Манасбаева А.А., қазақ тілі үйірме жетекшісі «ШҚО, Өскемен қаласы, Үміт» балалар үйі
Біз бүгінде бүкіл әлем, қызыға да, қызғана да көз тігіп отырған тәуелсіз мемлекетпіз. Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандарымен қайсар рухының жемісі. Тәуелсіздікке жету жолында талай қазақтың қаракөз қыздары мен жігіттері құрбан болды. Тәуелсіздікке жету жолында қазақ халқы қаншама қиындықты бастан өткерді. Қаншама бәйшешек ғұмырлар үзілді…Тәуелсіздік үшін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін қорғаған бабалар рухының қуат алған ызғарлы Желтоқсан оқиғасы қазақ халқының қасіреті де, қасиеті де жетерлік тарихына айналды. Иә, желтоқсан оқиғасы қаншама ызғарлы естілсе де, жанымызға нұр септі. Желтоқсан жаңғырығы бізге Тәуелсіздіктің таңын әкелді.
Бүгін міне, еліміздің тәуелсіздік туын желбіреткеніне 30 жыл. Қазақстан Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі,әнұранымен айбатты, шекарасы мен тілі, теңгесі мен діні, басқа елдермен терезесі тең керегесі кең елге айналды. Дүниежүзіне әнұранымызды тыңдатып, көк байрағымызды көкте шарықтаттық. Тәуелсіздікті тірек етіп, елдің тыныштығы мен ынтымақ-бірлігін сақтап, білім мен біліктілігімізді арттырып, рухани жаңару барысында еліміздің тәуелсіздігін мәңгіге сақтай білдік. Толассыз қанмен, ащы термен келген азаттықты сақтап қалмасақ, елдігімізге сын. Тәуелсіздіктің жемісі тәтті болғанымен, еңбегі қатты болғанын ұмытпауымыз керек.
Еңсемізді тіктеп, егемен ел атанып, өз алдына отау тігіп дербес мемлекет атанған Қазақстан қаншама қиындықтарға жолықса да тастай берік төзімділіктің арқасында, жалпақ әлемге өзінің өршіл үнін, өркениетке деген үмітін мойындатты… Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған ұлан-ғайыр атамекен жеріміз, отарлық жоя алмаған тіліміз, мәдениетіміз тек қана қазақтың рухының күштілігімен сақталды.
Біздің Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихындағы барлық жетістіктері, қазақ халқының егеменді заманда жаңаша ерекше өрлеуі, өркендеуі, рухани-экономикалық еркіндігіміз, әлемдік қоғамдастық пен дүние жүзінің дамыған озық мемлекеттерімен тереземіз тең, дәулетті елдермен бірдей қарым-қатынас жасау жетістіктеріміздің алтын бастауы. Тәуелсіздігіміздің алғашқы таңынан бастап, қазіргі кезеңіне дейінгі оңды өзгерістер Президентіміздің тікелей бастамасымен болып жатқаны аян. Бейбітшілік, келісім мен тұрақтылық жағдайында Қазақстан жылдам қарқынмен әлемдегі алдыңғы қатарлы жетекші елдердің қатарына қосылып келеді. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Тәуелсіз Қазақстанның таңы нұрлы, егемен еліміздің ұрпағының еңсесі биік болып, көк аспанда қасиетті көк туымыз мәңгі желбіресін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!