+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Дс - Жм: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Желілік басылым айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады

ШҚО ақпараттық-педагогикалық газеті
Бүгін: Сенбi, 31 қазан 2026 жылы
Осы нөмірден оқыңыз: № 10 - 2026

2000 жылдың қыркүйегінен бастап шығарылады. Куәлік №16323-СИ

Жетім елге аманат!

Оразбаева Жанар Алпысбаевна, ШҚО ББ «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» КММ қарасты Жасөспірімдер үйі тәрбиешісі

Тарихқа көз салсақ, қазақ даласында жетімдер үйі деген болмаған. Өкінішке орай, соңғы жарты ғасыр да елімізде жетімдер үйі пайда болып, түрлі жастағы балалар сол үйлерде тәрбиеленуге мәжбүр болуда.
Ата-анасының қамқорлығынан айырылған жәутең көз бала мемлекеттің қамқорлығымен өсіп-жетілер-ау, бірақ оған ата-ананың аялы алақаны мен отбасылық аура ауадай қажет екенін кім түсінеді?! Балалар үйінен шыққан соң қоғамға сіңіп кете алама? Ауыр болса да, мойындайтын мәселе осы болып тұр.
«Жетім» араб тілінде «жалғыздық» дегенді білдіреді. Жетім сөзінің «ғапыл және дағдарып қалу» дегенді білдіреді дегендер де бар. 

Жетімдік – баланың әлеуметтік, психикалық дамуына қатты әсер етеді. Ата-анадан айырылған және балалар үйіне түскен балалардың жалпы психикалық, әлеуметтік жағдайы төмендейді, өзін-өзі реттеп-бағыттауы бұзылады, көңіл күйі жабырқау болады. Балалардың басым көпшілігінің өмірге құштарлығы жоғалады, өзіне-өзінің сенімсіздігі күшейіп, бойын үрей басады. Эмоционалдық-танымдық талпынысы төмендейді де, интеллектуалдық дамуы тежеледі. Жетімдік екі түрге жіктеледі:

  • әлеуметтік жетім – ата-анасы бар немесе қайтыс болмаған, бірақ ата-ана өз келісімдерімен баладан бас тарту, сондай-ақ ата-ананың түрлі сол қылықтарға бару арқылы олардың құқықтарын шектеп баланы айырып алу;
  • тұл жетім – ата-анасының екеуi де немесе жалғыз басты ата-анасының біреуінің қайтыс болуы тұл жетім деп аталады.

 Бүлдіршіндер 3-4 жасқа дейін Денсаулық сақтау, мектепті аяқтағанға дейін Білім және ғылым министрлігінің құзырында болады. Мектеп қабырғасынан шыққаннан кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүгінеді.

ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің мағлұматы бойынша республикада 2015 ж. басына жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған (бұдан әрі-жетім балалар) балалар саны 32 362 жетіпті. Бүгінгі күнде интернаттық мекемелердің жүйесі 58 балалар үйі мен интернат мектептер, 25 бала үйі, 18 ақыл-есі кем балаларға арналған балалар үйі-интернаттар, білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму жүйесінің 13 жетімхана, 28 жастар үйі, 29 балалар үйі мен отбасылық типтегі ауылдар және 17 жеке меншік балалар үйі құрайды [1]. Жетім балаларға қамқоршылық жасаудың Қазақстандық жүйесі балаларды «кәмілеттікке дейін ұстау» принципі бойынша жұмыс жасайды. Ал қоғамға тәрбиелеу мен әлеуметтендіру үшін Жасөспірімдер үйлері мен Жастар үйлерін ашу арқылы жүзеге асырылуда.

Жай ғана ой таразысына салып көрсек, сол мыңдаған жетім балалар бүгінде үкімет қамқорлығында болғанымен, болашақта барар жері, басар тауын қайдан іздейді. Хош, мектеп бітіріп, оқу орындарына түскендері жатақханаға жайғасады делік, бірақ ол да небәрі төрт жылға жалғаспай ма? Ал, оқуға түсе алмағандарын алдыда не күтетінін елестетудің өзі қиын. Жұмысқа орналасу, ең алдымен, белгілі бір жерде тіркеуде болғаныңды талап етеді. Сонда тағдырдан теперіш көргендерді тағы да толассыз кедергілерден кім құтқарады? Қоғамға қаншалықты сіңіп кете алады?

О баста балалар мемлекет қарамағына өткенде мүмкіндігінше интернаттық тәрбиеде емес, отбасылық үлгідегі тәрбиеге негізделген мекемелерде тәрбие алғандары оларға көп көмек болары анық.

 Отбасы үлгiсiндегi балалар ауылы және жасөспiрiмдер үйлерi туралы заңы (ҚР. 2000 ж. 13 желтоқсандағы N 113 Заңы.) жетiм балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың отбасында тұрып, тәрбиелену құқықтарын қанағаттандыру, сондай-ақ оларға имандылық-рухани, еңбек тәрбиесi мен бiлiм берудi жан-жақты қамтамасыз ету мақсатында құрылатын отбасы үлгiсiндегi балалар ауылдарының және жасөспiрiмдер үйлерiнiң құқықтық жағдайын айқындайды. Бұл балалардың отбасы үлгiсiндегi балалар ауылдары мен жасөспiрiмдер үйлерiнде бағып-күтiлуiне, тәрбиеленуiне, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары бiлiм берумен қамтамасыз етiлуiне байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi.

Балалар ауылы, әрқайсысында жасы он сегiзге дейiнгi жетiден он тәрбиеленушi балаға дейiн тұратын және тәрбиеленетiн бiрнеше отбасынан, сондай-ақ белгiлi бiр кезеңде кәмелеттік жасқа келгеннен жиырма үш жасқа дейiнгi балалар үйлерiнiң, жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар ауылының тәрбиеленушiлерi тұруға арналған жасөспiрiмдер үйлерiнен тұрады. ШҚО ББ «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» КММ-де ұлтына, жасына және жынысына қарамай бауыр, ағалы-әпкелі болып, татулық пен қамқорлықта, ұлттық тәрбие негізде тәрбиеленеді. 5-6 жастан бастап, мектеп аяқтап шыққанға дейін осы отбасы тәрбиесін алады. Отбасы тұрмыс тіршілігін көріп біліп, үйреніп өседі.

Мемлекеттің қарамағына өткеннен кейін әрине заң аясында барлық жағдай жасалады. Жаңадан түскен жетім және бір қамқоршысынан айрылған балаларға әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады. Тұрғын үй жинақ Банктен депозит ашылып, сонда салынып отырады. Тәрбиеленушілердің барлығы тұрғын үй кезегінде тұрғызылады. Мектеп бітіргеннен кейін тәрбиеленушілерді, әрине қабілетіне, біліміне, талпынысына, қалауына, шамасына қарай мамандық алу үшін оқу орнына тапсырады. Үкімет тарапынан мемлекеттік оқу орнына гранттар бөлінген. Бағы жанып оқу орнына түскен тәрбиеленуші әр тарапқа кетіп, жатақханаларына орналастырылады. Одан кейінгі тағдыры сол оқу орнына тапсырылады. Жасөспірімдер үйіне орналастырылған тәрбиеленушілер, осы мекеме міндет мақсаттарына сай мамандық алумен қатар қоғамға бейімделуіне тәрбиелену үстінде болады.

 Қазір бәсекеден тыс қалған бірде-бір сала жоқ. Ал барлық саланың қарыштап дамып, өркендеп өсуі білім мен ғылымның даму қарқынына тәуелді. Мұны «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ҚР Президенті Н. Назарбаев ерекше атап көрсетті: «Технологиялық революцияның беталысына қарасақ, таяу онжылдық уақытта қазіргі кәсіптердің жартысы жойылып кетеді. Экономиканың кәсіптік сипаты бұрын-соңды ешбір дәуірде мұншама жедел өзгермеген. Біз бүгінгі жаңа атауды ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді. Осыны түсінгендіктен, біз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырмыз. Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді». Иә, үрейлі көрінуі мүмкін, бірақ алдағы санаулы жыл ішінде бүгінгі қолданыстағы кәсіп түрлерінің тең жартысы қажетсіз болып қалары анық. Бұл мыңдаған адамға табыс көзінен айрылу қаупін тудырады. Мұндай қатер келешегін күні бұрын болжай білген мемлекеттер үшін ғана қауіпсіз. Ал, оң солын танып, енді қоғамға сіңісіп жатқан тәрбиеленушілер үшін бұл оңайға соқпайтыны шындық. Сол себепті мамандық таңдағанда болашақта өз өміріне азық болатындай заман талабына сай мамандық иесі болуға жол ашу керек. Осы мақсатта әр тәрбиеленушімен жеке әңгімелесу немесе түсіндіру жұмыстарын жасаған жөн. Күнделікті жаңалықтардан хабардар болып, көштен қалмауға тырысу керек. Жасөспірімдер үйінде тәрбиеленіп жатқан тәрбиеленушілер арасында қазіргі оқып жатқан мамандығына жылдар өте көзқарасы өзгеріп, басқа мамандыққа қызығушылығы пайда болып жатады. Әрине бұл арада үлкеннің (тәрбиешінің) ақыл кеңесі ауадай қажет болады. Мұндайда қабілеті, шама шарқы бәрі ескеріледі. Сол тәрбиеленушіге екінші мамандық ретінде ұсынып, сол мамандық иесі болуына жолын сілтеп, дайындық жасап, бағыт бағдар беріп отыру біздің міндетіміз. Соның дәлелі ретінде айтар болсақ, соңғы жылдары; Жасөспірімдер үйі тәрбиеленушілері Сулейменова Ғ.- «түрлі-түсті металлургия» мамандығын бітіріп, сол жылы «экономика» мамандығына жоғарғы оқу орнына; Потанина У. «кондитер» мамандығын алып шыққанымен, өз қалауымен «мектепке дейінгі тәрбиеші» мамандығына оқуға түсті. Біздің ең биік мақсатымыз келешегі кемел білімді заман талабына сай өзіне сенімді ұрпақ тәрбиелеу. Бала бойына сапалы білім мен үлгілі тәрбиені сіңіру, сол алған тәлім тәрбие өмірлеріне пайдасы тиіп жатса — тәрбиешінің алдына қойған басты мақсаты деп білемін. Әр тәрбиеленушілерді отансүйгіштікке, ұлттық салт-дәстүрімізді құрметтеуге, өз ортасын сыйлауға, сыйлы бола білуге, өз құқықтарын талап ете алатын толыққанды азамат етіп тәрбиелеуді осы мекеме табалдырығынан бастау алуы қажет.

Әкесі де, шешесі де балалар ауылы болған балалардың болашағы оларды өз баласындай көріп кеткен тәрбиешілер мен басшылықты да алаңдатады. Қолдарынан келген жәрдем, көмектерін аямайтыны сөзсіз. Сөзімнің дәлелі, балалар ауылы басшылығы осы мекемеден түлеп ұшқан қызымыз Сарсенбаева Диляраны өз мамандығы бойынша балалар ауылына хореограф ретінде жұмысқа алды. Алайда барлығына бірдей демеу болуға қолдан келетін дәрмен жоқ. Әйткенмен, осылай тағдырдың оларға жылышырай танытатын кездері де болады. Ол – қазақтың ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп өскен азаматтарының шынайы қамқорлығы. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған қазақ деген халық екенімізді жан-тәнімен түйсінген жанның адамшылық зор қасиеті.

 Тағы бір мәселе, өз өмірінде отбасылық өмірді көрмей өскен бала алдағы өмірінде де қалыпты отбасы құрып кетуі өте қиын нәрсе. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев 2012 жылдың 14 желтоқсанында «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауында жарияланғандай: «Елбасы ретінде мен әрбір сәбидің құқығы қорғалуын талап ететін боламын. Біздің топырағымызда туған кез келген сәби – қазақстандық. Және мемлекет оны қамқорлығына алуға тиіс. Мен ажырасуға қарсымын, жастарды отбасы құндылығы, ажырасудың қасірет екендігі рухында тәрбиелеу керек, өйткені оның салдарынан, ең алдымен, балалар зардап шегеді. «Әкесі қой баға білмегеннің баласы қозы баға білмейді». Бала тәрбиесі – тек ананың емес, ата-ананың екеуінің де міндеті» [14], деп жастардың алдына үлкен жауапкершілік пен міндет артады. Яғни әрбір бала болашақта берік отбасы болуы үшін, ол отбасылық өмірде дұрыс тәрбиеленуі керек екендігін ескертеді. Барлығы тәрбиеден басталады. Әр ата-ана перзентінің алдындағы жауапкершілігін сезініп, ата-аналық міндетін абыроймен орындаса бұндай жетім балалар көбеймес еді. Ал отбасында дұрыс тәрбие алмаған бала өсе келе өз әке- шешесінің тағдырын қайталамасына кандай кепілдік бар. «Ұяда не көрсек ұшқанда соны ілерсің» демекші, назардан тыс қалған балада келешекте өз перзентіне ата-аналық махаббатын бере алады дегенге күмән бар. Өз баласын өзегінен теуіп тастап кетіп жатқан қатігез аналарды жаңалықтардан жиі еститін болдық. Мұның өзі де баланың ішкі дүниесін ойран ететін, ілгеріде қандай келеңсіздіктерге себеп болатыны белгісіз дүние. Осындай тағдырмен балалар үйіне түскен әр балаға тәрбиеші, әке шешесіндей бола алама десеңізші. Әрине, барлық тәрбие жұмыстары жүргізіледі. Осы орада тәрбиешінің біліктілігі, адамгершілік қасиеттері, мейірімділік пен шыдамы ауадай қажет. Олардың алдында тәрбиеші жеке өзі үлгі болуға, жақсы мінезді болуға, жақсы істер істеуге әдеттенуі керек. Отбасылық құндылықтарды басты назарға қою керек. Ортада өзара құрмет, адалдықты, көркем мінез-құлықты сіңіріп, баланы тыңдап, өз- өзін бағалауын көтерсе, мұны қабылдаған бала ілгеріде елге пайдалы азамат болатыны, қоғамнан ойып орын алары сөзсіз.

Жасөспірімдер арасында жұмыс істегендіктен әңгіме барысында олардың айтуынша, басты қиындықтардың бірі — жұмысқа орналасу мәселесі ғана емес. Балалар үйінде тәрбиеленгендерге байланысты қоғамда қалыптасқан теріс көзқарас та олардың жұмысқа орналасуына көп кедергісін келтіреді. Қоғамда балалар үйінен шыққан, интернаттардан шыққан балалар туралы теріс пікір бар. Оларды «детдомдық» деп бөледі. Дұрыс жұмыс істей алмайды деп ойлайды. Баспана, мекен-жай да күрделі мәселе. «Осыдан кеткеннен кейін қай жақта тұрам» деген сияқты сұрақтар кез келген балалар үйі баласына қорқыныш ұялататыны рас. Бұны біздер осы салада жұмыс жасағандықтан жақсы білеміз. Түлектерімізбен араласып, қал жағдайларын сұрап тұруды міндет санаймыз. Балалар үйінде тәрбиеленген жасөспірімдерге ең әуелі қоғаммен байланыс жетіспейді. Сонымен қатар қоғам тарапынан да олардың бейімделіп кетуіне қолдау жетіспейді. Нәтижесінде соңында барар жер таппай қалады. Олардың бұдан кейінгі өмірлерін ешкім қадағаламайды, әр бала өзінің мектептен кейін қайда баратындығын ойлап, алаңдайды, қорқыныш пен өмір сүреді. Осы жүйе басынан аяғына дейін дұрыс жолға қойылса, мүмкін отбасында тәрбие алған балалар мен мекемелерде тәрбиеленген балалардың арасында айырмашылық қатты алшақтамайтын еді.

Қорыта келе айтарым: дүниеге келген әр сәби бақытты болуға лайықты. Олардың еш кінәсі жоқ. Оған біздер жауаптымыз. Әрбір Қазақстан азаматы өзінің әр ісіне жауапкершілікпен қараса және өмір жолында осындай жаны жаралы жандарды кездестіріп қалса, қолынан келгенше көмек берсе нұр үстіне нұр болар еді. Мұхаммед пайғамбарымыз бір хадисінде: «Кім Алла үшін бір жетімнің басын сипаса, қолы тиіп өткен әрбір тал шашы үшін сауап алады»,– деген. Ал балаға әкедей қамқорлық жасаған жанның сауабын Алла өзі көбейтер! Олай болса, жетімін жылатпаған, жесіріне қамқор болған иманды бабалардың ұрпағы ретінде бізде жетімге қарайласуды мұсылмандық міндетіміз ретінде қарайық. Алланың сүйіспеншілігіне бөленуді, ризашылығын алуды қалаған, жұмақтан үміт еткен мұсылман жетімге қамқор болсын. Алла осындай абыройлы да, сауапты істі жасап жатқан азаматтарға разы болсын дегім келеді.

Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype