+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Дс - Жм: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Желілік басылым айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады

ШҚО ақпараттық-педагогикалық газеті
Бүгін: Бейсенбi, 29 қазан 2026 жылы
Осы нөмірден оқыңыз: № 10 - 2026

2000 жылдың қыркүйегінен бастап шығарылады. Куәлік №16323-СИ

Алаш қайраткерлерінің Семей өңіріндегі жер мәселесін реттеудегі атқарған іс-шаралары

Толеуконырова Жазира Жумашовна, «№35 жалпы орта білім беретін мектеп» КММ тарих пәні мұғалімі

XX ғасырдың алғашқы ширегінде Қазақстанның қоғамдық-саяси, экономикалық және әлеуметтік өмірінде елеулі рөлдердің бірін атқарған Земстволық мекемелердің тарихи зерттеу, әрі оны ғылыми тұрғыда жалғастыру тәуелсіз Қазақстанның тарихшыларының еншісіне тиді. Өз заманында халқымыздың, жұрттың қажеттігін орындаған Земство мекемесінің іс-әрекеті сол дәуірдегі бүкіл қоғамның шыңына шықты.

 

1917 жылы Ақпан төңкерісі патша өкіметін құлатып, жоғары билік жүйесіне басшылыққа келген Уақытша өкімет басшылары аймақтық, облыстық жерлерде түрлі деңгейдегі комитеттер мен мекемелер құруға нұсқау жарлықтар (1917 ж. көктем) беруін, сол жарлықтарға байланысты Семей қаласында облыстық Земство мекемесі құрылғанын (1917 ж. 18 желтоқсан) баянды ету. Сонымен бірге қазақ зиялыларының жұмысын көрсету, олардың жер мәселесін шешуді басты мақсат еткені тақырыптың өзектілігін айқындады.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қазақ тарихшылары Алаш мәселесін зерттеуде Земствоға қысқаша шолулар жасаған.

Тақырыпқа байланысты зерттеу еңбектердің ішінде 1918 жылдың бас кезінде баспа беттерінде жарық көрген еңбектерді айтуға болады. Земствоға қатысты тұжырымдар Әлихан Бөкейханов еңбектерінде [1] көрсетілген. Ә.Бөкейханов Земствоның не екенін былай түсіндірді: «Земство жұрт өзі сайлап қоятын мәжіліс мекеме, жұрттың көзі, жанашыры, күзетшісі, қамқоры, қорғаушысы. Тұрмыс-тіршілігінде Земство билейтін іс болмайды. Земство үш орында үш дәреже».

Қазақстанның әр жерлеріндегі құрылған Земство мекемелерінің тарихына Қ.А.Жиреншиннің: «Политическое развитие Казахстана в XIX-начале XX веков» атты еңбегінде [2]  сипатталған.

Е.Е.Сайлаубайдың «Алашорда және оның Шығыс бөлімі» атты кандидаттық дисертациясында Семей облыстық Земство мекемесінің тарихына тоқталып кеткен [3]. 

Қазіргі кезде Алаш қозғалысы қайраткерлеріне арналған зерттеулер жазылып жатыр. Оларда Алаш қайраткерлері облыстық Земство басшыларында және лауазымды орындарда жұмыс істегені сипатталған.

Уақытша өкімет тұсында аймақтық жерлерде түрлі деңгейде құрылып, жаңа сипат алған мәселелермен қатар дүниеге келген Земство мекемесі қоғамда қандай қызмет атқарғанын көрсету. Әсіресе Семей қаласында құрылған облыстық Земство мекемесінің қоғамдық-саяси қызметі қандай болды және нақты ол мекеме қандай іс-шараларға араласқанын айқындай түсу.

1917 жылдың қазан-қараша айларындағы большевиктік қозғалыстың Петроградтағы саяси билікті қолдарына алуы Ресейдің басқа аймақтарында күрделі өзгерістер әкелді.

Қалыптасқан күрделі саяси жағдайға қарамастан облыстық Земство сайлауы өтіп, оның жұмысы басталып кетеді. Төтенше Семей облыстық Земство жиналысы гласныйларының мәжілісі өз жұмысын 1918 жылғы 17 қаңтарда бастайды. Земство жиналысының алғашқы мәжілісінде ұйымдастыру мәселесі бірінші кезекте қаралады. Семей облыстық Земство төрағалығына Р.Мәрсеков мүшеліктеріне Троцкий, Ғаббасов, Ляшкевич және Сатбаевтер сайланады. Облыстағы Комиссариаттан кейін өзін-өзі басқару жүйесіне жататын облыстық Земство бірден-бір беделді саяси ұйым ретінде қалыптасады. Оның басшылығына Р.Мәрсеков, Х.Ғаббасов пен Сатбаевтардың болуы Алашорда бағытындағы қазақ қайраткерлерінің облыстағы саяси билікті өз қолдарына алуға ұмтылғанын көрсетеді [4]. 

1918 жылы қаңтар айының 20-нан бастап Семей облысында большевиктік қозғалыс өрістей түсті. Нәтижесінде облыс орталығы Семей қаласында 1918 жылы 2 ақпанда Кеңес өкіметі билігі жарияланды. Өлкеде Кеңес өкіметінің билігінің орнауы саяси күштердің ара салмағына күрделі өзгерістер енгізді. Сонымен Семей облысында ақпан айының басында екі билік жүйесі қалыптасты, бірі – Кеңес өкіметі, екіншісі – Облыстық Земство жиналысы [5]. 

Алаш автономиясының жариялануына байланысты, оның Уақытша Ұлттық кеңесі — «Алашорда» Семей өңіріндегі саяси билікті өз қолдарына толықтай алуға ұмтылды.

1918 жылы 31 қаңтардағы Семей облыстық Земствоның бірінші төтенше жиналысында өлкедегі қалыптасқан саяси жағдайға байланысты Семей облысы жұртшылығына арналып арнайы үндеу қабылданды. Семей облысындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайларға мінездеме беріліп саяси жағдайға қарай ойысады. Орынборда өткен екінші жалпы қазақ съезінде қаулы қылған автономия мәселесін сөз етеді. Қазақ өлкесінде қазақ ауылының автономияны қолдайтындықтарын айтып, ендігі сөз орыны тұрғындарда екендігінде [6] деп айтылады.

Семей облыстық шаруа, жұмысшы және солдат депутаттарына 1918 жылы наурыз айында өткен біріккен съезінде Сібір автономиясы туралы ғана қаулы қабылданды. Онда Сібір автономиясын халыққа жат құбылыс деп көрсеткен.

Семей облыстық Уақытша Комиссариатының, жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінің және Қазақ комитетінің өзара келісімге келуі нәтижесінде біріккен съез өткізуге мүмкіндік туды. Бұл съез 1918 жылы 10 наурызда Семей қаласында ашылды. Билік пен Земство мәселесіне қатысты төмендегідей қаулы қабылданды: Бір ғана билік иесі ретінде Кеңестерді мойындайды. Облыстық және уездік Земство таратылған деп есептелінсін, ал Земство қызметі тиісінше Облыстық және уездік біріккен Кеңестер қарамағына берілуі керек, оларда ерекше Земство бөлімдерін құрып, соларға облыстық Земство шаруашылығына тиісті барлық істерді берсін, Земствоның тамырына балта шабылуы қазақ өкілдерінің саясатқа араласуына шектеу болады.

1918 жылы маусым айының бас кезінде кеңес өкіметі құлатылып, жаңа азаматтық билік жүйесі қалыптаса бастады. Семейдегі ресми билік иелері Сібір үкіметіне бағынышты болды. Семей облыстық Земство басқармасының төрағасы мен мүшелері өз жұмысын 1918 жылы  27 маусымда бастады.

Земство басқармасы 1918 жылы 17 қаңтарда бірден-бір беделді саяси ұйым ретінде қалыптасты. Оның басшысында Р.Мәрсеков болуы Алашорда бағытындағы қазақ қайраткерлерінің облыстағы саяси билікті өз қолдарына алуға ұмтылғанын көрсетті.

Қазақ демократиялық интеллигенциясы үшін әр уақытта ең негізгі мәселе — жер мәселесі болды. Жер мәселесі XX ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ елі үшін қоғамдық маңызын ғылыми тұрғыда өз дәрежесінде көтеріп және оны терең түсіндіріп берген қайраткер, ғалым, әрине, Әлихан Бөкейханов еді [7]. 

Алаш зиялы қайраткерлері аса маңызды деп санаған жер мәселесі Семей облысында ресми тұрғыдан қарала басталды. Жер мәселесіне байланысты арнайы мақсатта басқосулар өтті. 1917 жылы 22 маусымда жер комитеттерін құру мәселесі қаралып, шешім қабылданды. Жер комитетінің құрамына Алаш қайраткерлері Мәрсеков, Ғаббасов және т.б. енді. 1917 жылы

11 щілдеде Облыстық жер комитетінің бірінші мәжілісі өтті. Осы мәжілісте ұйымдастыру шаралары талқыланып Ғаббасов комитет төрағалығына, Мәрсеков орынбасарлығына сайланды.

Өскеменде құрылған жер комитеті жұмысына Тұрғанбаев қатысып, бірқатар маңызды істерді шешуге тікелей араласқан. Әсіресе жерге иелік ету мәселелерінде қазақ-орыс қарым-қатынастарының тұрақталуына елеулі ықпал еткен.

Уақытша Сібір өкіметінің «Сібірде жер комиттеттерінің құрылуы» қаулысын, яғни 1918 ж. 25 шілдеде қабылданды. Қаулыда барлық жер мәселелері Земство мекемесіне берілуі және Земство құрамына жер бөлімі ашылуы жайлы айтылған. Сонымен қоса жер бөлімінде губерниялық және уездік жер жұмысы кеңесі құрылуы айтылған. Бұған дейін жер мәселесін реттеуде жер комитеттер атқарған [8]. 

Семей облыстық Земствода жер бөлімін құру жоғарыда көрсетілген қаулыға байланысты құруға кіргізді. Азаматтардың жер мәселесіне байланысты туған тартыстарына орай 1918 жылы тамыз айында Земство мекемесінен жер ісі столы ұйымдастырылды.

Земство мекемесі осы жылы жерді қолдануды біраз қалпына келтіру үшін, жерді қажет еткен қазақ қоғамдарына қоныстанбаған және бос бөлімдерді қолдануға мүмкіндік берді. Сондай-ақ жер мәселелерін түпкілікті шешу үшін Учретительное собрание шақырылып шешім қабылдады.

Земство құрамына жер мәселесі бойынша арнайы жиындар өткізіп отырды. Тарабаев, Жантаев, Қозбағаров және т.б. қазақ зиялылары жер мәселесін реттеуде өз үлестерін қосып, ат салысқан.

1917 жылы ақпан айында патшаның тақтан түсірілуі, Ресей империясы құрамында болып келген халықтардың ұлттық қозғалыстардың өрбуіне зор  ықпал етті. Сонымен XX ғасырдың бірінші ширегінде Ресейдің жоғарғы билік басына келген Уақытша өкіметтің әкімшілік жүйесі мен аймақтық жерлерде құрылған, түрлі деңгейдегі алуан түрлі қоғамдық ұйымдар мен комитеттер негізінен жоғарыда аталған өкіметтің саясаты мен жүзеге асыратын органдары ретінде құрылды [9]. 

Алаш зиялыларының және қазақ тұрғындарының жер мәселесі басты алаңдатқан. Құрамында Алашорда қайраткерлері бар облыстық Земство бірінші кезекте жер мәселесін реттеуге тырысты. Әр түрлі дау-дамайларға түрлі деңгейде көңіл бөліп отырды. Алаш зиялылары жер мәселесін шешуде сол кездегі басқа да комитеттермен бірігіп, бірлесе отырып атқарған [10]. 

Мәрсеков жер дауы қазіргі облыстық қазақтар үшін маңызды мәселе деп тапқан. Бұны облыстық жер дауын реттеуде байқаймыз.

Алаш зиялылары ұлттық автономия мәселесін қорғау барысында Земство жиналысына арқа сүйеген. Земство жиналысының қызметінде қазақ зиялылары болды.

Жаңа құрылған Кеңес өкіметінің Семейдегі ұйымдары алашшыларға саяси басымдық бермеуге тырысты. Өйткені Земстволыққа мүше болған кезінде Алаш партиясы мүшелері болды, кейін Алашорда құрамына енгізілді. Земстволық ұйымдар Алашорданың негізгі тірегі болды. Оны 1918 жылы маусым айынан кейінгі тарихи жағдайлар көрсетті.

Алаш қайраткерлерінің Семей облысындағы атқарған қызметтері, облыстағы саяси өмірді және қоғамдық өмірді реттеудегі атқарған түрлі шаралары қазіргі таңда өте маңызды.

Пайдаланған әдебиеттер.

1.Бөкейханов Ә. Шығармалар. Алматы; 1994, 215 б.

2.Жиреншин К.А. Политическое развитие Казахстана в XIX начале XX веков. Алматы; 1996, 326 с.

3.Сайлаубаев Е.Е. Алашорда және оның Шығыс бөлігі. Семей; 1997, 120 б

4.Қозыбаев И.М. Историография Казахстана; уроки истории. Алматы; 1990,13 с.

5.Қойгелдиев М.Қ. Алаш қозғалысы.  Алматы; 1995, 213 б.

6.Нұрпейісов Қ. Алаш һәм Алашорда. Алматы;1995,173 б.

7.Қарымсақова Ф.М. Семей облысында совет өкіметі үшін күрес және оның нәтижелері. Семей, 1980. 120 б

8.Махаева А. Қазақ мүддесін қорғаған комитеттер (1917-19 18). Алматы; 1998, 158 б

9.Скрипилев Е.А. Всероссийское Учредительное собрание. Историка-правовое исследование. Москва; 1982, 87 с.

10.Қойгелдиев М.Қ. Ұлттық саяси элита. Алматы.; 2006, 250 б

Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype