мұғалімнің жұмысын түбегейлі өзгертеді. Жаңа білім алу үрдісі оқытушы мен оқушыға шығармашылықпен жұмыс жасауға итермелейді, себебі оқушы білімді өздігінен іздену арқылы алуы керек болса, мұғалім оқушының білім алуына себептер болып, қолайлы жағдайлар тудыруы керек. Ол үшін мұғалімнің сабақты жан-жақты дайындауы қажет, сабақ үстінде қандай болмасын оқушы тарапынан әртүрлі сұрақтар туындауы мүмкін, сол кезде мұғалімнің қажетті бағдар беріп жіберуіне тура келеді.
Бұл тәсілдің мұғалім мен оқушылар арасында диалогтік өзара әрекеттестік арқылы сыни ойлауды дамытудағы орны ерекше. Қазіргі таңда алған білімді, білгенін өзгермелі өмірде пайдалана алатын шәкірт тәрбиелеуде сыни ойлау шешуші рөл атқарады десе де болады. Оның бұрынғы дәстүрлі оқыту технологиясынан өте үлкен ерекшелігі бар:
- Оқушының интеллектуалды дамуының аз уақыт ішінде өзгеруі;
- Оқушы мен мұғалім белсенділіктерінің бір-бірімен сай болуы;
- Мұғалім мен шәкірттің өзара ынтымақтастық қарым-қатынасында жауапкершілік пен сенімнің болуы.
Сондықтан баланың білім алуға деген құштарлығын ояту үшін қазіргі заманда мұғалім көп ізденіп, сабақтың тиімді өтуіне жұмыс жасауы қажет. Білім сапасы оқушының білімге деген құштарлығы мен қызығушылығына тікелей байланысты.
Осы себептерден де мұғалімдер біліктілігін арттыру курстарында оқыту философиясын басқа қырынан танытатын 7 модульдің бірі де бірегейі ретінде қолданылатын, басқа барлық модульдардың өзін сыни тұрғыдан қолдана білуге үйрететін сыни тұрғыдан ойлауға оқыту тәсілі болмақ.
«Баланың дамуының ең жақын аймағын» сөз ете отырып, Лев Выгодский оқушының тапсырманы өз бетінше орындауға әзірлігінің дәрежесін айтқан болатын. Осылайша ол бұл әзірлікті екі деңгейге бөлген болатын:
- Оқушыға мұғалімнің көмегін қажет ететін қиынырақ тапсырма беру керек, яғни, жаңа танымдық мәселе қойылады (қиындық, қарама — қайшылық), бұл оқушының ақыл-ойының дамуына дем береді;
- Тапсырмаларды жеңілден ауырға қарай ауысуға сәйкестендіру.
- Ұлттық құндылықтар саналатын білім беруге оқушылардың ынтасын арттыру үшін оларға берілетін тапсырмалар жеңілден басталып, қызығушылығын оятып, әрі тез есте сақтайтындай, сыни ойлау қабілетін дамытатын тапсырмалар болуы тиіс.
«Әрбір жаңа білімді баланың бұрыннан білетін «ескі» біліміне негіздей, соған байланыстыра үйрету шарт… Жаңа білім бұрынғы білім дағдысына негізделсе, оқыту жеңіл болады», — деген Сағи Жиенбаев пікірі де осы ассоциацияға келіп саяды.
Осыған дейін тәжірибемізде орын алған білім мазмұнын мұғалімнің дайын күйінде ұсынуы оқушының өзіндік ізденісіне мүмкіндікті шектесе, кембридждік әріптестеріміздің ұсынған оқыту тәсілдері оқушының өз бетінше ізденіп, білім мазмұнын меңгеруіне жол ашатындығына курстың тәжірибелік кезеңінде қол жеткіздік. Ол тыңдаушылармен жұмыс барысында да жүзеге асып отырды.
Қазіргі қазақ педагогикасының көрнекті өкілі Қанипа Бітібаева «Біз өз тәжірибемізде барлық баланы бір пікірге (оқулық не ғылыми материал) жығып беруге асықпаймыз, бір қорытындыға келуге итермелемейміз. Жаттанды, өзіндік ойсыз қорытындыдан, балаң да болса өз пікірін қорғай білушілер, айта білушілер әрдайым қымбатырақ»,- дегендей, мұғалімдер мектептегі тәжірибелері кезіндегі оқушыларының ұтымды ойлары мен ұшқыр пікірлері туралы да алғашқы кезеңнен әлдеқайда тереңірек жеткізуге тырысып жатады.
Оқытудағы ең тиімді тәсілдердің бірі «Диалогтік оқыту негізінде қалай оқыту керектігін үйрету» үшін сұрақ қоюдың өзі де үлкен ізденісті қажет етеді.
Жаңа тәсілдерді қолдану нәтижесінде алынған «кері байланыс» тыңдаушыны да, оқушыны да оқу үдерісіне құлшындыра түседі.
Ғылыми зерттеу нәтижелері сабақта диалогтың маңызды рөл атқаратынын көрсетті. Мерсер мен Литлон (2007) өз еңбектерінде диалог сабақта оқушылардың қызығушылығын арттырумен қатар, олардың білім деңгейінің өсуіне үлес қосатынын атап көрсетті. Зерттеулерде ересектермен интерактивті қарым-қатынас пен достарымен бірігіп жүргізілген жұмыстың балалардың оқуына және когнативті дамуына әсер ететіндігі айтылған.
Қорыта айтқанда, мұғалімді кәсіби дамыту арқылы біліктілікті арттыруды жаңартудың негізгі бағыттары:
— құрылымды оңтайландыру және педагогикалық кадрларды даярлауды ұйымдастыруды жетілдіру;
— сабақты ұйымдастырудың тренингтік түрлеріне баса назар аудара отырып, педагог қызметкерлерді даярлаудың мазмұны мен түрлерін жетілдіру;
— сынақ ісі;
— кәсіби қайта даярлау;
— білім берудің мазмұнына жаңалықтарды енгізудің сарқырамалы моделі;
— өздік жұмыс болатын болса, осынау курстық дайындықтар кезінде аталмыш жұмыстардың жүйелі түрде атқарылуы соңғы нәтиже – болашақ тізгінін ұстайтын өскелең ұрпақты оқыту-тәрбиелеу ісіне жауапты ұстаздар қауымына үлкен міндет пен жауапкершілік жүктейді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы, 2002.
- Л.С.Выготский. Изб.псих.произв.М.,1956.
- С.Жиенбайұлы. Бастауыш мектепте кітап оқыту методикасы. Алматы. «Қазмембас»,1939.
- Бітібаева Қ.О. Оқушыларды ғылыми-зерттеу жұмысына баулу жолдары, Астана, 2007.
- А.Чалагизова «Біліктілікті көтерудің әлеуметтік- педагогикалық шарттары» / / Қазақстан мектебі, №6, 2012.