Әлімханқызы Индира. Өскемен қаласы, дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының тәрбиешісі
Жер шарында жаппай экологиялық апаттың таралуы, «Адам — Табиғат» тепе-теңдігінің бұзылуы үлкен дүниежүзілік, қоғамдық проблемалардың жинақталуына әкеп соқты. Міне, сондықтан табиғаттағы проблемалардың алдын алу мақсатында табиғатты қорғау жұмыстарын түбірімен жаңа негізде жетілдірудің қажеттігі туындап, Қазақстан Республикасы тұрақты дамудың жаңа жолына түскен кезеңде жастарды ізгілікке, парасаттылыққа баулитын экологиялық білім мен тәрбиенің маңызы арта түсуде. Экологиялық білімсіз қоғамдық экологиялық сана құру мумкін емес. Ғалым эколог И.Д.Зверовтың пікірінше, экологиялық білім мен тәрбие берудің мақсаты мен мәні – қоршаған ортамен, табиғатпен қарым-қатынастың барлық түрлерінде оқушылардың жауапкершілікпен қарайтын көзқарасы мен сенімін, экологиялық мәдениетін қалыптастыру.[1] Тәрбие жұмысы тұжырымдамасының негізгі бағыттарында:«Экологиялық рухани тәрбие –адамның бойынат абиғатқа әдепті көзқарастың және оған қарым-қатынастың қалыптасуы мен дамуын, табиғи ресурстардың жағдайына жауапкершілік сезімін және адамдардың олармен парасатты іс-әрекеттерін болжайды. Экологияның негізі алдымен, қоршаған ортаны және халықтың денсаулығын қорғауды, елімізде экологиялық жағдай туралы халықты ақпаратпен қамтамасыз етуді көздейді »,-деп атап көрсетілген.[2] Туған жер бағдарламасы аясындағы зерттеу жұмысым, «Ұлттық құндылықтар мен Абай тағылымы негізінде тұлғаның экологиялық мәдениетін жетілдіру» тақырыбында бірнеше жылдар бойы жұмыс істеп келемін. Оқушыларды өз өлкесінің тарихын білуге, ондағы тарихи тұлғалар жайлы зерттеу-іздену жұмыстарын жасауға түрткі жасалынуда. Төл мектебіміздің ауласында сыныптың «Табиғат аясындағы мүйіс» деп аталатын табиғат алаңы жасалынды. Жоспар бойынша атқарылатын «экологиялық тәрбие сағаттары», «Танымдық соқпақ», «Танымжорық», «Табиғат аясындағы сырласу» сынды іс-шаралар экологиялық мазмұндағы жұмыстар, біріншіден, экологиялық тәрбие сабақтастығының қамтамасыз етілуіне, экологиялық тәрбиенің мазмұндық және жүйелілік тұрғыдағы мәніне әсерін тигізсе, екіншіден, мектеп бағдарламасына сәйкес экологиялық тәрбие жұмыстары, Абай шығармашылығымен байланыстырылып оқушылардың экологиялық тәрбиелілігін жетілдіруге мүмкіндік береді, үшіншіден, оқушылардың табиғат қорғау жұмыстарын өз бетінше атқаруына, өздерінің туған жерлерінің табиғаты мен Абай шығармашылығындағы табиғат сипаттамаларын салыстыруға, тануға, талдауға, шығармашылыққа мүмкіндік жасалады. Оқушылардың туған жері мен оның табиғатына деген көзқарастары туралы терең мазмұнды түсінік беріп, қоршаған ортаға деген аялы көзқарасын қалыптастыру мақсатында тәрбие іс-шараларында оқушылар шығармашылығы , атап айтқанда, өз өлкесі жайлы эссе, фотосуреттер, өлеңдер, суреттер, бейнероликтер т.б қамтылады.Күнделікті отбасында қолданылатын «сүтті жерге төкпе», «тұзды, нанды аяққа баспа», «бұтақты сындырма», «гүлді үзбе» және т.б. тыйым сөздер жаман әдет, жағымсыз іс-әрекеттен бойды аулақ ұстауға тәрбиелесе, суға байланысты айтылатын «ағын суды тоқтатпа», «құдыққа қоқыс тастама», «су ішкен құдығыңа түкірме» т.б. тыйым сөздер судың тазалығын сақтаудың адам өмірі үшін қаншалықты қажет екендігін аңғартады. «Өрмекшіні өлтірме», «аққуды атпа», «балалы үйрекке оқ атпа» және т.б. жануарлар дүниесін қорғауға, олардың адам баласы үшін ерекше маңыздылығын білдіріп, баланы ізгілікке, имандылыққа тәрбиелеп, туған жердің сұлу көрінісін сезініп, табиғатын аялай білу жөніндегі түсініктерді меңгертеді. Қазақ халқының табиғатқа деген сүйіспеншілік сезімін аңыз ертегілері мен мақал-мәтелдерінің, нақыл сөздерінен басқа, күнделікті тұрмыстық тұтыну заттарында, оларға түсірілген ою-өрнектерінен де көруге болады. Мысалы, тұскиізге түсірілген өрнектер даланың хош иісті гүл бәйшешегін, бұлақ суларын, тау жоталарын бейнелесе, сырмақтарға әшекейлеп салынған қошқар мүйіз, құс тұмсықтар мен қарлығаш қанаттарын көз алдына елестетеді. Ұрпағына ізгі тәрбие беруді мақсат еткен халқымыз тәрбие мәселесіндегі өз тәжірибесін, ойға түйген, ұстанған қағидасын, ұсынар тағылымын мақал-мәтелдер арқылы терең де ұшқыр оймен жеткізіп отырған. Оқушылар санасы «Абай жолы» роман-эпопеясын оқып, талдау арқылы қазақ халқының бай табиғаты және ата дәстүрлері, салты туралы ұғымдарымен толысады. Мәселен, «күте білсең жер жомарт», «туған жердің топырағы да киелі», «жері байдың елі бай», «ер елінде, гүл жерінде» және т.б. мақал-мәтелдерден өзінің елі мен қасиетті жерін көздің қарашығындай сақтай білу қажеттігін кейінгі ұрпаққа қатаң ескерткен халықтық қағидалар екенін аңғарамыз. Бұның бәрі халық педагогикасының жетекші құралдарының бірі-фольклор жанрларының жалпы тәрбиедегі, соның ішінде экологиялық тәрбие берудегі мүмкіндіктерінің жоғары екендігін дәлелдейді. Осындай тәрбие жұмыстарының бірі, оқушым Серікова Шұғыланың «Менің өлкем» тақырыбында жазған эссе жұмысын ұсынғым келеді.
Менің өлкем
«Отансыз адам — ормансыз бұлбұл» — деп дана халқымыз бекер айтпаған. Әр адамға туған ата – анасы секілді өте қымбат мекені — оның туған жері болады. Туған жер – әркімнің жүрегінен ыстық орын алған мекені.. Сол сияқты менің де кішкентай жүрегімде мәңгі қалатын қасиетті де киелі туған жерім бар. Ол жер Тарбағатай тауының жоталы жоңды сілемдері Маңырақ тауымен бірлесіп, Майлы асуынан өткен жерде ,ат төбеліндей болып жатқан Сарыөлең ауылының жоғарғы тұсында орналасқан -Жаңаауыл ауылы. Ауылым аудандағы өзге ауылдармен терезесін тең түзеген іргелі ауылдың бірі. Ауылымның табиғатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.Менің Жаңаауылыма жетер жер жоқ шығар сірә. Иә, туған ауылға не жетеді десеңізші… Тіпті туған ауылымның әрбір күнімен тыныстап жатқан мына мен, ауылым туралы әндеткім де, жырлағым да келеді. Себебі туған ауылыммен өтіп жатқан әрбір кез маған бақыт, қуаныш сыйлайды. Жыл бойы осы туған жерімнің ауасымен демалып, жаз болса мөлдір суына шомылып, күз болса әр түрлі бақша көкөністері мен жемістерін жеп, қыс келген кезде сықырлаған сары аязы мен жарқырап жатқан ақ қарына таң қалып, ал көктем келсе, тіршілікпен бірге өзің де жанданғандай боласың. Па шіркін! Осындай кереметімен де ауылымыз біздің жүрек түкпірімізде мәңгі орын алады. Кішкентай кезімнен осы ауылдың таза ауасымен, хош иісі аңқыған сан түрлі әсем гүлдердің иісімен, ауылымның ыстық түтінімен демалып келемін. Осылардың бәрі де маған бақыт, сезімге қуаныш сыйлағандай болады. Туған ауылымда жүрсем, өзімді таңғажайып әлемде жүргендей сезінемін. Егер де мен жеті қат жерді араласам да туған жерімдей, яғни Жаңаауылдай жер таба алмаймын. Мен әрқашан өз ауылымды мақтан тұтамын.
Осы ауыл – менің аяқталмайтын ертегім,
Нұрлы үмітпенен елестететін ертеңін.
Аппақ көңілмен ардақтайтұғын асылын,
Қабағымен-ақ тиятын телі – тентегін.
Замана желі соқсада кейде дауылдай,
Осы ауылдың ниеті тұрар тарылмай.
Қуаныш болса, жар салып күллі әлемге,
Көтере білер қайғыны қара нарыңдай.
Өлшеусіз татып сендегі ырыс шекерін,
Оралып соғып, алыстап тағы кетемін.
Қайда жүрсем де жылытар кеуде тұсымды,
Сенсің, ауылым – қасиетті менің мекенім!.
Қорытындылай келе, экологиялық білім мен тәрбие беру қоғамның әрбір мүшесіне бағытталып, жалпы халыққа табиғатты қорғау және көбейту шарасын үйретуді көздейді, мұның түпкі мақсаты – табиғат байлықтарына жауапкершілікпен қарайтын, экологиялық тұрғыда саналытұлға қалыптастыру болып табылады. Сондықтан да оқушыға экологиялық білім беру, алған білімін табиғатты қорғау, көгалдандыру ісіне бағыштай білуге тәрбиелеу қажеттілігі басты назарда болуы керек.
Қолданылған әдебиеттер
- Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. –Алматы,1999ж.
- К.Салпынова Экологиялық тәрбие берудің қазіргі жағдайы //География Казахстана и экология №3 2004 – 8б.