+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Дс - Жм: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Желілік басылым айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады

ШҚО ақпараттық-педагогикалық газеті
Бүгін: Сәрсенбi, 28 қазан 2026 жылы
Осы нөмірден оқыңыз: № 10 - 2026

2000 жылдың қыркүйегінен бастап шығарылады. Куәлік №16323-СИ

Қазақ тілін оқытуда ауызша сөйлеудің тиімді әдіс-тәсілдері

Имашева З:К.,  қазақ тілі пәнінің мұғалімі «Көктерек орта мектебі» КММ, Көктерек ауылы,  Катонқарағай ауданы.

Бүгінгі таңда қазақ мектептерінің өзекті мәселелерінің бірі- заман талабына сай  тіл мәдениеті жоғары, функционалдық сауаттылығы дамыған,  өз ойын айқын жеткізе алатын, түрлі адамдармен тілдесе алатын, қазіргі заманда табысты өмір сүруге дайын тұлға қалыптастыру. Мектептерде тіл сауаттылығын арттыру процесінде  қазақ тілі пәнінің орны ерекше, себебі, жас ұрпақты өзінің ана тілінде сауатты, еркін сөйлетіп үйрету үшін оқыту әдістемесін жетілдіру және қолдану-бүгінгі күннің талабы. Оқытудың жаңаша әдіс-тәсілдерін қолданып, мектеп пен оқушы жетістіктерін өрістетудегі тұлға: ол-мұғалім. Қазіргі заман талабы  ұстаздарға үлкен міндет пен жауапкершілікті жүктейді.

        Оқушыларды өмір ағымына бейімдеу бағыттары тілдің қарым-қатынас құралы және экспрессивті қызметіне орай саналы әрекет түрінде  жүзеге асырылады. Осыған байланысты педагогика ғылымының докторы И.Нұғыманов пен З.Қашқынбаева «Оқушының жеке тұлға болып дамуы мен алған білімін іске асыруда сөйлеу тілін,әрекетін, сөйлеу мәдениетін,әдебін қалыптастыру педагогиканың қазіргі кездегі көкейтесті мәселелерінің бірі болып табылады»,-деген пікірлерін білдірді. Белгілі Қазақстандық ғалымдар: Ф.Ш. Оразбаева, Э.Д.Сүлейменова, Т.А.Аяпова «Сөйлеу әрекеті-үздіксіз үрдіс және ол сөйлеу үрдісі мен тыңдаудан тұрады» деп атап көрсеткендей  қазақ тілін оқытуда коммуникативтік мақсатқа жетуде ауызекі сөйлеудің маңызы өте зор. Себебі, адамдар ауызша сөйлеу арқылы бір-бірімен сөйлеседі, пікірлеседі, қоршаған орта жөніндегі өз ойларын ортаға салады, эмоциялық көңіл-күйлерін білдіреді. Тіл-қарым-қатынас құралы. Тілді дұрыс қолдана білу-үлкен жауапкершілік. Айтушы ойын өзі үшін айтпайды. Өзге үшін айтады. Сондықтан ол ойын өзгелер түсінетіндей айтып жеткізу керек.  Оқыту процесінде оқушыларды сөйлеуге үйрету үрдісі түрлі әдістерді қолдану арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Яғни,тіл сауатылығын арттыру,сөйлеу әрекетін жетілдіруді мынадай бағыттармен жүзеге асыруға болады:

-белгілі бір сурет көмегімен ситуациялық жағдаят құрастырып сөйлеу;

-«көз алдыңа елестетіп көр», «қиялдап көр» деген тапсырмалар арқылы әртүрлі жағдаяттар құру;

-күнделікті болып жатқан жағдайларға байланысты нәрселерді сипаттау;

-қолжетімді материалдарды жиі түрлендіріп отыру;

Сабақ-оқыту үдерісіндегі негізгі элемент.Сабақ барысындағы тиімді қолданылатын сұрақ-жауап, әңгімелеу, әңгімелесу, диалог құру,мәтінмен жұмыс, түсіндіру,сипаттау оқушылардың ой-пікірлерін еркін жеткізіп, ойларын ұштауға және тіл сауаттылығын арттыруға мүмкіндік туғызады. Бұндай тапсырмалар жүйелі жүріп, оны дұрыс меңгеру оқушының сабаққа қызығушылығын туғызады,талпынысын арттырады,танымдық қабілетін ашады.Кез келген сабақ үрдісінде ұстаз-ұйымдастырушы, бағыттаушы болуы қажет. Сабақтардың нәтижелі және тиімді өтуі мұғалімнің сабақты жан-жақты жоспарлауын және ізденісін талап етеді.Сондықтан сабақ процесінде   жеке тұлғаның танымдық ерекшелігін ескеру, инновациялық әдістерді тиімді қолдану мұғалімнің табысты нәтижеге жетуіне мүмкіндік береді.

         Қазақ тілі сабақтарында тіл дамыту тәсілдерінің бірі-шығармашылық тапсырмалар.Оның түрлері: сурет бойынша оқиғаларды әңгімелеу, кейіпкерлерге сипаттама беру, сұрақ -жауап, рөлдік ойындарға қатыстыру, диалогқа түсу, монолог, пікірталас ұйымдастыру, постер қорғау,тұжырымдамалық карта жасау,танымдық қабілетіне қарай деңгейлік тапсырмалар беру,ребус, сөзжұмбақтар құрастыру. Оқушының тіл байлығын арттырып, сөйлеу үрдісін жетілдіруде шығармашылық тапсырмаларды тиімді тәсілдермен қолдану аса маңызды. Инновациялық әдіс-тәсілдер («Ойлан, жұптас,талқыла», «Серпілген сауал», «Микрофон», «Ыстық орындық», «Джигсо», «Талғамға талас жоқ», постер т.б.) арқылы өткізген әрбір сабақ оқушылардың қиялы мен ойына негізделіп келеді, баланың ой-өрісін кеңейтіп, ойын жүйелі жеткізуге, еркін сөйлетуге; пікірін айтып, оны дәлелдей алуға үйретеді. Осы бағыт негізінде мен оқушылардың сөйлеу дағдыларын қалай жетілдіремін деген алдыма мақсат қоя отырып, интербелсенді әдістер көмегімен табысты нәтижеге жетуді жоспарладым. Мысалы, 5-сыныпта «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» тақырыбы бойынша 5- тапсырманы орындауда «Ойлан, жұптас, талқыла» әдісін қолдандым. Әр топ берілген суреттерге қарап, оқиғаларды әңгімеледі. Бұл әдісті қолдануда оқушылардың өз түсініктерін талдау арқылы бір тұжырым жасауға негіздедім.Яғни, олар ой-пікірлерін ортаға салып, талқылады. Тапсырманы орындау барысында әр топтың өзара сөйлесу, пікірлесу әрекеттері  жүзеге асқанын байқадым. Бұл әдістің тиімділігі-оқушылардың ойлау дағдылары дамиды, өзіндік пікірі қалыптасады,сөйлеу тілі жетіледі. «Жануарлар әлемі» тақырыбының 2-айтылым тапсырмасында «Серпілген сауал» әдісін пайдаландым.Осы тәсілді қолдануда оқушыларды тапсырмадағы сұрақтарға толық жауап беруге, өз ойларын анық, дәлелді білдіруге бағыттадым. Оқушылар оқылым мәтіні бойынша сұрақтарға жоғары деңгейде жауап беруге талпынды. Нәтижесінде өз жауаптарын нақты, дәйекті жеткізуде сөйлеу мәнерлерінің біршама дұрысталғанын байқадым. Бұл тәсілдің тиімділігі-оқушының түсіну деңгейін арттыруға, талқылау дағдыларын дамытуға, пікірлерін еркін жеткізуге мүмкіндік туғызады.

         «Сыртқы келбет және өмір салты» сабағында 3-тапсырма бойынша «Талғамға талас жоқ» рөлдік ойынын қолдандым.Топтар әртүрлі өмір салтын ұстанатын субьектілер рөлінде ойнады. Ойын барысында олардың сөйлеу мәнері, сөз әдебі орамдарын орынды қолдану икемділіктері жүзеге асып отырды. Рөлдік ойындардың тиімділігі-оқушы өзіне бекітілген рөлге жауапкершілікпен қарайды. Оны ойнау үшін талаптанады, жинақталады, рөлдік кейіпкер түріне еніп,өз басынан өткереді. Нәтижесі-шәкірттердің есте сақтау қабілеттерін арттырады, зейінін шоғырландыруға көмектеседі, шығармашылық қабілеттерінің ашылуына негіз болады.Оқушы сөйлеу тілінің дұрыс қалыптасуына түрлі рөлдік ойындардың көмегі тиетінін түсінеді. 8-сыныпта «Баламалы энергия қорлары» тақырыбы бойынша (1-тапсырма,» «В» варианты, топтық жұмыс) постер берілді. «Су энергиясы», «Күн энергиясы»  және «Жел энергиясы» топтары «ЭКСПО-2017» көрмесінің мақсаты мен идеясын пайдалана отырып өз тақырыптарын қорғады.

          Әр топ постерлерін баламалы энергия көздерінің маңыздылығы мен пайдасы жөнінде ақпараттармен толықтыра отырып,өмірде болып жатқан нақты мысалдармен дәлелдеді. Постермен жұмыс жасау барысында мен оқушылардан байқағаным: топ мүшелері өз идеяларын ортаға салып, толықтырып, кең көлемде өз ойларын жеткізе білді. Постер қорғаудың  тиімділігі- тапсырмаларды орындау барысында оқушылардың ойын жүйелеу, талдау және оны көркем сөйлеу арқылы жеткізу қабілеттерін дамытады. Сөйлеу-адамның тілдік амалдар арқылы пікір, ой білдіру әрекеті.Сөйлеудің екі түрі бар.Олар-монологтық және диалогтық. Қазақ тілі сабағында оқушыларды монолог түрінде сөйлетудің де маңыздылығы өте зор. Себебі, тілдік тіректер және берілген жуан-жіңішке сұрақтар көмегімен оқушыларды монолог түрінде сөйлетуге үйретсе, олар ана тілінде еркін сөйлеуге машықтанады.

  Оқушылардың ауызша сөйлеу сауаттылығын дамытуда сабақтарымда сәтті өткен кезеңдері:оқытудағы жаңа әдіс-тәсілдерді сабаққа пайдалану өз тиімділігін көрсетті. Яғни, жаңа бағдарлама аясында жұмыстануға болатынын аңғардым. Осы қағиданы ұстана отырып, сабақтарда инновациялық стратегияларды тиімді қолдануды басты назарда ұстанамын.Осындай инновациялық әдіс түрлері оқушының сөздік қорын молайтады, сөйлеу әдебін дамытады, ана тілінде таза сөйлеуге негіз болады. Сабақ үдерісінде мұндай жұмыстар жүзеге асырылып отырса:

— оқушы ауызша  тіл мәдениеті талаптарын меңгереді;

-сөздік қоры молаяды;

-сөйлеу мәнері жетілдіріледі;

-тіл байлығы артады;

-шығармашылықпен айналысуға үйренеді;

        Қазақ тілі сабақтарында оқушылардың тілін дамыту күн тәртібінен ешуақытта түсіп көрген емес. Инновациялық әдіс-тәсілдер арқылы өткізген әрбір сабақ оқушылардың ойлауына және танымдық қабілетіне негізделіп келеді. Тұлғаның шығармашылық ойын дамытып сөйлетуге, пікірін айтып дәлелдеуге ынталандырады. Оқушының сауаттылығы мен тіл мәдениетін арттыруда осындай жұмыстар жүйелі жүргізіліп отырса, ізденіс пен шеберлік бағытында кез келген мұғалім нәтижелі мақсатқа жететіні айқын. Қазіргі кезде ұрпаққа сапалы білім, өнегелі тәрбие беру бұрынғыдан да күшейіп отыр.Өйткені қазіргі ұрпақ-егеменді еліміздің үміт артқан сенімді болашағы. Лингвист-ғалым М.Балақаевтың: «Ана тілін жақсы білу-әркімнің азаматтық борышы. Егер әрбір сөзді орнымен жұмсай біліп, айтқан ойды мазмұнды, нысанаға дәл тиетіндей ұғымды шығып, тыңдаушысын баурап алардай әсерлі болса, ана тілінің құдіреті сонда ғана сезілер еді. Ал мұндай шеберлік тек тіл мәдениеті жоғары адамдардың қолынан ғана келер жайт»- деген пікірімен келісе отырып,біздер, ұстаздар алдындағы міндетіміз- білім ордасынан ана тілін құрметтеп мақтан ететін,  өмірге бейім,ізденімпаз,  ойы айқын, жан-жақты дамыған тұлға қалыптастырып шығару.

Әдебиеттер тізімі:

  1. Мұғалімге арналған нұсқаулық. (Үшінші базалық деңгей ) Үшінші басылым. 2012 жыл

2. С.Симбаева «Белсенді оқу мен оқытуда қолданылатын әдіс-тәсілдер» (Әдістемелік құрал) 2015 жыл.

3. Г.И.Жақсылықова, А.М.Каженова, Н.З. Исмагилова «Интер-белсенді әдіс-тәсілдер» (Әдістемелік құрал) 2014 жыл.

4. Қазақ тілі оқыту әдістемесі. 5-сынып. Алматы «Атамұра» 2017 жыл.

5. Қазақ тілі оқыту әдістемесі. 9-сынып. Алматы «Атамұра»

—

Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype