Халықтық педагогика — қазақ халқының сан ғасырлық ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық салт-дәстүрлері мен тарихи-мәдени ойлау үдерісі. Солардың озық үлгілерінің жиынтығы мен әдіс-тәсілі. Біздің №1 «Балапан» балабақша-бөбекжайында алға қойған мақсат — осы халықтық педагогиканы меңгеріп, оны іс-жүзінде асыру, осыған орай балабақшамызда біраз жұмыстар атқарылып келеді. Ұйымдастырылған оқу қызметінде, ертеңгіліктерде халық педагогикасы бойынша баланың бойына имандылық, адамгершілік, шыдамдылық пен шыншылдыққа, кішіпейілділікке тәрбиелейміз. Сол жұмыстардың қатарына өзімнің өзекті тақырыбым: «Асық терапиясы» жөнінде тоқталғым келеді. Жалпы асық туралы тоқтала кететін болсақ, асық – төрт түлік малдың ішінде қой-ешкінің тілерсегінде, асықты жілік басында орналасқан шымыр сүйек. Аңдардың да тілерсек тұсында болады. Қазақта асық қасиетті саналады. Баласы ұл болса, бесігінің басына бөрінің асығын іледі. Бәле-жаладан аулақ, шымыр-қайратты болсын дегені. Асық патшасы – сақа. Оның ең ірі, шымыры арқардың асығы — құлжа не қолқар деп аталады. Кейде қошқардың асығын ұстайды. Шымыр, салмақты болса, қойдікі де жарайды. Иіргенде, алты қырынан түседі. Асық иірудің өз атаулары бар: алшы — асықтың иірілгенде тегіс табаны жерге тиіп, тұрық түсуі. Ойын кезінде оған бірінші дәрежелі мән беріледі; тәйке (тауа) — асықтың иірілгенде шұңқырлау табаны жерге тиіп, тұрық түсуі. Ол екінші дәрежелі мәнге ие. Асықтың иірілгенде дөңес жоны үстіне қарап, етпетінен жатық түсуі. Ол үшінші дәрежелі мәнге ие. Шік — асықтың иірілгенде шұңқыр құрсақ жағы үстіне қарап, шалқасынан жатық түсуі. Ол төртінші дәрежеге ие; табан — асықтың тәйке жағы болып табылады. Сонымен қатар асық ату ойыны көз жітілігін, мергендікті дамытады, баланың бойында еріктілікті, ұстамдылық пен шыдамдылықты, қарсыласын сыйлай білу, адалдық және басқа да ізгі қасиеттерді қалыптастыруға негіз болады. Асық терпиясын таңдаған бірден бір себебіміз де осы болды. Ойымызды іске асыру үшін жан-жақты көп іздендім, асық туралы мәлеметтер жинастырдым. Ата аналармен де ойыммен бөлісіп, қазіргі таңда смартфондар мен компьютерлердің зиянды жақтарын, олардың бала денсаулығына пайдасыз екенін түсіндіріп, дөңгелек үстелдер ұйымдастыру барысында саналарына жеткіздік.
Асық терапиясы М.Монтессори технологияларын негізге ала отырып жасалынды, ол балалардың жас ерекшеліктері ескеріліп, көп функцианалдығымен, көп нұсқалығымен ерекшеленеді. Асық Монтессориға қарағанда қолжетімді және табиғи таза дүние. Асықты білім берудің бес саласында да тиімді пайдалануға болады. Музыка, дене тәрбиесі, бейнелеу өнері және қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыруға арналған ұйымдастырылған оқу іс әрекетінде қолдануға болады.
Кіші топтарда балалар боялып, тесілген асықты бір түстен кейін екінші түсті жіптерден өткізіп, тізбектеп тізуді қолданады.Бұл тізбекті тізу арқылы баланың түстерді есте сақтай отырып, бір-бірінен ажырата алу дағдылары қалыптасады. Балаларға асықпен түрлі-түсті бояуларды пайдалануға болады. Бұл жерде балалар санына байланысты төрт-төрттен бірнеше топқа бөлінеді, әр топқа тиесілі түс пен шеңбер сызылған парақшалар беріледі. Балалар парақшада берілген шеңбердің ішіне асықты бояуға малу арқылы парақша бетіне нүктелер түсіруі тиіс. Осылай бірнеше рет қайталап жасайды. Нәтижесінде парақ бетінде әр түрлі бейне пайда болады. Балалар үшін бұл жасырын пайда болған бейне қызықты әрі сиқырлы сәт болады.
Ал ортаңғы, ересек топтарда балаларға тапсырмаларды күрделендіріп беруге болады. Құмда мазмұнды бейнелер салуға болады. Бұл тапсырманы ойын ретінде қолданып, балалар құмның үстіне асықпен түрлі мазмұнды суреттер сала отырып, нені бейнелегендерін айтып береді. Сонымен қатар бұл топтарда мозайка әдісін алуға болады. Бұл тапсырмада балалар жеке-жеке отырғызылады. Оларға асықтан жасалған белгілі бір бейнелеген пішін беріледі. Пішінді балалар дәл сондай қалыпта боялған асықтармен құрастырып шығуы тиіс. Бұл тапсырмада балалардан ұқыптылық пен мұқияттылықты талап етеді. Себебі, тапсырманы орындау барысында балалар пішіннің көлемі мен қатар оның ішінде берілген түстерден жаңылмауы тиіс. Мұның бәрі баланың ойы мен қиялын, ұшқырлығын, зейінін жан-жақты дамытады. Асықтан құрастырылған иновациялық дәстүрлі тақтайшалар мен массажды қолғаптар арқылы денсаулығын шыңдауға болады. Табандағы жүйке нүктелері арқылы ойлау қабілетінің дамуына, жалпақ табанның алдын алуға болады.
Қорыта айтқанда, мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту стандарты мен үлгілік бағдарламасына сай барлық білім саласында этнопедагогика элементтерін, соның ішінде асық технологиясын тиімді пайдалануға болады.