Графикалық органайзерлер дегеніміз – қызықты әрі пайдалы жолмен оқыған материалдағы негізгі ақпараттарды белгілі бір сызбаларға сәйкес түсіндірудің жолы. Көркем және ғылыми стильде жазылған мәтіндерді түсінуде өте қолайлы тәсіл.
Оқу құралы ретінде графикалық (визуалды) органайзерге анықтама беріледі. Графикалық органайзерлердің негізгі түрлері сипатталады: бірізді, салыстырулар мен салғастырулар, сатылы, тұжырымдамалық және деректерді көрсету. Визуалды органайзерлердің стратегиялары арқылы шешілетін негізгі мәселелер ашылады.
Графикалық (синоним – визуалды) органайзерлер білім, тұжырымдамалар, идеяларды және олардың арасындағы өзара байланыс мен қарым-қатынасты көрсету үшінграфикалық нотацияны қолданатын жазбаша қарым-қатынастың аспаптарын қамтиды. Көрнекі, коммуникативті және танымдық қызмет атқаратын дидактикалық құрал ретінде графикалық органайзерлер ақпаратты тасушы ретінде ғана емес, сонымен қатар, білім беру жобаларын жоспарлау, мәселелерді шешу, шешімдер қабылдау, зерттеулер жүргізу кезінде оқушылардың жұмысына қолдау көрсету үшін қолданылады.
Визуалды органайзерлердің негізгі түрлері:
1. Жүйелік органайзерлер (sequential organizers) ретімен тұрғызуға немесе уақыттық шәкілге сәйкес салыстыруға болатын ақпаратты беру үшін қолданылады:
— уақыт шәкілдері хронологиялық реттегі оқиғаларды көрсетеді;
— топтамалық диаграммалар (оның ішінде блок-тәсімдер) алгоритм немесе үдерістің жекелеген кезеңдерін жүзеге асыру ретін сипаттайды;
— циклдік диаграммалар жеке цикл итерациясын – дәл сол рет бойынша қайталанатын оқиғалар қатарын көрсетеді.
2. Салыстыру мен салғастыруға арналған графикалық органайзерлер (compare/contrast organizers) екі не одан да көп нысандардың санаттары арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды сәйкестендіру үшін қолданылады:
— Венн диаграммалары жиынтықтардың арасындағы бар мүмкін қисынды өзара қатынастарды көрсетеді;
— T-диаграммалары мәселенің екі жағын, мысалы, «жақтаушы» және «қарсы» дәлелдер, артықшылықтар мен кемшіліктер, фактілер мен пікірлер;
— квадранттар екі тұжырымдамалар жиынтығы арасындағы өзара байланысты көрсетеді.
3. Иерархиялық органайзерлер (hierarchical organizers) мәндерді (нысандар, элементтер, мағыналар, ұғымдар) олардың дәрежелері мен/немесе ерекшеліктері негізінде деңгейлер бойынша реттеуге мүмкіндік береді. Сатылы визуалды органайзерлерге келесі жатады:
— үшбұрышты (пирамидалы) диаграммалар, олардағы деңгей (қабат) биіктігі оның сатыдағы орнын, ал ені сол деңгейге жататын элементтер санын көрсетеді;
— бірнеше негіздеме бойынша жіктеу мен құрылымдарды көрсету үшін қолданылатын ағаштар.
4. Тұжырымдамалық органайзерлер (conceptual organizers) тұжырымдама немесе тұжырымдамалар жиынтығының мәнін, оқылатын тақырыптағы басты идеяларды оларды қолдайтын негіздемелерді (фактілер, сипаттамалар, ерекшеліктер) елестетуге мүмкіндік бере отырып, ашады:
— менталды карталар (зерде-карталары) бір орталық идеяға негізделген, ол идея онымен байланысты санаттардан тұратын ағашқа ұқсас құрылымдар мен радиалды саты арқылы тәптіштеледі;
— тұжырым-карталары әр түрлі паттерндерді қолдана отырып, тұжырымдамалар жиынтығы арасындағы аса маңызды өзара байланысын айқын түрде көрсету үшін қолданылады;
— семантикалық желілер – графикалық нотация (және формалды тіл) тұжырымдамалар арасындағы семантикалық (мағыналық) өзара байланысты көрсететін заттар саласы білімінің үлгісін әзірлеуге арналған.
5. Деректердің графикалық органайзерлері (data representation organizers) – графиктер, гистограммалар, айналмалы диаграммалар, кестелер –сандық деректерді схемалық түрде визуалды көрсету үшін арналған.
Визуалды органайзерлерді құру үшін көптеген компьютерлік аспаптық құралдарды қолдануға болады. Олар келесі бірегей сипаттарға ие танымдық графикалық бейнелер жасауға мүмкіндік береді: көрнекілік, коммуникативтілік, танымдылық, ақпараттың ашықтығы, метафорлылық, көп өлшемділік.
Визуалды органайзерлерді құру және қолдану арқылы шешілетін білім беру үдерісіндегі негізгі мәселелер (органайзерлердің дидактикалық функциялары оқу құралы ретінде):
— оқушылардың априорлық білімін өзектендіру, жаңа ақпаратпен өзара байланыс құру;
— оқушылардың білім алу мен мәндерді қалыптастыру үдерісіне қолдау көрсету (ақпаратты жіктеу, жалпылау, біріктіру, ассоциацияның әр түрлерін анықтау және т.б.);
— сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дамыту және жоғары деңгейлі танымдық үдерістерді жандандыру – талдау, бағалау, синтез;
— білім беру саласындағы нәтижелерді құжаттандыру, оқушылардың жетістіктерін бағалау.
Графикалық органайзер – білімін, ұғымды, ойлары мен идеяларды және олардың арасындағы байланысты білдіру үшін визуалды белгілер қолданылатын құрал. Оқушылардың ойларын шоғырландырып, сызба жасауға, соның көмегімен ойларын басқаларға ұсынуға арналған. Жоспарлау, түсінік қалыптастыру және қарым-қатынас жасауға қолдау көрсету үшін графикалық органайзерлерді қолдануға болады.
Графикалық органайзерлердің ерекше маңызы – кез келген оқушының мәтінді мазмұндауға деген ынтасын тудыруында. Олардың түрлеріне тоқталайық:
- дара диаграмма,
- қос диаграмма,
- торлы диаграмма,
- Венн диаграммасы,
- уақыт тізбегі кестесі,
- хикая картасы кестесі,
- себеп-салдар немесе балық қаңқасы диаграммасы
Оқылған материалды талдамас бұрын басты кейіпкерге сипаттама беруде дара диаграмманыңмаңызы зор.Дара диаграмма арқылы оқушы сол кейіпкерге қатысты барлық ақпараттарды осының ішіне жазады, талдайды. Яғни бұл сызба арқылы кез келген оқушы басты кейіпкер туралы өз көзқарасын жаза білсе, мұғалім оқушының қаншалықты мәтін мазмұнын меңгергендігін байқайтын болады.
Мысалы, «Мақта қыз бен мысық» ертегісіндегі Мақта қыз бейнесіне тоқталайық.
Мақта қыз Адал дос – үнемі мысық екеуі дос болып жүреді;
Мақта қыз Еңбекқор – үйін жинап, үй шаруасымен айналысады;
Мақта қыз Қайырымды – тауып алған мейізін өзі жалғыз жемей, мысығымен бөліскісі келді;
Мақта қыз Тік мінезді – шақырғанда мысығының келмей қойып, мейізді өзі жеп алып және мысық қатығын төккені үшін, оның құйрығын кесіп алуы;
Мақта қыз Ақылды – мысықтың төккен қатығының орнына басқа қатық алдыртуы;
Мақта қыз Кешірімді –қатық алып келген мысығының құйрығын қайтарып беруі.
Енді графикалық органайзерлердің келесі түріқос диаграммағатоқталайық.Бұл сызба арқылымәтіндегі бірнеше кейіпкерге талдау жасауға болады. Мысалы, қос кейіпкерлердің образын салыстырып көрейік. Екі образ екі түрлі болғанымен кез келген шығармада ортақ сипаттар табылатыны белгілі. Осы тұста қос диаграммаға ортақ торларға екі кейіпкерлерге қатысты ақпараттарды жазамыз.
Мысалы, Ы.Алтынсариннің «Бай баласы мен жарлы баласы» әңгімесіндегі Асан мен Үсен образдарын талдап көрейік:
Асан – бай баласы, Үсен – жарлы баласы
Асан – ерке, Үсен – ақылды
Асан – шыдамсыз, Үсен – шыдамды
Асан – жалқау, Үсен – еңбекқор
Асан – ойлау қабілеті төмен, Үсен – ойлау қабілеті жоғары
Енді Асан мен Үсеннің ортақ сипаттарына тоқталайық:
Асан мен Үсен екеуі құрдас, Асан мен Үсен екеуі де бірге ойнайды,
Асан мен Үсен екеуінің де толық отбасы бар.
Бұл диаграмманың артықшылығы, оқушы екі образды талдауға үйренеді, екі түрлі пікір айта біледі, салыстыра алады. Әр нәрседен жақсылық пен жамандықты тани алады. Ал мұғалім болса, оқушының жауабы арқылы оның қаншалықты салыстырмалы талдау жасай алуға қабілетінің бар екендігін танитын болады.
Венн диаграммасы – оқушыларды синтез /анализ/ бағалау жоғары деңгейдегі ойлау қызметіне әкелетін салыстыра білу қабілетін дамытуда қолданылады. Сабақты бекіту үшін бұл стратегия тиімді болып есептелінеді, бірақ қызығушылығын ояту кезеңінде де пайдалануға болады.
1) Жеке, кейін жұппен салыстырылған құбылыстардың айырмашылығы немесе ұқсастығын ойлау үшін уақыт беріледі.
2) Айқастырылып екі дөңгелек сызылады, оның ортаңғы бөлігіне ортақ мәліметті жазамыз, жеке бөліктерге әр құбылыстың өзіне тән ерекшелікті жазамыз.
Бұл диаграмма мазмұны қос диаграммаға ұқсайды.
Уақыт тізбегі кестесі – мәтінді тыңғылықты оқып, түсінген деректер бойынша «уақыт тізбегіне» оқиға бойынша орналастырады. Бұл сызбаның мәтінде мазмұндауда өте тиімді екенін айта кету керек.
Мысалы,«Алдар көсе мен Шықбермес Шығайбай»ертегісі бойынша уақыт тізбегін жасап көрейік.
— Шықбермес Шығайбайдың сараңдығын бүкіл ел білуі;
— Алдардың оны естуі;
— Алдардың Шығайбай үйін аңдуы;
— Бай құпияларын ашуы;
— Түн ортасында пісіп тұрған қазыны алып, орнына тулақты салуы;
— Шығайбайдың кеудесін ыстық нанға күйдіруі;
— Шығайбай байқамай өз атын өлтіріп алуы;
— Алдар Бізбикешті өзімен алып кетуі.
Келесі бір сызба – Хикая картасыдеп аталады.Бұл қарта – оқиғаның сурет арқылы берілуі яғни, оқушылар сурет және тірек сөздер бойынша мәтіннің мазмұнын толық баяндайды.
Хикая картасын құрастырудың негізінде оқушы топта еркін жұмыс жасауға дағдыланады, топпен немесе жеке шешім қабылдауға мүмкіндігін көрсетеді, өз ойын, идеясын дәлелдеуге тырысады, өз бетінше ізденіске ұмтылады.
Жалпы хикая картасы арқылы әңгімені мазмұндаудың өзіндік идеясы бар. Біріншіден, оқушылар бұрынғыдай әңгімеге жоспар құрмайды, жоспарға лайық деп танылатын эпизодтар, түйінді идеялар арқылы суретпен немесе қысқаша абзацтармен қағаз бетіне түсіріледі. Яғни, бұрынғы мәтінге жоспар құру деген тапсырманың орнын жаңартылған білім мазмұнында «хикая картасы» деген стратегия алмастырды. Сондай-ақ, хикая картасы оқылған мәтінді егжей-тегжейлі мазмұндауда таптырмайтын әдістің бірі.
Мысалы, «Шалқан» ертегісіне тоқталайық:
— Шалдың шалқан егуі;
— Шалқанның үлкен болып өсуі;
— Өзі тарта алмай кемпірін шақыруы;
— Екеуінің тарта алмай немере қызын шақыруы;
— Немере қызы күшігін шақырады;
— Күшік мысықты шақырады;
— Мысық тышқанды шақырып, барлығы тартып алады.
Торлы диаграмма –негізгі идея, негізгі идеядан бөлімдер кетеді, бөлімдерден бөлшектерге тарқатамыз. Оқушылар ары қарай өздері өрбітеді. Қазақ тілінде негізгі үлкен бір бөлім біткеннен кейін оқушыларға қорытынды сабақтарына беруге болады және роман, повестік әңгімелерді талдауда өте тиімді.
Графикалық органайзерлерді келесі мақсаттар үшін пайдалануға болады:
— Сіздің не білетініңізді көрсету;
— ақпаратты ұйымдастыру;
— пайымдауды көрсету;
— ақпаратты жеткізу.
Сіздің не білетініңізді көрсету
Ақпаратты сүзу
Мәтінді оқып, тірек сөздерін анықтаңыздар. Ең маңызды сөздерді «тұғырыққа» орналастыру қажет, ал маңызы азырақ сөздер құбырда сүзіліп қалуы тиіс.
Себеп-салдар диаграммасы кейде балық қаңқасы деп те атайды.Шығарманың бастысебеп-салдарын анықтап, кейіпкерлер бойынша ой қалыптастыруда, жүйелеудегі тиімді әдіс. Бұл сызба арқылы да оқушылар өмірдегі жағымды, жағымсыз жайттарды салыстыра алып өз пікірімен дәлелдей алатын болады. Сол себепті, оқушылар бойындағы зерттеу қабілеттері арқылы әртүрлі идеялар туындайды. Бұл тапсырманы орындау арқылы оқушылардың функционалды сауаттылық қабілеттері дамиды. Тапсырманы орындау барысында мына себептердің жауабын негізге ала отыру қажет: Мысалы, Проблемаға әсер ететін факторларды (бірінші реттегі себептер) анықтау. Әр факторға әсер ететін екінші, үшінші, ары қарайғы кезектегі себептерді табу.
Мысалы, Ы.Алтынсариннің «Әке мен бала» әңгімесін балық қаңқасына салып, талдап көрейік:
— Басты мәселе, Әкесі баласына тағаны ал деуі;
— Себебі, баланың ерінуі, мәселе әкесі тағаны алуы;
— Себебі, бала шиені жегісі келіп, шиені жерден көтеріп алуы;
— Әкесі баласына тағаға 1 рет еңкейгенге ерініп, шиеге 10 рет еңкейіп алуын айтуы;
— Шешуі, аз жұмысқа қиынсынсаң – көп жұмысқа тап боласың дегенді осы мақалдан көруге болады.
Жоғарыда көрсетілген шығармашылық тапсырмаларды орындау арқылы оқушылардың зерттеу дағдылары дамиды. Олар алған білімін өмірде қолдана білуге үйренеді.
Осындай жұмыстарға тұйық мінезді немесе үлгерімі нашар оқушылар көптеп тартылады. Шығармашылық қабілеттері ашылады. Тіптен, оларды жетекші (спикер) етіп тағайындасақ, ол оқушылардың жауапкершілігі туындап, пәнге деген қызығушылығы артады.
Осы ретте топпен жүргізілетін қызықты жұмыстарда мұғалім тілді қабылдау қабілеті нашар оқушыларды үнемі назарда ұстап, оларға сенім артатындай тапсырмалар беріп, көңіл аударып отыруы қажет. Бұндай әрекеттер оқушы мен мұғалім арасында жақсы қарым-қатынасты қалыптастыруға өз ықпалын тигізеді. Сонымен қатар, оқушылардың өз қателерін түзетіп оқытуға икемдейді.
Сабақ үстінде ұйымдастырылатын графикалық органайзерлер нәтижесінде оқушылардың бойынан мына өзгерістерді байқаймыз:
— ең алдымен, ынтымақтастыққа үйренеді, яғни жеке, жұппен, топпен жұмыс істеудің маңызын біледі;
— өз ойларын еркін жеткізуге үйренеді, озық идея айтуға, көшбасшы болуға талпынады, яғни сыни ойлауды қалыптастырады;
— өзіне-өзі баға беруге, сыныптастарын бағалай алуға, өзара сыйластыққа үйренеді;
— бір-бірін тыңдауға, талдауға, салыстыруға дағдыланады;
— суреттер арқылы сөйлеуге, пәнге деген қызығушылығы артады.
Тіл үйретуде графикалық органайзерлер арқылы жұмыстарды тиімді ұйымдастырып, оқушыларды тәуелсіз білім алуға жетелеуге болады. Топпен атқарылып жатқан қызу жұмыс үстінде оқушылар қосымша ақпараттар қабылдап, жаңа сөздер үйренуге талпынады. Топпен атқарылатын жұмыстарға оқушы белсене қатысады.
Қорыта келгенде, тіл үйретуде, мәтін оқытуда графикалық органайзерлердің тиімділігін осылайша қарастырамыз.
Пайдаланған әдебиеттер:
- Жексенбаева У.Б. Оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру. – Алматы: РАДиАЛ. – 2006. – 32 б.
- Аубакирова Р., Нұрбекова М. Педагогикалық зерттеу әдістемесі: Оқу құралы. – Астана: Фолиант, 2011. – 128 б.