+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Дс - Жм: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Желілік басылым айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады

ШҚО ақпараттық-педагогикалық газеті
Бүгін: Сәрсенбi, 28 қазан 2026 жылы
Осы нөмірден оқыңыз: № 10 - 2026

2000 жылдың қыркүйегінен бастап шығарылады. Куәлік №16323-СИ

Тәрбие жайында біраз ой

Дуйсенбина Жанна Елеусизкызы, бастауыш сынып мұғалімі «Оралхан Бөкей атындағы орта мектебі» КММ Глубокое кенті. Глубокое ауданы

Адамдардың барлығы арнайы білімі болмаса да педагогикаға, яғни тәрбие теориясына тікелей қатысы бар деп ойлаймын. Себебін түсіндіре кетсем, адам ата-ана немесе асырап алушы, не балалар үйіндегі тәрбиешілердің тәрбиесін көріп өсетіні ақиқат және кейіннен келе сол тәрбиені өз баласына сіңіреді. Қазақтың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деуі де отбасындағы тәрбиенің маңыздылығын айқындайды.

Ойша эксперимент жасайықшы. Бір бала аулада өзін тентек ұстап, көршінің кішкене баласын ұрды делік. Кішкене бала жылап әкесіне шағымданды,әкесі көршісіне келіп «Балаңды жөнге сал…» деді. Тентек баланың әкесі баланы сабай жөнелді де «Кішкенелерді ұрма, кішкенелерді ұрма, көрсетем мен саған кішкентайларды ұрған қандай болатынын, өмір бақи есіңе сақтайсың!» — деп ұрыса отырып ұрады.

Сұрақ: әкесі баланы не істеуге үйретеді? Кішкентайларды ұруға ма, ұрмауға ма? Белгісіз, үйреткісі келгені осы ма, басқа ма, алайда, өзгені ұруға үйрететіні сөзсіз. Әдептілікке, яғни «ешкімге тиіспеуге» әкесі әдепсіз қылықтармен үйретеді. Ол өзі ойлағандай баланы тәрбиелеп жатқан жоқ, оның жанын жаралап, әдепсіздікке, өзгеге қол жұмсауға тәрбиелеп жатқанын мойындауымыз қажет.

Біздің мақсаттарымыз балаға түсініксіз. Бала неліктен ешкімге тиісуге болмайтынын, неліктен күн жылы болса да жылы жейде кию керектігін, қарыны ашпаса да тамақ жеуі керектігін, ұйқысы келмей тұрса да жатуға мәжбүрлігін, дым түсінбесе де сабақ қарау қажеттігін ұғына алмайды. Мұның барлығын түсінбегенімен, біздің әрекеттеріміз бен әдіс-тәсілдеріміз оған ұғынықты. Ескерту, ұрысу, бопсалау, айқайлау, белбеу – несі ұғынықсыз?! Әдіс-тәсілдер мектебі бала дүниеге келе салысымен айқара ашылады.

Тәрбие – өз мақсаттарыңа жету үшін әдістерге үйрету. Анасы баласына «Аясаңшы мені!», «Әрі қарай шыдай алмаймын!», «Әкең мен анаң үшін…» деуі арқылы баласын сезімталдыққа үйреткендей көрінеді. Шындығында, бұл – эгоизм (менмендік) көрінісі, анасы шағымданғыштыққа, өз басын ғана ойлауға, аяушылық сезім тудыру арқылы өз дегеніне жетуге, жалыныштылыққа, төмендікке баулиды. Тек осыларды ғана бала қабылдайды және солай жауап қайырады.

Егер мен балаларға дөрекі сөйлесем, оларды дөрекіліктен басқаға үйретпеймін. Менің басты мақсатым: бала денсаулығы, оның болашақ өмірі болса да, мен тек дөрекілікке ғана үйретемін, бала соны қабылдайды, менің мақсаттарымды емес. Талап қоя отырып, баланы ата-анасына, адамдарға, өмірге талап қоюшылыққа үйретеміз, басқаға емес: әкел, бар, тап, айтқанымды орында деуге.

Сұрасам – сұрамшақтыққа, алдасам – өтірікшілікке, уәде беріп орындамасам – жауапсыздыққа, үнемі адамдарды жамандасам – өсек айтуға т.с.с. Ал өз дегеніме баланы баурай, қалжыңмен, шығармашылықпен жететін болсам – осыларға баламды да үйретемін. Іс-әрекетке баланы іс-әрекет арқылы, ал ішкі жан жүние әсеріне білдірмей үйретеміз. Мақсатқа жетуді біз балаларымызға жан дүние арқылы, жанымызды сала отырып, ағаштан мүсін жасағандай біртіндеп қана үйрете аламыз.

Тәрбиеде екі басты сала бар: мәдени әдептілік және рухани әдептілік. Көптеген адамдар тәрбиелеу – бұл мәдениетті болуға үйрету: шулама, жүгірме, секірме, елге ұқсап тамақтан, киіміңді былғама, «сәлеметсіз бе», «рахмет» айт, үлкендердің сөзіне араласпа, дөрекіленбе, үлкендерге орын бер, қолыңды жу, уақытында ұйықта, заттарыңды шашпа, телефонда, компьютерде көп ойнама деу арқылы мәдениеттілікке тәрбиелеп жатырмыз деп ұғынады.

Ол біздің ойымыз, алайда дөрекілікке, қаталдыққа, мейірімсіздікке, елді ойламаушылыққа апарып, опық жейміз. Шындығында, тәрбиелеу – адамдарға, әр іске адамгершілік, шындық тұрғысынан қарауға адамды баулу, жетектеу. Осы, екінші, яғни рухани тәрбие ғана маңызды болып табылады. Рухани тәрбие алған бала мәдениетті болуды өзін қоршаған ортасынан, ата-анасынан қабылдайды. Рухани жан дүниесі бай адам ешқашан өз қатарынан мәдениеттілік жағынан төмен болмақ емес.

Жағдаят: бала таңертең ұзақ киінеді, ол жайбасар, ал біз балабақшаға, жұмысқа асығыспыз. Оған тасбақа жайында ертегі айтып беруге болады, көңілді жарыс ұымдастыруға болады. Бірақ, оның бәріне көп уақыт, шыдам, сабыр, күш, шығармашылық өмірге ризашылық қажет, ал біз асығып тұрмыз, сабырсызбыз, оның айтқандарын орындай беруден қорқамыз, сөйтіп, айғайлаймыз, балағаттаймыз, ұрамыз, жұлқылап өзіміз киіндіреміз де өз дегенімізге немқұрайлық және қатыгездікпен жетіп тынамыз.

Жағдаят: бала нашар оқиды. Жұмыстан ертерек келіп, оның оқуымен айналысу, дамыту, бірге кітап оқу, қызықтырақ үйірмелер қарастыру, оны мақтау-ұрысу орнына, күнделікті тапсырмалар орындаған кезде жанында отырып қолдау көрсетуге болады. Дегенмен, біз бұны қаламаймыз, жылдар бойы нәтиже күте алмаймыз, көмек беруге қабілетіміз жоқ. Қолымыздан келетіні – ұрысу,айғайлау, «таяқ жейсің!» – бар тәрбиеміз осы. Неге тәрбелеу, нені үйрету?!

…Нартай ұйқыға жатар алдында киімдерін ұқыптап бүктеп, орындыққа қойып барып жатады. Неткен тамаша! Бұл әрекетті ол балабақшадан үйренген: тәрбиешісі осы тәртіпке үйреткен, өмір бойына жететін тәртіпке. Ал біз ше, тәрбие тәсілдерін ажырата алмастан, балбақшадағыдай тәртіпті болғанын қалаймыз да, баламен қарым-қатынасымыз бұзылады, рухани құлазытамыз. Айналып келіп педагогиканың негізіне жақындаймыз, тәрбиедегі жетістік немесе тоқырау.

Біздің түсінігіміздегі махаббат пен ар-ұят, қайырымдылық пен ақыл шынында жоққа шығады: бала киімдерін ұқыпты жинауға, ертемен жылдам киінуге, жақсы оқуға, үй шаруасына көмектесуге, ол үшін біз ұялмайтындай болуға міндетті. Міндетті!!! Олай болмаса бала өмірі қиындап кетеді. Ата-аналарға педагогтер: «Сіздің балаңыз барлығын жасай алуы керек, сіз оның барлығын үйретуіңіз қажет, бірақ оны кемсітуге, қорлауға, ұрысуға, ұрып-соғуға болмайды» дейді. Бұны жетік, жан-жақты ата-ана бірден түсінеді, олар өз мақсаттарына рухани тәрбие әдістері арқылы оңай жетеді, балалары мәдениетті, қиындықсыз жақсы оқиды, барлығы қарама-қайшылықсыз тамаша. Ал қалғандарымызға, шаршағандарға, тәрбиелеуге әлі жетпейтіндерге ше? Не істеу қажет?

Менің ойымша, қорытынды тек біреу болуы мүмкін. Қабілетіміз, күш-қуатымыз, уақытымыз жетпей жатса, балаларымыз да (періште емес) момақан болмаса мәдениет пен руханилықты қатар қамти алмасақ, бірінен бас тартқан жөн. Рухани адамгершілік тәрбие ғана – нағыз тәрбие және біздердің жағдайымыз бен мүмкіншілігімізге сай келеді. Тәрбиеде де «Көрпеңе қарай көсіл» деген ереже бар. Қаржылық жағдайымызға қарай заттар аламыз, жағдайымызға қарай үй саламыз т.с.с. барлығын шама шарқымызға сай жасаймыз, тәрбие беру үшін де қаржы, жағдай, күш пен қуат керек екенін түсінген абзал. Ал олар жетіспесе шамаңа қарау дұрыс. Біз чемпион болсақ болармыз, алайда, өз салмағымызда ғана. Рухани адамгершілікке тәрбиелеу үшін арнайы педагогикалық білім қажет емес, ол тәулік бойы өздігінен беріле береді. Біраз жаныңды салсаң болғаны, уақытыңды емес жаныңды сал, жүйке жүйеңді емес. Баланың әке-шешесінің жан дүниесінде педагогикалық жұмыс үзіліссіз жүре береді. Балалар өздігінен жақсы не жаман болмайды, тікелей бізге қатысты не жақсы не жаман болады. Біздің адамгершілік қасиеттеріміз жоғарылап жақсарған сайын, олар да жақсара береді. Яғни, мәдениеттілікке руханилық арқылы жетуіміз мүмкін.

Көбінде біздер балаларымызды байқап, елеп жатпаймыз, олардың кемшіліктері мен қателіктеріне ерекше назар аударамыз. Ал, рухани тәрбие-бұл белсенді тәрбие, жақсылыққа үндеу, өз жан дүниемізге ұйқы бермейміз, баламыздың жан дүниесіне де. Бала былай болуы қажет, міндетті деудің өзі дұрыс емес. Баламыз жан дүниесі бай, адамгершілік қасиеттері жоғары адам болсын десек, баланың намысына тиместен, жанын ауыртпастан тәрбиелегеніміз дұрыс. Руханилық болса, бәрі де болады, болмаса ештеме де болмақ емес. Сөз соңында, бақытты ата-ана ғана бақытты бала тәрбиелей алады және «айна эффектісі» жайында ойлана жүрейік дегім келеді.

Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype