«Педагогикалық идеялар панорамасы-2023» республикалық бейнесабақтар мен бейнедәрістер конкурсы басталды.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы төрт жыл бойы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен еліміздің виртуалды білім беру кеңістігіндегі авторлық бейнересурстар қорын толықтыруда. Өткен жылы конкурс мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарының 4 мыңнан астам педагог қатысты.
Биыл жобаға Microsoft Kazakhstan қосылды. Бағалау критерийлері, конкурстық жұмыстардың бағыттары мен нысандарының тізбесі жаңартылды, өтінімдерді қабылдау және марапаттау рәсімдері қайта қаралды.
«Педагогикалық идеялар панорамасы-2023» конкурсының ерекшелігі – функционалдық сауаттылықтың түрлері: ерте сауаттылық (мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу), оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, жаратылыстану-ғылыми сауаттылық, цифрлық сауаттылық, медиа-ақпараттық сауаттылық, қаржылық сауаттылық, экологиялық сауаттылық, денсаулық сақтау сауаттылығы (медициналық сауаттылық), әлеуметтік-эмоционалды сауаттылық, мәдениетаралық сауаттылық және азаматтық-құқықтық сауаттылық.
Бейнематериалдардың дәстүрлі түрлерімен қатар (дәріс, сабақ, практикалық немесе зертханалық жұмыс, семинар, мастер-класс) бұл жолы педагогтер цифрлық білім беру ресурсын мен бейнеподкаст жаса алады. Жұмыстарды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жіберуге болады. Конкурсқа жеке немесе авторлық топта қатысуға болады (топтағы қатысушылар саны 3 адамнан аспауы тиіс). Бұл ретте конкурс қатысушылары ұсынатын бейнематериалдардың саны шектеулі. Бір педагог немесе бір авторлық топ тек бір бағытқа қатысуға өтінім беріп, бір бейнематериалды жібере алады. Конкурс жұмыстары 7 критерий бойынша бағаланады: бейнересурстың өзектілігі, дәлелділік, пәнаралық интеграция, әдістемелік құндылық, инновациялық, сөйлеу мәдениеті мен шешендік шеберлік, аудио/бейнеқатар беру сапасы.
12 бағыттың әрқайсысында бір бірінші орын, екі екінші орын және үш үшінші орын беріледі. Өңірлік және республикалық кезеңдердің барлық қатысушылары қатысу сертификаттарымен немесе 1, 2, 3 дәрежелі жеңімпаздардың дипломдарымен марапатталады. YouTube-те ең көп қаралған бейнематериал үшін әр бағыт бойынша мадақтау сертификаты қарастырылған. Конкурстың барлық марапаттау құжаттары Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушы 2022 жылғы 17 тамыздағы № 371 бұйрығына сәйкес аттестаттау кезінде біліктілік санатын беру мен растауда ескеріледі.
Конкурстың өңірлік кезеңіне қатысуға өтінімдер https://ppi.orleu-edu.kz сайтында қазан айының 10-на дейін қабылданады. Қосымша ақпаратты «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының филиалдарында алуға болады.