Исаханова Қаламқас Айдаровна, Өскемен қаласы, ДБА Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының тәрбие жетекшісі.
Бүгінгі заманның талабы – ұлттық рухани құндылықтармен сусындап өскен, ұлттық мұраларымызды жетік меңгеріп, бағалайтын рухани жан-дүниесі бай ұрпақ тәрбиелеу. «Бүгінгі тәрбиенің басты міндеті адамзат мәдениетінің сан ғасырлық өркениеттік жетістіктері мен ұлттық рухани-мәдени байлықтарын саралай отырып меңгерту, сөйтіп, оқушы жастарды нарықтық экономикаға бейімделген, өмірге икемделген, жан-жақты жетілген, қабілетті, кез-келген тұтқиыл жағдайлардан жол тауып шыға алатын ынталы да іскер, табанды да талантты отансүйгіш азамат етіп тәрбиелеу болып табылады [1, 6 б].
Халқымыздың өмірлік тәжірибесінен өтіп, екшеленген ұлттық құндылықтары, яғни, рухани мұрасы мен салт-дәстүрлері — жас жеткіншектерімізді ізгілікке, имандылыққа, салауаттылыққа, адамгершілікке бастайтын адамдықтың құралы. Ұлттың ұрпағын әлеуметтендіруде тәлім-тәрбиенің бастауына бармай, яғни этнопедагогикалық негізіне оралмай, жеке тұлғаны толыққанды тәрбиелеу мүмкін емес. Өйткені, халқымыздың тағылымы бала тәрбиесін өркендету үшін білім беру мен тәрбиелеу мазмұнын жаңғырту үдерісінде ерекше мәнге ие болады. Ендешен, егеменді еліміздің тірегі – тәрбиелі, білімді, салауатты, рухани дүниесі бай ұрпақ десек, сол ұрпақты тәрбиелеуде білім жүйесіне аса жауапкершілік жүктеліп отыр.
Ғұлама ойшыл Әл-Фараби айтқандай «Тәрбиесіз берілген білім-адамзаттың хас жауы»,-делінгендей, тәрбиені білім-ғылымның көзіне айналдырып, онсыз берілген білімнің кесапаты туралы айтылған тұжырымы қазіргі білім ордалары үшін басты ұстанымдарға айналды.
Қазіргі жаһанданған заманда ұрпақ тәрбиесі — кімді де болмасын алаңдатып отырған күрделі үрдіс. Сондықтан да бүгінгі білім беру жүйесінде ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, халықтық педагогиканы қайта жаңғыртып, оқушыларға ұлттық тәлім-тәрбие беруге аса назар аударылуда. Осы мақсатта ұлттық мәдениетіміз бен мәдени мұраларға деген бетбұрыс жасалынуда.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев Ұлттық кеңестің мәжілісінде жасаған баяндамасында «Мәдени мұраларды жүйелеп, оларды қалпына келтіру, сақтау, одан әрі дамыту ісіне кең көлемде білек түре кірісетін кез келді. Ұлттық мәдениетімізді ұлықтап, бар мен жоғымызды түгендеп, жүйелеп, келер ұрпаққа аманат ету – «Мәдени мұра» бағдарламасының басты мақсаты болуы тиіс»,-деп, болашақ ұрпақты тәрбиелеуде ұлттық мәдени мұраның мүмкіндігі мен мақсатын айқындап берген болатын [2, 13 б]. Осыған байланысты қазіргі уақытта білім беру ордаларының қай саласында болмасын ұлттық құндылықтарымызды жаңғырта отырып, халықтық педагогика негізінде білім беру көздеп, мақсат етіп отыр.
Қазіргі білім ордалары этнопедагогика идеяларын негізге ала отырып, рухани жетілген, ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраларымыздың мәнін түсінетін жеке тұлғаны қалыптастыруды көздейді. Отбасынан басталған ұлттық тәрбиені мектепке дейінгі және бастауыш, жоғарғы сыныптарда, жоғары оқу орындарында баулып, дамыту – болашағымыздың тірегі.
Жас ұрпақты халық педагогикасы дәстүрлерінің негізінде тәрбиелеу, біліммен ана тілінде сусындату, ұлттық дәстүрлерді оқу-тәрбие үдерісінде пайдаланудың тиімділігі шетелдік, отандық ғалымдар тарапынан зерделеніп, біршама зерттеу еңбектері бар. Атап айтсақ, Я.А.Коменский, К.Д.Ушинский, А.С.Макаренко, А.В.Сухомлинский, отандық педагогтар Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатұлы, Т.Тәжібаев, М.Ғабдуллин т.б ғалымдар еңбектерінде ұлттық тәлім-тәрбие көзімен баулудың жолдары кеңінен айтылған. Бала тәрбиелеудегі халықтың сан ғасырлық бай тәжірибесіне ерекше мән бере отырып, ғылыми педагогиканың теорияларын жасады. Ғылыми педагогикада баланың жас және жеке бас ерекшеліктерін ескере отырып, қоғамдық отансүйгіш, еңбексүйгіш азамат етіп тәрбиелеу процесі үздіксіз әрі жүйелі түрде жүргізіледі десе, бұл қағиданы халық педагогикасының үлгілері – мақал-мәтел, ертегі, аңыздар, терме толғаулар мен тұрмыстық өлең-жырлардан да аңғарамыз.
Еліміздің ертеңі сауатты, білімді ұрпағында екендігін ескерсек, сол білімді де салауатты, жан-жақты дамыған, қабілетті ұрпақты тәрбиелеуде, оларды елін, жерін, туған тілі мен салт-дәстүрін, ата-баба тарихын сүйетін ұлтжанды азамат етіп шығаруда ұлттық педагогиканың маңызы мен атқаратын қызметінің аса мәнді екені даусыз. Мектеп оқушыларына этнопедагогика идеясы арқылы халқымыздың тұрмыстық дәстүрлерін, мәдени мұраларын, ұлттық болмысын таныта отырып, оқушыларға ұлттық тәрбие беруге болады.
Мектеп – тәрбие орталығы. Ұрпақ мәселесі – ол еліміздің болашақ қамы, жалпы ұлттық мәні бар биік мәселе. Олай болса бүгінде ұлт мектептерін жаңаша құру барысында еліміздің табиғатын, экологиялық ахуалын көздің қарашығындай сақтап, оны гүлдендіруде бұл мәселе бүгінгі күннің, өмірдің маңызды талабына айналуы тиіс. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Білім беру ісін реформалаудың стратегиялық міндеттерінің бірі – шығармашылық тұрғыдан ойлай білетін жеке тұлғаны мәдениетті, рухани биік деңгейде тәрбиелеу болып отырғандығына баса назар аударып, жалпы білім беретін орта мектепте білім берумен қатар адалдық, адамдық, ізгілік, отанын сүйе білу сияқты асқақ сезімдерге тәрбиелеу қажеттігі» өзекті мәселе қылып отырғандығын ерекше атаймыз [3, 123 б].
«Ұрпақ тәрбиесі — қай халықты болмасын толғандырған өзекті мәселе. Осынау жауапкершілігі мол ұрпақ тәрбиесінде күллі халықтың болашағы жатыр, сондықтан да оған ат үсті үстірт қараудың келешек үшін келтірер зияны мол. Осы орайда халқымыздың зиялы Абай, Мағжан, Сәкен, Бейімбет, Ілияс сынды тағы да басқа көзі ашық оқығандары үшін ұлт тағдыры, тәрбие мәселесі қатты мазаландырды. Тәрбиенің көзін, тағылымын ұлттық құндылығымыздан іздеген ақын-жазушыларымыз тамаша ойлар, тұжырымдар қалдырды [4, 115 б].
Бүгінгі жас ұрпаққа тек білім берумен ғана шектелмей, еңбекке, адамгершілікке, тәрбие құралдарына баулу — көзделіп отырған міндеттердің бірі. Осы орайда ұлттық педагогика тарихындағы тамаша педагог, ұстаздардың еңбектеріне жүгеніріміз анық. Ұлт ұстазы Ы.Алтынсарин: «өмірдің негізгі мәні – еңбек, ол адамның адамгершілік қасиетін мәртебелендіреді, өмірдің шын қадірін тек еңбексүйгіш адам ғана түсіне алады. Мәнсіз еңбек, мағынасыз бейнетқорлық адамның жігерін мұқалтады, өз еңбегінің қызығын, рақат-ләззатын көре білу – кісіліктің басты белгісі»-деген даналығы бүгінгі жас ұрпақты еңбекқорлыққа баулуға шақырады [4, 115 б]. Ы.Алтынсариннің балаларға арналған әңгімелері – нағыз тәрбиенің бұлағы. Адам баласының бойына жат қасиеттерді танып-білуге, ізгілік, адамгершілікке тән қасиеттерге жетелейтін әңгімелерінің қазіргі таңда да құндылығы зор. Ұрпақ тәрбиесінде өнер-білімге, адамгершілікке, гуманизмге шақыруда ұлы ақын Абай Құнанбаевтың да шығармаларына жүгінеріміз хаһ. «Бір ғылымнан басқаның, кеселі көп асқанға…» деген ұлы ақынның даналығы әлем жұртшылығына да танымал. Абай поэзиясы – тұлғаны дамытудың, адамдықтың құралы. Ақынның қай өлеңін алмаңыз, жамандықтан жирендіріп, жақсылыққа үндеген үні жатады. Осынау адамгершілікке, гуманизмге, эстетикалық талғамға, азаматтыққа тұнып тұрған Абай шығармашылығы арқылы тұлғаның жан-жақты дамуына жол ашамыз. Қазіргі қоғамға сай жеке тұлғаны тәрбиелеуде ақын мұрасының маңызы зор.
Бала тәрбиесі туралы ұлт ойшылдары, ғұлама ұстаз, педагогтардың тағылымды ойлары қазіргі таңда да өз құнын жоймайды. Бала тәрбиесі туралы терең зерттеулер қалдырған М.Жұмабаевтың да мұралары оқыту үрдісінде тәлім-тәрбие беруде құнды. «Көркем денелі, түзу ойлайтын, дәл пішетін, дәл табатын ақылды болса, сұлу сөз, сиқырлы үн, әдемі түрден ләззат алып, жаны толқынарлық болса, баланың дұрыс тәрбие алып, шын адам болғандығы»,-деп Мағжан Жұмабаев бала тәрбиесіне деген көзқарасын танытқан екен. Осынау ұлттық педагогиканың тағылымын ұрпақ санасына сіңіртіп, тәрбие сағаттарын жүргізуді мақсат етеміз. Мектепте «Ұлт Ұстазы» тақырыбында А.Байтұрсынұлының педагогикалық тағылымына сай жүргізілген тәрбие сағатында оқушыларға болашақ кәсіби мамандық таңдауға қолдау жасап, ұлы педагог ғалымдардың еңбек жолынан тәлім-тәрбие алуды баулу мақсат етілді. Оқушыларды ұлтымыздың тарихындағы ұстаздық жолда еңбек еткен Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, М.Дулатұлы сынды ұлт азаматтарының құнды мұраларымен таныстырып, насихаттау барысында «диалог алаңы» жүргізілді. «Ұлттық құндылық – халық мұрасында» тақырыбында шағын пікіралысу жүргізіліп, оқушылардың өз көзқарастарын талқылауларына мүмкіндік жасалды.
Қорытындылай келгенде, ұлтымыздың құндылығын насихаттау – әр заманның да еншісі, ал жас ұрпақты тәрбиелеуде құралға айналдыру – міндетіміз. Дені сау, салауатты, еңбекқор, экологиялық мәдениетті, ұлттық құндылықтарды бойына дарытқан рухани тұлғаны тәрбиелеу – аса жауапкершілігі мол міндет. Ендеше, білім мен тәрбиенің құндылығы осында жатыр десек те болады.
Қолданылған әдебиеттер.
- Қалиев С, Молдабеков Ж, Иманбекова Б. Этнопедагогика. — Астана: Фолиант, 2008. — 439б.
- Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 — 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы /Қазақстан Республикасы Президентінің 07.12.2010ж. №1118 Жарлығымен бекітілген.
- Әбенбаев С.Ш. Тәрбие теориясы мен әдістемесі. -Алматы: Дарын, 2004.-152б.
- Қалиев С. Қазақ этнопедагогикасының теориялық мәселелерi және тарихы. Алматы: Бiлiм, 2004, -348б.