Ұстаздық тәжірибемде біліп, көргенім, түйгенім: білім мазмұның жаңарту, тиімді оқыту мен оқу болмасын қайсысында да күтілетін нәтижелері — оқушылардың қалай оқу керектігін үйреніп, соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлел уәждерін нанымды жеткізе білетін, ынталы, сенімді, сыни пікір көзқарастары жүйелі дамыған, сандық технологияларда құзырлылық танытатын оқушы ретінде қалыптасуын қамтиды екен [1]. Бұл идеялардың бастамасы тек бүгінде ғана пайда болған жоқ, ұстаздар қауымы ардақ тұтатын Қ.Нұрғалиев авторлық мектебіне осы айтылғандар ХХ ғасырдың 80 жж. қол жетімді болды деп ойлаймын.
Кеңестік дәуірдегі мектеп тәжірибелерінде сыныпта мұғалім басқарушы және оқушыға дайын білім беруші болса, бүгінде мұғалім бағдар, бағыт беруші, оқушы білімге өздігінен жетуші. Білім беру саласын, атап айтсақ мектепті, оқушыны өзгерту үшін ең бастысы мұғалімді өзгерту қажет екенін түсінген супер директор Құмаш Нұрғалиев өзі басқарған мектеп мұғалімдеріне ерекше талапта қоя білді. Соның бір дәлелі: 1962 жылы аудандық оқу бөлімінің рұқсатымен барлық мұғалімдерден диктант жаздырып, сауаттарын тексеруді ұйымдастырды [2.]. Құмаш Нұрғалиев барлық деңгейдегі әдістемелік қызмет пен басқарудың әлсіздігі, басшылардан бастап мұғалімдерге дейінгі білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мен қайта дайындау жүйесінің ақсап жатқандығы жөнінде қынжыла ойланатын. Сондықтан болар ол мектепте оқушылардан бастап, мұғалімдерге дейін сауатты жазу мен сауатты сөйлеуді талап еткен. Ия, бүгінгі таңда барлық пәнге еңгізіліп отырған тілдік дағдылар — жазылым, оқылым, тыңдалым, айтылымға талапты сол кезде қойған. Мұғалімдердің білім дәрежесіне зер салған. Бірыңғай мектепішілік орфографиялық және грамматикалық жүйе енгізген. 1987 жылы орталықтан институт бітіріп келген екі жас маман қыздар жолдамамен Боран орта мектебіне келеді. Мектеп директоры оларға қайырымдылықпен қарап, тәжірибе жинақтауға уақыт береді. Бірақ бұл педагогтардың бойында мұғалімдік қасиет пен білімділікті көрмеген ол оларға басқа қызметке ауыстыратынын айтады. Нәтижесінде ол мұғалімдер бірден «Московские новости» газетіне шағым жазып жібереді. Арызда жазылғандай өзін мектептің қожасы, не істегісі келсе соны істейтін директорға орталықтан ашуға мінген тілші А. Розанов тексеріске келеді. Тілшіден жасқана қоймаған Қ. Нұрғалиев оған «Что хочу и творю» деген екен. Тексеріс барысында А. Розанов «Московские новости» газетіне «Хочу и творю» деген мақала жазып, мектеппен қимай қоштасқан еді. «Хочу и творю» деген мақаланның аты қандай? Розанов өте дұрыс көре білген, Қ.Нұрғалиев креативті ойлай біліп, қазіргі 4К бойына жинай білген тұлға болды. Кейіннен Қ. Нұрғалиев жайлы бірнеше мақалалар, очеркте жазды.
Оның басты мақсаты — оқу және оқыту үдерісін жақсарту, оқытуға өзгеріс енгізу болды. Яғни, мектептегі тәжірибені өзгерту – дәстүрлі сабақ беруді, әдіс-тәсілдерді, істеп жатқан істі өзгерту, түсінікті өзгерту – бұл ойды өзгерту, жағдайды өзгерту — бір-біріне деген қарым-қатынасты, көзқарасты өзгерту дегенді білдіреді. Нәтижесінде ауыл мектебін дамытып, Одаққа танымал етті. Мектептен әр түрлі мамандықтарды алып шығуды ұйымдастыру арқылы Боран орта мектебі жергілікті халықтан маман кадрларды даярлауға маңызды қадам жасады, бұл ісі қазіргі дуалды оқытудан бір кем емес, теорияны өндіріспен ұшатстыра оқытуға мән берген. Мектебінде арнайы кабинеттер мен лабораториялар, шеберханалар, олардағы электротехника, ауылшаруашылық машиналары, автомобильдер, техникалық оқу құралдарын басқаратын автоматты жүйе, диатека, фильмотека, дыбыс жазу студиясы, телевизиалық жүйе оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беруге қызмет етті. Мектептің бұрынғы ескі корпусында жоғары сыныптарға арналған тігін және қол еңбегі, ағаш, металл өңдеу, токарьлық станоктар, автомашина және трактор жүргізу сабақтарын өткізуге арналған шеберханалар орналастырылды, электротехника кабинеттерінде оқушылардың кәсіби мамандықтарды игеруіне қажетті жағдайдың бәрі жасалған болатын.
Мектептің оқу-өндірістік комбинатында оқушылар автомобиль, трактор жүргізуге үйренді, электрик, іс жүргізуші машинистка, машинамен сиыр сауу операторы, сылақшы-сыршы мамандықтарына үйретілді. Комбинат жүк, жеңіл автомашиналарымен, тракторлармен, басқа да құрал-жабдықтармен және көрнекі құралдармен толық қамтамасыз етілген. Тиісті мамандық алған көптеген оқушылар он жылдықты бітіргеннен кейін өз кеңшарында жұмысқа қалды.
Мектепте еңбекке баулу сабақтары үшін 9 кабинет жасалды: тігін цехы, кондитерлік цех, автомобиль ісі бойынша сынып, тракторлар жөнінде оқыту сыныбы, ауыл шаруашылық техникасын жүргізуге үйрету сыныбы, машина басу және стенография сыныбы, дәнекерлеу шеберханасы, темір ұстаханасы, ағаш ұстаханасы, токарлық шеберхана, радиотелешеберхана, кинофото сыныбы. Мектептің кәсіптік даярлық орталығы ретінде қызмет істеуі материалдық-техникалық базаның жасалуын, кадрлармен қамтамасыз етуді, арнайы әдістемелік қызмет ұйымдастыруды талап ететін.
Оқушыларды қоғамдық пайдалы еңбекке қатыстырып, баулу ісі де ойдағыдай шешілді. Құмаш Нұрғалиев балалар еңбегін тым асыра пайдаланудан сақтандырып, зиянды зардабын тартпауын ескертіп, өз тарапынан тиісті бағыт беріп отырған. Оқуда және еңбекте үздік шыққан оқушылар кеңшар бөлген жолдамалармен Мәскеу мен Алматыға, Ленинградқа және еліміздің басқа да ірі қалаларына саяхат жасады, мақтау қағаздармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар көктемде оқудан тыс уақытта, каникул кездерінде тоғызыншы сынып оқушылары Боран кеңшарының жас төлдерін қабылдауға көмектесті. Әр шәкірт сақманшылығына 150 сомнан ақша тапты. Бұдан Нұрғалиевтің оқушыларды қоғамдық жұмысқа ата-анасының рұқсатымен, ақылы және оқудан тыс уақытта тартқаның көреміз. Менің ойымша, оқушылардың жас ерекшелігіне байланысты ынталандырудың түрлі формаларын қолдану арқылы мектепте алға ілгерілеу тек білім сапасында ғана болған жоқ, оқушылардың ел-жер көре отырып дұниетанымдары да жетілді. Оқушылардың сабаққа деген ынтасының болуы олардың ішкі уәждерінің жоғарлығын көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар олардың өзіндік «Мен» тұжырымдамаларын қалыптастырып, Бандура деген ғалым айтқан өзіндік тиімділікті арттырды. Жанама тәжірибе бойынша оның қолынан келген менің де қолымнан келеді деп оқушыларды уәждеуге, ынталандыруға көп әсер етті. Себебі, оқу қиындық туғызғанда оқушының білімге деген құштарлығы азаяды, оқығысы келмеу тілегі туындайды, яғни мотивация төмендейді, сондықтан да жеке тұлғаға бағыталған оқыту мен оқушыларды бағалаудың жаңа әдістері осы мәселелерді шешуге көмектеседі.
Еңбекке үйрету бала кезден қалыптасса, кейін ол оқушы өсіп-жеткенде кез келген еңбектен қашпайтыны белгілі. Бүгінде қаншама азаматтарымыз арнаулы, жоғарғы білім оқу орындарын бітіріп, мамандықтар бойынша жұмыс жасамайды. Дегенмен мемлекет жол картасы, тағыда әртүрлі әлеуметтік бағдарламалар арқылы жұмыссыздарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік жасап отыр. Абай айтқандай «Орын таппай баптанба..» — дегендегі орын тап деп отырғаны алған білімді, үйренген ғылымды жұмсайтын орын. Бүгінгі жас ұрпаққа патриоттық, азаматтық тәрбие беру ісі өз өзектілігін жоғалтпайтын мәселелердің бірі. Соның ішінде ерекше назарда еңбек қоғамына баулу. Қазіргі кезде қолданылып жүрген, нақты белгіленген жалғыз ғана дұрыс үлгілерге бағдарланған «өмірге даярлауға» арналған тәрбие жұмысының жүйесіне әдіскер-ғалымдар өзгеріс енгізуді ұсынады. Осындай қарама-қайшылықтарға негізделген тәрбие жүйесінің жаңартылған мазмұны «қоғам адаммен бірге оның өмір сүру деңгейі үшін жауапты, сондықтан адам өз проблемаларын басқаға таңа алмайды, жауапкершілікті өзіне алуға міндетті» [3] — деп қарастырылуда. Өйткені, адамзатқа және қоғамға орасан зор проблема әкелетін жаһандану мен жаңғыртудың әсерінен айналадағы әлем түбегейлі өзгеріске ұшырауда. Қ.Нұрғалиев авторлық мектебінің идеясы да сол «БІЛІМ мен ТӘРБИЕ және ЕҢБЕК» үштігіне ерекше басымдық танытқан. Сонымен қатар мектеп, мұғалім, оқушы, ата-ана ұғымын бір-бірінен бөліп-жармай бірлікте қарауда Құмаш ата мектебін алдыға жылжытушы факторлардың бірі болған. Көреген басшы ретінде кедергілер анықтап оны шешу жолдарында көрсетіп, «Мектеп-оқушы-ата-ана» үштігін дұрыс жолға қойған.
Қазір білім беру жүйесінде біз мұғалімдерді оқушыларды қалай оқу керектігіне үйрет дейміз. Ең жоғарғы шегі дербес оқу, өздігінен реттелу. Оның да дәлелін Қ.Нұрғалиевтің авторлық мектебінен көруге болады.
Алғаш оқушылардың өзін-өзі басқарулары енгізілді [4]. 1988 жылы 30 сәуірде Алматыдағы республикалық пионерлер сарайында әріптестер КСРО Халық мұғалімдерінің кездесуі болады. Олар Шығыс Қазақстан облысындағы Боран орта мектебінің директоры Қ. Нұрғалиев және Солтүстік Қазақстан облысындағы Мамлют санаторий мектеп-интернатының директоры Г.М. Кубраков еді. Олардың арасында болған әңгіме-диалогта белгілі ұстаз Құмаш Нұрғалиев былай дейді: Өзін-өзі басқаруды енгізгенімізге жиырма жылдан асты. Біздегі оқу сыныптары тура мағынасында оқытумен айналысады. Білім берумен байланыссыз нәрсенің бәрін сынып өзгелерге берген, сабақтан басқа ешқандай жұмыс жүргізілмейді. Жиырма жылдан бері бізде сынып жетекші деген жоқ дейді [5].
Оқушылар тобына тәрбиешілер бекітілмеген, балалар өзін-өзі басқарды. Бұл басты ерекшелік болды. Оқу, саяси, дене шынықтыру, техникалық, тұрмыстық мәселелер бойынша 13 комиссия мүшесі жұмыс істеді. Соған сай 13 тараудан тұратын мектепішілік жоспар жасалған. Әр комиссияға балалар өкілдері қоса болды. Мектеп комсомол ұйымының хатшылығына бірде мұғалім, бірде оқушы сайланды.
Әр жастағы балаларға педагог бекітілмесе, оларды кім тәрбиелейді деген сұрақ туындайды. Бізде ешкім еш адамды күштеп тәрбиелемейді. Біз жай ғана еңбек етеміз. Оқушылар өздерін-өздері тәрбиелейді деген [5, 2 б.].
Педагог-тәрбиешілер немен шұғылданады? Әркім өзінің сүйікті ісімен айналысады. Мектептегі оқу үрдісін, педагогикалық кадрларды дайындауды ұйымдастыруға іскерлік көзқарас керек, өйткені бүгінгі күнгі біліктілікті арттыру үрдісінде ассоциятивтік-рефлекторлық көзқарас оның тиімділігін арттыруға ықпал етеді деді [5, 3 б.]. Құмаш Нұрғалиевтің авторлық мектебінің тұжырымдамасы біртіндеп жасалды және тәжірибедегі шынайы қарама-қайшылыққа талдау жасаудың нәтижесі болып табылады. Қ.Нұрғалиев тарапынан енгізілген өзгерістердің келешегі, тиімділігі және қажеттілігі зор болды. Соның нәтижесі — бүгінгі күндегі сол мектептің түлектерінің әлеуеті.
«….. мұғалім болу ақшадан, мәртебеден және танымалдықтан да артық екендігін ұғынып, … себебі, сіз білім алғанды, білім бергенді жақсы көресіз, балаларды сүйесіз және олар мына жылдам өзгеретін әлемде бағыт беріп отыратын сізді қажет ететіндігін білесіз. Сондықтан сіз де, олар да өзгеруі қажет» [6] деп С. Бич айтқандай, кеңестік жүйедегі өзгерген мектеп моделі осы Құмаш ата басқарған мектеп болды.
Әдебиеттер тізімі
- Тренерге арналған нұсқаулық. Үшінші (негізгі) деңгей. «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ, 2012.- 313 б.
- Текстовой отчет за 1967-1968 учебный год // ШҚОММ Зайсан бөлімі 64-қ., 1-т., 55-іс, 26-п.
- Мектеп басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына арналған нұсқаулық. – Астана: НЗМ ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2015. – 40 б.
- Районный отдел народного образования маркакольского района // ШҚОММ Зайсан бөлімі 64-қ., 2-т., 4-іс, 4-п.
- Боранғалиев Т. Ұстаздық дастан жалғасы // Социалистік Қазақстан. – 1988. – 30 сәуір.
- Үшінші негізгі деңгей. Бірінші бетпе-бет ресурстары.- Cpm. Kz.