Оқытуды саралау — әрбір оқушының жеке қабілеттеріне сәйкес нұсқауларды, тапсырмаларды, материалдарды, әдістерді т.б. іріктеу үдерісі. Қысқа мерзімді жоспар немесе сабақ жоспарын дайындау барысында мұғалім оқушылардың жеке қажеттіліктері мен ерекшеліктерін ескере отырып, саралап оқыту тәсіліне ерекше назар аударғаны жөн. [1] Ол үшін педагог ең алдымен оқу мақсаттарына жету үшін белсенді әдістерін таңдайды, сол әдістерді оқушылар ұтымды орындау үшін саралау тәсілдерін қолданады.
Саралау — бұл əртүрлі оқу үшін үнемі əртүрлі жаттығу əзірлеу деген сөз емес; керісінше, саралау – оқушылардың əртүрлі қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған жоспарлы жаттығуларыңызды реттеу жолы.
Мысалы, қазақ халқының ұлттық және әлем мәдениетіндегі қолөнер туындыларының ерекшеліктерін анықтау және зерделеу тапсырмасында:
Барынша қолдау көрсету:
Оқушыларға əртүрлі қолөнер мәдениетіндегі ерекшелікті анықтауға мүмкіндік беру үшін карточкадағы дайын мысалдар мен үлгілерді пайдаланыңыз.
Орташа қолдау:
Қазақ халқының және әлем мәдениетіндегі қолөнер туындыларының ерекшелігін дайын кестелерін пайдаланып, дәлелдеуін сурауыңызға болады.
Қолдау көрсету аз:
Қолөнер туындылар арасында ерекшелігін анықтау үшін тек интернет сілтемесін беріп, өздеріне анықтату, толық аналитикалық талдау жасату, кесте не диаграмма түрінде ұсыну тапсырмасын беруге болады.
Сыныптағы саралау жұмысының жалпы ортақ қабылданған жеті тәсілі бар: тапсырма, дереккөздер, қарқын, қорытынды, диалог және қолдау көрсету, бағалау және жіктеу арқылы саралау. [1]
Мысалы, тапсырма арқылы саралауға тоқталсақ:
— Мұның құрамына білім деңгейі әртүрлі оқушыларға арналған тапсырмалар кіреді;
— Оқушылардың қажеттіліктеріне қарай (көмек керек пе, әлде күрделі тапсырмалар беру керек пе) түрлі кестелерді немесе жаттығулар мен тапсырмаларды жасау;
— Күрделілігіне қарай алға ілгерілеп отыратын тапсырмалары бар карточкаларды пайдаланыңыз.
Осындай саралаудың мысалын 5 сыныптың көркем еңбек пәнінен 5.1.6.2 «ұлдар/ қыздар заманауи және дәстүрлі емес материалдарды білу, олардың қасиеттері мен міндеттерін анықтау» – атты оқу мақсатын өткен кезде мынандай тапсырма арқылы көрсетуге болады:
Қолдауды қажет етпейтін оқушыларға:
«Эйлер» дөңгелегін қолданып, әр жұп бір заманауи және дәстүрлі емес материалды таңдап «Не? Қайда қолдануға болады? Неге? Неліктен қолдану тиімді?» деген сұрақтар арқылы толтырады.Нәтижесіндеоларды өңдеу мен пайдаланудың тиімді жолдарынұсынады. Қорытынды шығарады, өз ойларын дәлелдейді.
Қолдауды аз қажет ететін оқушыларға: бірнеше заманауи және дәстүрлі емес материалдарды ұсынып «Венн» диаграммасы арқылы салыстырып, олардың қасиеттері мен ерекшелігін салыстыру, дәлелдеу ұсынуға болады.
Қолдауды көп қажет ететін оқушыларға:
Далада, үйде, сыныпта, кеңседе қолданылатын заманауи және дәстүрлі емес материалдарды атап, мысал келтір деген тапсырма берсеңіз болады.
Дереккөздер:
— кейбір оқушылар басқа сыныптастарына қарағанда анағұрлым күрделі дереккөздермен жұмыс істей алады;
— дереккөздердің ауқымы талқылауға негіз болатын мәтіндерден бастап, анағұрлым қиын сөздерді және күрделі идеяларды түсіндіретін мәтіндерге дейін ауытқып отырады;
— баспадан шыққан және электронды дереккөздер де пайдалануы мүмкін;
— бұл материалды пайдаланудың анағұрлым ауқымды көлемін көрсетеді.
Демек, бұл саралау түрі кейбір оқушылар үшін қолданылады, яғни олар күрделі мәтіндермен еркін жұмыс жасай алу керек. Мысалы, 5.1.3.1 «ұлдар/ қыздар шығармашылық идеяларды зерттеу мен дамыту үшін ақпарат көздерімен жұмыс істеу» – деген оқу мақсатын жүзеге асыруда негізі сыныптың барлық оқушылары ақпарат көздерімен жұмыс жасай білу керек. Бірақ сыныпта оқушылардың мүмкіндігі бірдей болмағанын біле тұра біз осы тапсырманы саралаймыз, яғни сыныпта күрделі ақпаратпен жұмыс жасай алатын оқушы болуы мүмкін. Сол оқушыға Қазақстандық суретшілердің шығармашылығын әр түрлі интернет ресурстардан зерттеп, ақпаратын жүйелеуге ұсынуға болады. Ал қалған оқушыларға негізгі тапсырмалар ұсынылады.
Саралап оқыту әрбір оқушының жеке қажеттіліктеріне сәйкес тапсырма мен нұсқауларды, материал мен әдіс-тәсілдерді іріктеп қолдану үдерісі, оқушыларды оқуға ынталандыруға, шығармашылық және сын тұрғысынан ойлау дағдыларын дамытуға септігін тигізеді.
Әр оқушының оқудағы қажеттіліктерін қанағаттандырудың нәтижесі:
— түсінік пен дағдылар тереңдейді;
— өзіне деген сенімі мен оқуға деген уәжі артады;
— оқушыларға идеяларды тереңірек түсінуге көмектесе отырып, шығармашылыққа ынталандырады;
— барлық оқушылар үшін тиімді;
— барлық оқушылардан күтілетін нәтижені арттыра алады.
Қолданылған әдебиет:
- Мұғалімге арналған нұсқаулық. — «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2016
- Әлімов А. Интербелсенді әдістемені ЖОО-да қолдану мәселелері: Оқу құралы. — Алматы, 2013.
- Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралы: Білім және ғылым министрлігінің 2018 жылғы 31 қазандағы №604 буйрығы.
- Мынбаева А.К., Садвакасова З.М. Инновационные методы обучения, или как интересно преподавать: учебн. пособие. –Алматы, 2010