Балабекова Асель Есентаевна, №4 «Балдәурен» бөбекжайы» КМҚК логопед маманы, Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы
Балалардың сөйлеу дамуының бұзылуы, фонетика-фонематикалық бұзылуы, ЖТК, тұтығу және т.б. болсын ең алдымен қарым-қатынастың бұзылуы ретінде қарастырылады. Сөйлеу дамуындағы ауытқулар баланың барлық психикалық өмірінің қалыптасуына әсер етеді. Мектепке дейінгі жалпы тіл кемістігі бар балаларды тәрбиелеу мен дамыту ісіне байланысты мақсаттарды шешуде театр ерекше рөл атқарады. Театр әр балаға қуаныш ұмытылмас әсер сыйлайды, оның көркемдік талғамын, еліктеуі мен қиялын, тілін дамытады.
Театрландырылған іс-әрекет балабақшаның түзету топтарының педагогикалық үрдісіне үйлесімді түрде енгізілді. Баланың жан-жақты қалыптасуы үшін мектеп жасына дейінгі балаларға бойына жақсы, жағымды қасиеттерді сіңіре білу керек. Бала әр нәрсеге құмар, қызыққыш, ол өзінің айналасында болып жатқан өзгерісті, тамаша құбылыстарды сезінуге тырысады. Оның жан-жақты дамып, жеке тұлға болып тәрбиеленуіне және тілінің дамуын театрландырылған ойындар арқылы жетілдіруге болады. Ал театрландырылған ойындарды балалар қызықтап ойнайды. Театрландырылған ойындар — ойын қойылымдары болып саналады, бұл жерде балаларға арналған көркемдік шығармаларды сахналық қойылымдарға айналдырып, оларды кейіпкер ретінде қатыстырудың маңызы зор. Баланы сахнада кейіпкер ретінде ойната отырып, оның жеке тұлғасын жан-жақты дамыту. Сөйлеу қабілеті бұзылған балалардың театрландырылған қызметінің ерекшеліктері — драма-ойынында рөлді бөле отырып, логопедиялық жұмыстың белгілі бір кезеңінде әр баланың сөйлеу мүмкіндіктерін ескеру керек. Сөйлеу кемістігі бар балаларға дұрыс сөйлеуді көрсетуге мүмкіндік беру үшін ең аз сөзбен бірге басқалармен тең сөйлеуді беру өте маңызды. Баланың қандай рөл атқаратыны маңызды емес, оның өзіне тән емес қасиеттерімен бейнені қалыптастыруы, сөйлеу қиындықтарын жойып, еркін сөйлеуге үйренуі маңызды. Кейіпкердің рөлін бөлгенде баланы қызықтырып, ынталандыру дұрыс. Балалар логопедтік жеке жұмыста белсенді және қызықты жұмыс істейді: «ит қалай ырылдайды?», «ара қандай дыбыс шығарады?», «жылан қалай ысылдайды?» т.б дыбыстарды дұрыс айтуды үйренеді. Театр қызметінде «жоғары пилотаж» — балалардың қойылымдарға қатысуы. Әрине, бұл тіл кемістігі бар балалардың әрбір баласына тән емес, бірақ сахналық қимылдарды орындауда белгілі бір табыстарға жеткен, сондай-ақ таза, айқын, мәнерлі сөздерді меңгерген кейбір балалар осы рөлді өте жақсы орындайды. Жалпы тіл кемістігі бар балалармен түзету жұмыстары жүйесінде ақыл-ой белсенділігін арттыратын, сөйлеу дағдыларын жетілдіретін, психикалық процестердің дамуына ықпал ететін және эмоционалды белсенділікті арттыратын ойындар мен ойын жаттығуларын енгізу қажет. Қозғалмалы музыкалық ойындар жақсы нәтиже береді. Театрлық сюжеттік-тақырыптық ойын формасы балалардың өзіне сенімді және еркін сезінуіне мүмкіндік беріп, моториканы, сөйлеу қарқыны мен ырғағын, есту қабілеттерін дамытуға ықпал етеді. Балалар өздері ертегі кейіпкерлеріне айналған кезде қызығушылық танытады. Түзету тобының балалары шағын рөлдерде ойнау арқылы байланыстыра сөйлеуге, әдемі киініп, жинақы жүруге, үлкендермен және өзге де балалармен тіл табыса білуге үйренеді. Жетілген диалог балалардың өз пікірін жеткізе білуге жетелейді.
Ойын барысында ойын ситуациясына бейімделу, алғашқы да жекелеген элементерді, кеңінен рөлді толығымен ойнау арқылы баланың ең басты сөйлеу тілін, ой-өрісі, қиялы дамиды. Рөлді ойнау арқылы өз кейіпкерін алдына елестетіп қана қоймай, бала оның әрекеттерін, сезімдерін сезінеді. Осындай эмоциялық күйлер баланы бұрын байқамаған өмір көрністеріне таңқалдырып, өз сезімін мимика, тағы басқа көріністер арқылы үйретеді. Театрландырылған ойындар — балаларды әңгімеге араласуға, спектакль туралы ата-аналарына, жолдастарына әңгімелеп беруге итермелейді. Бұның бәрі сөйлеу қабілетінің дамуына, диалог түрінде сөйлеп жеткізуге септігін тигізеді.
Балалар театрының бірнеше түрлері бар:
Саусақ театрында – саусақтардың көмегімен қандайда болмасын ертегіні немесе өлең-тақпақ шумағын саханалау болып табылады. Саусақ театры арқылы баланың сөйлеуге деген талпынысы, қабілеті дамып, ынтасы артады және шығармашылық әрекетіне жол ашылады. Саусақ ойынын ойнай отырып, балалар қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарды, жан-жануарларды, құстарды және ағаштарды бейнелей алады. Саусақтарының қозғалыс қимылына қарап, бала қуанады шаттанады, сөз айтуға тырысады және өлеңде үйренген сөз шумақтарын қайталап айта отырып, есінде сақтайтын болады. Сонымен қатар балалар екі қолын қимылдата отырып, оң, сол, жоғары, төмен т.б. түсініктерді бағдарлай алуды үйренеді.Саусақ театры арқылы баланың ұсақ қол моторикасы дамиды. Ұсақ қол моторикасын дамыту арқылы, баланың тілін дамытамыз.
Үстел үстіндегі театры — тақпақ пен қысқа өлеңдерді айтқызғанда көркем сөздер әсерлі естілу үшін стол үстіндегі театрды қолданған жөн. Мұнда үстелде құламай тұратын және қозғалтқанда еш кедергісіз жүретін ойыншықтар қолданылады. Үстел үстіндегі қуыршақтар театрдың бірнеше түрі бар: әр түрлі биіктегі конустан, цилиндрдан, қораптардан жасалған ойыншықтар; таяқшадан жасалған театр; магнит театры.
Көлеңкелі театр — жарық өте жақсы түскен экранда адамдар, жануарлар және құстардың пішіндерінің қозғалысына қарауды балалар өте жақсы көреді. Ертегі, әңгіме, өлең, әндерді көлеңке театры арқылы айтуға болады. Бұл көріністер балалардың шығармашылықтарын арттырады, ой өрістері дамытады.
Қуыршақ театры — бұнда балалар қысқа тақпақтарды жаттап, сөздерді таза сөйлеу арқылы спектакльдер ойнайды. Ондағы адамдар рөлін ойыншықтар орындайды.
Қуыршақ театры күнделікті ұйымдастырылған оқу қызметінде балаларды мадақтау, мақтау үшін, олармен амандасып, қоштасу үшін қолданылады. Бұл қуыршақтар балаларға әнмен, бимен, ойынмен көрсету арқылы шығармашылықтарын дамытады. Бұл балалардың өздерін еркін сезінуіне, өз күшіне сене білуге көмектеседі. Тағы да суреттер (картиналар), стенд-кітапша театры , фланелеграф, трафарет театры болады.
Мен осы театр элементтерін жұмыс барысымда қолданамын. Балабақшамыздың арнайы №7 «Балым» түзету тобымен ай сайын жоспар бойынша тіл мерекесі өткізіледі. Тіл мерекесінде балалар әр түрлі ертегілерді ата-аналарына арнап сахналап береді. Осылайша, театр өнері, мектепке дейінгі жалпы тіл кемістігі бар балалардың коммуникативтік саласын түзетудің тиімді құралы болып табылады және тек логопат балалармен ғана емес, сонымен қатар қалыпты дамуы бар балалармен де жұмыста ұсынылады.