+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Дс - Жм: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Желілік басылым айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады

ШҚО ақпараттық-педагогикалық газеті
Бүгін: Сенбi, 31 қазан 2026 жылы
Осы нөмірден оқыңыз: № 10 - 2026

2000 жылдың қыркүйегінен бастап шығарылады. Куәлік №16323-СИ

Заманауи білім мен тәрбие көзі – жаңартылған білім мазмұнында

Абетаева Г.З., «Өрлеу» БАҰ АҚ филиалы ШҚО бойынша ПҚ БАИ «МКДППІ» кафедрасының аға оқытушысы

 "Сабақ беру жай ғана шеберлік емес,
ол жаңадан жаңаны табатын өнер".
                               Ж. Аймауытов 


Бүгінгі таңда білім саласының алдында дайын білімді, дағдыларды меңгеретін, шығармашылық бағытта жұмыс істейтін, тың жаңалықтар ашатын, біртума ойлау қабілетімен ерекшеленетін жеке тұлға қалыптастыру міндеті тұр.
Білім мазмұнын жаңарту жағдайында ерекше басымдық оқушылардың кең ауқымды дағдыларды игерулеріне беріледі. Ал кең ауқымды дағдыларға оқушының білімді функционалдықпен  және шығармашылықпен қолдануы, сын тұрғысынан ойлауы, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, өз әрекетінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдана алуы, коммуникативті қарым-қатынас тәсілдерін, оның ішінде тілдік дағдыларды пайдалану, топпен және жекелей жұмыс жасай алуы мен уақытты тиімді пайдалана білуі жатады. Бүгінгі мектеп кең ауқымды дағдылардың негіздерін меңгерген оқушы тұлғасының үйлесімді қалыптасып дамуына қолайлы білім беру ортасын құруды мақсат етеді. Себебі ұстаздардың алдында тұрған міндет - еркін, өзіндік дәлелдерін жеткізе білетін, ынталы, сенімді, сыни пікір-көзқарастары жүйелі дамыған, сандық технологияларда құзырлылық таныта алатын оқушы тәрбиелеу.

 Ал жаңа бағдарлама бойынша оқушыларды тәрбиелеу, дамытуға бағытталған мұғалімнің күнделікті жұмысы оқыту үдерісі мен оқушылардың оқу нәтижелеріне оң ықпал етуге бағытталған. Яғни, оқушыға нақты білім беруді мақсат тұтқан мұғалімнің өзі сабақтарын оқушының идеясы мен білім-біліктілігін дамытуға ықпал ететін міндеттерге сай ұйымдастыруын талап етеді. Мұндай міндеттер оқушылардың оқыған тақырып бойынша білімдерін өз деңгейінде көрсетіп, кейбір болжамдар бойынша күмәнді ойларын білдіре алатындай, пікір- көзқарастарын нақтылап, жаңа ұғым-түсініктерін өрістетуге орайластырып құрылады. Қазақ тілі мен әдебиетін оқытуда дәстүрлі оқытудай көп ақпарат беріп, көп білгізу емес, оқушының тілдік және коммуникативтік құзіреттілігін дамыту алдыңғы қатарға шығады. Оның ішінде  тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдыларын қалыптастыру басты нысанға алынады. Коммуникативтік тәсілдер арқылы оқушының тіл туралы, ұлттық және жаһандық мәдениеттің маңызы туралы түсінігін кеңейте отырып, қазақ тілін табысты үйретуді көздейді.

Жаңартылған білім мазмұны жағдайында жүргізілетін сабақтар оқушыларға өз білімдері мен ұстанымдары жайында ойланып, сұрақтар қойып, білімін толықтырып, білгілі бір тақырыпты оқып-білу кезеңінде өз түсінігін өзгертуге мүмкіндік береді. Бұл үдеріс оқушының өз болжамдарына күмәнмен, сыни тұрғыда қарай отырып, сол арқылы әлем, тіршілік, жаратылыс туралы өзінің түсінігін тереңдетіп, кеңейтуге ұмтылу мүмкіндгін ұлғайтады. Сабақ барысында құрбы-құрдастарымен әлеуметтік байланыс жасау арқылы белсенді түрде білім жинақтайды. Жаңарған білім беру мазмұнының басты ерекшелігі — ең алдымен пән мазмұнын спиральді қағидатпен берілуі. Бұл дегеніңіз – оқушының белгілі бір дағдыны жүйелі түрде жеңілден күрделіге өту қағидатына сәйкес игеруі. Жалпы шиыршық тәріздес оқу қағидаты дегеніміз – біріншіден, оқушы мектептегі оқу үдерісінің барлық кезеңінде тақырыпты бірнеше рет қайталап оқиды; екіншіден, әрбір қайталап оқыған сайын тақырыптық немесе пәннің күрделілігі арта түседі; үшіншіден, жаңа тақырыпты өту алдыңғы тақырыптармен тығыз байланысты және алдыңғы ақпараттың аясында қарастырылады. Бұл оқытудың басымдығы оқушы пәнді қайталап оқыған сайын ақпарат бекітіліп отырады, жеңіл идеялар күрделі идеяларға қисынды жолмен ауысып отырады.
Жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша жүргізілетін сабақтарда оқушы белгілі бір тақырып жайында ой қозғайды, сұрақтарға жауап береді, мәтін тыңдайды, бірлесе топта талқылайды, ой қорытып, идея шығарады.
Жеке тұлғаны өзінің өмірлік мәселелерін, тиімді және рухани тұрғыдан шешетіндей өмір сүруді үйренуге бағыттау – сындарлы оқытудың негізгі мақсаттарының бірі. Сол себепті сабақ беру үрдісінде қолданылып жүрген педагогикалық әдіс-тәсілдер де оқушының дамуына негізделген. Зерттеушілердің пікіріне сүйенсек, «сұрақ қою маңызды дағдылардың бірі болып табылады және де оқушылардың оқуына қолдау, демеу көрсетіп, оны жақсартады, дүниетанымын кеңейтеді» деген Мерсер мен Литлтон пікірлерімен келісеміз. Шын мәнінде, іс-тәжірибеден байқағандай, сұрақ қоюға бағытталған әдіс-тәсілдер арқылы оқыту білім сапасын жақсартып, оқушының пәнге деген қызығушылығын арттырып, белсенді іс-әрекеттерге жетелеуге болатындығын көріп жүрміз. Дұрыс қойылған сұрақ, қолданылған әдіс оқушыны түрлі идеялар туғызуға итермелейді. Мәселен, қазақ әдебиеті сабақтарында «Коллаж әңгіме», «Негізгі салмақ идеяға», «Өрмекшінің торы», «Идеялар тоғысуы», «Құпия қоржын», «Данышпан үлгілер» т.б. стратегиялары оқушыларды тапсырмаларды қызығушылықпен орындап, ойланып, сұрақтарға жоғары деңгейде жауап беруге жетелейді. Сын тұрғысынан ойлауды дамытуда сұрақтардың маңызы ерекше. Мақсатты қойылған сұрақтар оқушының ойлау жүйесінің дамуына, жүйелі мазмұндауға, ой-пікірлердің қалыптасуына ықпал етеді. Ал сұрақ қою арқылы мұғалім оқушыларды тақырып бойынша сындарлы сөйлеуге жетелейді, шынайы қызығушылықтары мен сезімдерін айқындайды, зерттеуге ынталандырады, басқа оқушылардың пікірін құрметтеуге, бағалай білуге үйретеді.
Мұғалімдер оқушылардың білім дағдыларына әсер ететін әдіс-тәсілдерді көптеп енгізген Американ педагог-психологі Бенджамен Блумның «Блум таксономиясын» сабаққа жиі енгізеді. Ол — сын тұрғысынан ойлауды қарастыруға болатын ойлау дағдыларының кеңінен қолданылатын иерархиялық модель. Оның мақсаты – оқытудың неғұрлым тұтас нысанын құру. Курс барысында тыңдаушылардың бірі Блум таксономиясына негізделіп құрылған тапсырмамен бөлісейін: 8-сынып, тақырыбы: Шәкәрім Құдайбердіұлы «Еңлік-Кебек» дастаны»
Ж. 3- тапсырма .  «Блум түймедағы» әдісі
Берілген сұрақтарға жауап бер. Шығарманың көркемдік-идеялық құндылығын гуманистік тұрғыдан талдап, әдеби эссе жаз. («Еңлік Кебек» дастаны — жеке адамдар ғана емес, бүкіл халық басындағы трагедияны суреттеген реалистік шығарма. Шәкәрім — Абай үлгісін жалғастырушы)

Білу

Дастандағы географиялық атауларды ата

Түсіну

Екеуінің қашып кетуіне не түрткі болды? Түсінік бер.

Қолдану

Дастандағы талас-тартыстың шығу төркіні неде? Мәтіннен тауып оқы.

Талдау

Екі жастың өліміне кім кінәлі? Аргументтер келтіре отырып талда.

Жинақтау 

Ақынның аталған дастанды жазудағы мақсаты не?

Бағамдау

Күнәсіз сәби  тағдырына баға беру.

Дескриптор:
1.Берілген сұрақтарға жауап береді.
2.Гуманистік, сыни тұрғыдан ойлайды.

3.Эссе жазады
Қ.Б.  «Үздік қабырға газеті» тәсілі арқылы бағалау. Оқушылар жазған үздік жұмыстарды қабырғадағы газетке ілу.
Міне, кез келген сабақты Блум таксономиясына негізделіп құрылса, оқу мақсаттары мен нәтижелеріне жетеріміз анық.

Қорытындылай келе, әрбір мұғалім «Мен әдістерді дұрыс қолдандым ба?», «Менің оқушыларым нені үйрене алды?», «Сыныпты оқыту барысында қолданған әдістерім қандай мақсатта жұмсалды, оны оқушылар қалай қабылдады?» деген сұрақтар арқылы өзінің жұмыстарына талдау жүргізіп отыру қажет. Бұл оқушылардың оқу дағдысына тек мұғалім ғана әсер етеді деген емес, оқушы құрбы-құрдастарымен өзара әрекет жасау арқылы әлеуметтік және танымдық жағынан ілгерілейді.
Білім мазмұнындағы жаңартулар мен өзгерістер бұл қазақстандықтардың алға қойған мақсаттарына жетудегі негізгі бағыты болып табылады. Бұл жүйеде педагогтің қызметіне үлкен жауапкершілік пен асқан табандылық қажет. «Сабақ беру жай ғана шеберлік емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер» деп Ж. Аймауытов айтқандай, өз пәнін, өз мамандығын, шәкірттерін сүйетін мұғалім үнемі ізденіс үстінде болады деген ойдамын.
Мұғалім жұмысының басты нәтижесі – тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы болып табылатын жастарды тәрбиелеу. Білімдегі жетістік ғылымдағы жетістіктердің, ал ғылымдағы жетістіктер–инновациялық дамудың қайнар көзі. Сапасы жоғары білімі бар ұрпақ тәрбиелеу арқылы ғана еліміз бәсекеге қабілетті мемлекет бола алатыны – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Зияткерлік ұлт болып қалыптасуымыздың негізі де сапалы білім алған ұрпақ екені даусыз.

Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype