Қазіргі уақытта педагогика ғылымының бір ерекшелігі – баланың тұлғалық дамуына бағытталған жаңа оқыту технологияларын шығаруға ұмтылуда. «Педагогикалық технологиялар – бұл білімнің, басымды мақсаттарымен біріктірілген пәндер мен әдістемелердің, оқу–тәрбие процесін ұйымдастырудың өзара ортақ тұжырымдамамен байланысқан міндеттерінің, мазмұнының, формалары мен әдістерінің күрделі және ашық жүйелері, мұнда әр позиция басқаларына әсер етіп, ақыр аяғында оқушының дамуына жағымды жағдайлар жиынтығын құрайды».
Осы кездегі жаhандану заманында белсенді, құзіретті, бәсекеге қабілетті жас ұрпақты тәрбиелеу – алға қойған басты мақсаттарымыздың бірі болып табылады. Бұл мақсатты жүзеге асыру әсіресе оқу, білім саласында қызмет атқаратын жандар – ұстаздар үшін ең маңызды екені белгілі. Заман талабына сай мұғалімдерге пән жетекшісі болу аз, мұғалім – ұстаз – иннаватор. Осы жолды неғұрлым жылдам әрі іс-тәжірибе жинақтай жүріп өтсе, онда, талапқа сай, бүгінгі шәкірт болашағына нық қадам басады.
Пән мұғалімдері әрбір сабаққа, тақырыпқа және әр сыныптың өзіндік ерекшеліктеріне байланысты оқытудың әртүрлі әдістері мен формаларын таңдай білуі қажет. Сонымен қатар оқушыларды өзіндік жұмысқа үйрету, олардың ғылыми зерттеу ізденісін ұйымдастыру және кейбір материалдарды кең көлемде беріп, тәрбиелік мақсатқа жету үшін де оқыту формаларын тандай білудің маңызы зор. Бір сабақтың өзінде қолданатын әдістерді кезектестіріп, оқушыларды шаршатпай, материалды қызықты жеткізе білуді де ескерген жөн.
Сабақ барысында және сабақты құрастыру технологияларын қолданумен қатар, мұғалім келесі педагогикалық технологияларды пайдалана алады: ойын технологиялары, проблемалап оқыту, оқу зерттеуін ұйымдастыру технологиясы, жобалау әдісі, ақпараттық–коммуникациялық технологиялар, модульдік технологиялар, оза оқу технологиясы, білім беруді ізгілендіру, зерттеу технологиясы, тірек сигналы арқылы оқыту, сын тұрғысынан ойлау технологиясын, дамыта отырып оқыту, оқу үшін бағалау.
Осы аталған технологиялардың ішінде биология сабақтарында ойын технологиясын тиімді қолдануға болатыны жайлы айтқымыз келеді. Ойын — балалардың шынайы және ойлап тапқан шындығына тез, еркін енуіне, өзіндік «Менін» қалыптастыруға және шығармашылыққа, белсенділікке, өзін-өзі дамытуға мүмкіндік беретіні белгілі дерек.
Ойын, білім алу, еңбек ету – адамның негізгі қайраткерліктері. Ойын — әрқашан кішкене білім бола отырып, баланы білім алуға, еңбекке дайындайды. Ойынды алданыш және көңіл көтеру деп ойлайтындар қателеседі. Кейбір педагогтар мен психологтардың мектеп жасындағы балалар, ойын жасынан өтіп кетті, — деуі бекер деген пікірлерге қосыламыз. Ойындағы оқиға-жайлар сабаққа әр қилылық нәр береді, сабақты қызық етеді, оған эмоциялық бояу береді деп білеміз.
Сонымен, ойын арқылы келесі маңызды міндеттер: баланың қоғамдық қатынастарға бейімделуі, жалпыадамзаттық мәдени құндылықтар мен әртүрлі ұлт өкілдерінің мәдениеттерін меңгеруі; баланың шынайы адамгершілік коммуникацияға енуіне мүмкіндік беретін коммуникативті іс-әрекеттердің көрініс табуы жүзеге асырылады. Мұғалім ойын технологияларын пайдалана отырып, баланың әр қырынан көрінуіне (интеллектуалдылық, шығармашылық, эмоционалдылық, коммуникативтік) және оның мінез-құлқында, қарым-қатынасында, оқуында пайда болатын әртүрлі қиындықтарды жеңуге жағдай жасайды.
Оқушыларға нақты мысал келтіре отырып, олардың алған білімдері маңызды практикалык мәселелерді шешуге қажет екендігін түсіндіру керек. Окушылардың білімнің өмірлік маңызын түсінуі, теория мен практиканы тығыз байланыстырады, пәнге ынтасын арттырады, оқушылар біліміндегі формализм элементтерін жояды.
Дидактикалық ойындарды жаңа тақырыпты түсіндіру барысында, қайталау, пысықтау, жаттығу сабақтарында да пайдалануға болады.
Ойын жағдайын балалар сабақ барысында бір-бірімен ақпарлармен алмасатындай, ақылдасатындай, бір-біріне дәлелдей алатындай, бір-бірін бағалайтындай етіп, ұйымдастыру керек. Ойындар қолданылған сабақтарда оқушылар белсенділік көрсетеді. Бұлай болу барлық ойынға тән нәрсе, оның топтық түрде өтуіне байланысты. Топтық түрде сабақтағы білім алу, дәстүрлі білім беру «мұғалім – оқушы» өрнегін күрделендіреді. Яғни, өрнек былай күрделенеді: «мұғалім – топ – оқушы», бұдан келесі өрнек туындайды: «оқушы – оқушы». «Оқушы – оқушы» жүйесінде «топ – оқушы», «оқушы – топ» өрнектері өздігінен туындап жатады және оқушылар білмейтіндерін көрсетуге тырыспайды. Балалар бір-бірінің ойларымен пікірлерімен алмасады, дәлелдейді, қателеседі, өз ойларын ортаға салады, негіздейді, тексереді, қателерін түзейді. Ойын барысындағы пікірлер алмасу нәтижесінде, оқу материалдарын жылдам және жақсырақ игереді, қиындықтарды бірге шешеді. Мұндай жағдайда, барлық балалар алға жылжиды, білімдері терең балалардың тежелмеуін, білімі төмен балалардың алға ұмтылуына мүмкіндік береді.
Ойынға қойылатын әдістемелік талаптарды негізгі басшылыққа алу керек. Ойынға қойылатын әдістемелік талаптар:
- Ойынның мақсаты нақты және керекті көрнекіліктер мен материалдар күн ілгері дайындалып, оңтайлы жерге қойылуы тиіс.
- Ойынға кірісер алдында оның жүргізілу тәртібі оқушыларға әбден түсіндірілгені жөн.
- Ойынға сыныптағы балалардың түгел қатысуын қамтамасыз ету қажет.
- Ойынның жүру барысында мұғалім балалардың түгел қатысуын қадағалаумен қатар, олардың ойын үстінде шешім қабылдай білуіне, ойлана білуіне жетелеуі керек.
Бес саусақ бірдей емес, яғни әр оқушының сабаққа қызығушылығы, дүниетанымы, даму ерекшеліктері әртүрлі. Сондықтан оқушылардың осы топтарына әртүрлі деңгейде талап қоюға тура келеді. Ал, ойын элементтері кез-келген оқушының қызығушылығын тудырады. Тіпті нашар оқитын оқушының өзі ойын арқылы берілген тапсырмаларды асқан қызығушылықпен, белсенділікпен орындайды.
Аталған тәжірибелер мен пікірлерді ескере отырып, мен биология сабақтары барысында қолданатын ойын элементтері: «Бинго», «Алтын қақпа», «Крестер және нөлдер ойыны», «Жаңбыр тамшысы», «Гүлге қонған көбелек», «Ақ қала» «Үздік биолог» кімге бұйырады? «Шындық детекторы», «Жәшік сиқыры», «Ғажайып алаң», «Блогбастер», «Ыстық орындық», «Микрофон», «Сөз мерген», «Рольдік ойындар», «Баскетбол», «Маршруттық ойындар», «Мозайка» және тағы басқа.
«Үздік биолог» кімге бұйырады?, «Сөзмерген», «Алтын қақпа», «Ғажайып алаң» ойындарын апталық кештерде «Жәшік сиқыры» ойынын апталықтың кештерінде ойынның бір кезеңінде, сол кезеңнің бір элементі ретінде алуға болады.
«Жәшік сиқыры» ойынында арнайы оқушылардың денесіне сәйкес жәшіктер дайындалып, оларға әріптер жабыстырылады. Берілген сұрақтарға оқушылар әріптер жапсырылған жәшіктерді киіп жауап береді. Бір топқа берілген әріптер: к, ү, л, т, е, ө, м, і, р, с. Берілген сұрақтар:
- Гүл құрылысы (күлте)
- Аз сөз алтын, көп сөз …… (көмір)
- Қыста сойған малды, көктемде ….. ін жейді
- Ең қу аң (түлкі)
- Мал терісінен тігілген, үстіге киетін не ? (күрме)
- Өрмекші тоқиды (өрмек)
Биология сабақтарында қолданған ойын элементтерінің кейбір түрлеріне тоқтала кетсек:
«Шындық детекторы». Бір топтан 1 оқушы шығады. Оған мұғалім сұрақтар қояды. Қалған оқушылар сол сұрақтарға қате немесе дұрыс жауап бергенін бақылап отырады. Қате жауап берген сұрақтарын оқушылар талқылдайды.
«Крестер және нөлдер» ойыны. Жекелей тапсырма, жұптық, топтық тапсырма ретінде алуға болады. Бетті бірнеше ұяшықтарға бөліп, әрбір ұяшыққа қойылатын сұрақтардың жауаптарын, сонымен қоса бұрыс жауаптар да жазылады. Оқушылар дұрыс жауапты – «0», қате жауапты-«Х» белгілейді.
«Мозайка». Бұл ойын элементінде тақырыпқа байланысты бөлікке бөлінген суреттер беріледі. Осы суреттерді бір-бірімен құрастыра отырып, суреттің атын атап, оған сипаттама беру керек.
«Жаңбыр тамшысы». Топтық жұмыста қолшатырға көптеген сұрақтары бар стикерлерден жаңбыр тамшылары қиылып алдын-ала жапсырылады. Сұрақтарға жауап бере отырып, қолшатырды жауған жаңбырдан қорғау керек.
«Гүлге қонған көбелек». Көбелек тәрізді стикерлерге сұрақтар алдын-ала жазылып , гүлге орналастырылады. Сол сұрақтың әрбіреуіне дұрыс жауап бере отырып, оқушылар өздеріне көбелектер жинайды.
Ойын арқылы оқушы меңгереді:
1. Оқушылар нақты қызмет тәжірибесін меңгереді.
2. Оқушылар тек бақылаушы ғана емес, өздері қатыса отырып қиын мәселелерді өз бетінше шешеді.
3. Уақытты үнемдеуге үйретеді.
4. Оқу барысында алған білімдерін нақты істе қолдануға мүмкіндік береді.
5. Оқушылар үшін психологиялық жағымды.
6.Оқушылар үшін қауіпсіз.
8.Ойын материалдары дәстүрлі оқу материалдарымен салыстырғанда күрделірек.
9. Ойын нәтижесі, өз жетістіктері, әсерлері, алған білімі, дағдысы жөнінде оқушылар ата-аналарымен, өзге балалармен, мұғалімдермен көбірек әңгімелеседі, кітапханада өз бетімен іздене білуге, қажетті материалдарды іріктей білуге үйренеді.
Яғни, биология сабақтарында ойын элементтерін қолдану барысында оқушылардың сабаққа дайындығы, қызығушылығы артты. Сыныптағы оқушылар өз бетімен ізденуге талпынды. Нашар оқитын оқушылардың сабаққа дайындығы артты. Топпен жұмыс жасауға, сыныптағы достарын тыңдауға дағдыланды, қосымша материалдармен жұмыс жасай бастады. Бірақ, мұғалім ойын элементтерін сабақ барысында қолдануда басты қағиданы ұстану керек. Сабақ ойынға айналмау керек. Мұғалімнің басты міндеті білім беру, оқушыға кез-келген білім саласын меңгертудің жеңіл де тиімді жолдарын тауып, шығармашылықпен жұмыс істей білуге үйрету.
Қолданылған әдебиеттер тізімі:
- 12 жылдық білім, №2 2007
- «Оқыту – тәрбиелеу технологиясы» №2. 2014.- 64 б.
- «Педагогика мәселелері» №3. 2011. /Оқушылардың шығармашылығын дамытуда оқу процесінің маңызы/ — 94 б.
- «Педагогика мәселелері» №3.2014 /Оқушы болашағы – ұстазда/ 94 б.
- «Оқыту – тәрбиелеу технологиясы «№5. 2012/Ойынмен оқытайық/ — 64 б.
- Педагогика: оқулық/Абай атындағы Ұлттық Педагогикалық Университетінің педагогика кафедрасының авторлары. Ұжымы – Алматы, 2005. — 430б.