1.Мектебімнің тарихы — тұнған шежіре
(Ю.А.Гагарин атындағы №1 Күршім орта мектебінің ашылу тарихы)
№1 Күршім орта мектебі “ВЛКСМ-нің Х-съезі” аясында құрылып, пайдалануға 1960 жылы 12 қаңтарда берілді. 5 наурызда мектептің ашылу салтанаты болып, ең алғашқы сабақ өтті. Мектеп орыс және қазақ тілінде білім беруге мамандандырылды. 1961 жылы 12 сәуір күні адамзат тарихында алғаш адамының ғарышқа ұшуына байланысты мектепке Ю.А.Гагарин есімі берілді. Алғашқы мектеп басшысы Вечканов Григорий Сергеевич болды. Кейіннен Санк-Петербург қаласына көшіп, тарих ғылымдарының докторы атағын қорғады, профессор. Ең алғашқы оқу ісінің меңгерушісі математика пәнінің мұғалімі Семенцев Сергей Радионович болды. Мектеп ұжымы 44 адамнан тұрды. Мектеп ұжымының ең алғашқы ұстаздары: Незамиев Файзулла Незамиевич пен Жангудеева Зинат Незамиевна(бастауыш сынып), Вечканова Нина Семеновна (химия), Жакупова Шамшия Камзиновна (математика), Баксикова Мариям Исаевна (қазақ тілі), Весканов Владимир Яковлевич (өндірістік білім беруді ұйымдастыру), Акулов Владимир Иванович (физика), Бах Мария Валентиновна (неміс тілі), Молдаханов Мұқатай Молдаханович (химия), Далымбаев Бабыкен мен Акулова Любовь Петровна (еңбеккке баулу), Шестаков Борис пен Кузнецова Нина Степановна (тарих), Шериязданов Мунир Шериязданович (еңбекке баулу) және тағы басқалары қызмет атқарды.
Мектепте қазіргі кезге дейін 17 мектеп басшысы ауысты: Вечканов Григорий Сергеевич, Жунусов С.Ж., Артеменко В.Е., Фадеев, Корягин С.И., Токарев В.Ф., Веряскина В.Л., Чупаченко А.Д., Кузнецов Н.А., Шакиров М.А., Досаев Б.Д., Сембаев К.К., Каськова Л.И., Якушева О.В., Сулейменова Ж.С., Кожахметова Г.К., Мажибаев Ерболат. Әр мектеп басшысы біздің мектептің 58 жылдық тарихына өз үлесін қосты.
Мектебіміз 58 жыл ішінде еліміздің тарихына орасан зор үлес косып, елге белгілі тұлғаларды оқытып шығарды. Олардың ішінде атақты тұлғалар – әлем чемпионы, Эверест шыңын бағындырған алғашқы әйел Екатерина Николаевна Дорофеева (Иванова) , Тамаша театры актері Уайс Султанғазин, генерал Даиров Мүслім Қадылбекович, Жұлдыз журналының редакторы, жазушы Сәукетаев Тұрысбек, волейболдан Қазақстан құрамасының экс-капитаны Марат Адрышев, атақты ортопед дәрігер Илизаровтың көмекшісі В.Устьянцев, облыстық «Менің өлкем» газетінің танымал журналисті Мадина Қайнар, облыстық мәслихаттың депутаты Атантай Мейірбаев, аудандық партия комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы С. Р. Рамазанов, облыстық мәслихаттың депутаты Атантай Мейірбаев, жоғары санатты дәрігерлер З. Сүйіндіков, Т. Камиев, В. Коновалов, К.Нұғыманов, Н.Емелин, белгілі кәсіпкерлер Сексембаев, Қ.Долданов, Калиакперов тағы басқалары кең байтақ өлкеміздің түкпір-түкпірінде қызмет атқарып жүр.
2. Дорофеева (Иванова) Екатерина Николаевна – альпинист (1962-1994)
Екатерина Дорофеева 1962 жылы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Платово (қазіргі Сарытау) ауылында дүниеге келген. 1972 жылы отбасымен Күршім ауылына қөшіп келді. 1979 жылы Күршімдегі Ю.А.Гагарин атындағы №1 орта мектепті бітіреді. Сол жылы Иркутскідегі политехникалық институттың геология-барлау факультетіне оқуға келеді. Таулы аймақта өскен қыз өз бағын құзға шығудан сынамақ болып, альпинизм, тау туризмі, шаңғы спортымен шұғылдана бастайды. Аз уақыт ішінде көптеген жарыстарға қатысып,көшбасшы атана бастады.
1983 жылы құзға шығудан спорт шебері кандидаты атағын алып, шаңғы жарысынан І спорттық дәрежеге жетеді. Сегіз жылдан кейін КСРО-дағы барлық жеті мыңдық таулардың шыңдарын бағындырды.
«Әлем шыңына шығу -1990» Эверест (Джомолунгма) шыңын бағындыруға арналған бірлескен қытай-кеңес-америка экседициясына қыздар арасынан таңдау Е. Дорефееваға түседі. 1990 жылдың көктемінде экспедиция Эверест шыңына шығуға аттанады. Тауға шығу 91 күнге созылды. 1990 жылы 10 мамыр күні қаһарман қыз Эверест шыңының басына шығады.
«Дүниенің төбесі» — Эверест (8848 м) шыңына шыққан Екатерина Дорофеева Кеңес Одағындағы тұңғыш, дүниежүзіндегі он бірінші әйел болған. Эверест шыңын бағындыруда көрсеткен жоғары спорттық шеберлігі, ерлігі мен қаһармандығы үшін Е.Н. Дорофеева «Жеке ерлігі үшін» орденімен марапатталып, «Еңбек сіңірген спорт шебері» атағы берілді. Дорофееваның басты мақсаты — әлемнің барлық сегізмыңдық шыңдарын бағындыру еді. «Жердің патшасы» — әлемнің 14 сегізмыңдық шыңдарын бағындыру альпинизмде үлкен жетістік болып саналады. Е. Дорофеева Камченджанга шыңына дейін үш сегізмыңдық шыңды бағындырған екен. Олар – Шиша-Пангму (8027м), Манаслу (8156 м), Эверест (8848м).
1994 жылы Белорус экспедициясының жетекшілігімен С.Новикова мен Е.Дорофеева өздерінің төртінші сегізмыңдық тау нүктесі Камченджангаға аттанады. 1994 жылдың 10 қазаны күні қар көшкіні кезінде қаза табады.
Е. Дорофеева альпинистерге ғана берілетін «Снежный барс » даңқының иегері.
2012 жылы Иркутск қаласында алғаш құрылған кеңестік экспедицияның 30 жылдығы мен Е.Н.Дорофееваның туғанына 50 жыл толуына орай Университетский микрорайонында Екатерина тұрған үйге мемориал тақта орнатылды: «Осы қабырғаларда геолог, атақты альпинист- «Снежный барс», барлық жеті мыңдық шыңдарды бағындырушы, оның ішінде планетаның ең биік шыңы –Эверест, РМ-79-1 тобының студенті, «жеке ерлігі үшін» орденінің иегері, еңбек сіңірген спорт шебері Екатерина Иванова (Дорофеева). Қазан айында Канченджанга (Гималаи) шыңына шығу кезінде қаза тапты)»-деп жазылған.
3.Даиров Мүслім Қадылбекұлы (1959)
1959 жылы 29 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауылында дүниеге келген. 1976 жылы Ю.А.Гагарин атындағы №1 Күршім орта мектебін бітіріп, А.И.Прошляков атындағы Түмен жоғары әскери-инженерлік командалық училищесіне оқуға түсті. 1980 жылы А.И.Прошляков атындағы Түмен жоғары әскери-инженерлік командалық училищесін бітіріп, инженерлік-саперлік батальоның, инженерлік-саперлік взводында командир болып қызметке тұрды.
1983 жылдан 1986 жылға дейін-инженерлік-саперлік ротаның командирі.
1986 жылдан 1987 жылға дейін-мотоатқыштар полкінің кадр инженерлік қызметінің бастығы.
1987 жылдан 1988 жылға дейін-оқу орталығының инженерлік қызметінің бастығы.
1988 жылдан 1991 жылға дейін- А. И. Прошляков атындағы Түмен жоғары әскери-инженерлік академиясында оқыды.
1991 жылдан 1993 жылға дейін-жеке инженерлік-саперлік батальон командирі.
1993 жылдан 1998 жылға дейін-ҚР ҚМ инженерлік әскерлер басқармасының аға офицері.
1998 жылдан 2003 жылға дейін ҚР ҚК Бас штабының штаб бастығы, инженерлік әскерлер басқармасы бастығының орынбасары және бастығы лауазымдарын атқарды.
2003 жылдан 2004 жылға дейін — ҚР ҚК оқ-дәрі арсеналдары мен базалары Бас басқармасы бастығының орынбасары.
2004 жылдан 2007 жылға дейін-ҚР ҚМ Штабтар бастықтары комитеті арнайы әскерлер департаментінің бастығы.
2007 жылдан қазіргі уақытқа дейін-ҚР ҚК Арнайы әскерлер Бас басқармасының бастығы.
1981 жылдың желтоқсан айынан 1984 жылдың сәуір айына дейін ДРА-да әскери көмек көрсету үшін Кеңес әскерлерінің құрамында қызмет атқарды.
2 дәрежелі «Даңқ», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, «Ерлігі үшін» медалімен және 9 медальмен марапатталған.
4. Марат Адрышев (1972)
Марат Адрышев (1972 жылы 25 сәуірде туған) — Қазақстан Республикасының волейбол құрамасының экс-капитаны. Жоғары спорт мектебін бітірген, Қазақстан Республикасының Жоғары лига чемпионы. КСРО кубогының иегері. Қазақстан Республикасының спорт шебері.
2002 жылы Аргентинада өткен ерлер арасындағы волейболдан Әлем чемпионатында волейболдан Қазақстан ерлер құрамасының құрамына кірді.
2002 жылы Оралдық «Конденсат» үшін ойнады.
2004 жылы Алматылық «Рахат-ЦСКА» үшін ойнап, мансабын кәсіби деңгейде аяқтады. Қазіргі уақытта президенттік күзетуде жұмыс істейді, подполковник.
5. Сәукетаев Тұрысбек (1950 ж.)
1950 жылы 14 қарашада Ресей Федерациясының Алтай өлкесінде дүниеге келген. 1968 жылы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының Ю.А.Гагарин атындағы орта мектебін бітіріп, сол жылы Алматы Халық шаруашылығы институтына оқуға түседі. Осы оқу орнының екі курсынан кейін 1970 жылы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті (қазірі әл-Фараби атындағы ҚазҰУі) журналистика факультетіне түсіп, сәтті аяқтайды.
Т. Сәукетаевтың алғашқы «Ұстаз» атты өлеңі 1965 жылы Күршім ауданының «Коммунистік еңбек» газетінде жарияланған. 1975 жылы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына қызметке орналасып, 1975-1989 жылдары — «Қазақфильм» киностудиясында аударма фильмдер бірлестігінде аудармашы қызметіне орналасып, сонда 16 жыл бойы еңбек еткен.
1989-1999 жылдары — «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарған. Қазір «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары қызметін атқарады. 1997-2014 жж. «Хабар» Агенттігінде кинофильмдер аудару бөлімінің бас редакторы.
Көптеген әңгіме-повестердің авторы: «Сүткенже» («Последыш»), «Айлы түн еді» («Была лунная ночь»), «Қайыңдар, аппақ қайыңдар» («Березы, мои березы»), «Көлеңкелер патшалығы» («Царство теней»); «Айқараңғысы» («Межлунье»), «Желқайық» («Парусник»), «Эпилог», «Қызылбалақтың қазасы» («Гибель красноногого орла»), «Мен — жындымын» («Я — сумашедший»).
Аударма саласында өнімді еңбек етіп келеді. Екі жүзден астам киносценарий, Ги де Мопассанның, Амброз Бирстің новеллалары, Голдо Мейердің «Менің өмірім» кітабын тәржімалаған.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері. «Жалын» журналының әдеби байқауы, «Қазақ хандығы -550» байқауының жүлдегері. 2017 жылы «Мен – жындымын» романы Жылдың үздік кітабы болып танылды.
«Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Қазақстан Жазушылар Одағы Басқармасының мүшесі.
Идрышева (Донбаева) Сара Қимадиқызы, ғылым докторы, профессор
1954 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Платов (Сарытау) ауылында дүниеге келген. Ю.А.Гагарин атындағы №1-мектептің түлегі. Қазақ Мемлекеттік Университетінің заң факультетін бітірген. 1979-жылдан ҚР ІІМ-нің тергеу органында жұмыс істеді. Өскеменде ІІМ –де канцелярлық бөлім басшысы болды. Подполковник дәрежесінде зейнетке шықты. ШҚМУ-да ұлағатты ұстаз болып, 2500 шәкірті Қазақстанның әр түкпірінде юрист, адвокат, Ішкі Істер Министрлігінде еңбек етеді. «Қазақстан Республикасының азаматтық құқығы» оқу құралын жазған. Астана қаласында Қазақстан Мемлекеттік Заң Университетінде сабақ береді.
ІІІ. Қорытынды. Ауданымызда инклюзивті оқытумен 6 мектеп қамтылып, соның ішінде біздің мектебіміз тірек мектеп болып бекітілді.
Елімізде жүргізіліп отырған саясатқа сай мектебімізде оқушыларға білім алуға барлық жағдай жасалып отыр. Сонымен бірге қазіргі уақыт талабынан туындап отырған көптеген игі іс-шаралар оқу-тәрбие үдерісіне енгізілуде. Соның бірі – «Робототехника» кабинетін ашу. Робототехника дегеніміз – бірнеше пәннің үйлесім табуы. Робот жасау арқылы балалардың ойлау қабілеті дамиды, балаларды техникалық шығармашылыққа баулуға, құрастыру машығын дамытуға, модельдеу мен бағдарламалауға, яғни ғылымға баулиды. Робототехника өмірдің барлық саласында қолданылады. Мысалы, өздігінен ашылып-жабылатын есіктер. «Робототехника» кабинетін ашу үшін кабинет құнының жарты бағасын қолдау көрсетушілер тарапынан жинау керек еді. Осы ретте мектеп әкімшілігі және ұстаздар қауымы түсіністікпен қарап, қысылғанда қол ұшын созып, қаржылай көмек көрсеткен, ең алдымен, ата-аналарға, мектеп түлектері Қалибек Калиолданов пен Абай Долдановқа, кәсіпкер азаматтар Әділдабек Сақалбаевқа, Манарбек Сыдықовқа, Төлеубек Ерғалиевке алғысымызды білдіреміз. Жиналған соманың ішінде мектеп ұжымың қосқан үлесі де бар. Мектеп әкімшілігі бір кабинетті бөліп, арнайы «Робототехника» кабинеті ретінде жабдықтауға дайындап, қазіргі күні кабинет іші жөндеуден өткізіліп,оқушыларды қуантуда.
Сан мыңдаған балдырғанға білім нәрін құйып, кеуделерін нұрландырып, болашақ өмірлеріне жол бағыттап, үлкен өмірге аттандырған мектеп. Елу жылдан астам тарихы бар мектебімізде бүгінгі таңда 502 шәкірт тәлім-тәрбие алып отырса, 69 ұстаз шәкірттерге білім беруде. Осы уақыттың ішінде 17 мектеп басшысы ауысып, бүгінгі күні мектебімізді Е. Мажибаев басқарып отыр.
Білімді ұрпақ тәрбиелеу – осы күнгі ұстаз қауымы алдында тұрған үлкен мәселе. Осындай ауыр жүкті арқалап келе жатқан мектебіміздің әлі де жетер жетістігі, алар асуы, бағындырар белесі алда. Өз мектебімнің тарихына талдау жасай келе, өлкемізге қатысты тұлғаларды зерттедім. Осы есімдер еліміздің тарихына орасан зор үлес қосты. Мен оқып келе жатқан мектеп тарихымен, түлеп ұшқан тұлғалармен мақтана аламын. Мен өз мектебімнен келешекте осындай елге және әлемге әйгілі тұлғалар шығады деп ойлаймын.
Пайдаланған әдебиеттер:
1.Шығыс Қазақстан Облысының А.С.Пушкин атындағы орталық кітапхана сайты: http://pushkinlibrary.kz/kz
2.Википедия сайты: https://kz.wikipedia.org