Акетова М.С., «№26 орта мектебі» КММ-нің бастауыш сынып мұғалімі, Өскемен қаласы
| Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша бастауыш мектептің оқу үдерісін ұйымдастыруда: білім алушыларда түрлі проблемаларды шешу дағдыларын қалыптастыру; оқушының өзіндік таңдау тәжірибесін қаматамасыз ету; жобалық іс-әрекетті орындау; критериалды бағалау негізінде оқушының білімі мен жетістігін ескере отырып, рефлексия жасауына тұрақты көмек көрсету; білім берудің жеке траекториясын құруды қамтамасыз ету жағдайлары қарастырылады. Бұл жағдай, өз кезегінде, білім беру үдерісіне қатысушылардың (мұғалім, білім алушы, ата-ана) жеке тәжірибесіне сәйкес ұтымды әрі субъективті көзқарасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Білім алушының субъективтілігі, оның өзінің өмірлік мақсатының мәнін анықтауға және өз бетімен білім алуға жетелейтін оқытудың жеке траекториясы негізінде жүреді. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша білім алушыларда түрлі проблемаларды шешу дағдыларының қалыптасуы олардың өзіндік іс-әрекет тәжірибесіне, белсенділігіне және олардың оқу материалдарын интерактивті режімде өз бетінше игеруіне тәуелді екендігін біліктілікті арттыру курсы аясында біліп түсіндім. |
Мұғалім оқушыны тек қана мектептің бағдарламасымен шектеліп қалдырмай, теориялық білімдерін практикалық жұмыстармен, өмірмен байланыстыра білуге үйрету керек. Осындай әдіс-тәсілдерді түрлендіріп, жүйелі түрде пайдаланып мұғалімнің шәкірттері өз бетімен жұмыс істеуге тез үйренеді.
Ең бастысы, мұнда мәселенi шешу процесi жауапқа қарағанда маңызды екендiгiн түсiну қажет. Бұл интерактивтi әдiстiң мақсаты– тек ақпаратты беру ғана емес, оқушыларға жауаптарды өз бетiнше табу дағдысын меңгерту екендiгiмен байланысты.
Интерактивті негізде оқу мақсаты – білу емес, үйрене бiлу өзiне деген сенiмге тәрбиелейдi шешендiк өнерiн жетiлдiредi танымның мәнiн түсiнуге көмектеседi (яғни, кейде абсолюттi шындық болмайтынын) сыни ойлау дағдыларын дамытады өз пiкiрiне деген құқығын түйсiнуi артады.
Интербелсенді оқыту- әрекетпен және әрекет арқылы оқыту, бұл ұстаным үлкен нәтижелерге жеткізетін тиімді жүйе деп есептелінеді, себебі адам санасында бірінші кезекте өзінің әрекеттері мен өз қолымен жасаған істер қалады. Кезінде көне қытай ғұламасы Конфуций (Күн-цзы) былай деген екен: «Маған айтып берсең – ұмытып қаламын, көрсетсең – есте сақтармын, ал өзіме жасатсаң – үйренемін!» деген пікірі дәлел бола алады. Сондықтан интербелсенді оқыту оқушылардың оқу үдерісіндегі белсенді әрекеттерін үйренудің негізгі құралдары ән тәсілдері ретінде танылады.
Оқушылар тек тыңдаумен айналыспай, білім алуда белсенді әрекет етуі керек екенін көрсетеді. Белсенді оқу аясында көңілді білім алады. Жаңарту және критериалды бағалау жүйесін енгізу тұрғысынан мұғалімдер өз шеберлігін көрсетеді. Мұғалімдер әр сабақ соңында оқушыдан күтілетін нәтижелерін анықтайды.
Оқыту тәжірибесі барысы пікірталасқа негізделген және оқыту үдерісінде қолданылатын дидактикалық ойындар сияқты интербелсенді әдістерді пайдалану тиімді екенін көрсетеді. Соның ішінде дидактикалық ойындар оқушылардың білім алуға деген ынтасын, белсенділігін арттырып, алған білімдерін тәжірибеде дұрыс қолдануына көмектеседі. Ойын барысында оқушылардың бойында жағдаятты (ситуацияны) бағдарлау, яғни жағдайға талдау жасай білу, жағдаят (ситуация) кезінде өзінің атқаратын рөлін сезіну, әңгімеге қатысушы әріптестері арасында байланыс орнату, қарым-қатынас жасауда тілдік ұғымдарды дұрыс пайдалана білу сияқты қабілеттері жетілетіндігі байқалады.
«Маршрут» ойыны.
Бұл ойын чайнворд ұстанымы бойынша жүреді. Чайнворд (ағыл. chain – шыңжыр және word – сөз) бас қатыру есебі – ойланып табылған сөздің әріптерін, алдыңғы сөздің соңғы әрпі, кейінгі сөздің алдыңғы әрпі болып табылатындай етіп, бірінің соңына бірі тізбектеле орналасқан торкөздерге сөздер толтырады. Мысалы, Алматы-ыдыс-сабын-нар-рахмет- т.б.
«Екі әріп» ойыны.
Бірінші қатысушы бір сөз, зат есімді айтады. Келесі қатысушы сол сөздің соңғы екі әрпінен келетін сөзді ойлап табады, бірақ дауыстап айтпайды, тек өз сөзімен түсіндіреді, үшінші қатысушы мұның не туралы айтып жатқанын түсінеді де, сол сөздің соңғы екі әрпіне сөз ойлап табады. Бір қызығы балалар сөзді жасырушының не туралы айтып жатқанын біледі, бірақ ешкім оны дауыстап айтуына болмайды.
«Еске түсіру» ойыны.
Қатар отырған оқушылар бір-біріне теріс қарап отырады да, парталасының аты кім, көзінің түсі қандай, киімі қандай, аяқ киімі қандай, егер қыз бала болса юбкасының түсі қандай, құлағында сырғасы бар ма, осы сияқты белгілерді айтып шығады. Бұл ойын балалардың бір-бірін жақсы тануға, қарым-қатынасын реттеуге көмектеседі. Балалардың есте сақтау қабілеті, бақылағыштығы жақсарады.
«Дұрыс-дұрыс емес» ойыны. Ойынға қатысушыларды екі топқа бөледі. Оларды бір-біріне қарама-қарсы отырғызған дұрыс. Ортаға бос екі орындық қояды. Бір орындық «дұрыс» дегенді білдірсе, екінші орындық «дұрыс емес» дегенді білдіреді. Мұғалім немесе бір оқушы қағазда жазылған ой-тұжырымды оқиды: Ы.Алтынсарин – алғаш мектеп ашушылардың бірі». Бұл тұжырымды дұрыс деп санаса, олар тез барып «дұрыс» орындығына отыруы тиіс. «Дұрыс емес» деп санаса, соған сәйкес белгіленген орындыққа отырады. Қайсысы бірінші барып отырса және жауапты дұрыс тапса, сол жеңімпаз болады.
Қорыта айтқанда, бастауыш сынып оқушыларын жаңартылған білім мазмұны аясында оқыту қазіргі уақыт талаптарының бірі болып отыр, оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру мақсатында жасалған жаңа бағдарлама дүниежүзілік бәсекелестікке қабілетті ұрпақты тәрбиелеуде ерекше орын алады.
ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1. Бастауыш сынып пәндері бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курсының білім беру бағдарламасы. Мұғалімге арналған нұсқаулық. «НЗМ» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2017.
2. «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» 2017 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы.
3. Уман А.И. Учебные задания и процесс обучения. М., 1989.