+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Дс - Жм: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Желілік басылым айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады

ШҚО ақпараттық-педагогикалық газеті
Бүгін: Сәрсенбi, 28 қазан 2026 жылы
Осы нөмірден оқыңыз: № 10 - 2026

2000 жылдың қыркүйегінен бастап шығарылады. Куәлік №16323-СИ

Ұлттық күй өнерінің ерекшеліктері

Мұхаметова І.М., ШҚО Білім басқармасы Ұлан ауданы бойынша білім бөлімінің «Балалар музыка мектебі» КМҚК домбыра сыныбының мұғалімі

Тәуелсіз мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі, әл-ахуалының артуын жүзеге асырудың аса маңызды құралы қоғамның барлық саласын, соның ішінде өнер саласында мәдениет пен білімді дамытуда аса маңызды рөл атқарды.

Тәуелсіз еліміздің дамуы үшін мәдени-рухани мұраның жетістіктерін келешек ұрпаққа қалдырудың үлесі зор. Халықтың даналық мұрасын сақтаудың негізі халықтық тәрбиеде. Күнделікті өмір мен табиғаттағы әдемілікті түсіну, бақылау, пайдалану үшін балалардың сезім-түйсігі ұшқыр, ақыл-ойы алғыр, терең білімді азамат болуы керек. Осындай ұрпақтың өмірге деген эстетикалық көзқарасы оның қызметінің барлық саласында көрініп тұрады.

«Ата-бабаларымыздың рухани мәдени мұраларының тарихи ескерткіштермен ғана шектелмейтіні мәлім. Аязды, аңызақ желді, қақаған қысы мен аптап ыстығы жеткілікті ұлан-ғайыр кеңістіктегі шаруашылық ұйымдастыру мен күнкөріске байланысты қалыптасқан қазақтың қол өнері, әуез аспаптары, тіпті қырыққа тарта жанрлары мен қосалқылары бар өте бай ауыз әдебиеті белгілі бір мазмұнға құрылатын күйлері, ақындық шешендік өнері, халық әуендері мен билері, ұлттық әдет-ғұрып, ізгілік, имандылық дәстүрлері қазақ ұлтының ақжанын сезілтіп оятатын құбылыстар».

Музыка пәні арқылы тәрбие беру тек қана жекеленген нысандарды елестете ұғыну ғана емес, ол мәдениетті сезіну мен түсінудің негізі. Бұл өмірге деген эстетикалық қатынасқа тоғысатын барлық үйреншікті заттарға, дағдылы әлемге жаңа қатынас орнатады.

Орта мектеп бағдарламасында күй шығармаларының тәрбиелік маңызын қамтып көрсету — бүгінгі күннің жаңа талабы. «Мынау күй»- деген құрғақ анықтамалық ақпарнамадан оның тарихи арналары мен тәрбиелік негіздерін сөз еткен тиімді болуға тиіс. Басқасын былай қойғанда, күйшілік дәстүрдің өзі де тәрбие мектебі екенін неге айтпасқа. Сол тәрбие мектептерінің өнер шеңберіндегі ерекшеліктерін, жалпы халықтық педагогикамен тоғысатын тұстарын ашып, ғылыми негізде қарастыру мектеп бағдарламаларына енгізіп,сол бағытта неғұрлым көбірек тақырыптар енгізілсе, мектеп оқушыларына қазақ дәстүрін түсіне білуге, сана-сезімдеріне өз халқының мәдениетін сүйе білуге тәрбиелеуге ықпалын тигізері хақ болар еді.

Атадан балаға жеткен, қадірлеп көзінің қарашығындай сақталып, қымбат қазынаға айналды. Қаймағы бұзылмай жеткен бұл өнердің бір шыңы домбыра күйлері. Бұл мұра ғасырдан ғасырға іріктеліп, сұрыпталып, сүргіленіп, түрленіп жеткен халықтың өзімен бірге дамып, қалыптасып отырған. Байырғы кезде қазақ үйінің төрінде әрдайым домбыра ілулі тұрған немесе үй-ішінің біреуі домбырада күй шертпейтін отбасы қазақ арасында кемде-кем болған. Осы орайда халық арасында сұрақтар пайда болуы мүмкін. Осы домбыра, күй сөздері қайдан шыққан? Нені білдіреді? Ол қай кезден бар? Неге домбыра қазақ арасында соншама кең таралған? Осындай сұрақтарға жауап іздеп көрелік. Белгілі зерттеуші Хайролла Жүзбасовтың пікірінше домбыра сөзі «дөпбұра», «дәлбұра», «дембұра» деген сөздердің тізбегі арқалы жасалған. Бұл белгілі бір логикаға бағындырылған қызғылықты жорамал. Тағы бір болжамды этнограф Ерік Көкеев еңбектерінен табуға болады. Ғалымның пікірінше «том» деп түюлі жұдырық немесе қолдың саласы айтылады. Кейіннен бұл түбір ұяңданып «домға» айналған, «быра» тіркесі бір нәрсені шерту, тарту, дыбыс шығару деген мағына береді-мыс. Яғни домбыра сөзі «қолдың саласымен немесе бес саусақпен шекті шерту» деген мағына береді. Кейбір деректерде «домбыра» сөзі арабтың «дунбаһи бурра» тіркесінен, яғни «қозы құйрық» деген сөзінен қалыптасқан деген долбар әңгіме бар. Бұлай дегенде шамасы домбыраның шанағының сүйірленіп барып, қозы құйыршықтанып бітетіндігін негізге алған болуы керек. Құдайберген Жұбановтың еңбегінде «күй» сөзіне мынадай пікірін білдіреді: Қазақта «күй» түрінде айтылатын шағатай, ұйғыр тілдерінде, анатоль түрік тілінде «көк» болып айтылуы тиіс. Қазақтың «и» дыбысының бір қатары шағатай тілінде, ескі ұйғыр тілінде, түркімен, әзірбайжан, анатоль түріктерінің тілінде к, г-ге айналады. Қазақша «байламақ» деген сөз оларша «бағламақ» болады; қазақша «тимек» деген сөз оларша «текмек» болады … сондықтан «күй» деген сөз оларда «көк» болуы табиғи нәрсе», — дейді. Сондай-ақ Ақселеу Сейдімбек те осы пікір жайлы « Күй деп басталатын қай сөздің де сезіммен астасып жатыр. Сол сөз көшпенділердің ең киелі сезімі – тәңірлік наным сеніммен ұштасып жатады. Демек, «күй» деген сөз әу баста Тәңірлік құбылысты білдірген. Тәңірдің дыбысы деген сенімдегі мағынамен шендес болғаны аңғарылады», — деп Құдайберген Жұбановтың пікіріне қосылған

«Күй» сөзі түрік тілдерінің деректерінде XI ғасырдан бері белгілі. Махмұд Қашқаридің әйгілі еңбегі «Дивани лұғат ат түрік» атты сөздігіндегі «көк» (қазақта күй болып айтылады) деген атау аспапты музыканы да, әнді де білдіреді. Осы күнгі татар тілінде де «күй» сөзі аспапты музыка мен вокалдық музыкаға ортақ қолданылады. XVI ғасырдан бермен қарай «күй» сөзі тек аспапты музыканы ғана білдіретін мағынаға ие болады. Ен далада күн кешкен елдің аузынан шыққан «күй» деген сөздің аспаптық музыкаға тән атау екені, оның түп-тамыры одан да арғы замандарда жатқаны он төртінші ғасырдан бері белгілі. Осыған дәлел байырғы заманда 600 жыл бұрын тасқа салынған суреттін табылуы. Сондай ақ «күй» сөзінің көнелігін білдіретін тағы бір дерек қазақта «Ақсақ құлан» атты күй болуы. Туу тарихы жағынан бұл күй Шыңғыс хан жорықтарымен тұстасады. Қазақ халқының басына қара заман боп орнаған ХІІІ-ХІV ғасырдың тарихи оқиғаларын баяндайтын шығармаларды алсақ, олардағы музыкалық тілдің тереңдігі, асқан шеберлікті керек ететін ойнау әдіс-амалының молдығы, аңыз хикаяларды суреттеудегі бағдарламалық жүйесі Қазақстан жерінде аспаптық музыка мәдениеті аса жоғарғы дәрежеде ертеде-ақ дамығанына бірден бір айғақ. Қазақ халқының тұрмыс-харекетімен, өмір-тіршілігімен әрқашанда тығыз байланыста болатын күй – жүздеген жылдардан бері қанат жайып, өркендеп келе жатқан жанр.

Төкпе және шертпе деген анықтама күйдің тәсілі тартысына байланысты туындаған кейінгі аттар, Ахмет Жұбановтың «Ғасырлар пернесі» кітабындағы Тәттімбет жайлы зерттеуде шертпе күй деген сөз кездеспейді, мұндай атау Уали Бекеновтың кітаптарынан кейін енген (Шертпе күй шеберлері). Күйлердің қазіргі оқытудағы аймақтарға қарай ұялық бөліністері жеті мектепті құрайды:

1. Алтай күйшілік аймағы – Шығыс Қазақстан;

2. Арқа күйшілік аймағы – Орталық Қазақстан;

3. Жетісу күйшілік аймағы – Оңтүстік Шығыс Қазақстан;

4. Қаратау күйшілік аймағы – Оңтүстік Қазақстан;

5. Жиделі Байсын күйшілік аймағы – Сырдария, Арал өңірі;

6. Орда күйшілік аймағы – Батыс Қазақстан;

7. Түбек күйшілік аймағы – Маңғыстау.

Күйшілік ұялардың бұлай бөлінуінің жүйесін алғаш ұсынған Ақселеу Сейдімбек болды ( «Күй шежіресі» монографиясы), оған дейін мұндай мектеби жіктеу жасалған емес. Бұл күй тарихы мен орындалу мәдениетіне дұрыс бағдар бере алатын нақты әрі дәл анықтама болды. Қазақ күйлерінің аймақтық ұяларының мұнан да басқа әлі айқындала қоймаған күйшілік мектептер бар, олардың көбісі өзінше төбелі мәнер болғанымен аз ескеріліп жүр. Алтайкүйшілік мектебінде – Тарбағайлық, Арқада – Тоқырауындық, Жаңа арқалық, Жетісуда – Таластық, Қаратауда – Күнгейлік, Жиделібайсында – Аралдық, Ордада – Оралдық, Түбекте – Үстірттік (Түркіменше шалу мәнері) мектептер қалыптасқан, және олар жеке күйшілік ұя болуға әбден лайықты. Бұлардан өзге Іле, Шығыс Түркістан мен Байөлке жеріндегі күйшілік те өзінше төрге шығуға тұрарлық мәнерлі мектептер. Осы мектептер өкілдері – Аққыз, Тоқа, Байсерке, Үсен төре, Мәмен, Әренжан, Есір сияқты күйшілер орындаушылықтың шыңына шығып, артына із қалтырған домбырашылар. Бұл мектептер тәжірибеде орындаушылығы бөлек домбырашылық өнер болып бағаланғанымен, жоғарыдағы мектептердің атына жалпылама телініп жүр. Осыларды қомақтай айтқанда қазақтың күйшілік ұяларының жалпы саны он сегіз болар еді:

Алтай, Тарбағатай, Арқа, Жаңа арқа, Тоқырауын, Жетісу, Талас, Қаратау, Қаратаудың күңгейі, Жиделібайсын, Арал, Орал, Түбек, Үстірт, Іле, Шығыс Түркістан, Байөлке.

Күйшілік ұялардан басқа үлгілік мектептер де бар. Әрбір күйшілік ұяның басында сол саладағы орындау мәнерін жасаған тұлғалар бар. Байжігіт, Тәттімбет, Қожеке, Сүгір, Қазанғап, Құрманғазы, Абыл сияқты күйшілер өз мектебінің іргетасын қалағандар және шығармашылығы ерен жасампаз (реформатор) сазгерлер. Олардың үлгілерін ары қарай дамытқан замандық күйшілеріміз солардың шәкірттерінің қолынан күй алғандар, әрі сол күйлерді тарту барысында өз орындаушылық мектептерін де қалыптастырған домбырашылар. Осы күні Әбікен Хасенов, Мағауия Хамзин, Нұрғиса Тілендиев, Жаппас Қаламбаев, Төлеген Момбеков, Садуақас Балмағамбетов, Бақыт Басығараев, Қали Жантілеуов, Рыспай Ғабдиев, Сержан Шәкіратов сияқты күйшілердің орындаушылық мәнерлері де өз кезегінде жалғасын тауып, жеке мектеп болып қалыптасқан үрдіс саналады.

Әрине, осы аймақшылықтарын өз ерекшеліктері, яғни бір-бірінен айырмашылығы бар. Мысалы, Құрманғазы мектебі дауылды, оң қолының ауқымы кең және динамикалық күшінің болуы, Дәулеткерей мектебі биязы, лирикаға әсемдікке жақын, оң қолдың қағыс шеңбері «тар» болады. Қазанғапөзінің саздылығымен, күйдегі ұзақтықтың (размер), қағысымен ерекшеленсе, Дина мектебінде де өзіндік ерекшелігі бар: өзгеріп кететін ырғағы, оң қолдың бес саусағының бірінен соң бірін кезектестіре ойнау, Маңғыстау мектебі сүйрете қағуы (триольді тез алуы), шалыс қағыс алынуы, күй тарту кезінде қағыстармен оң қолдың түрліше ойнату. Арқа мектебінің басты айырмашылығы шертіп тартылуы, сол қолдарының аппликатурасы, сондай-ақ ол дәстүр күйлерін «текстсіз ән» деуге болады, Жетісу күйлерінде қағыс қағу, перне басу амалдары және саздық ерекшеліктері,эпикалық тұрғыдағы аңыз-әңгімеге лайық ежелгі күй сазын байқатады. Қаратау мектебі шертпе және төкпе қағыстар аралас болып келсе, Алтай – Тарбағатай мектебі де ән тектес, ойнақы, бір сазды ән регистрде қайталау.

Халық арасында күй өнерінің саз-сарындары бойынша айырып тану үшін «төкпе күй» және «шертпе күй» деген атаулар қолданып жүр. Ақселеу Сейдімбектің айтуынша, «төкпе», «шертпе» сөздері жеке күйлердің табиғатына қатысты анықтауыш бола алар. Ал, тұтас бір күйшілік мектептің қасиет – болмысына анықтауыш бола алмайды. Себебі, тұтас бір өңір-аймақта қалыптасқан күйшілік мектептер былай тұрсын, бір ғана күйші-композитор туындыларында шертіп тартылатын күй де, дауылдата төгіп тартылатын күй де кездеседі. Мәселен, бір ғана Тәттімбеттің «Саржайлау», «Былқылдақ», «Сылқылдақ» шертіп тартылса, «Бес төре» күйі жігерлі серпінмен тартылады. Оны былай қойғанда, жалқы тұрған бір ғана күйдің өн бойыныңда бірте шертіп қағуды, бірте серпе төгіп қағуды, енді бірде іліп қағуды қажет ететін сәттер бар. Мәселен, Әшімтайдың «Қоңыр қаз», Дайрабайдың «Дайрабай» сияқты күйлері сол бір ғана күйдің өн бойында бірісе шертіліп, біресе дауылдата төгіліп тартылады.

Сондай-ақ тағы бір дәлел бұл сөздер тек домбырамен тартылатың күйлердің ғана қадір-қасиетін анықтайды. «Төкпе» және «шертпе» деген атаулар қобыз, сыбызғы, сазсырнай, месқобыз сияқты аспаптарда күйлердің қасиетін анықтауға келмейді. Себебі, бұл аспаптар шертіп те, соғып та тартылмайды.

Сол үшін тағы да сол Ақселеу Сейдімбектің пікіріне жүгінуімізге тура келеді. Ол қазақ халқының дәстүрлі талғам — танымы бойынша күй атаулы өзінің саз-сарынына орай «қоңыр күй», «тік күй» және «бойлауық күй» үшке бөледі. Осы атаулардың әрбірі жеке күйдің саз-сарынын да анықтайды. Мысалы, қоңыр күйлер философиялық ойға құрылып, көбінесе өмірдің ойлы, мұңлы сәттерін толғайды. Сол арқылы тыңдаушыны сабырға шақырады немесе өмірдің мән-мағынасын зердеге ұялатады. Айталық Ықыластың «Қоңыр», Тәттімбеттің «Көкейкесті»,Қазанғаптың «Көкіл», Дәулеткерейдің «Жігер» сияқты күйлерін айтуға болады.

Қазіргі уақытта қазақтың ұлы мәдени мұрасы – күй өнерінен алыстап бара жатқанымыз замана шындығына айналып отыр. Егер қазақ ұлты өзінің ататегінен қанына сіңген күй өнерінен бұдан әрі осылай алшақтап, бұдан әрі Батыстың нәзік сезімнен, ордалы ойдан жұрдай даңғаза, дабыра өнерін теледидар, радио арқылы әлі де шырқата берсе мәңгүрт ұлтқа айналады. Радио мен теледидар арқылы әртүрлі мерекелерде, той-томалақта «Сарыарқаны», «Көңілашар» мен «Адайды» бір-екі рет оркестрмен дүбірлетіп өте шығу өнерді насихаттау емес. Ол қазақты алдарқату ғана, әрі кетсе, экзотикалық бір сәттік көрініс қана. Яғни қазақтың ұлттық мәдени мұрасын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, сол ұрпақтың қазақы жан дүниесін басқамен былғамаудың бір жолы күй өнерін кеңінен насихаттау болуы керек. Жүздеген, мыңдаған жылдар бойы, тіпті беріректен бастағанның өзінде Қорқыт баба ғұмыр кешкен дәуірден бермен қазақтың жансерігі болып, әрбір қуанышы мен ренішінің, арманы мен мүддесінің, жүрек лүпілінің жазбасындай болып келе жатқан қобызбен, домбырамен тартылатын әр күйдің шығу тарихы бар екенін де бүгінгі екі қазақтың бірі біле бермейді. Оны айтамыз-ау, бүгінгі қазақтар домбыра тартады, қобыз тартады демей, домбырада, қобызда ойнайды деп орысшадан тұп-тура тәржімелеп сөйлейтін масқараға ұшырады. Мысалы, «Балбырауын» деген күйді Құрманғазы Браун деген әлде графтың, әлде дворянның балына арнап шығарған екен деген сорақы «тарихты» таратып жүргендер де – осындай өзі де, сөзі де будандастырылып кеткен қазақтар. Шындығында, ол кәдімгі «балбырау», «балбырату» дегенді ғана білдіреді. Құрманғазының әр күйінің дерлік тарихы, кейіпкері бар. Мысалы, «Көбік шашқанды» күй атасы алғаш рет Каспий теңізін (Хазар теңізі) көргенде шығарғаны туралы дерек бар. Ал «Қайран шешем» мен «Аман бол, шешем, аман бол» орыс сарбаздары қол-аяғын кісендеп алып бара жатқан сәттегі «сені осындай күйге салып қойдым-ау» деген анасына деген аяушылықтан туса, бір жағынан, «мына кәпірлердің алдында неге көз жасыңды көрсетесің?»– деп жағынан шапалақтан тартып жіберген анасының қажырлылығына, намысқойлығына деген зор ризашылықтан туған екен.

Жастайымыздан домбыра тартып, ел ішіндегі күйшілердің әңгімелерін тыңдап, бір-екі оркестрге қатысқанымыз болмаса, біз білікті музыка маманы емеспіз. Біздің айтпағымыз, бүгінде қазақтың ұлттық, яғни дәстүрлі өнерінің, оның ішінде күй өнерінің қадірі кетіп бара жатқанын жұртшылықтың, өнер адамдарының қаперіне салу ғана. Оның басты себебінің бірі Қазақ елі Ресейден азаттық алған он тоғыз жылдан бері заманымыздың теледидар, радио сияқты ең қуатты ақпарат құралдарында негізінен орыс және еуропалық өнер туындылары насихатталып, ұлттық өнер тек экзотиканың бір көрінісі ретінде қалып бара жатқандығынан болса керек. Ал Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториядан бастап, музыка мектептеріне дейін көбіне-көп скрипка, фортепьяно сияқты батыстық музыка аспаптарына күйден гөрі көбірек көңіл бөлінетіні – жасыруға келмейтін жайт. Жапонияда ана тілін білмейтін адам жапон деп есептелмейді. Ал біз қазір қазақша білмейтін қазаққа мұның қалай десек, экстремист, сепаратист атанып кетеміз бе деп қорқатын болдық. Мұны айтып отырған себебіміз, бұрын күйді қазақша білмейтін орыстілді қазақтар түсінбейтін еді. Ал бүгінгі жас өрендеріміз ұлттық дәстүрлі мәдениеттен алшақтап, бірыңғай даңғаза, батыстық, орыстық үлгідегі музыкаға ғана ден қойып, күй атаулыға мұрын шүйіре, тіпті жатырқап қарайтыны – өте қорқынышты жағдаят. Өйткені жастайынан қазақы дәстүрлі ән мен күйдің кәусарынан сусындамай, шетелдің даңғыр-дұңғырын тыңдап өскен жастарды қазақ халқының болашағы деу – үлкен қате. Олардан өз ұлтын, өз елін сүйетін шынайы ұлтшыл, отаншыл азаматтар шықпайды. Және мәдениет атаулының бәрі бірдей пайдалы, мәдениет бірін-бірі байытады деу – барып тұрған жымысқы саясат. Себебі қай халық көп, қай мемлекет күшті болса, сол халықтың, сол мемлекеттің мәдениеті өзі келген екінші бір мемлекеттің мәдениетін жұтып қояды.

Сан ғасырлар бойы күйшілер қолында дамып, ұлттық ерекшеліктерді бойына жинаған күй өнері, қазақтың сезімі мен ойын кең ауқымда суреттей келе, оның шын мәнінде қазақтың музыкалық құдіретіне айналды.

Дәстүрлі музыка өнері еліміздің тарихымен байланысты. Тарих қойнауына терең бойлап, өткен күннің үзік сырларын ой сүзгісінен өткізіп қарасақ, әрідегі Оғыз, Қапшақ, Сақ пен Ғұн, берідегі Түрік нәсілінің белінен тараған халықтың ілкілдегі баба өнері қазақ жерінің күрең топырағында тамырын тереңге тартыпты. Кейін түркі тілдес туысқан елдер шартарапқа тарыдай шашылып қазақ елі дербес ұлт болып жеке дара шықты. Өзінің тілін, діңін, мәдениетін қалыптастырды. Бірақ қалай дегенде де біздің ұлттық музыкамыз туыс халықтарымен байланысты. Басты айырмашылық оларда бәрі, яғни ән де, музыка да, би де «Күй» деген бір-ақ сөзбен атаған. Қазіргі кезеңде күйшілік өнер қанатын кең жая, қазақ деген ұлттың дәстүрлі мәдениетінде самғауда. Бодандық кезеңнен аман-есен өткен домбыра аспабы елімізде айырықша орын алуда. Қазақ Ұлттық Музыка академиясы, Құрманғазы атындағы Ұлтық консерваторияда, еліміз бойынша көптеген колледждерде қаншама болашақ домбырашы мамандар білім алуда. Оған жұмыс істеп жүрген осы оқу орындарының түлектерін қосайық…Әрине, қиынға соққан мәселелер де бар, бірақ өте келе адам түзеліп, адаммен заман да түзеліп бәрі орнына келеді. Тек уақыт қажет. Жалпы қорыта айтып тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: «Қазақтың ұлттық өнері болған, қазір де бар және болашақта да өз қасиетін жоғалтпай қала береді».

Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype