+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Дс - Жм: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Желілік басылым айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады

ШҚО ақпараттық-педагогикалық газеті
Бүгін: Бейсенбi, 29 қазан 2026 жылы
Осы нөмірден оқыңыз: № 10 - 2026

2000 жылдың қыркүйегінен бастап шығарылады. Куәлік №16323-СИ

Қазақтың ұлттық спорты – Қазақ күресінің әдіс-тәсілдерін мектепте қолдану

Бекбаев Нұрбол Қарықболұлы, Тарбағатай ауданының Қасым Қайсенов атындағы орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, қазақ күрес үйірмесінің жетекшісі

Сыныптан тыс уақытта қызығушылық танытқан оқушылар күрес үйірмесіне қатысып, талай нәтижелерге қол жеткізіп, аудан, облыс, республика көлемінде биіктерден көрініп жүр. Алғашқы шәкірттері Қабділшәріпов Елсін Серікұлы мен Амангелдинов Дархан ұстазының жолын жалғап облыс орталығындағы мектептердің бірінде дене шынықтыру пәні мұғалімі және жаттықтырушы болып қызмет атқарады. Оқушыларға қойылатын талабы, мақсаты мен міндеті және күтілетін нәтиже бойынша үйірме жұмысы атқарылып жүр.

 

Үйірменің мақсаты: Жастарды қазақ күресімен шұғылдануға тарту арқылы слауатты өмір салтына тәрбиелеу, жағымсыз әдеттерден аулақ болуға септігін тигізіп, олардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру.

Үйірменің міндеті: Аудандық және обылыстық жарыстарға қатысып жүлделі орындарға ие болу. Психологиялық және физикалық күш қабілеттерін дайындау және нығайту.

Ерік-жігер адамның ақыл-ойының тәжірибелік көрінісі. Күрес спортымен шұғылдану процесінде оқушылардың бойында адамгершілік қасиетіне лайық барлық нормалардың қалыптасуын бақылайды және әрбір нақты жағдайда талап ететін ықпал ету әдістері, батылдылық және табандылық. Күрес спорты арқылы қазақ жастарын, жаман әдеттерден темекі, наша, арақ және т.б. аулақтату және қарсы күреске бағыттау, сонымен бірге тұлғалық қасиеттерін жетілдіре түсуге кепілдік береді. Осыған қарап өсіп келе жатқан жас ұрпақ палуандары, барлық күш жігерлігін, намысын бойындағы қуатын пайдаланып белсене жаттығуларын жүргізеді. Жаттығу әр түрлі методика бойынша өткізіледі, ол айнымалы түрде, жеке түрде және топтық.

Қазақша күрес техникасы дегеніміз — жеңіске жетуге бағытталған белгілі бір әрекеттер жүйесі. Күрес тактикасында аса тиімді әрі түрлі әрекеттер сараланып шықты. Оларды шабуылдау, қорғану, қарсы шабуылдау әрекеттер деп бөлуге болады. Осылардың ішінде палуанның техникалық шеберлігін арттыруға ең пайдалысы шабуылдау әрекеттері болып табылады.

Күрес техникасына нашар палуандар әдетте, өзіне қолайлы әрі тиімсіз амалдарды пайдаланады. Сөйтіп, көбінесе қарсыластарының бетін қайтаруға ғана күш салады. Ал мұндай амалдар шабуылдаушы жақтың күші басым болса ғана нәтиже береді. Техникасы жақсы палуандар, көбінесе күші басым қарсыласын да жеңіп кетеді. Бәрі үшін олар түрліше қимылдар жасап, қорғанып, қарсы шабуылға шығып, не күш жағынан, не уақыт жағынан ұтады.

Күрес техникасын анықтау үшін күресушілердің барлық негізгі қимылдарын талдаудан өткізу қажет. Мұндай талдауды, ең алдымен ол қимылдарды орындауға жұмсалатын механикалық күш тұрғысынан қарау керек.

Ең қарапайым қимылды орындағанның өзінде де адам денесінің бірқатар органдары өзара қимылға келіп, оны орталық нерв жүйесі реттеп тұратындығы белгілі. Сондықтан күрес техникасын талдап анықтағанда жеке бұлшықет қызметі қарастырылмайды. Өйткені күресте оны қысу немесе тарту күші тарту ұзақтығы, шапшаңдығы пайдаланылады. Сонымен, палуандар қозғалысында әсер етуші күш ретінде мыналар ескеріледі:

— салмақ күші;

— бұлшықеттің тарту күші;

— дененің инертті (қимылсыз тұрған кездегі) қарсылығы.

Яғни әрбір әдіс, қол, аяқ, дене арқылы жасалатын қарапайым қозғалыстан тұрады, ол қарапайым қозғалыс деп аталады. Күресте шартты түрде қозғалыстар былайша бөлінеді: қолдардың қозғалысы — ұстау, орап ұстау, қысу, итеру, жұлқу, түю, тарту, тіреу, басу т.с.с.

Палуанның қимылдарының біразы бір мезгілде, біразы бірінен соң бірі орындалады. Барлық әдістерді шартты түрде қарапайым қозғалыс және қозғалыс фазасы деп бөлуге болады.

Күрес үстіндегі шабуылдағанда күресушінің бірі екіншісін тепе-теңдіктен шығаруға, ал екіншісі жығылып қалмау үшін тепе-теңдігін сақтап, сондай жағдайда қарсыласын түсіруге тырысады. Бірақ қарсыласын тепе-тендіктен шығарғанда палуанның өзі де тепе-теңдікті сақтай алмайды. Өйткені ондай қимылдарды бір орында тұрып орындау мүмкін емес. Сөйтіп, күрес кезінде екі жақ та ұдайы тепе-теңдігінен айырылып және оны сақтап тұрады.

Күрескен кезде палуандар көбінесе тіреу алаңын көзбен бақылайды. Мұндай жағдайда тіреу алаңы екі табаны мен табандарының арасындағы кеңістік болып табылады.

Палуанның жағдайына қарай оның аяқтары тірейтін алаңы өзгеріп отырады. Әрине, тіреу алаңы неғұрлым үлкен болса, срғұрлым палуанның берік түратындығы да табиғи нәрсе.

Жалпы ауырлық центріне түсетін түзу сызық тіреу алаңының шетіне келсе немесе одан шығып кетсе, тепе-теңдік бұзылады. Сондықтан палуан қимылдаған кезде ауырлық центрінің түзу сызығы тіреу алаңының ортасына жақын болуының маңызы зор.

Палуан денесінің белгілі бір табиғаттағы орнықтылығы орнықтылық бұрышы бойынша сипатталады. Орнықтылық бұрышы дегеніміз — ауырлық сызығы және дененің ауырлық центрінің тіреу алаңының шетімен (дененің орщнықтылықдәрежесі анықталатын жақтағы) қосатын сызық арасындағы бұрыш. Орнықтылық бұрышы (X) дененің ауырлық центрі төмендеп, тіреу алаңы үлкейген сайын және ауырлық сызығы тіреу алаңының шетінен қашықтауына қарай үлкейе береді. Айқас кезінде аяқтарын алшағырақ қойып, аздап бүксе, палуан денесі орнықтырақ болады. Алайда аяқтарын тым алшақ қойып немесе көбірек бүгіп жіберсе, спортшы денесін шапшаң игере алмай қалады.

Тепе-теңдікті сақтау өнері мынаған саяды: тіреу алаңын тез өзгертіп, «қауіпті бағытта» орнықтылық бұрышын арттыратын қимылдар жасау; қарсыластың жұмсаған күшін бейтараптау немесе кері серпу үшін тиісті бұлшық еттерін қатайту немесе босату.

Осындай қимылдар жасау үшін ең қолайлы жағдайды күресте палуанның тұрысы деп атайды. Бұл мынадай жағдай: аяқтары иығына сәл алшақтау, бір аяғы (сол немесе оң) бір табан алға қойылған; тізелері аздап бүгілген, бұлшықеттері бос, кез келген бағытта тез қимылдауға дайын, денесі сәл ғана еңкейген, І ал алға қойған аяғы жағындағы иығы да солай қарай бұрылған.

Әсіресе, жалпы ауырлық центріне ерекше көңіл аудару қажет. Ол шабуылдау кезінен басқа уақытта тіреу алаңының ортасында (аяқтарының арасында) болуы тиіс.

Орнықтылық бүрышын «қауіпті бағытта» арттағы аяқты палуан өзінің тұрған күйін сақтайтындай етіп, ал қауіпті бағыт қарсы жақта қалатындай етіп тағы да кейін қою арқылы арттыруға болады.

Қазақша күресті үйретудің жаңа әдістері.

Жүйелеу — тәсілдердің әртүрлі топтардың арасындағы байланыстар мен өзара тәуелділіктерді тауып, оларды қиындық дәрежесіне, құрылымының күрделілігіне, тағы сол сияқты белгілеріне қарай бірінен-бірін орналастыру (жүйе).

Терминология — педагогикалық және спорттық жұмыс кезінде пайдаланылатын қазақша күреске тән атаулар.

Жүйелеу классификациялау негізінде жүргізіледі. Ол жаттықтырушының күрес техникасы, топтар мен амалдар арасындағы өзара байланыс жөніндегі жаттығушыларға түсінік беруіне көмектеседі. Бұл палуандарды дәйекті түрде және дұрыс оқытуға мүмкіндік береді.

Қазақша күресті классификациялау негізіне қарсыласпен күрескен кезде қолданылатын және жарыс ережелерінде рұқсат етілген амалдар алынған.

Қазақша күрес техникасындағы кейбір түсініктерді анықтау.

Күрес техникасы дегеніміз — палуанның жеңіске жетуі үшін қолданатын және әрекет ету ережелерінде рұқсат етілген амалдар жиынтығы.

Түрегеліп күресу техникасы — тұрып күрескенде қолданылатын амалдар.

Ұстасу — қолмен орындалатын әрекеттер, палуан шабуылдау, қорғану немесе қарсы шабуылдау мақсатында қарсыласының киімінің бір жерінен ұстай алады.

Бір жақты ұстау — оң қолымен қарсыласының оң қолының (сол қолын сол қолынан) ұстау.

Әр жақты ұстау — оң қолымен қарсыласының сол қолынан (сол қолымен оң қолынан) ұстау.

Ілу — аяқпен жасалатын қимыл. Бұл кезде палуан қарсыласының денесінің қандай да болмасын бір бөлігін ұстап, өзіне немесе бір жағына қарай тартады. Аяқты бүгіп тұрып жіліншікпен немесе табанмен орындалады.

Тактикалық даярлық амалдары — палуан шабуылдау немесе қарсы шабуылдау жасау үшін қолайлы жағдай жасайтын әрекеттері.

Барлау — палуанның қарсыласы жөнінде мәліметтер алуына көмектесетін такктикалық әрекеттері.

Алдын алу — палуанның қарсыласының шабуылы мен бір мезгілде жүргізетін шабуылдау әрекеттері. Бірақ палуан қарсыласының алдын алу үшін оны шапшаңырақ орындайды.

Қорытындылай келе, дене шынықтыру сабағының дайындық бөлімінде де қол, аяқ, дене жаттығулары жасалады. Мұғалімнің әдістемелік нұсқауы бойынша, міндетті түрде сабақты уақытында бастап, әрбір орындалған жаттығулардың дұрыс орындалуын қадағалайды.

Дәл осы жаттығулардың орнына қазақтың ұлттық спорт түрі – қазақша күрестің элементтерін орындатуға болады. Бұл амал-тәсілді жасатқан мұғалім сабағында әрі дайындық бөлімін өткізсе, әрі екінші спорт түрін де қамтып, оқушыларды қазақтың ұлттық спорт түріне деген қызығушылықтарын оятады.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

  1. Қазақ энциклопедиясы, 5 том
  2. Сағындықов Е. С. / Қазақтың ұлттық ойындары. — Алматы:  «Рауан», 1991.—176 бет. ISBN 5-625-01063-3
  3. Қалман Абдықадыров «Қазақ балуандары» — Алматы, 2002
  4. Матущак П.Ф. «Борцы на ковре» — Алма-Ата, 1991
Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype