Қазақстандық білім беру жүйесіне енгізілген жаңартылған білім мазмұны мектеп оқушыларына этностық ерекшеліктерімізді, халқымыздың тарихы мен мәдениетін, атадан балаға мұра болып келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды насихаттау жастарды патриоттыққа тәрбиелеудің жолы болып табылады.
Сондықтан, «Мәңгілік ел» Ұлттық идеясы негізінде тарихқа жаңаша көзқарас қалыптастырып, жастарды ұлттық рухта тәрбиелеудің маңыздылығы күннен күнге арта түсуде.
«Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының негізгі мәні – мемлекет құрушы қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени-рухани құндылықтары мен өзге де ұлттардың ұлттық идеяларын бір арнаға тоғыстыратын идеология екендігінде. Ол өткенімізді таразылап, сабақ ала отырып, жарқын болашағымызды баянды ету жолында, Қазақтың мәңгі жасайтын ұлттық мемлекетін құруды мақсат тұтады [2.,4]. Сондықтан, «Мәңгілік ел» Ұлттық идеясы негізінде тарихқа жаңаша көзқарас қалыптастырып, жастарды ұлттық рухтқұндылыққа тәрбиелеудің маңыздылығы күннен күнге арта түсуде.
Білім беру үдерісін ұйымдастырудың басты ерекшелігі білім беру мен тəрбиенің бірлігі болып табылады. «Мəңгілік Ел» идеясын білім беру мен тəрбиелеуде іске асыру тетіктеріне білім беру құндылықтарын, қазақстандық патриотизм жəне азаматтық жауапкершілікті, ашықтық пен ынтымақтастықты қалыптастыру, өмір бойы білім алу жəне т.б жатады. Қазақстан халқын біріктіретін «Мəңгілік Ел», «Қазақстан – ортақ мекеніміз», «Қазақстан – менің Отаным» жалпыұлттық идеяларын жүзеге асыруда мектептердің рөлі аса маңызды болып табылады.
Тәуелсіз Қазақстан жағдайында мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие беруде қазақ әдебиеті пәнінің алатын орны ерекше. Өйткені жалпы тәрбиелеу үдерісі біріншіден отбасынан бастау алып, мектеп арқылы жалғасын табады. Баланы отбасында патриоттық сезімге тәрбиелеу, ана тілін үйрету, ұлттық мінез-құлық қалыптастыру, ұлттық салт-дәстүрді сақтауға баулу, шыққан ата тегін білуді таныту – ата-ана парызы болса, әдебиет пәні мұғалімнің міндеті көркем шығармалар арқылы тәрбиелеу. Әдебиеттегі шығармалар ойды да, сезімді де тәрбиелейді, мінез-құлықты қалыптастырады. Оқырман жағымды кейіпкерлерге еліктейді, одан үлгі алады [3.,6].
М.Жұмабаевтың «Елдің елдігін сақтайтын- әдебиеті, тарихы, салт-дәстүрі деген нақыл сөздері бар»[4.,203]. Мәселен 5-сыныптың қазақ әдебиетін алсақ, ежелден қалыптасқан қазақтың отансүйгіштігін, ұлтжандылығын айқын көрсететін шығармалар ұсынылған, оған қазақтың мақал-мәтелдері де дәлел. Мәселен, туған жер, отан туралы мақал-мәтелдер: «Отан үшін отқа түс — күймейсің», «Отанды сүю отбасынан басталады», «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас», «Көп түкірсе — көл», «Елдің көзі — елу» т.б болып кете береді [3.,25]. Мақал-мәтелдердің өзі қазақтың елін, жерін, Отанын сүюінің негізі болып табылады. Қазақ әдебиеті пәні оқушылардың ішкі дүниесін, рухани-адамгершілік келбетін қалыптастыруға бағытталған, бұл пәннің бұл тұрғыда ерекше мүмкіндіктері бар. Өйткені оның мазмұнында ұлттық құндылықтар жарасымды үйлесім тауып жатады. Мұның өзі халқының өзіне тән ұлттық ерекшелігін терең танып, көре білуге мүмкіндік береді. Мәселен 7-сынып оқулығында лиро-эпостық жырлар, қазақтың би-шешендерінің сөздері, жыраулар поэзиясы оқушыға ұлттық таным, патриоттық тәрбие берсе, ежелгі дәуір әдебиеті бөлімінде Түрік қағанаты заманында қолбасшы болған Күлтегіннің, «Оғыз Қаған» дастанында Оғыз батырдың түркі елін жаудан қорғаудағы ерлік істері, әскери жорықтары, даналығы оқушылардың сана-сезіміндегі патриоттық сезімнің қалыптасуына оң әсер береді[4.,49-51].
Сан ғасырлық ұлттық тәрбиенің этнопсихологиялық негіздерін бір арнаға түсіріп, қазақ ойшылдары мен ағартушыларының, қоғам қайраткерлерінің еңбектеріндегі ұлттық тұлға тәрбиесі туралы ой – пікірлерін, үлгі-өнегесін тәрбие мәселесінде көп пайдаланамын. Мысалы, Жамбыл Жабаевтың «Патша әмірі тарылды» (1916 жылғы оқиға) өлеңі 1916 жылы Ресей патшасының жарлығымен қазақтың жігіттерін майданға қара жұмысқа алғаны жөнінде суреттейді. Ол жарлық рухы биік қазақ халқын қорлаумен бірдей еді. Халық наразалықтарын білдіріп көтеріліске шықты [5.,81-82]. Бұл өлең қазақ халқының намысшыл, өз елінің ертеңгі жарық сәулелі күні үшін жан қияр халық екенін ұғындырады. Мағжан Жұмабаевтың «Өткен күн» өлеңі Сарыарқаның кереметтерін суреттеп, оқушылар бойында туған жердің табиғатына деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастырады, сонымен қатар «Сүйемін» өлеңінде «Сол анамды сүйемін», «Сол жарымды сүйемін», «Сол елімді сүйемін», «Сол Арқамды сүйемін» деген сөздері арқылы ақын туған халқын, елін, жерін айтып отыр [4.,104]. Ендеше, ақынның өз елінің патриоты екенін сезінген оқушылар Мағжан Жұмабаевты өздеріне үлгі ретінде тани біледі.
Батырлық жырларының да білімділік және тәрбиелік мәні зор, қандай шығарма болса да оның негізгі мақсаты – тәрбие. Ауыз әдебиеті – халықтың ой-санасы мен мінез-құлқын қалыптастыратын тарихи мектеп. Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасында бас кейіпкер, қазақтың біртуар батыры Баян інісі Ноянның өз елінің жауы қалмақ қызымен кетіп қалғаны үшін туған інісін өлімге қиюы арқылы батырдың отансүйгіштігін көрсетіп, әр оқушының жүрегінде елге, жерге деген сезімдерін ұялатады.
Әрбір сабағымызда Қазақстан елінің күнделікті тұрмыс-тіршілігі, оның жетістіктері туралы айтып отырсақ, оқушылардың да өз еліне деген сүйіспеншілік сезімдері қалыптасады.
Біздің ойымызша, мұндай ұстанымдар «шынайы патриотизм» түсінігінің мәнін ашып көрсетеді. Осындай әдеби шығармалар ата-баба дәстүрінің ізімен жастарды жауынгерлік рухқа баулуды, Отанға, халыққа шын сүйіспеншілікпен қарауды, ата салтын құрметтеуді, ел тарихына қызығушылықпен қарауды тәрбиелеу әдебиет сабағында үлкен жетістікпен іске асады. Ұлы педагог Мағжан Жұмабаев «Педагогика» еңбегінде ұрпаққа ұлттық тәрбие беруге зор көңіл бөлді. «Әр тәрбиешінің қолданатын жолы – ұлт тәрбиесі болсын»,-дейді [6.,2]. Сондықтан да ұлтжанды, Отанын сүйген патриоттар салт-дәстүрін, тілін, дінін жетік білген азаматтар болмақ.
Қазіргі кезде қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар саласында зерттеу жүргізуші ғалымдар халқымыздың сан ғасырлардағы рухани мұрасын, әсіресе оқу, тәлім-тәрбие мәселесін философия, психология, педагогика ғылымдарының зор жетістіктерін пайдаланып, асыл қазыналарын жоғары теориялық биіктен талдап, ғылыми көзін ашуда. Қазақ елі жастарының 1986 жылғы желтоқсандағы рухани сілкінісі туғызған қайта түлеу үдерісі, сол патриотизмнің даму барысын өзгертуге, сөйтіп, шынайы ұлттық патриоттық тәрбие қағидаларын (принциптерін) қайта қарауға ықпал етті.
А.А.Бейсенбаева «Қазақтың ерлік эпосы арқылы жоғары сынып оқушыларына патриоттық тәрбие беру» атты ғылыми еңбегінде «патриотизм», «патриоттық тәрбие» ұғымдарының мәні, олардың құрылымдық компоненттері мен функцияларын нақтылап, мектеп оқушыларының патриотизмін сыныптан тыс жұмыстарда қазақ ерлік эпосы арқылы қалыптастырудың механизмін жасады. Бұл жерде ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін бүкіл әлемдегі достықта емес, одан жоғары қарау ұстанымы анық байқалады[7.,6].
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасының «Қазақстан мұраты» деп аталатын бөлімінде айтылған еліміздің тұтастығын, оның тыныштығын мемлекетімізге қауіп төндіретін қандай да болмасын ішкі және сыртқы күштерден сақтау міндетінің өзі — жастарымызды отаншылдық, елжандылық, патриоттық қасиеттерді сақтауға шақырады. Баланы Отанды сүюге, ол үшін аянбай еңбек етуге елжандылыққа тәрбиелеу — әр педагогтің басты міндеті болып саналады[8.,3].
Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан елінің жас ұрпақтарын отаншылдыққа тәрбиелеу – аса маңызды идеологиялық міндеттеріміздің бірі деп білеміз. Ал оны елдің Туын, Елтаңбасын, Әнұранын қастерлеуден, заңды, өкіметті құрметтеуге тәрбиелеуден бастау керек. Әрбір адам бала кезінен: Қазақстан – менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты, мен де ол үшін жауаптымын деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей еткен жөн [9.,112-113]» деген сөздерімен қорытындылай отырып, еліміздің әрбір азаматы өз елінің патриоты болсын десек, оның бойындағы патриоттық сезім отбасында, балабақшада, мектеп қабырғасында қалыптасуы тиіс деп ойлаймыз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Н.Назарбаевтің 10.01.2018ж Қазақстан халқына Жолдауы
- Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ., орта білім беру мазмұнын жаңарту аясындағы бағдарлама бойынша біліктілікті арттыру курсының үлестірме материалы: 1-күн, 1-сабақ.
- Дайыр Ә., Айтқалиев Қ., Беркімбаева Ш., Құрманбай Г., Қазақ әдебиеті оқулығы – 5 сынып. «Атамұра», 2010. — 302 бет.
- Қ.Құрманбай, К.Пралиева. Қазақ әдебиеті оқулығы – 7 сынып. «Мектеп», 2009. — 128 бет.
- Қазақ тілі мен әдебиеті журналы – №9, 2006. – 128 бет, «Өлең табиғаты арқылы ақындық болмысты таныту» мақаласы.
- Ғаламтор сайты – Мәншүк Маметова атындағы Қызылорда колледжі, «Жас жеткіншектер бойындағы патриоттық тәрбиені қалыптастыру» мақаласы – 2 бет.
- Бейсенбаева А.А. «Қазақтың ерлік эпосы арқылы жоғары сынып оқушыларына патриоттық тәрбие беру»,
- Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан-2030» стратегиясы -77 бет.
- Назарбаев Н.Ә. «Тәуелсіздік белестері». Алматы, «Атамұра». 2003. — 335 бет.