Мырзабаева Аяужан Нурлановна, бастауыш сынып мұғалімі, «С.Аманжолов атындағы ШҚУ» КЕ АҚ 7М01301 «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» 2 курс магистранты
Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Күршім ауданы бойынша білім басқармасы» мемлекеттік мекемесі «№3 Күршім гимназиясы» КММ; ШҚО, Күршім ауданы Күршім ауылы;
Қазақстан Республикасы Білім туралы Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп мемлекетіміздің білім жүйесіндегі ұмтылған игі нәтижелердің бастамасы ретінде ұлттық құндылықтардың көрсетілгенін байқаймыз.
Ұсынылған міндеттерді шешу үшін білім негізі қаланатын бастауыш сыныптар буынында қазіргі мәдениеттің, ғылымның, ғылыми-техникалық үдерістің үдемелі жетілу деңгейіне сай ұлттық құндылықтарды оқушы бойына сіңіруге бағытталған халықтық педагогиканың заманауи тұрғыдан дами отырып, білім алушыға ұсынылуы маңызды.
Халық педагогикасы негізінде тәрбие мәселесін зерттеуші С.Ұзақпаеваның «Әрбір адам ең алдымен өз халқының перзенті…» дегеніндей, ұлттық құндылықтардан бастау алатын жалпыадамзаттық құндылықтарды бала бойына сіңіруді әр сабақта, сол сабақтардағы тапсырмаларды, тапсырмаларды жүзеге асыратын әдіс-тәсілдерді дұрыс таңдау арқылы және өзім жұмысым барысында қолданып жүрген авторлық бағдарламам арқылы да жүзеге асыра аламыз деген ойдамын.
Жаңартылған білім беру мазмұны стандарды бойынша пәндер бағдарламаларын қарастырсақ, 2022-2023 оқу жылындағы бастауыш сыныптардың 1-2 сыныптары жаңартылған білім беру мазмұнының жаңа бағдарламалары негізіндегі оқулықтармен оқыту және оқу үрдісіне тартылса, 3-4-сыныптар жаңартылған білім беру мазмұнының ескі бағдарлама оқулықтарымен жұмыс жасауда. Жаңартылған білім беру мазмұнының бағдарламаларына сай ұлттық құндылықтарды кіріктіре оқытудағы оқулықтардағы тапсырмаларға тоқталатын болсақ тақырыптардың ортақ бөлімдерге бөлініп берілуінен аңғаруға болады.
3 сыныпқа арналған «Алматыкітап» баспасының жалпы білім беретін математика оқулығында (авторлары: Ә.Б. Ақпаева, Л.А. Лебедева, М.Ж. Мыңжасарова, Т.В. Лихобабенка) «Көбейту және бөлу амалдарын орындау кезіндегі 0-дің қасиеті. Санды 0-ге бөлуге болмайтындығы» ортақ бөлім бойынша «Жазушылар шығармаларындағы Қазақстан табиғаты» тақырыбында М. Әлімбаев, С. Сейфуллин, С.Мәуленов шығармаларының атауын теңдіктердің мәтін табу арқылы шешеді. I тоқсанның 18-сабағында ортақ бөлім тақырыбына сай «Қазақстанның табиғаты туралы аңыздар» тақырыбы берілгенімен ол мазмұндағы ақпараттар оқулықта кездеспейді, тақырыптың мазмұнын ашатын тапсырмалар да жоқ. «Есепті модельдеу» пәндік құзіреттілік, ортақ бөлім бойынша «Қазақтың мақалдары» тақырыбы ұсынылған, оқулықтың №1, №4 тапсырмаларында көп таңбалы сандарды кему және өсу ретімен жазып, мақалды табу берілген. «Отбасы құндылықтарына» байланысты 2 сағатта сандарды өсу және кему ретімен жазу арқылы «Сіз, біз деген жылы сөз ағайынға жарасар» мақалын табу тапсырмасында оқушылардың математикалық құзіреті мен отбасы құндылығына байланысты мақалды табумен халықтық педагогика элементін кіріктіру көрініс тапқан. I тоқсанның 21-сабағының №7 тапсырмасы «Отбасы құндылықтарына не жатады? Өрнектің мәнін тауып, өз жауабыңды тексер. 50-ден артық жауаптардың барлығы дұрыс. 36:4+5∙9, 30+(25:5-2) т.с.с.» тапсырмасы оқушылар үшін құнды деп ойлаймын. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» ортақ бөлім бойынша тақырыпта халқымыздың тарихындағы көрнекі тұлғалар жайлы есептер мен тапсырмалар ұсынылса артық болмас еді. «Санның квадраты және кубы. Сәндік қолданбалы өнер» тақырыбы бойынша сабақта оқулықта «Есептеп, бұл заттардың қандай материалдан жасалғанын анықта» деп теріден, ағаштан, сазбалшық, киізден жасалған ұлттық бұйымдар суреті көрсетілген. 3 сынып оқушыларының халықтың құндылықтар бойынша білім деңгейі мен жас ерекшілігін ескере отырып мен осы заттардың атауын қоса жазылғанын құптар едім. Осы сабақтағы «Есепті шығар. Киізден бұйым жасайтын шебер сыйлық үшін 18 киіз үй әзірледі. Оның үштен бір бөлігін безендіріп қойды. Әлі қанша киіз үйді безендіруі қажет?» тапсырмасы ұлттық құндылық элементінің мазмұнын алып құрастырылғанын байқаймыз. Жалпы сыныптың III тоқсанында ұлттық құндылықтардың сабаққа оқулық арқылы кіріктіріле берілуі құптарлықтай. Дегенмен, өмірмен байланыс үшін наурыз мерекесіне қарай тапсырмалардың сол мазмұнда болуы тіптен ұтымдырақ болар еді деп ойлаймын. Сол уақытқа сәйкес келіп тұрған «Әр түрлі мамандық иелері» тақырыбындағы №3 тапсырмада «3 адамға құймақ дайындау үшін 6 алма жұмсалды. 8 адамға құймақ дайындау үшін неше алма қажет?» есебінің мазмұнын наурыз көженің дайындалуы бойынша деректерді қолдана отырып түрлендіруге болады. Осы тұста ұлттық тағамдардың дайындалуы, құнарлылығы мен пайдасы туралы тиімді қолдануға толық мүмкіндік бар деген ойдамын.
Оқушылардың математикалық құзіреттілігін тек пәнде, оқулықтар тапсырмаларымен ғана емес, «Қызықты математика» (3-сынып оқушыларына арналған ұлттық педагогика негізіндегі тапсырмалар жинағы) оқыту курсына арналған авторлық бағдарламамда тапсырмалардың мазмұны ұлттық педагогикамен байланысты ұғымдар арқылы оқушылардың математика пәні бағыты бойынша пәндік құзыреттілігін жетілдіруші оқу мақсаттарының негізінде жасалған. Оқушылар математика пәндерінде жинақтаған білім-білік дағдыларына сүйене отырып, ұлттық ұғымдар туралы дүниетанымын кеңейте отырып, пәндік білім, білік, дағдысын жетілдіре алады.
Бастауыш сыныптар бірлестігінің апталығында «Көгінде қалықтап қыраны. Екі таңбалы санға бір таңбалы санды көбейту. Разрядтан аттамай үш таңбалы санды жазбаша көбейту» тақырыбында «Қызықты математика» электвті курсы негізіндегі ашық сабағымды жүргіздім. Ұлттық «Бәйге» ойыны мазмұнында текшемен (алдыңғы тақырыппен байланысты) 6 деңгейлік тапсырма жұптық формада ұсынылды. (қосымша А) нәтижесі кесте №1 берілген.
| Тапсырмалар | №1 | №2 | №3 | №4 | №5 | №6 |
| Нәтиже % | 80 | 100 | 100 | 30 | 40 | 60 |
Кесте №1
Нәтиже: №1 тапсырма математикалық құзіреттілікке берілді және оқушылардың математикада алған білім деңгейлерін саралауға мүмкіндік берді. Қателескен 20% оқушылардың жартысы фигураны дұрыс атағанымен, компонеттерін жазуда қателескен. №2 тапсырмада жұмбақтың шешуін болжайды, әрине ол жерде оқушылардың қолданысында қателіктер болды, бірақ математикалық жолмен дұрыс жауапты өздері табуға мүмкіндік алды. №3 тапсырмада А.Құнанбаевтың өлеңін жазуда балалар әдебиеттік оқуда, қазақ тілі пәндерінде алған білімдерін қолданып, дұрыс жауап жазды және қуаныш сезіміне бөленгені байқалды. №4 тапсырма балаларға оған дейін кездеспеген және оқушыларға біршама түсініксіздік туғызды. Өйткені, жаңартылған білім беру мазмұны бағдарламасындағы оқулықтарды саралау кезінде осындай мазмұндағы жұмбақ өлең математикалық есептер кездеспейді. Математикалық жұмбақ өлең есептер балалардың зейінін жинақтап, логикалық ойлауын дамытады. №4 тапсырмада математикалық өлең есептер ұлттық аспаптарға және №5 тапсырмада төрт түліктің төлдеріне арналды. Алдыңғы тапсырмадан белгілі түсінігін қалыптастырған оқушылар келесі тапсырмада сәл пайыздық көрсеткішті арттырды. №6 тапсырмада дорбадағы асықтарды есептеу мазмұнында балалар математикалық құзіреттіліктерін пайдаланды. Жалпы, бастауыштарда есепті түсіну, оған амалдарды дұрыс қолдану бойынша бастауыш сынып оқушыларының дағдысының қалыптасуы ұзақ мерзімді талап ететінін ескерсек, оқушылар жоғарыдағы пайыздық көрсеткішті көрсетті. Тапсырмаларды ауызша қорытындылауда оқушылардың басым көпшілігі №2 тапсырманы қызық көрсе, №3 тапсырманың оңай болғанына тоқталды. Қиындық тудырған тапсырмаларға №4, №5 жатқызды. Оның себебін өлең есепті түсіну қиындығын, ұзағырақ уақыт керектігін, шатасып кеткендерін баса айтты, бірақ, қызықты және тағы да орындап көргілері келетіндерін білдірді.
Қорытындылайтын болсақ, қазақтардың әдет˗ғұрпы мен тамақтану ерекшеліктеріне ғылыми˗медициналық талдау жасаған Н.Зеланд қазақтардың ойлау алғырлығына былай тоқталады: «жалпы, қазақтар математикаға басқалардан гөрі жетік келеді, олардың аналитикалық ойлау қабілеті күшті», – деген пікірін ескерсек, мұғалім оқыту мен оқу үдерісін ұйымдастыру барысында ұлттық болмыс пен ұлттық бағыттағы тапсырмалар мен әдіс˗тәсілдерді және сыныптың ерекшелігіне қарай авторлық бағдарламаларды ұтымды қолдану арқылы оқушылардың математикалық дағдыларын жетілдірудің мүмкіндігі жоғары болары анық.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
- Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығы
- «Халықтың педагогика негізінде білімберу мәселелері» Өскемен, 2011;
- «Этнопедагогика» оқулық, В.С.Кукушин, С.Қалиев, Алматы, 2014;
- 3 сыныпқа арналған «Алматыкітап» баспасының жалпы білім беретін математика оқулығында (авторлары: Ә.Б. Ақпаева, Л.А. Лебедева, М.Ж. Мыңжасарова, Т.В. Лихобабенка), 2018
- https://martebe.kz/haly-ty-pedagogika-jetnopedagogikany-zertteu-obektisi/: