+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Дс - Жм: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Желілік басылым айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады

ШҚО ақпараттық-педагогикалық газеті
Бүгін: Сейсенбi, 3 қараша 2026 жылы
Осы нөмірден оқыңыз: № 11 - 2026

2000 жылдың қыркүйегінен бастап шығарылады. Куәлік №16323-СИ

Қазақ зиялыларының рухани-адамгершілік тұлғасының ұлт тәрбиесіндегі рөлі

Зайсанбаева Г.Н., «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы ШҚО бойынша ПҚ БАИ тренері

Қазақ қоғамы, жалпы әлем технологияның қарыштап дамыған заманына кез келді. Әр заманның өз артықшылықтары мен қиыншылықтары бар.

Қай заманда болмасын, ұлттың бүгіні мен ертеңін айқындайтын күш - оның тұлғалары. Ұлттың қазіргісі мен келешегі тарихымыздағы зиялы қауымның ең көрнекі өкілдерінің жарқын образы арқылы қалыптасады. Ұлт зиялылары - жас ұрпақтың бағыт ұстар шамшырағы, ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі болып табылады.

 

Сол зиялы қауымның көшбасшысы ретінде, Қазақ елінің ғана емес, әлемдік ғылымның асқарын бағындырған ХХ ғасырдың көрнекті өкілі – Қаныш Имантайұлы Сәтпаев. Қаныш Имантайұлы тұлғасы тек жағымды сипатымен ұлт санасынан орын алған. Жастайынан білімге ұмтылуымен, ағартушылық, ғылым мен тәжірибені ұштастыруымен, еліне, халқына адалдығымен, әлемдік ғылымға өлшеусіз үлес қосуымен, жан-жақты білімділігімен сымбатты келбетімен, адамдықтың биік үлгісімен қазіргі жастарға үлгі, ұлтының ең озық көрсеткіші, мақтанышы.

Қ.Сәтбаев — өз заманында бүкіл әлемдік ғылыми ортаны мойындатқан қазақ ғалымы. Биыл ғалымның 120-жылдық мерейтойы ЮНЕСКО тарапынан атап өтілмек. Қаныш Имантайұлы Сәтбаев 1899 жылы 12-сәуірде Семей облысы (Павлодар уезі), Ақкелін болысының № 4 ауылында (қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Теңдік ауылы) өз уақытында қазақтың игі жақсыларына белгілі болған ауқатты әулетте дүниеге келген.

Болашақ ғалымның әкесі Имантай Сәтбаев ауыз әдебиеті мен өз жерінің тарихын жақсы білетін, түркітектес һәм шығыс елдерінің әдебиетімен таныс аса сауатты адам болған. Оның жастайынан ерекше зерек болғанын «Мені бір көргенмен жадында сақтап қалғыш мінезі талай тандантты. Арада он жыл өтсе де бір ұшырасқан адамды кеше ғана кездескендей ұмытпайтын»- «Өмірдің төрт мезгілі» атты кітабында академик Ш.Ш.Шөкин естеліктері растайды.

Әлемдік деңгейдегі ашқан жаңалықтары, репрессия құрбаны болудан да сақтап қалған. Ол жайында Социалистік Еңбек Ері В.В. Штифанов (1966) мынандай етелік қалдырған: «Оның соңына түскен еді, өте ұзақ түсті. Бірақ ол өзінің ақылымен, тәжірибедегі еңбегімен Жезқазған кен орындарының қоры жайындағы ағылшындардың да, Мәскеудің де болжамын жоққа шығарды. Оның бәрін ол өте бір ыждаһаттылықпен, ешнәрсені қалт жіберіп алмай дер уақытында жасай білді». Замандастары оның ерекше ақылдылығын, тек Қазақстандағы кен орындарын ғана емес, бүкіл жер шарының да қазба байлықтарын кемеңгерлікпен зерделей алатын ерекше қасиетін атап өтеді.

Ғалымның тұлға болып қалыптасуы сол кезеңдегі озық зиялы ортадан алған тәрбиесімен сусындалған.

Қ.Сәтбаевтың өмір жолында халыққа риясыз қызмет ету тәжірибесі 19-20 жасынан басталып кеткенін байқаймыз. Ауыл мектебінен кейін оқуын Павло­дар­дағы екіжылдық орыс-қазақ учили­щесінде жалғастырған жас талант оны үздік аяқтады. Сол жылы Семейдегі мұғалімдер семинариясына түсіп, 1918 жылы бітіріп шықты. 1918-1919 жылдары Семейдегі педагогикалық курстарда жаратылыстану пәнінің мұғалімі, 1919-1920 жылдары Ақкелін болысындағы 4-ауылда мұғалім, 1920-1921 жылдары Баянауылда халық судьясы қызметтерін атқарды. Жас Қаныштың қалыптасуына ата-анасы, оқыған ортасы және сол заманның озық азаматтары — туған ағасы Ғабдулғазиз Имантайұлы Сәтбаев, немере ағалары Әбікей Зейінұлы Сәтбаев пен Әбдікәрім Жәмінұлы Сәтбаев үлкен әсер етті [3].

Қаныш Имантайұлының азамат болып қалыптасуына Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай ­Алтынсарин, Сұлтанмахмұт Торайғыровтардың үлгілі өмірі мен еңбектері әсерін тигізді. Ол Абайдың поэзиясын жақсы игеріп, оның көптеген шығармаларын жатқа айтып машықтанды, лирикалық әндерін үздік орындап жүрді. Студенттік жылдарында Ш.Уәлихановтың шығармаларын терең талдап, мұқият оқыды. Шоқанның Қостанай төңірегіндегі ақын-жыраулардың аузынан жазып алған, әйгілі Едіге батыр жайындағы «Ер Едіге» эпосын қазақ тіліне аударады. Осы еңбегі 1927 жылы Мәскеуде басылып шықты. «Бұл аңызды қазақшаға қайта аударуымның негізгі себебі — бұрынғы Мелиоранскийдің аударған нұсқасында аты қазақша, заты кітапшілдеу ноғайша болып кетуіне байланысты» деп Қаныш Имантайұлы анық жазды. Бұл еңбегін ана тіліне деген үлкен қамқорлығы һәм тіл ұстартуға қосқан тамаша үлесі деп білеміз[3] .

Академиктің бүкіл ғұмыры Қазақстандық ғылымның өсіп-өркендеуіне арналды. Қ.Сәтбаев — басқа елдерде жүз жылда, мың жылда жасалатын қыруар істі өзі жасап, атқарып кеткен тұлғалардың бірі.

Ғылымдағы осындай жетістіктерімен қоса, оның биік адамдық бейнесі, жоғары рухани келбеті таңданбасқа қоймайды. Ол кісі жайында айтылған естеліктерде, Қаныш ағаның жастарға деген қамқорлығы, жастардың өз борышын адал атқаруы, жауапкершілігі, тәртіпке бағынулары жайында үнемі үлгі болғаны, сонымен қатар, қиындыққа мойымай күресе білуге, еңбек етудің, ғылымға адал болудың маңыздылығын кейінгі ұрпаққа өсиет етіп кеткені белгілі.

Өз еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі жайында өзін халқынан да биік қойған Қаныш аға Қазақстан үшін барлық қиындықтарға төзуге дайын екендігі жайында да ашық айта алған. Қызметтен босатылып, қуғын-сүргінге ұшыраған кездерде де ел үшін ғылыммен айналысуын тоқтатпай, өз ұстанымдарына, өз Отанына адалдығын ісімен дәлелдей білген. 65 жылдық азғана ғұмырында Қазақстандық ғылымды әлемдік деңгейге көтерген академик Қ.Сәтбаев — өз халқының нағыз перезенті, өзіндегі бар әлеуетті халық игілігі үшін аша білген, ғылымға адал қызмет етуімен тарихта өшпес із қалдырған, ғасырларда бір туатын тұлға. Қазіргі жаһандану жағдайында қазақ ғылымының, қазақ дүниетанымының биік үлгісі бола алатын, әрбір өсіп келе жатқан ұрпаққа тәрбие беретін, жасампаз істерге шабыттандыратын ұлтымыздың мақтанышы.

Пайдаланылған дереккөздер:

1. https://articlekz.com

2.Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ, Жаһандану дегеніміз не?//http://akikat.kazgazeta.kz/

3. Жолдымұрат Оралбаев «Ұлтының ұлы перзенті» //http://anatili.kazgazeta.kz

4.Н.В. Ниретина «Каныш Сатпаев – выдающийся ученый, государственный и общественный деятель, патриот своей страны»// ngime.org/n

Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype