+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Дс - Жм: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Желілік басылым айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады

ШҚО ақпараттық-педагогикалық газеті
Бүгін: Жұма, 30 қазан 2026 жылы
Осы нөмірден оқыңыз: № 10 - 2026

2000 жылдың қыркүйегінен бастап шығарылады. Куәлік №16323-СИ

Бастауыш сыныптарындағы пәндерді кіріктіріп оқытудағы жаңашыл мұғалім жұмысының ерекшеліктері

Дусупова Айжан Амантаевна, бастауыш сынып мұғалімі, Шығыс Қазақстан облысы, Алтай ауданы, Чапаев ауылы

Шағын жинақты мектептерді дамыту мәселелері Қазақстан Республикасындағы білім беру жүйесін жаңғыртудың өзекті проблемалары болып табылады. Бүгінде шағын жинақты мектеп жұмыстарын жетілдірудің басты бағыты – мұғалімдердің теориялық және әдістемелік деңгейін арттыру.

Жаңа заман талабына сай жас жеткіншектерге білім беріп, оқу үрдісін тиімді ұйымдастыру, оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін ұтымды қолдану - оқытудың негізгі талабы. Жаңашыл мұғалім оқушының тақырыпты өз бетімен меңгеріп, түсінуін, бағалай алуын қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда білім беру жүйесінің барлық саласында жаңа ақпараттық технологияларды жоспарлы түрде енгізу арқылы оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттырып, ізденушілікке баулу қалыптастырылуда.

 

Елді мекен және мектеп орыс тілді болғандықтан, қазақ сыныптарындағы балалар саны аз. Сыныпта мазмұны ұқсас тақырыптарды біріктіре оқытудың мақсаты: пәндерді кіріктіре оқыту жүйесін және оның практикалық негіздемесін құру.

Мектеп оқушыларының жас ерекшеліктерін ескере отырып, ұқсас тақырыптарды кіріктіре оқыту тиімді. Белгілі бір тақырыпты екі немесе үш пән бойынша тиімді жоспарлай отырып, бірдей бір мезгілде түсіндіріледі. Содан соң жаңа сабаққа байланысты жаттығулар мен тапсырмаларды жас ерекшеліктеріне қарай әрбір балаға лайықтап, саралап әрқайсысына жеке орындатылады.

Қазіргі өтіп жатқан курсымыз пәндерді интеграциялап оқыту. Бұл курста жаңа жүйе бойынша оқыту жұмысын ұйымдастырғанда мынадай шарттар ескерілуі керек:

а) бірнеше пән сабақтастығын сақтай отырып, сабақ оқу бағдарламасына сәйкес спиральдік қағидат бойынша жоспарлануы тиіс;

ә) бірнеше пәннің оқу материалы бір тақырыптық жүйеге ыңғайластырылуы;

б) кіріктірілген тақырыптар мазмұнына сәйкес көрнекті дидактикалық құралдардың алдын ала дайындалуы;

в) сабақ тақырыбындағы өзара байланыс халықтық педагогикаға негізделуі тиіс.

Мұндай кезде мұғалім бір мезгілде екі пән тапсырмаларын оқу мақсаттарына сәйкес қатар жұмыс істейді. Сабақтың өзіндік ерекшелігі: оқу үрдісі оқушы қажеттілігін өтеу мақсатында ұйымдастырылады. Мұның өзі мұғалімнің әр балаға сабақ уақытын тиімді жұмсауына мүмкіндік береді. Мұғалім сыныпқа жаңа материалдарды оқушыларды қатыстыра түсіндіріп, талқылағаннан соң, үздік оқушыларға өздігінен жұмыс істеуді ұйымдастырса, орташа деңгейдегі оқушыларға көрнекі материалдар, оқулық мәтіні, маршруттық карталар көмегімен орындайтын тапсырмалар ұсынылады да, сыныптағы әлсіз, көмекті қажет ететін оқушылармен мұғалім бірлескен жұмыс жүргізеді. Мұндай саралау тапсырмалары сабақ барысында тиімді әрі нәтижелі болғанымен, мұғалім үшін сабақты жоспарлау барысында қиындықтар туғызып, уақытты көп алады. Көбінесе, мұндай интеграциялып оқыту әдебиеттік оқу, математика, дүниетану, қазақ тілі пәндерін сабақтарын жоспарлау қиындық туғызады. Өйткені, берілген тақырыптар ауқымды. Сондықтан уақытты тиімді пайдаланған дұрыс.

Бастауыш мектептерде пәндерді кіріктіріп оқыту үшін күнтізбелік жоспарларды кіріктіріп құрған тиімді. Ол үшін пәндер бойынша кіріктірілген күнтізбелік жоспар негізінде сабақтың жоспарын дайындап, оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастырған тұлғаны жан-жақты дамыта оқытуға жетелейді. Күнтізбелік жоспарды кіріктіріп құру үшін бағдарлама, оқулықтардағы тақырыптарды топтап алған жөн. Мысалы: дүниетану мен қазақ тілі пәндерінен ұқсас мазмұнды, бір тақырыпты мәтіндерді кіріктіруге болады. Осы жерге өзің жоспарлаған сабақтардың қандай тақырыптарын кіріктірдің, соны жаз. Аталған пәндер бойынша бір тоқсан ішіндегі ұқсас тақырыптардың орын ауыстыруға болады. Бірақ ескерту екі тоқсан тақырыптарын бір-бірімен алмастыруға болмайды.

Пәндерді кіріктіре оқыту білімді беру, меңгерту, жаттықтыру, бекіту, қолдана алу жұмысында маңызы зор. Пәндерді кіріктіре оқыту тұлғаның жан-жақты қабілеттері: оқушылардың толық қияли еркіндігі, зерттеу жұмыстарын жүргізуі, шығармашылығын дамытады.

Дегенмен, пәндер бойынша мазмұны ұқсас тақырыптарды кіріктіру оңай болғанымен, сол тақырыптардың мазмұнын ашатын тапсырмалар таңдау және оны орындап, нәтижелі ету үшін қолданатын тиімді әдіс-тәсілдерді тапсырмаға сай жоспарлау ең маңызды. Кіріктірілген сабақты өткізудің тиімді әдіс-тәсілдерін таңдау, әрі қолдана білудің өзі біздің кәсіби шеберлігіміз бен ізденімпаздығымызды талап етеді. Осыған орай сабағымызда білім берудің формалары мен сабақтың түрлерін өзгертіп отыру тиімді.

Мектеп ерекшеліктерін ескере отырып, сабақты тиімді ұйымдастыру үшін жаңа технологияларды қолдану көзделеді. АКТ-ны сабақта қолдану – оқушының қабылдауына және де соңғы үлгіде шығып жатқан ақпараттық құрылғыларға деген қызығушылықтары туындап, сонымен жұмыс істей білуге бағытталады, әрі оқушы ынтасын арттырады. Дыбысты есту, бейнені көру, оны іс-әрекет арқылы жүзеге асыру барысында орындалған жұмыстар оқушы жадында ұзақ уақыт сақталады, келесі тақырыпты меңгеруде еш қиындық тудырмайды.

Кіріктірілген сабақтарда жаңа технологияларды қолданудың тиімділігі:

1. Әртүрлі әдістерді пайдалану сабақтың нақты мәнін терең ашуға көмектеседі;

2. Оқушылардың барлығын сабаққа қатыстыруға мүмкіндік туады;

3.Оқушылардың әрқайсысының білім деңгейін анықтауға болады;

4. Оқушылардың басым көпшілігін немесе толық кері байланыс жасап, қалыптастырушы бағалау жүргізуге мүмкіндік туындайды;

5. Балалардың даму деңгейін бақылап отыруға мүмкіндіктер молаяды, жеке тапсырма беруге, тексеруге уақыт жеткілікті;

6. Оқушыларды ізденіске баулып, өз бетімен жұмыс істеуге үйретеді;

7. Оқушылардың қабілеттері, сөз саптау еркіндігі, ұйымшылдығы, шығармашылық белсенділігі артады;

8. Жеке тұлғалық сипатын дамытуға, шығармашылығын шыңдауға, өзіне деген кәсіби сенімін қалыптастырады, оқушы тұлға ретінде өзін көрсете алады.

9.Әрбір оқушының іс-әрекеті мұғалім назарында болады.

Пәндерді кіріктіріп өткізгенде әр оқушының дара ерекшеліктерін, танымдық қызығушылығын есепке аламыз. Бұл оқушылардың сабақтағы белсенділігін арттырады, олай болса, сабақта белсенділік танытатындардың есте сақтау қабілеті артады, білімді орнықты меңгереді, танымы кеңейеді, шығармашылығы артады.

Мектептің педагогикалық ерекшеліктерін ескергенде ғана өзіміздің шығармашылық жұмысымызды ұйымдастыра аламыз. Кез келген әрекет талдаудан басталады. Сабақ барысында оқушыларды талдауға үйретуде тәсілдер жүйесін мақсатты түрде пайдалана білгеніміз жөн. Сабақ – оқытуды ұйымдастырудың негізі. Демек, әрбір сабақ – оқу үрдісіндегі шешуші буын, сондықтан ол – оқытуды жетілдіру, қажетті түрлендірулер мен мақсатты нәтижеге жетуді ойластыру.

Ең бастысы, оқушының психологиясына айрықша көңіл бөліп, терең зерттеу жүргізіп, оның барлық тәрбиесін назардан тыс қалдырмағанымыз абзал. Біздің алдымыздағы ортақ міндет – заман ағымына ілесе алатын жаңа тұлғаны тәрбиелеу.

Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype